КӘРI ҚҰРЛЫҚҚА ҚАЗАҚСТАН АҚЫЛ ҚОСПАҚ
КӘРI ҚҰРЛЫҚҚА ҚАЗАҚСТАН АҚЫЛ ҚОСПАҚ
Кәрi құрлықтың халi мүшкiл. Уақыт өткен сайын ушыға түскен қаржылық, қарыздық, экономикалық қиындықтар әлдеқашан еуроаймақ шеңберiнен шығып кеткен. Шақшадай бастары шарадай болған еуропалық шенеунiктерге Қазақ билiгi биылғы экономикалық форумда ақыл қоспақ. Ал бүкiл әлемдi қыспаққа алған дағдарыстан отандық экономикаға келер айтарлықтай қауiп жоқ. Былтыр еуроаймақтағы елдерде жұмыссыздық деңгейі рекордтық деңгейге жеткен. Eurostat агенттігінің хабарлауынша, 2011 жылдың желтоқсанында еуропалық аймаққа тиесілі 17 мемлекеттегі жұмыссыз жүргендер саны 16,5 млн. (10,4%) адамнан асып түсіпті. Бұл – қарашадағы көрсеткішке қарағанда 751 мыңға көп. Тізімнің басында Испания, ал соңында Австрия тұр. Еуропалық Одақ көлемінде екі қолға бір күрек таппай, сенделгендер саны 23,8 млн. адам, яғни еңбекке қабілеттілердің 10 пайызға жуығы ресми түрде тіркеліпті. Әсіресе Греция, Испания, Кипрдегі жұмыссыздық деңгейі өрши түссе, керісінше Эстония, Латвия, Литва секілді Балтық жағалауы елдерінде бұл көрсеткіш барынша төмендетілген. Халықаралық сарапшылардың көпшілігі биыл аталған қиындық оңайлықпен шешімін таппайтынын көлденең тартады. Инвестициялық жобалардың қысқа мерзімде жүзеге асырылмауы, кіріс емес, шығындардың көбеюі, қаржылық тапшылықтан қиналған кәсіпорындардың қызметкерлерді жаппай қысқартуы жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Қаңтардың соңында Брюссельдегі Еуропалық Одақтың кезектен тыс өткізілген саммитінде жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу және жұмыссыздық деңгейін төмендету проблемасы талқыға салынды. Кәрі құрлықтың экономикасын жақсарту мақсатында ЕО көсемдері 80 млрд. еуродан астам қаражат бөлмек. Саммиттегі тағы бір маңызды мәселе – Еуроодақ құрамындағы мемлекеттер (Ұлыбритания мен Чехиядан басқалары) қаржылық дағдарыстар қайталанбас үшін Бюджеттік тұрақтылық туралы келісімді қабылдады. Бүгінде еуропалық шенеуніктердің «бас ауруына» айналған Грецияның қаржылық және экономикалық жағдайына байланысты Германия канцлері Меркель ұсыныс айтты. Бірақ оның «Греция бюджетін бақылап отыратын Еуропалық Одақтың арнайы өкілін тағайындау керек» деген ойын өзге әріптестері құптамады. Ал француздардың президенті Саркози бұл ұсынысты «демократиялық құндылықтарға жат, тиімсіз және ақылға қонымсыз» деп бағалады. Ұзақ уақыттан бері үкіметке қарсы наразылық шараларын ұйымдастырудан шаршамаған грек кәсіподақтары апта басында несие ретінде алынуы тиіс 130 млрд. еуролық екінші транш талаптарын қабылдаудан бас тартты. Ал Греция үкіметі өздеріне қойылатын қаржылық шарттарды барынша күшейткен кәрі құрлық шенеуніктеріне еуроаймақ құрамынан шығып кетеміз деп доқ көрсетті. Алдымен қаржылық дағдарыстан басталған қиындықтар бүгінде қарыздық дағдарысқа ұласқан. Кәрі құрлықтағы алпауыт елдердің жетекшілері қордаланған қарыз бен қиындықтардан қалай құтыламыз деп әлек боп жатқанда кейбір еуропалық сарапшылар «Еуроаймақтағы дағдарысқа кім кінәлі?» деген сауал төңірегінде тартысуға көшті. Олардың кейбірі «Проблема Еуропаның оңтүстігіндегі елдерден басталған жоқ. Ең алғашқы экономикалық кінәрат Греция немесе Италиядан емес, Германия мен Франциядан басталған» деген уәж айтады. Негізі Еуропалық Одақ құрамындағы мемлекеттердің экономикалық дамуы Маастриттік келісім мен Тұрақтылық пен өсім пактісі ережелеріне сәйкес анықталатын. 2007 жылғы АҚШ-тағы ипотекалық және қаржылық дағдарыс басталмай тұрып, Германия мен Францияның бюджет тапшылығы ЕО тарапынан бекітілген ЖІӨ-нің 3 пайызынан асып түскен болатын. Қалыптасқан ереже бойынша ЕО шеңберіндегі заңнамаларды орындамаған елдерге Еуропалық комиссия айыппұл салып, ескерту жасауы тиіс. Бірақ Брюссельде бас қосқан еуроаймаққа мүше 15 елдің қаржы министрлері Германия мен Францияға кешірім жасауды ұйғарады. Еурокомиссияның сол кездегі жетекшісі, Италияның премьер-министрі Романо Проди бұл шешімге наразы болып, қарсылық танытқысы келгенмен, министрлер оны құлаққа ілмеген. Кейінірек ол: «Қолымда билік болмады. Қарсы шыққым келген, бірақ маған аузыңды жап деді» деп ақталады. Кезінде Еуропаға ортақ валюта құру мәселесінде де алауыздық туындағаны белгілі. ЕО-ға мүше алпауыт елдердің көпшілігі еуропалық ортақ валютаны қабылдау мемлекеттік тәуелсіздігін Брюссельдің құзырына берумен теңгергендіктен, еуроаймақтағы үкіметтердің басқан ізін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін ережелер қабылданбады. 2012 жыл АҚШ пен Еуропа үшін ғана емес, Қытайға да оңайға соқпайды. Өйткені соңғы үш жылда алғаш рет аспанасты елінде өндірістік көрсеткіштердің төмендегені байқалған. Еуропалық мемлекеттердің 25-і мемлекеттік шығындарының 2,4 пайызға төмендегенін айтса, ғаламдық көрсеткіш 2,3 пайызға дейін қысқармақ. Өндірілетін мұнай қорының 75 пайыздық бөлігін бюджеттік шығындарды жабу мақсатында экспортқа бағыттайтын Ресейдің де жағдайы мәз емес. Өйткені егер әлемдік нарықтағы «қара алтын» құны барреліне 118 доллар болғанда ғана бюджеттік тепе теңдікті сақтауға мүмкіндік бар. Ал баға 100 доллардан кем болса, бюджет тапшылығы туындап, 80 долларлық көрсеткіш жағдайды ушықтыра түседі. Оларға көршілес жатқан украиндардың да жағдайы аса мәз емес. Ұлттық банктеріндегі қаражат қоры 35 млрд. долларға жуық. Ал Украинаның сыртқы қарызын өтеу үшін 50 млрд. доллар қажет. Бүкіл әлемді әбігерге салған дағдарыс Қазақстанға қалай әсер етпек? Бұл сұраққа сарапшылар қауымы әртүрлі жауап бергенмен, шығатын қорытынды – біреу: қарыздық дағдарыстан Қазақстан экономикасына келер қауіп жоқ. Белгілі экономист Қанат Берентаевтың пікірінше, мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы күрт төмендегенде ғана Қазақстан экономикасына дүниежүзілік дағдарыс кері әсер етеді: «Бірақ қазір халықаралық саясаттағы ахуал, мысалы Иранға қатысты мәселелерден ой түйсек, мұнай бағасы жуық арада арзандамайтынын аңғарамыз. Егер Иранның ядролық бағдарламасына байланысты проблема ушыға түссе, «қара алтынның» құны арта түседі. Демек, әлемдік саясатта қандай жағдай болса да біз дағдарыстан аман өтеміз». Бұл пікірмен Ситибанктің ТМД елдері бойынша экономисі Наталья Новикова да келіседі. Еліміздің өсім көрсеткішін 6-6,5 пайызбен шектеген ол: «Қазақстан экономикасының беріктік деңгейі әлдеқайда жоғары. Бір баррель мұнайдың бағасы 50-60 доллар болғанда ғана экономикаға қауіп төнбек. Бірақ мұндай бағаның бола қоюы екіталай. Экспорт көлемінің төмендеуіне қарамастан, мұнай бағасы елге келетін қаржы ағынын жақсартады. Бұл экономикалық өсім қарқынын сақтауға сеп», – дейді. Сыртқы қарызы 13 млрд. доллар көлеміндегі Қазақстанда екінші деңгейлі банктер сырттан тартылатын қаржы көзіне қол жеткізе алмағанмен, тұрақтылық орната алады. Тек олар ішкі қаржылық мәселелерді реттеп, жандана бастаған несиелік белсенділікті тиімді пайдалануы тиіс. Әрі мемлекеттік шығындардың артуы экономиканы дамытуға оң ықпал етеді. Жуырда баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Г.Марченко Қазақстанда дағдарыстың болуы мүмкін екендігін көлденең тартқан: «Қазір әлемдік тауар және ақша нарығында тұрақсыздық орнаған. Оның басты себептерінің бірі, АҚШ пен Еуропалық Одақ құрамындағы кейбір елдердің макроэкономикалық тұрғыда дамуы тежелді. Сонымен қатар әлемдік экономикадағы бүгінгі келеңсіздіктер 2008-2009 жылдары басталған дағдарыстық құбылыстардың жалғасы болып табылады. Ғаламдық қаржылық-экономикалық дағдарыс қазіргі қаржылық қатынастар үлгісінің кемшіліктерін көрсетті. Әсіресе мемлекеттік реттеулер мен қаржылық құрылымдардың өздеріне тән осалдықтары айқындалды». Бас банкир дағдарыс әлемдік нарықтағы мұнай бағасы күрт арзандағанда Қазақ экономикасына кері әсер ететінін жеткізді. Сөзіне дәлел ретінде бір кездері «қара алтын» құны 40 долларға дейін төмендеп, ұзақ уақыт бойы сақталғанын келтірді. Қордаланған қиындықтар бірінен кейін бірі ушығып, экономикалық жағдайлары сыр бере бастаған еуропалықтарға Қазақ билігі тиімді ұсыныс айтуға әзір. Қазақстан тарапынан ұсынылған «G global» – әлемдік дағдарыстан шығудың жолдары биыл Астаналық экономикалық форумда қарастырылмақшы.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ