БАСЫ ТАУДАЙ, АЯҒЫ ҚЫЛДАЙ...

БАСЫ ТАУДАЙ, АЯҒЫ ҚЫЛДАЙ...

БАСЫ ТАУДАЙ, АЯҒЫ ҚЫЛДАЙ...
ашық дереккөзі
397

2009 жылы сол кездегi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың бастамасымен өмiрге жолдама алған «Нұрлы көш» бағдарламасының алғашқы кезеңi 2009-2011 жылдарға жоспарланған болатын. Бұл бағдарлама бойынша, осы уақыт аралығында Қазақстанға 300 мыңдай этникалық қазақ қоныс аударуы тиiс болатын. Негiзiнен бұл мақсатқа арналған 200 миллиардтай теңге жұмсалды. Алайда межелеген 60 отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша тұрғызылған ауылдарға қоныстанып үлгердi ме, жоқ па, ол жағы беймәлiм.

КӨШІ-ҚОН ТОСҚАУЫЛЫ КҮН ӨТКЕН САЙЫН АРТУДА

Көші-қон мәселелерімен нақты айналысатын мекеменің жоқтығынан «Нұрлы көш» бағдарламасы жайында нақты мәлімет алу қиынға соғып отыр. Былтыр Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайының салтанатты мәжілісінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін бастау қажеттігін айтқан болатын. Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашев кейін бір сұхбатында:

– Биыл өткен Дүниежүзі қазақ­тарының құрылтайында Елбасы «Мен Үкіметке тап­сырма беріп, «Нұрлы көш» ба­ғ­дар­ла­ма­сы­ның екінші кезеңін жасауды тапсырамын» де­генді айтқан еді. Сол бағдарлама қазір жа­салып жатыр. Аманшылық болса, ендігі жыл­дың бірінші тоқсанында Көші-қон ко­митеті сол бағдарламаның жобасын Үкі­мет­­ке тапсыруы керек, – деген болатын.

Бірақ, өкінішке қарай, жақында Астана қаласында өткен алқа отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова «Нұрлы көш» бағдарламасының әрі қарай жалғаспайтынын мәлімдей отырып, оралманды жұмыспен қамту «Жұмыспен қамту – 2020» бағ­дар­ламасы арқылы жүзеге асатынын мәлімдеген. Демек, басы таудай аяғы қылдай болған «Нұрлы көш» бағ­дарламасы осымен аяқталды деген сөз. Бұл тек жекелеген бағдарламаның аяқталғанын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге осыдан 20 жыл бұрын Атажұртқа риясыз ағылған қазақ кө­шінің аяқталғанының белгісі ме?

2010 жылдың соңында Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің құрамындағы Көші-қон және демография комитеті таратылып, Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетінің Көші-қон департаментіне айналып кете барды. Содан бергі бір жылдан астам уақытта көші-қон проблемаларын жеңілдетудің орнына, қолдан жасалған арнайы кедергілер, тосқауылдар көбейді. Айталық, 2011 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны» туралы Заңда этникалық қазақтардың Қазақстан территориясында жүріп тұруы қиындады, тіркеу тәртібі күшейтілді және ең өкініштісі, азаматтық алу процесін жетілдірудің орнына 1991-1999 жылдардағы кедер­гіні қайтадан көлденең тартып отыр. Бұрын этникалық қазақтар былай тұрсын, шетелден келіп білім алып жүрген кез келген азамат үшін оқу визасы берілетін. Қазір оқып жатқанына қарамастан, студенттердің өзіне визасы аяқталғаннан кейін қудалау басталады екен. Жақында маған жолыққан бір жігіт балдызының Өнер академиясында оқып жатқанын, алайда тіркеу уақытының аяқталуына байланысты, оның Қытайға қайтып кетуі қажеттігін айтады. Аты жөнін айтудан бас тартқан ол балдызының есімінің де құпия болғандығын өтіне отырып, Алматыдағы тіркеу уақыты аяқталғаннан кейін, Алматы көші-қон полициясы оны екі айдан кейін тіркеуден шығарған екен. Енді Алматы облысы бұны заңсыз деп тауып, оны тіркеуге алмай отыр.

– Сонда менің балдызым оқуын тас­тап, Қытайға оралуы керек пе, –дейді ол жыларман күйде.

Дәл осындай мысалды осыдан бірнеше ай бұрын тағы жолықтырған едім. Астанада Л. Н. Гумилев атындағы университеттің Тарих факультетінің студенті Ташкентке өндірістік тәжі­рибеден өту үшін сапар шегеді. Алайда Сарыағаш бекетіндегі біздің шекарашылар оның оқу визасы бар екеніне қарамастан, 60 мың теңге айыппұл салады. Бар тапқан кінәсі – Қазақстан территориясында болуы тиіс 90 күннен уақыты асып кеткендігі. Ал оқып жатқан анықтамасын олар қаперге ілмеген.

«НҰРЛЫ КӨШТІ» ЕНДІ «СОРЛЫ КӨШ» ДЕЙМІЗ БЕ?

2009-2011 жылдар аралығында «Нұрлы көш» бағдарламасы Шымкенттен бастау алып, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақтау және Алматы облыстарында жүзеге асырылды. Бұл жоба Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласындағы «Асар» шағын ауданында сәтті жалғасын тапты. Үкімет бұл жобаны қолға алғанда, осы «Асар» шағын ауданының тәжірибесін ескерген болатын. Бұдан кейін жобаға үш жыл ішінде – 200 миллиардтай теңге бөлінді. Шығыс Қазақстан облысында бұл бағдарлама бойынша, 403 пәтер салынған. Олар Курчатов қаласы, Новоявленко селосы. Өскемен қаласының маңында Ертістің сол жағалауында 110 га аумақта 7000 үй салу көзделген. Шымкентте 2011 жылдың 13 қазанында бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 650 адамның өтініші түскен, олардың 465-імен келіссім шартқа қол қойылып, 239 үй тұрғызылып, 138 үйдің құрылысы пайдаға берілген. Ақтөбе облысында бұл жоба бойынша Хромтау ауданының Көктау-2 ауылында 75 коттедж бой көтерген. Бұл облысқа 3 мың отбасын қабылдау үшін үш жылға 1-1,2 миллиард теңге бөлінген. Батыс Қазақстан облысының Зеленовск ауданы Балаган ауылында 100 үйдің құрылысы басталған. Сондай-ақ, «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылған аумақтарда оралмандарды жұмыспен қамту көзделген. Әрі әрбір ауылдың жанынан мектеп, бала бақша және акушерлік пункт салына бастаған. Мәселен Шығыс Қазақстан облысының Новоявленко ауылында 600 орындық мектеп, Батыс Қазақстан облысының Балаған ауылында 192 орындық мектеп пен 75 орындық бала бақшаның, 35 орындық акушерлік пункт­тің жобасы қолға алынған. Шымкентте тұрғызылған үйлермен қатар жылыжайлар салынған. Ол жылыжайлардан жылына 12000 доллардың табысын табу көзделген. Бір ескерте кететіні – бұл үйлер тегін берілмейді. Оралмандарға 15 жылға, «Тұрғын үй жинақ» банкіден 5,5 пайыз үстемақымен несиеге беріледі. Олар айына 25-30 мың теңге төлеп тұруға мәжбүр. Бірақ олардың көңілін су сепкендей басқаны – біріншіден, жұмыспен қамту мәселесінің ойдағыдай болмағаны, екіншіден салынған үйлердің сапа­сыздығы. Мәселен Көкшетау қаласы­ның жанындағы Красный Яр ауылы­ның жанынан тұрғызылған 272 үйге «Нұрлы көш» ауылы деген ат беріліпті. Өйткені бұл үйлер Красный Яр ауылына ресми түрде өткізілмеген. Сол себепті де оларды қанатының астына алған ешкім жоқ. Ал үйлердің қақыраған аязға төтеп бермей, жарылып кеткендігі, 30-40 градус аязға сай салынбағандығы бұған дейін баспасөз беттерінде көп айтылды. Сол кездегі Ақмола облысының әкімі өзі бас болып барып, үйлерді жөндеуден өткізіп, оны салған «Сарыарқа» коммуналдық мекемесіне жөндеу жұмыстарын жүр­гізуді мәжбүрлегені мәлім. Дәл осын­дай проблема Шығыс Қазақстан об­лысындағы Новоявленко ауылы және Курчатов қалаларында да бой көтерді.

«Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты – адам аз қоныстанған солтүстік, шығыс және батыс облыс­тар мен шекара аймақтарды қамту болатын. Сол мақсатпен бұл жоба Павлодар және Қостанай облыстарында да қолға алынуы тиіс еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облысындағы филиалының жетекшісі Болат Заут Павлодарда бұл бағдарламаның қолға алынбағанын айтса, Қостанай облысының басшылары «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынуға тиісті үйлерден бас тартып, 551 миллион теңгені үкімет қор­жынына қайтарған екен. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінде егжей тегжейлі жазылған. Қостанай облысының Тұрғын үй қатынастары жөніндегі агенттігі Қостанайда салынатын үйдің бір шаршы метрі 90 мың теңге, яғни 600 АҚШ долларына тең екендігін жаза отырып, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, салынуға тиісті үйлердің бір шаршы метрі 56515 теңгеге бағаланған, оны ешкім салуға дауаламай отыр: «Кәнекей, шаршы метрі 56 мың тұратын жөні түзу бас­пана салып көріңдерші. Бізде қазір 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгені құрайды, орта есеп­пен 90 мың дейік. Ал басқа бағаға біз үй тұрғыза алмаймыз», – дейді облыс әкі­мі Сергей Кулагин. Осыны тілге тиек еткен жер­гілікті билік «Нұрлы көш» бағдар­ла­масы аясында Қостанайға бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруды жөн көріпті. Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Виктор Мейстер: «Нұрлы көштің» 551 миллион теңге қаржысын біз өз еркімізбен қайтардық. Инженерлік желілерді қалдырдық, себебі басқа жүйеге қайта қарастырып берді. Бірде-бір мердігер 90 мыңнан төмен бағаға үй са­лу­ға келіскен жоқ», – дейді. Осылайша, «ұлттық шоғырлану проце­сінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақты­лық пен өзара келісімнің нығаюын, демог­ра­фиялық ахуалдың жақсаруын қамтама­сыз етуге» бағытталған «Нұр­лы көштің» Қос­танайдағы жыры жергілікті билік үшін оңай, ал атамекенге оралуды аңсаған қай­ран отандастар үшін өкінішпен аяқталды» деп жазады «Қостанайдағы «Нұрлы көш» көштен неге қалды?» («Алаш айнасы», 2010.11.04) атты мақалада Әсел Мизамқызы.

Демек, көздеген мақсаты игі, жақ­сы жобаның көш керуенді дұрыс ба­ғытқа бағыттай алмағаны байқалады.

ГАЗЕТТЕР ОРАЛМАНДАРДЫ ОҢДЫРАР ЕМЕС

«Егемен Қазақстан» газетінде Сейфолла Шайынғазының «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» атты мақаласы жарық көрді. Дәл осындай сарындас мақалалар «Время» газетіндегі Данияр Әшімбаевтан бастап, «Айқын» газетінде жалғасын тапқан еді. Бұл Жаңаөзендегі әлеуметтік шиеленістерден кейін жүргізілген саясат. Елдегі осы сая­сат – оралманға қырын қарау, қазақ мәселесіне көз жұму, ішкі көші-қонды тыю болайын деп тұрғандай. 70 жыл Қызыл империяның қанды шеңгелінде қазақ мәселесін көтеруге мүмкіндік болмады. Ал өз қолымыз өз аузымызға жеткен бүгінгі таңда қазақ мәселесін көтергендерге тағы да жауыға бастадық. Бұның сыры неде? Сұрақ көп, жа­уап жоқ.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары