ИМАНДЫЛЫҚ – АЛЛАДАН, ЛАҢКЕСТIК ШАЙТАННАН

ИМАНДЫЛЫҚ – АЛЛАДАН, ЛАҢКЕСТIК ШАЙТАННАН

ИМАНДЫЛЫҚ – АЛЛАДАН, ЛАҢКЕСТIК    ШАЙТАННАН
ашық дереккөзі
382

Қазiргi уақытта дiн – сеператизм мен экстремизмнiң қолшоқпарына айнала бастағандай. Оны биыл елiмiзде тiркелген бiрнеше оқиғаның жай-жапсарынан да байқағандаймыз. Кейбiр пiкiрлерге қарағанда, елiмiзде лаңкестiк оқиғалардың жиi тiркелуiне жаңа «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңның қабылдануы түрткi болған көрiнедi. Өзiн құрбандыққа шалған шаһидтер: «Бұл бiздiң жаңа заңға деген қарсылығымыз» деп ашық айтыпты-мыс деген әңгiмелер интернет сайттарын бiраз шуылдатқаны бар.Тіпті Атырауда болған жарылысты «Халифат сарбаздары» ұйымы өз мойнына алып, Қазақстан билігі дін туралы заңды қайта қарамаса, елдің түрлі аймақтарында жарылыс­тар ұйымдастыратынын мәлімдегені де ақпарат құралдарында айтылды. Билік пен құқық қорғау органдары содан кейін ғана өршіп кеткен лаңкестік әрекетке «Терроризм» бабы бойынша айып тағып, мұның астарында діни шиеленістің барын мойындады. Ал «жиһад» жасайтындар, «халифат» орнатқысы келетіндер кімдер, қандай ағымның өкілдері? Міне, бұл сұрақтардың басы ашық қалып, жабулы қазан күйінде қалуда. Бір айта кетерлігі, лаңкестік әрекет жайында әңгіме өрбіген кезде таяқтың бір ұшы көбінесе шетелден діни білім алып келген жастарға тиіп жатады. Білуімізше, әлгіндей оқиғалардан кейін оларды арнайы тексеруге де алған. Содан ба екен, олар бұл тақырыпта пікірін ашық білдіруге ынталы емес. Біз шетелде білім алған мамандарды әңгімеге тартқанымызда соны аңғарғандай болдық. – Былтыр елімізде лаңкестік әрекеттер жиі орын алғанын білесіздер. Жасыратыны жоқ, осындай жайттарға кейде шетелде діни білім алып келген жастарды кінәлап жатады. Бұған сіздердің пікірлеріңіз қандай? Ермек Мұқатай, Түркияда білім алған: – Жалпы, сырт мемлекетке барып, оқып келіп, қандай да бір бағытқа әсерленген жастардың ішінде еліміздің Конституциялық құрылымына, рәміздеріне, Әнұранына қарсы шығатындар кездеседі. Мұндай әрекеттер көбінесе кейбір араб мемлекеттерінде оқып келгендерден шығады. Өзім Түркияда оқыдым. Десем де, ол жақта бәрі керемет деп айта алмаймын. Мәселе – Қазақстаннан шетелге кеткен азаматтың әу баста кімнің қолына түсетіндігі. Қай мемлекетте болсын, ішкі радикалды топтары болады. Міне, солар ақшамен алдап-арбап, өздеріне тартып алуы мүмкін. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, басқа ортаға түскен азаматқа «Ислам діні деген осы» деп миына құя берсе, ол соған иланады. Егер оның санасында, жүрегінде ұлттық идеология, ұлттық патриотизм болмаса, әп-сәтте беріліп кетуі ықтимал. Елге келгеннен кейін де олардың сөзі Құранның көптеген қағидаттарына қайшы келіп жатады. Яғни бұл жерде мәселе адамның қай мемлекетке түсіп, қандай қордың ішінде, қандай қоғамда білім алғанына байланысты. Әйтпесе исламның негіздері, қағидалары бүкіл жер жүзінде бірдей. Құран – өзгермейді. Қағидат біреу. Бірақ әлгіндей топтардың өзі соны дұрыс түсінбейді әрі жұртқа түсіндіргісі келмейді. Жеке мүдделерін ойлайды. Осы сынды дінді айтып, қой терісін жамылып жүргендер көп екенін айту керек. Иә, қазір елімізде болған лаңкестік әрекет «Халифат сарбаздарының» (Джунд-әл-Халифат) айтуымен жасалды деген де әңгіме болды. Бірақ бұлар қай Халифаттың сарбаздары. Халифат деген келмеске кеткен нәрсе. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі де «Менен кейін 30 жыл, тіпті одан кейін халифат тоқтайды. Оның орнына салтанат басталады» деген. Яғни халиф деген сөз – өкіл болу. Оны Пайғамбардың өзі тағайындайды. Ол менің төрт халифым: Омар, Әбубәкір, Осман, Әли бар деген. Ал қазіргі айтып жүрген қандай халифат, қайдан шыққан халифат – бұлардың бәрі саяси мәселе. Басқа мемлекеттердің ойыны. Алау Әділбаев, теология ғылымының докторы, Түркияда білім алған: – Алғашқы діни білімді елімізде алдым. Одан кейін Түркияға барып шыңдалдым. Әрине, Түркия – сан ғасырлар бойы Ислам дінінің орталығы болып келді ғой. Олар әлдеқашан батыстанып, еуропалық мәдениетті сіңіріп жүрсе де, бірақ ислам дінін ешқашан жоғалтқан емес. Бұл жағынан олардың білімі де, түсінігі де жоғары. Меніңше, лаңкестік әрекеттердің бәрін шет елде оқып келген жастарымызға жаба салу қиянат деп білемін. Лаңкестік әрекеттер тек қана біздің елімізде орын алып жатқан жаңа құбылыс емес. Бұл қазіргі таңда жаһандық мәселеге айналып отыр. Өкінішке орай, батыс бұқаралық ақпарат құралдары мен арнайы жасақталған күштер ең қарқынды түрде дамып келе жатқан ислам дініне тосқауыл қою мақсатында «ислам фундаментализмі, экстремизмі» деген секілді жаптым жала, жақтым күйе хабарларды таратып қоғамда ислам үрейін қолдан тудырып отыр. Қолдан жасалған «әл-Каида», «Хизбут-тахрир» сияқты аты да, заты да жоқ ұйымдар осының нәтижесі. Өкінішке қарай дінді үйренгісі келген кейбір бауырларымыз білместікпен осындай арандатушылардың тұзақтарына түсіп, әлемдік деңгейде орындалып жатқан сценарийлердің құрбанына айналуда.Бақытжан Зейдінов, Мысырда білім алған: – Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде дін де тәуелсіздігін алды. Қазақ елі 70 жыл бойы Ресейдің отарында болған соң «бізде дін де, Құдай да жоқ» деп келдік. Ислам – Қараханның тұсында IX-ғасырда дін болып қабылданғалы бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Рас, тәуелсіздік алған жылдары бізде діни мамандар өте аз болды. Сол кезде шетелде көзін тігіп отырған қаскөйлер келіп, дінге шөлдеген халқымызға тап берді. Сөйтті де, діни ағымдар көбейіп кетті. Экстремизм – билікке, қоғамға қарсы әрекеттің ең жоғарғы шегі. Бұл ұлтқа, елге төнген қауіп. Бұл ретте қоғам террористерден қорықпайтындығын білдіру қажет. Егер қоғам қорқатын болса, бұл террористердің жеңісі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: Ахырет жақындағанда мұсылмандардың өзі 73 тармаққа бөлінеді. Солардың біреуі ғана, яғни тек менің сүннетім мен Құранның айтқанымен жүретіні тозаққа кірмейді, тозаққа түспейді, қалғанының бәрі тозаққа кіреді» – деген. Неге екені белгісіз, қарапайым халықтың түсінігінде, дін – терроризм, экстремизм ретінде қалыптасып барады. Дінді білмейтіндер солай ойлайды. Ал дінді түсінетіндер үшін одан жақсы нәрсе жоқ. Әуелі халқымыздың пікірін, көзқарасын өзгерту үшін діни ғылымды дамыту керек. – Қарасақ, Орта Азия мемлекеттерінің діни білім алғысы келген жастары көбінесе Түркия мен Мысырды таңдап жатады. Осы жерде мынандай күмәнді ой туады. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, сіздер елімізге діни білімді ғана емес, сол елдің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да әкеліп жатқан жоқсыздар ма? Ермек Мұқатай: – Ондай пікір бар. Бірде телеарнада дөңгелек үстел болды. Сонда Мысырдан оқып келген бір маман: «Бізді оқытқан кезде барған мемлекеттің заңдылығы мен Діни басқармасының пәтуасын мойындамаңдар дейтін» деп отыр. Өз құлағыммен естіп таңғалдым. Бүгінде, әсіресе телеарна журналистері терроризм туралы айтып жатады да, соңынан мешітті көрсетеді. Былайғы жұртқа құдды терроризмді мешіт жасағандай жеткізеді. Бұл болмайды. Террористік әрекет болған кезде міндетті түрде шетелде білім алып келгендерден тек діни жағынан ғана қауіп бар деген сөз жоқ. Тіпті шетелден басқа сала бойынша білім алып келгендер бар ғой. Бәлкім олар да ақшаға сатылып, елге іріткі салып жатқан шығар, кім білсін? Сол үшін ұлттық мүддемізді ойлауымыз керек. Алау Әділбаев: – Енді Мысыр елінде әлемге әйгілі, сонау Х ғасырда іргесі қаланған әл-Азхар университеті бар. Ол жерге ислам ілімдерін оқып-үйрену үшін әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Біздің Қазақстанымыз да бұдан тыс қала алмайды. Түркия исламтанудың ғылыми базасы мықты қалыптасқан ел. Бұл елдерде ислам ғылымдары әлдеқайда ілгері екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Шындығында, дін мен дәстүрді бір-бірінен ажырата білген жөн. Кейбір бауырларымыз осы екеуінің ара-жігін дұрыс ажырата алмай «біз ғана таза дінді ұстанушылармыз» деп айтып жүргеніндей, шынында да осылардыкі дұрыс болар деп ойлаған кейбір жастарымыз, соларға көзсіз еліктеуге ұрынып жатыр. Ислам жергілікті дәстүрлерді ескеретін өте кең дін. Сондықтан да ислам дінін қабылдаған барлық елдер өз дәстүрлері мен тілдерін, ерекшеліктерін сақтап қалған. Әрине, ислам әлемінің бәрі вахабиттік бағытта емес қой. Кейбір жекелеген елдер болмаса, кәдімгі дәстүрлі сүнниттік бағытты ұстанатын мұсылман елдері көптеп саналады. Сондықтан да біз жастарымыз шет елге сабылмасын десек, өз елімізде сапалы діни білім ала алатын орта дайындауымыз қажет. Әрине, оған қазір сақадай саймыз деп айту сәл ертерек. Бірақ оны қалыптастырмай бұл мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. Бақытжан Зейдінов:– Мысырда 4 жыл оқып келдім. Арнайы шақыртумен бардым. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының рұқсатымен барған соң, бізді ешкім тартқан жоқ. Білімді терең дәрежеде алдым деп айта алмаймын. Кімде-кім болдым, толдым десе, ол – надан. Ал қазақ елімен салыстырғанда жер мен көктей. Тіпті екі елдің адамдарының өзінде айырмашылық көп. Білім беру үрдісі, мәдениеті жоғары. Ислам мәдениеті адам баласына жетіп-артылады. Көзімен көрмегендер «Е-е, бұлар араб елдерінің салт-дәстүрін меңгерген екен ғой» дейді. Бұл араби салт-дәстүр емес, бұл ислами мәдениет.– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Оның аясында да жұмыс орнында намаз оқуға тыйым салу туралы, орамал тағу не тақпауға байланысты түрлі дау-дамай болғаны белгілі. Заңның әлі де қандай да бір осал тұстары бар ма, әлде?.. Ермек Мұқатай: – Мемлекетке діни қауіп төне бастады. Еліміздің ішінде ислам дінінің радикалды ағымдары көп. Айта кету керек, бізге араб мемлекеттерінен оқып келгендер тек арабтың дінін ғана әкеліп жатқан жоқ. Олардың ұлттық салт-дәстүрлері мен, әдет-ғұрпын да сіңдіріп отыр. Әрі біздің дін ғалымдарының айтқандарын түсінбейді. Олар өзі оқып, білгендерін халыққа үйреткісі келеді. Ал егер жағдай осылай кете берсе, мүлдем ушығып кетер еді. Мемлекеттің дер кезінде араласуы дұрыс болды. Ислам тарихында Хазірет Әлидің уақытында салифидің арғы атасы – Харижит деген болған. Олар төрт мәзһабтан бөлек өздерінше пікір айтып шыққан саяси топ. Сол кезде Хазірет Әли бір сахабаны жіберіп, олардың ісінің дұрыс еместігін айтқызады. Онда да өз дегендерімен жүреді. Сонда олардың көбі айтқанына көнбегендіктен, Хазірет Әли бастарын кесуге бұйрық береді. Міне, Исламның негізгі қағаидатына қарсы болу осыған әкеледі. Алланың алдында ислам біреу, дін біреу. Құран біреу. Үй ішінен үй тігуге болмайды. Өз басым орамал тағуға қарсы емеспін. Тақпайтын адамды зорлауға тағы болмайды. Әрі қинап, орамал тақпа дей алмайсың. Екінші жағынан, орамал таққандарды білім мекемелеріне кіргізбеу де дұрыс емес. Алау Әділбаев: – Әрине, кез келген нәрсе ә дегенде керемет боп шыға келмейді. Ескі заңға қарағанда ұтымды жерлері бар. Елімізде қаптап кеткен миссионерлік секталарға, жат діни ағымдарға қарсы күресу жұмыстары мемлекеттің тарапынан қадағаланатын болды. Бұрын олар құрамында он адамы болса, діни бірлестік құра беретін. Қазір мұның бәрі арнайы рұқсатпен, тексеруден соң тіркеледі. Талаптары мен шарттары қатаңдатылды. Сол үшін дәстүрлі Ханафилік бағытты ұстанамыз деудің өзі үлкен ерлік. Осы қабылданған заңның 7-бабының мемлекеттік мекемелерде, әскерде, оқу орындарында намаз оқуға қатысты тыйым мәселесі қоғамда дау тудырғаны белгілі. Біз зайырлы ел мен атеистік елдің аражігін әлі ажырата алмай жатқан секілдіміз. Шындап келгенде намаз оқу көп уақытты алып, мемлекеттік қызметке кедергі келтіретіндей, көз қорқатын іс емес қой. Намазды тек мешітке барып оқы деп тағы да айта алмайсың. Ол үшін мешіт санын көбейту керек. Мұндай тыйымдар арқылы иман жолына түскен азаматтарымыздың бетін қайтарып алуымыз мүмкін. Намаз оқу елдің егемендігіне, баянды болашағына зиян келтіреді деп ойлау жаңсақ пікір. Бұл жалпы алғанда жеке адамның конституциялық наным-сенім бостандығы құқығын шектеу болып табылады. Мәселені аталмыш мемлекеттік мекемелерде намаз оқуға емес, діни уағыз-насихат жүргізуге тыйым салу арқылы шешуге де болар еді. Сондықтан да барлығын салқынқандылықпен шешуіміз қажет-ақ. – Қазір елімізде ислам дінінің өзі түрлі тармаққа бөлініп, дәстүрлі емес ағымдар көбейіп кетті. Қоғамды бұрыс жолдан дұрыс жолға салу үшін не істеу керек? Ермек Мұқатай: – Біз Түркияға білім алуға барған жылдары Қазақстанда діни сауат ашу өте қиын болды. Ол кезде Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына небәрі төрт-бес жыл болған. Ол кезде діни мамандар, дінді білетін ұстаздар мен ғалымдар жоқ еді. Ал қазіргі таңда шүкіршілік, теолог-ғалымдардың ортасы қалыптасып келеді. Тіпті болмаса, ақшасын төлеп, шетелден ұстаздарды жалға әкеліп жатыр. Олар да Нұр-Мүбәрәк Ислам университетінде, Әбу-Ханифа медреселерінде сабақ беріп келеді. Шетелдегі болсын, біздегі болсын жоғары оқу орны белгілі бір фундаментті құйып береді. Адам әрі қарай өзі ізденіп, дамытып алып кетуі керек. Біз ең алдымен діни ғылымды дамытуымыз керек. Яғни, Діни басқарманың қарамағындағы Нұр-Мүбәрәк университетінің ғалымдардың білімін жетілдіру қажет. Айта кету керек, вахабиттік бағытының дұрыс еместігі шындық. Қазіргі сопылар мен бұрынғы сопылардың арасындағы айырмашылықты зерттеу керек. Олардың не ойлап жүргенін, қандай ұстанымда екенін тексеру қажет. Сопылық бағыт емес, секта емес, бұл – ғылымның бір түрі. Ислам философиясы – рухани философия. Алау Әділбаев: – Біз ислам дінін сонау VIII ғасырдан бастап қабылдаған, тек қабылдап қана қоймай ислам діні мен өркениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан халықпыз. Сондықтан егемендікпен қатар келген төл дінімзді күшейтуден қорықпауымыз қажет. Біз көпұлтты, көпдінді елміз деген ұранды желеулетеміз деп көбіне халықтың 70 пайзынан астам бөлігін құрайтын қазағымыздың дінін көлеңкеде қалдырып қойып жатырмыз. Жылдар бойы айтып жүріп, ақырында мектептерде дінтану пәнін оқытуға қол жеткіздік. Бірақ оның өзі әлі көбіне факультатив ретінде өтуде. Ендігі кезекте исламға көбірек сағат бөлуді жоспарлап осы пәнді жоғары оқу орындарына да кіргізу қажет. Міне, біз өз дінімізді дұрыс үйрете алмағандықтан да жастарымыз дәстүрлі емес ағымдарға кіріп кетіп жатыр. Әрине кеш те болса, мемлекетіміз қолдан келгенінше бәрін жасауға тырысып бағуда. Осы жылдан бастап исламтану мамандығы арнайы класификаторға еніп, өзінің шифірін алды. Елімізде исламтанушы мамандарды дайындайтын бір ғана Нұр-Мүбәрәк университеті жұмыс істеп жатыр. Университеттің базасын күшейте отырып, өзіміздің жергілікті ғылыми кадрларымызды көптеп дайындап, басқа елді мекендерде филиалдарын да ашуға болар деп ойлаймын. Осы мақсатта мемлекетіміз ағымдағы жылдан бастап университетке түсуге грант бөле бастады әрі PhD доторларын дайындауға да мүмкіндік берейін деп жатыр. Бұл да діни ғылымды көтеруге арналған бастамалар. Дінге деген сұраныс, талап күшейіп келеді. Қоғамның бұл сұранысына жауап бере алуымыз қажет. – Елге оралғаннан кейін діни салада «әттеген-ай, былай істеу керек еді» деген жерлеріңіз болды ма? Ермек Мұқатай: – Әлбетте, Мысырдың, Сирияның діни білімі жоғары. Біздің елімізбен салыстырғанда, шариғаттық білім әлдеқайда терең. Кітапта­рының бәрі арабша. Ал өзім Түркияда білім алғандықтан, сапасына көңілім толды. Көбінесе түрік тіліне аударған араби кітаптарды оқыдық. Араб тілін білсең, тіпті жақсы, түпнұсқадан емін-еркін оқи бересің. Сан түрлі ғалымдары мен білімді профессорлары шәкірттерімен жақсы байланыс орнатқан. Демократиясы да бар, дінді де жоғары қолдайды. Исламның ұлттық дәстүрін қолдайды. Бүкіл ұлт бір ұстанымда. Біз Имам Ағзам Әбу Ханифа мәсһабын ұстанамыз. Олар ешқашан бөлінбейді. Мемлекетке қарсы шықпайды. Әрқайсысы өз ұлтының жанашыры. Патриоттық сезім әлдеқайда күшті. Оларға жету үшін көп ғылыми еңбек болу керек. Бізде Құранның өзінің қазақ тілінде бес-ақ аудармасы бар. Ал Түркияда бір Құранның 200-ге жуық аудармасы бар. Өйткені, әрбір діни маман өз ойын діни ұстанымға сүйене отырып, білдіруге тырысады. Бақытжан Зейдінов:– Жасыратыны жоқ, қандастарымыздың көбі секталардың жетегінде кетті бір кездері. Алғаш келгенде әулие-әмбиелерді аралап кететіндерге түсіндіре алмай қиналдым. Сол кезде осы тұсты көбірек оқымаппын-ау, Мысырдағы білімді ғалымдардан осы тығырықтан қалай шығу керектігін сұрамаппын-ау дейтін кездерім болды. Бір таңқалғаным, Мысырдың халқы бір-біріне өте адал. Тіпті, көшедегі саудагерлер намаз уақытында тауарын тастап кете береді. Олар әр нәрсе үшін Алланың алдында жауап беретінін біледі. Ал бізде ше? Қоғамдық көлікке мінсең, қалтаңды тінтіп шығады. Құдайдан қорықпаймыз, ертеңгі ахыретті ойламаймыз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары