ҚОЛАЙСЫЗ ҚОНАҚТАР НЕМЕСЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

ҚОЛАЙСЫЗ ҚОНАҚТАР НЕМЕСЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

ҚОЛАЙСЫЗ  ҚОНАҚТАР НЕМЕСЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
ашық дереккөзі
394
«Ақырзаман боларда дүниені

қара қытай қаптайды».

Бабалар сөзі

Темiрғали КӨПБАЕВ,ақын, Халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының иегерi

Жақыныңа жүргенде жаттай налып,

Жылмиған жұрт жеріңде қаптайды анық.

Қолайсыздау қонағың төрге шықты,

Үлгергенше кермеге ат байланып.

Кер ат байлап қазақтың кермесінде,

Күн айналып жеткенше кең бесінге,

Алдарқатып рухыңды жеңбесін де.

«Қарағай басын шортан шалар» деген,

Көңіл айтып Асан шал келмесін де.

«Қауіп» деп аталатын бұл өлеңді мен алты жыл бұрын жазып едім. Түрткісіз ой қозғалмайды, толқусыз өлең жазылмайды. Орыстілді бір басылымның болмай қалғыр болжамы онсыз да көкірегімді сыздатып, сүйегімді сырқырата бастаған. Сондағы болжамының сықпыты мынау: «Қазақстанда қазір үш жүз мыңдай қытай бар. Енді он бес-жиырма жылдан кейін мұндағы қытайлардың саны қазақтардан әлдеқайда көп болады». Бұл не? Демек жан шошытарлық болса да біздің елімізде осындай болжам жасауға негіз бар болғаны ғой.

Қытайлар дүниені басып барады. Әлемде бүгін қытай жүрмеген жер жоқ. Бұлар өте көп халық. Қытайлардың атамекеніндей болып кеткен Азия елдерін айтпағанда, Америка, Еуропа, Ресейдің біраз шығыс аймағы «қытайланып» үлгерген.

Соңғы отыз жыл көлемінде дамудың даң­ғыл жолына түскен қытай экономикасы айды аспаннан бір-ақ шығарғаны рас. Түрлі салалардағы өндіріс орындары, ауылшаруашылығы аса қарқынды дамыды. Ғарышты кеңінен игерді. Заманауи технологияларды ерекше меңгерді. Қуатты ядролық державаға айналды. Дүйім дүние Қытаймен санасатын болды. Оның сыртында құмырсқадай құжынаған халық өзге елдерге қаптап қоныс аударып, бар әлемге қанатын жайды. Бұл үдеріс жыл өткен сайын күш алып келеді. Өзге елге аяғы жеткен қытайлар амалдап сол елдің азаматтығын алып, кері қайтпаудың қилы жолдарын қарастыруда. Мысалы қытайлар АҚШ-ты жартылай басып алды десе де болады. Азаматтық-құқықтық ел болғандықтан Америка заңдары олардың мақсатын жүзеге асыруға өте қолайлы болып отыр. Қытайдағы Америка консулдықтарына лажы болса қытайларды мұхиттан асырмау туралы құпия тапсырма берілген. Бірақ көптің аты көп. Миллионнан біреу өткенде де жыл сайын біраз қытай Америкаға жетеді. Ендігі мақсат қайткенде де кері қайтпау, табан тіреп, тамыр байлап қалу. Мына қызықты қараңыз, Америкаға жетісімен-ақ көптеген қытайлар әйелінің жатырына ұрық салады екен. Тоғыз ай, тоғыз күнде өмірге сәби келеді. Дәрігерлер мұқият тексереді. Ұрық Америка жерінде салынған. Демек туылған бала заңды түрде АҚШ азаматы болып саналады. Туған баласы АҚШ азаматы болғандықтан екі-үш жыл ішінде оның ата-анасына да азаматтық беріледі. Ал АҚШ азаматы болу деген сөз сенің азаматтық құқығың барлық америкалықтармен тең дәрежеде дегенді білдіреді. Міне, есеп!

Бұл тұрғыдан алғанда шеттен келген тірі пендеге азаматтық бермейтін Араб Әмірліктерінің ұпайы түгел. Бірақ мұнда да уақытша жұмысқа жалданған қытайлар өріп жүр.

Қазақстанда жоғарыда айтылған бол­жамның негізсіз еместігіне күн өткен сайын көз жете бастағандай. Топ-топ болып, Көктөбеде жайраңдап жүрген қытай, Шымбұлақта сайрандап жүрген қытай, барахолкада ойнақтап жүрген қытай, мейрамханамызда тайраңдап жүрген қытай. Жылмиып, жымсиып, жырқ-жырқ, күлісіп жатқаны. «Бұл байғұстар бөтен елде жүріп неменесіне жетісіп күледі екен?» деп ойлаймын. «Бақсам бақа екен» дегендей, аңдасам менікі әншейін ой сияқты. Бөтен жер деп айылын жиып, қысыла қоятын бұлар емес. Мектептерінде саналарына сіңіргендей «ата-бабасының ежелгі жерінде» алшаң басып жүруді армандап жеткенге ұқсайды. Түрлерінде титтей қысылу, қымсыну болсайшы. Жоқ. Керісінше олардың кеудемсоқ қылықтарын көрген қазақтар біртүрлі жасып, өзін қораш сезіне түсетіндей. Талай ғасыр орыстың езгісінде болып, «ауызы түкті кәпірдің» қабағын бағып (әлі де солай), жалтақ, жәркеш күнге еті өліп кеткен қазақтың ми қуысына дендеп еніп, айықпас кеселдей жабысып алған құлдық сана белгілері қайтадан қау ететіндей. Еренқабырғаның арғы жағынан айбар сездірген алты басты айдаһардың мысы баса түсетіндей.

Қолайсыз қонақтар мұнайлы, газды өңір­лер саналатын Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарында өндірісті дамытуды желеулетіп ойларына келгенін істеп жатыр. Астанадағы, басқа қалалардағы құрылыс компаниялары да қытайдан арзан жұмыс күшін тартамыз деп оларға айқара есік ашып беріп отыр. Қазақстанға аяғы жеткен қытайлар қазақтарға шекесінен қарап, әсіресе сауда-саттық саласында қолдарынан келгенше қыздарымызды күң етіп, ұлдарымызды құл етіп жұмсауға тырысуда. Аузында бір тісі жоқ әйелге болса да амалдап үйленіп, азаматтық алуды көздеп жүрген қушыкештері де бар.

Өмір болған соң әртүрлі жағдайда әртүрлі адамдармен кездесесің. Екі жыл бұрын дағдарыс діңкелете бастаған соң Алматыдағы бір пәтерімді сатпақ болдым. Сатылатын пәтерді көруге өзіміздің қаракөз қарындасымыз келді. Жап-жас. Жүзіктің көзінен өткендей сұлу. Еліктің лағындай ойнақтап тұр.

– Мен әзірге қарай тұрайын. Күйеуімнің маңызды шаруалары бар. Жарты сағаттан кейін келеді, –деді.

Жылжымайтын мүліктің бағасы құл­дилап құлап, өтпей жатқан тұсы. «Сатып ала қойса жақсы болар еді», – деймін іштей. Сарғайтып күйеуі де келді. О-о! Жасы алпыстан асқан қытай азаматы екен. Қырдың қызыл киігіндей боп ойнақтап тұрған қарындасым мінәйі күйге түсіп, мүләйім бола қалды. «Шалының» асты-үстіне түсіп өліп барады. Сақау орысшасымен міңгірлеген қытай аяғын шешпей төргі бөлмелерді аралап кетті. Үй егесі деп мені көзіне де ілер емес. Ашуым келді. Қарындасыма таяқ салғандай, төріме аяқ салғандай бұл кім еді сонша?

– Сиколко просте? – деді қытай. Басын­ғанына ызаланып тұрғам:

– Я вам квартиру не продам,– деп есікті нұсқадым. Аңырайып қалған қытай: «Шито з вами? Шито з вами?» деген күйі көзін жыпылықтатып шыға беріске беттеді. Көресіні қарындасымнан көрдім. Долданып, айтпағаны қалмады.

– Сатпасаңыз сатусыз қалсын. Алматыда өтпей тұрған пәтер көп, біреуін алармыз. Енді мына кісі қазақтарды «отсталый» халық деп ойлайтын болды ғой. Сіз білесіз бе оның кім екенін? Ол дүние жүзін аралап жүрген адам. Сіз оның тырнағына да тұрмайсыз.

– Айналайын, оның кім екенін білгім де келмейді. Дүниені араласа, солай жүре берсін. Бар білгенің сол болса, сен де аман бол! Мазамды алма. Бар!

Есік қатты жабылды. Намысым қайнады.

Жаздыгүні жоқ іздеп Алматыдағы «Барахолкаға» бара қалдым. Қаптаған қытай. Тілін түсінбеймін. Бірдеңе сұрасаң өзара шүлдірлесіп, мазақ қылғандай күледі. Заттарына көз жүгіртіп тұр едім, желкесіне ала қап өңгерген, ыңыршағы айналғандай екі қазақ жігіті келді. Қаптарын түсіріп, қытайлардан екі жүз теңге алды. Үсті-басы салдыр-сатпақ. Әбден қажыған. Екеуін сөзге тарттым.

– Бауырым, қай жерденсіңдер?

– Мен Семейден, мына бала Арқалықтан,– деді тарамыстау біреуі.

– Мұнда көптен бері істейсіңдер ме?

– Екі жылдай болды. Мынау менен бұрын келген.

– Күніне қанша табасыңдар? Күнкөріске жете ме?

– Өлместің күні ғой, аға. Тамағымызды әрең ажыратамыз. Жатар орынға төлеу керек. Киім алу керек дегендей. Кейде қарызға кіріп кетеміз.

– Мына қытайлар еңбектеріңе дұрыс төлей ме?

– Өй, бұлар тиынға тісін сындырады. Көріп тұрсыз ғой. Бір жүкке жүз теңгеден ғана береді. Одан артық бермейді. Бүкіл базарда сондай. Қарап отырамыз ба? Ала қапты арқалай жөнелеміз. «Конкуренция» көп. Сен апармасаң, басқа апарады. Жан бағу керек. Қайбір жетіскеннен жүр дейсіз.

– Оқып, жоғары білім алмаған соң, көрген күнің осы болады. Намыстанбайсыңдар ма? Жап-жассыңдар. Неге оқып алмайсыңдар?

– Ой, аға-ай! Ақыл айту оңай ғой. Базарда «дипломды грузчиктер» де толып жүр. Жұмыс таппағасын осында келген. Менің оқығым келмейді дейсіз бе? Мектепті жақсы-ақ бітіргем. Оқудың бағасы аспандап кетті. Біз сияқты кедей-жарлының баласына ендігі оқу қайда? Оған қаржымыз жоқ. «Басқа салса баспақшыл» деп басқа түскенін көреміз дә.

– Қытайлар қаптап кетіпті. Көптен мұнда келмеп едім. Мұншалықты көбейіп кетті деп ойламаппын, – дедім ішкі күйінішімді шығарып. Самбырлап тұрған қара бала:

– Олардың көп болғаны бізге жақсы, – деп салды, – қытай көп болса, жұмыс көп. Табысымыз көбейеді. Былтыр көктемде қытай жақты бір ай жауып қойып еді, қандай болдық? Нанға ақша таппай тентіреп кеттік қой. Сіздердің қарындарыңыз тоқ. Ештеңе білмейсіздер. Ал біз аштан қата жаздадық. Сондықтан бізге бәрібір. Қытай келе ме, шүршіт келе ме, әйтеуір жан бағатын жұмыс табылып тұрса болды. Аш адамға намыстың не керегі бар?

Түпсіз шыңырауға құлап бара жатқандай теңселіп кеттім. Аш адам ертеңін ойлай алмайтынын біліп тұрсам да «Бәрібір ертеңгі күнді ойламай болмайды» дегеннен әріге бара алмадым.

Намыс! Намыс! Қайран намыс!

Атилланың қылышының жүзіндегі намыс!

Томирис патшайымның көзіндегі намыс!

Бейбарыс бабамыздың кегіндегі намыс!

Күлтегіннің тасқа ойған сөзіндегі намыс!

Қалмақтың басын сүйреткен намыс!

Жоңғардың қабырғасын күйреткен намыс!

Алаштың ардағына алау болған намыс!

Желтоқсанда жастарға жалау болған намыс!

Сен жасып қалғанбысың,

нар қазақтың намысы?

Жоқ, жасыма! Сілкін! Беркін!

Даланың жас барысы!

Намыссыз – өмір тұл. Дер кезінде қайрат қылып, намыс танытпаған сібірдегі ұсақ ұлыстар не күйге түсті? Заты түгіл атын ұмытып кеткен жоқ па? Алып империялар ешкімді де аямайды. Қап тауларын қан қақсатқан қасірет неден болды? Алланың өзі өр етіп жаратқан шешен халқының намысы аяққа тапталмады ма? Көптің аты көп, мықтының аты мықты. Аз халық жеңілмейді, аз халық қырылады. Бірақ намыс жолында өлгенге не жетсін! Шешендер солай етті де.

Біз аз халықпыз. Намысшыл, өр халықпыз. Ал қытайлар көптен де көп. Көп халық көптігін жасап намысымызды аяқ асты етпес пе? Оларға құшағымызды айқара ашқанда қалың нөпірдің астында намысымызбен бірге жаншылып қалмаймыз ба? «Бізге шекараны емес, есікті ашсаңыздар болғаны» дейді екен қытайлар. Есігімізді шалқалата ашып тастадық. Айналдырған он жылдың ішінде елімізге үш жүз мыңнан астам қытай кіріпті. Оларға етіміз үйрене бастаған сыңайлы. Қызымыз да, ұлымыз да солардың сөзін сөйлеп қалыпты. Бірте-бірте заман сондай болды деп, зиялыларымыз да солардың сойылын соқпас па екен? Бәрі мүмкін.

Шыңғысханның тұсында мұңғұлдар Қы­тайға шапты. Басып алды. Қытайды Шың­ғысханның тікелей ұрпағы Құбылай хан билеп тұрды. Ол туралы атақты жиһангез Марко Полоның жазбаларында көптеген деректер келтіріледі. Құбылайдың Қытайды неше жыл билегені, ол өлгеннен кейін мұңғұлдар ол жерде қанша уақыт тұрғаны белгісіз, әйтеуір жарты ғасыр өтпей-ақ Алтын елінде Шыңғыс ұрпақтарының ізі де қалмады. Қытайлар оларға қарсы соғысқан жоқ, мұңғұлдар көпке сіңіп ғайып болды. Жұтылып кетті. Көптің аты көп деген осы.

Бір жақын танысым Шанхайдың іскер қытайларымен ортақ жұмыс бастапты. Қы­тайға жиі барады. Барған сайын аузының суы құрып, тамсанып қайтады. Оның әңгімесін бәріміз аузымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдаймыз. Шанхай – ертегі қала сияқты. Таңдай қағар дүниесі көп. Бірде әзілге айналдырып әлгі қытайлардан:

– Осы сендер бізге қарсы соғыс ашып жүрмейсіңдер ме? – деп сұрадым дейді танысым. Сөйтсе қытайлар:

– Біздің халқымыз жер көкке сыймай жатыр. Соғысып қайтеміз. Отыз миллион әскерді тұтқынға берсек он алты-ақ миллион халқы бар Қазақстанның өзі де бір жақты болмай ма? Сонда сіздің адамдар бір-бірін таппай адасып қалмай ма? Содан кейін қазақтың қыздарының туғаны түгелдей қытай болмай ма? – деп күліпті. Бұл әзілдің астарында талай бәле жатыр. Көптігін бұлдап отыр ғой.

Ой тыным бермейді. Көкірегімді шерге бөлеп, өлең келеді:

Еңку-еңку еңсерген,

Ер үстінде теңселген,

Ел едік-ау еңселі.

Елім, биік еңсеммен

Сүйіп өтем мен Сені.

Кетпесін деп кері күн,

Айға ұлыған бөрімін.

Уысында ұяттың,

Қайрап намыс-көрігін,

Дүбірінен тұяқтың

Түн ұйқымнан жерідім.

Қыр астында құрысқан,

Қар талмауға тырысқан,

Қара ниет зымыстан,

Қол келеді шығыстан.

Қорасынан жай ұшқан,

Қол келеді қайысқан,

Құбыжықтай назары,

Құбылаға ойысқан,

Қасиеті құлтандай,

Қожасына майысқан,

Қыбыр-жыбыр тірлігі,

Қаласа жүз шайысқан,

Қой басының орнына,

Құрт-құмырсқа қойысқан,

Қалжасына қатынның,

Қақтап жылан сойысқан.

Қырсық күннің хабары,

Қысық көзді нойыстан.

Сайтан пиғыл секілді,

Сұм келеді не түрлі.

Көптің аты көп деген,

Көремісің нөпірді.

Бір қап күріш ішіне,

Бидай салып бір кесе,

Не болады замана,

Диірменін үрлесе.

Бір қап күріш сезінем,

Бидай болмас бүрлесе.

Бидайыңның көзінен,

Күріш шығып жүрмесе.

Күндердің күні болғанда бір қап күріш ішіне салынып, диірменнің тас қайрағына тартылған бір кесе бидайдай бар-жоғымыз білінбей кетпес пе екенбіз? Мұны айтсам, жау келмей жатып асанқайғыланып, ақырзаман төндірді демессіздер. Қауіптенбей болмайды. Қашанғы сырық мойын керіктің (жираф) күйін кешіп жүре бермекпіз. Жұмекен Нәжімеденовтің «Жираф» атты өлеңі бар еді. Қазақты – жираф дейді. Керіктің мойнының ұзындығы өзінің соры екен. Сауырынан бас­тап жеп жатқан арыстан бел омыртқасына тіс тигізгенше «Ойбүй! Мынау мені жеп жатыр екен ғой» деген ой басына жетпейді дейді. Өйткені мойын ұзын, бас алыс. Жыртқышқа жем боп жатқаны миына кеш кіреді.

Ертерек қауіптенген ел ертерек қам­данады. Әлгі газет болжағандай қытайдың қаптайтыны анық болған соң елдігімізді, егемендігімізді сақтап қалу үшін нендей қарекет, амал-айла қарастырған жөн? Тек қытай ғана емес, өзге де елдердің тәуелсіздігімізге көз алартпауы үшін, қазақтың жаншылған еңсесін көтеріп, құлдық санадан азат ету үшін не істеу керек? Тағдырдың теперішін көп көрген, әз басынан талай сынды өткерген асыл халқымызды бақытты ету үшін не қажет?

Меніңше, келесі он жыл ішінде нақты мақсатқа бағытталған, сөз күйінде қалмай, іс жүзінде қолға алынатын шұғыл шаралар қолданылмаса біз кеш қаламыз. Уақыт – алтыннан да қымбат. Уақыт қытайларға қызмет етіп тұр. Уақыттың бетін өзімізге бұру үшін аса шұғыл шаралар ауадай қажет.

Бірінші – ел басқарған ұлт шенеуніктері түгелдей халықшыл болуы керек. Министрлер, әкімдер және солардың маңайындағы атқамінерлер қоғамдық мүддені жеке басының мүддесінен жоғары қойып, елдің рухы мен әл-ауқатын көтеруге барынша адал қызмет етуге тиіс. Обырдай опырып, жебірдей жей беретін әдетті қоятын кез келді. Мемлекеттік басшы қызметке барғандар баю үшін емес, халыққа қызмет ету үшін баруы керек. Коррупцияны өздері қоздатып, өздері күрескенсігеннен ештеңе шықпайды. Шұғыл түрде мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамалары жасалып, басқарушы кадрлар қысқа мерзімдік қайта даярлау мектептерінен өткізілуі тиіс. Мұндағы басты мақсат – барлық деңгейдегі басшыларды халыққа жақындатып, ұлттық мүддеге аянбай, адал қызмет етуге бағыттау, олардың көкірегінде ХХ ғасыр басындағы тәуелсіздікті жан жүрегімен аңсаған «Алаш» қозғалысы көсемдерінің ұлтжандылықты бірінші кезекке қойған асқақ рухын ояту;

Екінші – шұғыл түрде мемлекеттік ағар­ту бағдарламалары түзіліп, барлық дең­­гейдегі басқару тетіктері бұқара ара­сындағы үгіт-насихат жұмыстарына бір кі­сідей жұмылдырылуға тиіс. Мемлекеттік ағарту бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлт­тар мен ұлыстарды құрметтей отырып, олардың наразылығын тудырмайтындай ізгі әрекеттермен бес-он жыл ішінде қазақ жерінің шын иесі қазақ ұлты екендігін саналы түрде мойындату болуы керек. Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасында айтылғандай «қазақстандық» ұлт емес, керісінше тек қазақ ұлтының мемлекетқұраушы негізгі ұлт екендігін, сонымен қатар жергілікті ұлттың үлес салмағы 60 пайыздан асатындықтан Қазақстан Рес­публикасы моноұлттық мемлекет екендігін, қазақ халқының қиын кезеңдерде көптеген ұлыстарға аяушылықпен қарап, құшағын айқара ашып, қамқорлық көрсетіп, төрінен жай бергендігін, сөйте тұра солақай саясаттың сойылына ілігіп, қызыл қырғын мен ашар­шылықтың кесірінен қынадай қырылып, өз жерінде азшылыққа айналғандығын, олай болмаған күнде бүгінгі Қазақстанда қазақ ұлтының үлес салмағы ең кемінде 80 пайызды құрауға тиіс екендігін белгілі бір тарихи – саяси себептермен қазақ жеріне сырттан келген диаспоралар өкілдерінің санасына мықтап сіңіру керек;

Үшінші – Қазақстанның барлық жерінде, қоғамдық өмірдің барлық саласында іс қағаздарын түгелдей қазақ тіліне көшіріп, ана тіліміздің мәртебесін ерекше көтеру керек. Қазақстанда қазақ ұлтының шын мәніндегі ел иесі екендігіне іс жүзінде ерекше баға беретін мүмкіндік тәуелсіздік алған тұста-ақ туған еді. Бірақ ол мүмкіндікті уыс­тан шығарып алдық. Онымен тұрмай, ұлт рухының қайнары болып саналатын ана тіліміздің өркен жайып, мемлекеттік тіл ретінде шын салтанат құруы үнемі кейін шегерілді. Жаттың қабағына қараумен келеміз. Соның нәтижесінде ана тіліміз әлі күнге өз жерінде өгей баладай күн кешуде. Бұл мәселеде көрші өзбек ағайындар құрлы бола алмағанымыз ащы да болса ақиқат.

Тілді сыйламаған ұлтты сыйламайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды енді сандыққа салып қоюға уақыт жоқ. Мемлекеттік ағарту бағдарламасының негізгі саласы тіл мәселесі болуға тиіс. Түпкі мақсат – қазақ тіліне қажеттілік тудыру;

Төртінші – қазақ жерінің, қазақ мемле­кетінің шын мәніндегі нағыз иесі қазақ ұлты болғандықтан оған Алманиядағы алмандардай, Араб Әмірліктеріндегі арабтардай, ең болмаса Америкадағы үндістердей ерекше азаматтық статус берілуі керек. Қазақты өтірік мақтап, алдап-арбап, құрғақ сөзбен құрсағын толтырудың енді түкке қажеті жоқ. Мемлекеттік басшы қызметкерлер арасында көзбояушы, алдамшы (показуха), жәдігөйлік пиғыл жалғаса берсе біз анық кеш қаламыз.

Халқымыз көзбен көріп, қолмен ұстай­тындай нақты көмекке, қамқорлыққа зәру болып отыр. Таңертеңнен кешке дейін көпірте беретін бос сөзден май түспейді. Қасаң сөз қазанда қайнамайды, қарынды тойдырмайды. Ашқұрсақ адамның еңсесі езіледі. Тектілікке арқа сүйей алмаған жанның армандары аласарады. Қорсыз, қоңсыз кісі қорланғыш, жалданғыш, жасқаншақ болып, жер ұшық ұрғандай төменшіктеп қалады. Жайшылықта «Біз текті халықпыз!» деп кеудемізді соққанда алдымызға жан салмаймыз. Оның бәрі әзірше өткен тарих пен ауыздағы сөз ғана. Өкінішке орай, тектілік бүгін жүректегі жалынға айналмай тұр.

Ат төбеліндей топтан басқа қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен дең­гейде. Қарны аш адам өзгенің ықпалына көнгіш келеді. Тағы он – он бес жыл әрекетсіз өткізіп алсақ, қазақты шын мәніндегі текті, бақытты халыққа айналдыру мүмкіндігінен айрылу қаупі төніп тұр. Онда тәуелсіздігіміз де ауызекі сөз күйінде қала бермек. Өйткені қытай қаптап келеді. Бүгінге дейін шала орыс­танып, шала европаланып, шала америкаланып үлгірген жас ұрпақтың санасы енді шала қытайлана бастады. Қытайлану бәрінен де қауіпті. Себебі қытайдың шеңгелі қатты. Қарысқан жерінен ажырамайды. Сананы бір жауласа мәңгі жаулайды. Оның ықпалынан құтылу мүмкін емес. Жаттың ықпалына тез бейімделгіш халқымыздың (о бастан солай) қытайлану жолында да өзгелерден оза ша­уып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан қазірден бастап, ұлтымыздың санасын қорғауға көш­песек болмайды. Ұлттық сананы қорғау мәдени мұраны, тарихи шежірені түгендеумен шектелмейді. Тарихты білген дұрыс. Зерттеу керек. Бірақ ол бүгінгі халықтың әлеуметтік жағдайын түземейді. «Бабаларымыз анадай болған, аталарымыз мынадай болған!» деген құр мақтан қазір ұлттың рухын тұтастай көтере алмайды.

Түрік халқының ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік: «Әрбір түрік азаматы өзге емес, түрік болып туғандығын бақыт деп санауы керек» деген қанатты сөзімен, сол мақсатқа жету жолындағы қажырлы күрескерлік істерімен тарихта қалды. Бүкіл түріктің рухын оятты. Дәл бүгін әрбір қазақ азаматы өзге емес, қазақ болып туғандығын бақыт деп санай ала ма? Ұлтымыздың санасын өзге елдердің теріс ықпалынан қорғау үшін осы мақсатқа жетуге әрекеттену керек. Ол әрекеттің ең әуелгі көрінісі қазақ жерінде қазақ ұлтына ерекше азаматтық статус беруден басталуға тиіс.

Түбінде өз жерімізде қытайлармен бетпе-бет келетініміз рас болса, дербес мем­лекеттігімізді сақтап қалу үшін тез арада жалпы қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын түзеп, қарнын тойдырып, еңсесін көтеруді қолға алуымыз керек. Бізге қарай бет алған қытайлар азаматтарымызға шекесінен қарамай, ұлттық құндылықтарымызды жоғары бағалап, қазақтардың нағыз ел иесі екендігін құрметпен мойындап, Әнұранымызды жатқа айтатындай болуы үшін билік осы биік мақсат жолындағы нақты істерге бүгін кірісуі қажет.

Серіктес жаңалықтары