ӘУЕЛЕДІ ӘНУАРБЕКТІҢ ЖЫР КЕШІ

ӘУЕЛЕДІ ӘНУАРБЕКТІҢ ЖЫР КЕШІ

ӘУЕЛЕДІ ӘНУАРБЕКТІҢ ЖЫР КЕШІ
ашық дереккөзі
298

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде белгiлi ақын, көсемсөзшi, Мәдениет қайраткерi Әнуарбек Әуелбектiң «Жыр-әуен» атты ән-жыр кешi болып өттi. «Ердiң жасы – елуге» қадам басқан ақын шығармашылық кешiнде «Жiгiтке жетi өнер де аз» демекшiдей, сан қырынан көрiнiп, ән мен жырға шөлiркеп қалған көпшiлiктi бiр серпiлтiп тастады.

Әншейінде бос тұратын залдың іші жырсүйер қауымға лық толды. Бәлкім, мұның сыры кештің ерекше бір дайындықпен өткендігінде шығар деп түйдік. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің сахнада отыруы жыр кешінің әрін де, сәнін де келтіріп жібергендей. Оркестрдің сүйемелдеуімен сазгер Әнуарбек Әуелбектің әндері мен сөздеріне жазылған әуендер әуелете шырқалды. Әнуарбек аға лирик ақын ретінде оқырманына етене таныс. Оның жүректен шыққан сырлы жырлары кез келген жанды бей-жай қалдырмайтындығына көз жеткіздік.

Ақынның мерейтойымен құт­тық­таған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Берік Шаханұлы иығына шапан жапса, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айт­байұлы, Халықаралық «Алаш» сый­лығының иегері, сатирик ақын Көпен Әмірбек ақынның шабытына шабыт қосардай, ақ тілектерін жаудырды. Ал Әнуарбек Әуелбектің еңбек ететін «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай газет ұжымы атынан құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Ақын Болат Шарахымбай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірә­лиевтің құттықтауын жеткізсе, осы университет қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов Әнуарбектің шығармашылық жолы туралы жан-жақты тарқатып айтып берді.

Әнуарбек Әуелбек республикалық «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Дала мен қала», «Ислам мен өркениет», «Әдебиет айдыны», «Хабар» телеарнасымен қоса, Халықаралық «Түркістан» газетінде де талай жыл табанды жұмыс істеді. Қазіргі таңда «Алматы ақшамы» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметін атқаратын ақынның өлеңдері көптеген жыр жинақтарына енген. Бүгінде оның «Ақ жауынды шақ» және «Жаныңмен жаз сырыңды» атты өлең кітаптары сүйікті оқырманының қолында жүр. Ал «Алматы ақшамы» кітапханасы» сериясымен редакцияның демеушілігімен «Солай болған» авторлық телехабарында берілген жур­налистік жазбалары жеке кітап болып басылып шығып отыр.

Әнуарбек Әуелбектің «Жыр-әуен» шығармашылық кешінде Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Халиолла Оңғаров, ақынның туған жерінде оқыған №194 мектеп директоры Құрбанкүл Қансейітова жерлестерінің ыстық сәлемін ала келіпті. Кеш соңында әсерлі кештен шабыт алған ақын өз өлеңдерін ағыта жырласа, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультетінің бірінші курс студенттері де ақынның өлеңдерін оқудан қалыс қалмады. Ал сазгер Әділбек Атығаевтың «Арман», «Сүйем сені», «Әпкелеріме», «Алатау жыры» әндерін танымал әншілер Дәлел Уәш, Қанат Жамауов, «Алакөл ақмаңдайы» әнін Еркін Шүкімән орындады.

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары