МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ АРНАЛҒАН ЖИЫН

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ АРНАЛҒАН ЖИЫН

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ АРНАЛҒАН ЖИЫН
ашық дереккөзі
278

Жуырда Ә.Тәжiбаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кiтапхананың мәжiлiс залында облыстық тiлдердi дамыту басқармасының кеңейтiлген алқа мәжiлiсi болып өттi. Мәжiлiстi облыс әкiмiнiң орынбасары Рзақұл Нұртаев ашты.

Әуелгі сөз тізгінін қолына алған Рзақұл Нұртаев: «Елбасының дәстүрлі Жолдауында қазақ тілінің өсіп-өркендеп келе жатқандығы, 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға жететіні жайында айтылған. Қазақтықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде іс-қағаздар негізінен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Облыстағы тілдерді оқытудың өңірлік орталығында көптеген мемлекеттік қызметшілер қазақ және шет тілдерін меңгерді. Елде жүзеге асырылып жатқан 2011-2020 жылдарға арналған тіл бағдарламасы бұл саладағы көптеген қиындықтарды жеңуге мүмкіндік жасайды. Меніңше, қазақ­стандықтар қаншама шет тілін меңгергенімен де еліміздің мемлекеттік тілі олардың тасасында қалмауы тиіс. Яғни ана тілі қашанда бірінші орында болғаны жөн. Бүгінгі алқа мәжілісінде жергілікті жердегі қордаланған тіл мәселелері, оны болдырмау шаралары кеңінен әңгімеленеді деп сенемін», – деді.

Алғашқы баяндаманы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Руслан Рүстемұлы жасады. Ол өзінің баяндамасында «Мем­лекеттік тіл саясатын одан әрі жүргізу бағытында өткен жылы атқарылған істер мен алдағы міндеттерге» арнайы тоқтала кетті. Өткен жылы басқарма тарапынан 16 облыстық байқау, фестиваль мен форум, 2 олимпиада, дөңгелек үстел отырысы мен дебат ойындары өткізілді. Облыстық телеарнадан жастардың қазақ тіліне деген ынтасын арттыру және шұрайлы тілді меңгертуге бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалды ойыны, «Тіл – таным» телебағдарламасы, «Тәрбие басы – тіл», «Көрнекі ақпарат және заң» бейнероликтері, қалалық телеарнадан мемлекеттік тілді үйренуге ниет еткен өзге этнос өкілдеріне айына екі рет «Қазақ тілін үйренейік!» атты сабақ жүргізілді. Қазақ тілінен өткен республикалық түрлі сайыстарда облыстан қатысқан өзге этнос өкілдері жүлделі орындарды иеленіп, аймақтың атын шығарып жүр» деген деректерді келтірді.

Басқарма бастығы соңғы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қортыныды жасай келе, жергілікті мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне тиісті іс-шараларды ұйымдастыру, кадр мәселесі, ауданда жүргізілетін түрлі шаралар жоспарының жергілікті әкімдік қаулысымен қабылдануы, орындаушылық тәртіп барысына қатысты бірқатар сын-ескертпелерін де ескертті.

Басқарма бастығының баяндамасынан кейін жиынға қатысушылар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ләйлә Құлтаева мен Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Тұрақ Ахетовтің пікірлерін тыңдады. Олар өз кезегінде «Ана тіліміздің өгейлік көрмеуі, оның мемлекеттік қолданысқа дендеп енуі әрбір қазақтың жанашырлығына тікелей байланысты. Сондықтан да бойында қазақтың қаны бар әр азамат өз тілі, оның әрбір сөзі үшін күресуі тиіс. Сонда барып ана тілдің бағы жанып, өрісі кеңейеді» деген өз ойларын жеткізді. Тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева мемлекеттік қызметшілерді оқытудағы жетістіктері мен оның өзекті мәселелеріне арнайы тоқталды.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары