Шығыс Қазақстан: «ЖЫНОЙНАҚТА» сойқан салған кімдер?

Шығыс Қазақстан: «ЖЫНОЙНАҚТА» сойқан салған кімдер?

Шығыс Қазақстан: «ЖЫНОЙНАҚТА» сойқан салған кімдер?
ашық дереккөзі
269

Министрге арыз айтқан өскемендiк бiр топ азамат түнгi клубта iшiп алып, төбелес шығарған, тiптi қарумен қорқытқан бiрнеше шенеунiктi қылмыстық жауапқа тартуды талап етiптi. Ал бұл шағымды терiске шығарған полиция «құқық қорғау органдарына күйе жағуды көздеген, ақпарат жаңсақ» деп ант-су iшiп отыр. Үш жыл бұрын ғана Президент ШҚО әкiмiне қылмыстық топтардың жергiлiктi билiкке деген ықпалын жоюды, сыбайлас жемқорлықпен күрестi күшейтудi және заң бұзушылыққа жол беретiн шенеунiктердi тезге салуды тапсырған болатын. Елбасы тапсырмасы ШҚО-да мүлтiксiз орындалып жатыр ма?

Жуырда ҚР Ішкі істер министрінің блогына Өскемен қаласында тұратын Антошенко, Қырықпаев, Елнұров пен Мыңбаев атты азаматтар хат жазып, бірқатар мемлекеттік қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап еткен болатын. Олардың айтуынша, облыстық салық комитетінің төрағасы Талғат Мамаев, экономикалық қылмысқа қарсы күрес бастығының орынбасары Қайрат Әлібаев, прокурордың орынбасары Болат Шілікенов пен кедендік бақылау департаментінің бастығы Ұлықбек Жаңабаевтар Өскемендегі көңіл көтеру орталықтарының бірінде ішімдікке сылқия тойып алып, төбелес шығарған көрінеді. Жоғары шенді шенеуніктер жұдырықтасумен шектелмеген, тіпті қару қолдануға дейін барыпты. Бірақ Шығыс Қазақстан облыстық ІІБ министрге шағымданушылардың бұл сөзін теріске шығарып отыр. Аталған оқиғаға орай жасалған ресми мәлімдемеде «13 қаңтардан қазіргі күнге дейін Өскемен қаласындағы көңіл көтеретін орындардың бірде біреуінде, сонымен қатар «Мэрлин Клабта» қару-жарақ қолданған бұзақы әрекет болған емес» делінген. Арнайы тексеру жүргізу барысында Өскемен тұрғындарының арасында министрге хат жазған Антошенко, Қырықпаев, Елнұров деген азаматтардың жоқтығын айтқан полицейлер «домалақ арызды» белгісіз біреулер әдейі ұйымдастырған деген ұйғарымда. Ал арызданушылар арасынан табылған Мыңбаев дегеннің шағымға ешқандай қатысы жоқ көрінеді.

Сонымен қатар Ішкі істер департамен­тін­дегілер «14 қаңтарда «Мэрлин Клаб» түнгі клубында қолында қаруы бар бір азаматтың бар екендігі туралы хабар түсті. Оқиға болған жерге келген полиция қызметкерлері Құсайынов, Әлібаев, Қазақпаев, Күмісбековтерді анықтады. Әлібаевтың қолында травматикалық «Стражник» пистолеті болған» дей келе, ол кезде түнгі клубта ешқандай атыс-шабыс, адамдарды ұрып-соғу факті­лері тіркелмегенін көлденең тартады. Қайрат Әлібаевқа ҚР Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексіне сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сәйкес айыппұл салынған. Сонымен қатар полицейлер «тексеру барысында құқық қорғау органдары тарапынан қысым көрсетулер болды» деген мәліметті де жаңсақ дейді: «Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті облыс прокуратурасы және облыс прокуроры тексеруге ықпал етуге тырысты дегеннің шындыққа жанас­пайтынын ресми түрде мәлімдейді. Бұл жалған ақпарат. Жоғарыда аталған және басқа да ШҚО ІІД құзырындағы бірде-бір тергеу-тексеру ісіне заңсыз араласу болған емес». Полиция өкілдері Жаңабаев, Шілікенов, Мамаевтардың ешқандай заң бұзушылықтарға, көңіл көтеру орнындағы бұзақылыққа қатысы жоқтығын да айтты. «Домалақ арыздың» мақсаты – құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне күйе жағу» деп сендірген полиция осылайша ант-су ішіп отыр. Құп дейік. Көңілді дүдамал ететін бір күдік, Шығыс Қазақстан жақтан атыс-шабыс, ұрып-соғу, доқ көрсетулерге қатысты шағымдардың дүркін-дүркін бой көрсетіп қалатыны. Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана ШҚО әкімі Бергенев қарамағындағы ірілі-ұсақты әкімдердің жиі заң бұзуы, қылмыстық топтардың ықпалынан шыға алмауының салдарынан қызметінен босатылған. Президенттің әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин Шығыс Қазақстанға арнайы ат басын бұрып, сол кезде жаңадан тағайындалған әкім Бердібек Сапарбаевқа Нұрсұлтан Әбішұлының «шығысқазақстандық жергілікті билікті қылмыстық топтардан тазарту» туралы міндетін жүктеген еді. Шығыс Қазақстан облысының ұйымдасқан қылмыстық топтардың ықпалында қалғанын ашық айтқан Аслан Мусин еліміздегі әр қылмыстың үшіншісі ШҚО-да болатынын, ондағы кісі өлімінің көптігін, есірткіге байланысты қылмыстың саны жағынан алғанда да ШҚО алда тұрғанын, ең сорақысы, мемлекеттік қызметкерлер (сондай-ақ, жергілікті әкімдер) арасында заң бұзушылықтар жиі қайталанатынын жеткізген. Қаңтардың қақаған аязында Өскемендегі «жынойнақта» сойқан салғандардың мемлекеттік қызметкерлер еместігіне біз де сенгіміз келеді. Бірақ ШҚО Ішкі істер департаментіндегілердің «ҚР Ішкі істер министрінің атына келіп түскен шағымға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы жоқтығын дәлелдейтін бейнетаспа бар» деп мәлім­деп, ол таспаны бұқаралық ақпарат құралдарына көрсетуден неге бас тартқаны түсініксіз. Тағы бір «қызық жайт», министр блогына арыз түскен күннің ертеңіне арызда аты-жөндері аталғандардың бірі Қайрат Әлібаев өз еркімен жұмыстан шығару туралы өтініш жазып, оның өтініші қанағаттандырылыпты… Өкініштісі сол, бүгінде 2009 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың облыс әкімі Сапарбаевқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге қатысты берген тапсырмасы да ойдағыдай орындалмай отыр. Өйткені 2010 жылғы көрсеткіштер бойынша Шығыс Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлықтың кесірінен мемлекетке шығын келтірген 16 облыстың алғашқы үштігінде, яғни үшінші орында тұр. ҚР Экономикалық және жемқорлықпен күрес (қаржы полициясы) агенттігі тарапынан берілген мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылы 12 айда мемлекетке 4 млрд. 901 млн. теңге көлемінде шығын келген. Соның 126 млн. теңгесі тізімде үшінші тұрған Шығыс Қазақстан облысының «еншісінде».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары