ОСЫ ТАТУИРОВКА ДЕГЕН ҚАЗАҚҚА ТӘН БЕ?

ОСЫ ТАТУИРОВКА ДЕГЕН ҚАЗАҚҚА ТӘН БЕ?

ОСЫ ТАТУИРОВКА ДЕГЕН ҚАЗАҚҚА ТӘН БЕ?
ашық дереккөзі
613

Татуировка! Бұл өзі қазақтың дәстүріне де, жалпы исі мұсылман баласына жат дүние. Біреулер тәніне өзі армандағандай сурет салдыруды қаласа, бәз біреулер соның зардабын тартуда. Жастарымызды тура жолдан адастыруға тырысқан осы татуировка деген қайдан шықты? Тарихына үңіліп көрелік… Біздің заманымызға дейін Таити елінде денеге сурет салуды «татуировка» деп атаған. «TA — TU» – Таити тілінде денедегі таңба деген мағынаны білдіреді екен. Татуаж дегеніміз – адам терісіне инемен тесу арқылы салынатын өрнек. Денеге өрнек салып, теріні тесіп сырға тағуды – ежелгі Мысыр халқы зор мәртебе санаған, ал біздің ата-бабаларымыз мұны күнәһарлық деп жазалаған.

Ислам дінінде Алланың берген һәм жаратқан денесін бүлдіріп, сурет салу харам болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.), Құранда: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» деп айтады. Адамдардың азғындыққа түсіп, пендешілікке салынып, сұлулықты қолдан жасап алуының өзі Жаратушының бар екенін мойындамауы болып табылады. Әрі Құран Кәрімде: «Өзінің некелі әйелінен басқа әйелдерге қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын…», – делінген. Бірақ мұны елеп жатқан жастарымыз көрінбейді. Керісінше, түнгі клубтарда сайран салып, денесіндегі өрнектерді жалаңаштап көрсеткеніне мәз. Ұл-қыздарымыздың осындай күй кешіп жүргені жанымызды ауыртады. Бүгінде денеге сурет салу (татуировка) жастарымыздың арасында жылдам дамып барады. Көпке топырақ шашуға аулақпыз, дегенмен кейбір қаракөздеріміз таңба салынған денелерін дүйім жұртқа ашық-шашық көрсетуге тырысады, енді біреулері құлақты бірнеше жерден тескендері аздай (біздің қазақ сиырлардың мұрнын тесіп, суретті қорадағы малға ғана таңба ретінде басқан) кіндігі мен танауына дейін сырға тағып, көшеде тайраңдап жүр. Баласының қылығына ұялатын ата-ана қайда? Ұрпағының түзу жолдан шығып, адасып жатқанын ата-анасы байқамас па?! Денеге түскен жасанды сұлулықтың күні ертең тарттырар азабы барын ойламай ма жастарымыз! Медицинада да ақ халатты абзал жандар татуировканың зияны турасында аз айтып жүрген жоқ. Олардың айтуынша, аталмыш әдіс ең әуелі жұқпалы, қатерлі ісік ауруларына шалдығуына себепкер болады екен. Мамандардың айтуынша, сурет салу барысында пайдаланған бояулардың құрамында адам денсаулығына зиянды улы заттар бар көрінеді. Олар адамның қанымен араласса, бірден өліп кетуі де ғажап емес. Адам денесіне салынған суреттің көлемі қанша болса, оның болашақтағы зардабы да сонша. Осындай теріс қылықтардың алдын алып, жастарымыздың болашағын қорғаудың орнына, бәзбіреулер ғалам­торда татуировканы насихаттайтын сайттарды қолдануына жол беріп отыр. Онымен қоймай, телеарналарда, көшедегі жарнамаларда жиі көрініс табуда. Кейбір жастарымыз, тіпті таутировкадан байқау өткізіп жүр. Бұл нағыз сорақылық емес пе? Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін, еліміздің бұдан да биіктерден көрінуі үшін болашаққа нық сеніммен қадам басайық, ЖАСТАР!!!
Бахытгүл ХИБАДАТҚЫЗЫ, Алматы энергетикалық және байланыс университетiнiң қызметкерi

Серіктес жаңалықтары