ОТАНДЫҚ КӨЛІККЕ ОТЫРАТЫН КҮН ЖАҚЫН

ОТАНДЫҚ КӨЛІККЕ ОТЫРАТЫН КҮН ЖАҚЫН

ОТАНДЫҚ  КӨЛІККЕ  ОТЫРАТЫН КҮН ЖАҚЫН
ашық дереккөзі
422

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қазiр шенеунiктер арасында отандық көлiктi мiнiп жүргендерi некен-саяқ. Жақында Елбасы Н.Назарбаев министрлердiң отандық автокөлiк өндiрiсiн қолдамайтындығына ашынып, «Бәрiң неге шетелдiк қымбат көлiктер мiнуге құмарсыңдар! Сонда өзiмiз отандық автокөлiктердi не үшiн жасап отырмыз?» деп сын айтқаны жадымызда. Алайда олардың кейбiрi бағасы қымбат шетелдiк көлiктерден түскiлерi келмейтiнiн байқатады.

Елбасының осы ескертуінен кейін Индустрия және жа­ңа технологиялар министрі Әсет Исе­ке­шев ведомство алқасын өткізу барысында осы мәселе бойынша Үкіметке ұсыныспен шы­ғатынын мәлімдесе, Қаржы министрі Бо­лат Жәмішев «Маған бәрібір, мен жұ­мысқа жаяу да бара аламын, бұл маған сөз емес», – деді. Ал Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко төтенше жа­ғ­дай­лар қызметіне отандық көліктер сатып алу керектігін айтқанмен, өзі астындағы жол талғамайтын ше­телдік көлігін ауыс­тыр­май­тындығын жеткізді.

Қазір еліміз отандық автокөлік өн­ді­рісіне көңіл бөлуде. Қостанай өңірін­де­гі индустрияландыру картасы бағдар­ла­­масының аясында іске қосылған Ssang Yong автокөлігін құрастыру цехы ашылған болатын. «Агромашхолдинг» АҚ қаржыландырған жобаның құны 2,4 млрд. теңгені құраған. Мұндағы мамандар Оңтүстік Кореяға барып, біліктілігін арттырып отырады. Айта кету керек, былтыр осы цехта 1,5 мың автокөлік құрастырылыпты. Ал, жалпы 2012–2017 жылдарға жоспар­ланған бұл бағдарлама бойынша 21 млрд. теңге (140 млн. АҚШ доллары) жұм­салады деп күтілуде. «Агромашхолдинг» АҚ Қостанай филиалының директоры Сергей Могилатовтың айтуынша, бес жыл ішінде жылына 10 мың автокөлік шығару көзделіп отыр екен. Ол сондай-ақ шенеуніктердің отандық өнімді сатып алу туралы өтініш түспегенін айтады. Соған қарамастан аталмыш мекеме 1 мың көлікті тендер арқылы сатуды жоспарлаған көрінеді.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, бүгінде елі­міз­де жұмыс істеп тұрған автокөлік техникасын шығаратын бес өнеркәсіп бар. Олардан 26 модельдегі жеңіл автомобиль, төрт түрлі автобус, 10 маркадағы жүк көлігі, сондай-ақ жанармайды аз жұмсайтын жоғары кластағы темір тұлпарларға дейін шығарылады. Бұл арада «Азия-Авто» және «АвтоВаз» кәсіпорындарымен өзара біріккен өндірісті жандандыру ту­ралы келісімшарттарға басымдық бе­рілген. «Азия-Авто» мен «АвтоВаз» компанияларының бірлескен кәсіпорны жылына 120 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр. Индустрия және жаңа технология­лар бірінші вице-министрі Альберт Раудың сөзіне қарағанда, бұл жобаның техника-экономикалық негіздемесі наурыз айына таман дайын болады. Өндірісті қолдау үшін еліміздің министрлік мемлекеттік сатып алу барысында мемлекеттік органдарды отандық автокөліктерді алуға міндеттеуді ұсынады.

«Азия Авто» АҚ президенті Ержан Мәндиев: «Кез келген көлік моделін алыңыз, бәрі әлемде мойындалған. Мәселен, Skoda еуропалық Volkswagen автоконцернінің құрамына енеді. Яғни біздің зауыттар бұл көлікті Volkswagen концернінің стандарт­тарына сай шығарады. Бұл жағы жіті қадаға­ланады. Сондық­тан сапа жағына күмән келтіруге болмайды. Жыл сайын зауыт жұмысшылары мен инженерлерін Гер­мания, Чехия, Оңтүстік Кореяға қосымша оқуға жібереміз, олар онда өз білігін нақтылау бойынша сынақтан өтіп тұрады. Әрине, білікті маманды ұстап тұру өте қиын. Сондықтан бізде корпоративтік басқарудың жаңа тәсілдері енгізілген», – деді журналистерге берген сұхбатында. Отандық автомобиль өндірісінің тұңғышы – «Азия Авто» өсіп-өркендеудің тамаша үлгісін көрсетіп келеді. Бір кездері Ресейдің «Нива» көлігін құрастырудан қадамын бастаған «Азия Авто» небәрі 9 жылдың ішінде әлемдегі үздік авто­кө­лік брендіне жататын 18 түрлі темір тұлпарды шығаруды жүзеге асырды.

Айтпақшы, қазірдің өзінде облыс пен аудан бюджеттері арқылы қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың басшылары қызмет көлігі үшін Қазақстанда құрастырылған автомобильдерді пайдалана бастапты. Мысалы, Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаевтың тапсырмасы бойынша жергілікті басшылар өткен 2010-2011 жылдары «Азия Авто» АҚ кәсіпорны шығарған «Chevrolet», «Skoda», «KIA» және «ВАЗ» автокөліктерін сатып алған. Көліктердің бағасы 1,2 және 5, 596 миллион тең­генің арасындағы соманы құрайды.

16.02.2012

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары