АРАБ ӘЛЕМIНДЕГI МАҢЫЗДЫ ӘРIПТЕС

АРАБ ӘЛЕМIНДЕГI МАҢЫЗДЫ ӘРIПТЕС

АРАБ ӘЛЕМIНДЕГI МАҢЫЗДЫ ӘРIПТЕС
ашық дереккөзі
242

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германиядан кейiн, Бiрiккен Араб әмiрлiктерiнде қысқа мерзiмдiк сапар жасап үлгердi. Сарапшылар бұл қысқа мерзiмдiк болса да, жемiстi сапар болғанын айтады.

Бiрiккен Араб әмiрлiктерi – Қазақстанның Оңтүстiк Батыс Азиядағы маңызды серiктестерiнiң бiрi. Екi ел саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салада өзара әрiптестiк байланыс орнатқан. БАӘ Қазақстанның ауылшаруашылығына ықылас танытып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев осы бiр маңызды әрiптесiн жеке ел болуының 40 жылдығымен құттықтай отырып, Бiрiккен Араб әмiрлiктерiнiң Қазақстанның мұсылман елдерi арасында маңызды серiктесi болғанын атап өттi. Қазақстан мен БАӘ-нiң Таяу Шығыс, Солтүстiк Африка мәселелерi төңiрегiндегi көзқарасы ұқсас. Бұл ретте тараптар Сириядағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында дипломатиялық шаралар қабылдаудың қажеттiлiгiн ерекше атап өттi. Қазақстан, сондай-ақ Иранға қатысты мәселенi де тез арада реттеу қажеттiгiне тоқталды.

– Сириядағы жағдайды талқылай келе, мемлекет басшылары қарулы қақтығысты болдырмау мақсатында дипломатиялық шаралар қолдану қажеттігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Иран мен Сириядағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ислам ұйымына төраға ретінде белсенді жұмыс жүргізетін болады деді, – делінген Елбасының баспасөз-қызметі таратқан мәлімдемеде.

Біріккен Араб әмірліктерімен арадағы 20 жылдық дипломатиялық қарым-қатынас шеңберінде Елбасы Қазақстан экономикасына миллиардтаған Араб инвестициясын тартты. Біріккен Араб әмірліктерінің (БАӘ) президенті шейх Халиф бен Заид әл Нахаянмен бірқатар келіссөздерден кейін Елбасы Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынастардың жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді. Тараптар өзара әріптестікті дамыту мақсатында көптеген мәселелерді жоспарлап отырғаны мәлім болды. БАӘ Астанада тұрғызылып жатқан «Абу Даби Плаза» көп қызметті кешеннің басты инвесторы. Бұл әлемдегі ең биік көп мұнаралы ғимарат болмақшы. Онда 80 мың шаршы метрге бизнес-орталық, екі қонақ үй, «бизнес» және «люкс» дәрежесіндегі жүздеген пәтерлер, т.б. да жайлы өмір, жұмыс, демалысқа арналған жағдайдың барлығы жасалуда. «Абу-Даби Плаза» жобасының құны – 1 миллиард долларға бағаланып отыр. Сонымен қатар, былтыр Қазақстанда ашылған ТМД елдері арасындағы тұңғыш ислам банкі «әл-Халал» мен инвест қоры «әл-Фалах» жайында да ой қорытты.

Қазақстан мен Біріккен Араб әмірліктері мұнай-газ, мұнай химия саласындағы әріптестіктерді ұлғайтып, Қазақстанның бидайын сатып алуға мүдделі екендігін танытты.

– БАӘ Президенті Қазақстанмен жемісті қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, бізді Қазақстанның ауылшаруашылығы саласы ынтықтырып отыр. Былтыр Қазақстан қамбасына астықтың көп жиналғанына орай, оны экспорттау туралы ұсынысты қарамақ, – делінген баспасөз-мәслихатында.

Келіссөздер барысында, мемлекет басшылары кедендік істерде бірлесе қимылдау және өзара көмек көрсету жөніндегі келісімге жақын арада қол қою, инвестицияны өзара қорғау және ынталандыру, Қазақстан мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы келісімі жобасы бойынша келіссөздердің келесі кезегін жүргізу жұмыстарын жеделдету атап өтілді.

Назарбаев пен шейх Халифа бен Заид әл Нахаян сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдардың дамуындағы бар мүмкіндікті жоғары бағалады. Айталық дипломатиялық паспорттары бар екі ел азаматтарының визасыз сапарлары жөніндегі үкіметаралық келісімнің күшіне енуі екіжақты ынтымақтастықты белсендіруге күшті серпіліс берді.

Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 20 жыл толады. Елбасы 2011 жылдың қараша айында Абу Дабиде өткен Қазақстан-Эмират үкіметаралық комиссиясының V отырысы сәтті өтті деп бағалай отырып, биыл Қазақстанда өткізілмек VІ отырысты қуаттады. Екі елдің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда шағын және орта бизнес өкілдері белсенді рөл атқаруы қажет. Тараптар Қазақстан-Әмірліктер Іскерлік кеңесі арқылы шағын және орта бизнес өкілдері арасында әріптестік қатынастарды дамыту үшін қолайлы жағдай тудыру және оларға қолдау көрсету керек деген тұжырымға келді.

Кездесу барысында Елбасы Астана қаласы 2017 жылғы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге ұсынылғанын хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев ірі халықаралық іс-шараны өткізуге Астананы БАӘ тарабынан қолдау білдірілуі, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор үлес болатынын атап өтті.

БАӘ-де Жаңғырмалы энергия көздері жөніндегі халықаралық Агенттіктің штаб-пәтері орналасқан, «Масдар» компаниясы БАӘ Үкіметінің қолдауымен экологиялық таза «Масдар Сити» қалашығы жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар жыл сайын БАӘ астанасында болашақ энергияның әлемдік Саммиті өткізіледі.

Жаңғырмалы энергия көздерімен жұмыстың жаңа әдістерін құру және зерттеу саласындағы әлемдегі бірінші білім мекемесі болып табылатын «Masdar Institute» ғылыми-техникалық институты Қазақстаннан 15-ке жуық аспирантты тегін оқуға қабылдауға дайындығын хабарлағанын атап өткен жөн.

Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Абу Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер өткізді. Оның барысында сондай-ақ түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты алдағы уақытта жандандыру мәселелері талқыланды.

16.02.2012

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары