ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЛУЫ ТИІС

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЛУЫ ТИІС

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЛУЫ ТИІС
ашық дереккөзі
458

БИЛІК ХАЛЫҚПЕН

САНАСУДЫ БАСТЫ МАҚСАТ ЕТУ КЕРЕК – Досым Асылбекұлы, 2012 жылғы Қазақстанды қалай елестетесіз? Сіздің биылғы жылға саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан болжамыңыз? – Былтырғы Президент сайлауы, биылғы Парламент сайлауынан кейін, әсіресе Жаңаөзендегі оқиғадан кейін билік ең әуелі саяси тұрақтылықты сақтауды мақсат етеді. Меніңше, бұл алда тұрған ең маңызды міндет. Өкінішке қарай, елде әлеуметтік-экономикалық жағдай шиеленісе түсуде. – Оның себебі неде деп ойлайсыз? – Әр аймақта әртүрлі себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның ең бірінші проблемасы – осы жиырма жыл ішінде орта тап өкілдерін қалыптастыра алмады. Біз өте байлар мен кедейлердің мемлекетіне айналдық. Тиісінше, өте байлардың саны тым аз. Сонымен қатар, біздегі кедейлік шегін анықтау мәселесі де қызық. Мемлекеттің ресми статис­тикасына көз жүгіртсеңіз, кедейлік деңгейі – 4-5 пайыз көлемінде ғана. Сол секілді жұмыссыздық көлемі де – 6 пайыз төңірегінде. Ал шын мәнісінде бұл көрсеткіштер бұдан біраз жоғары ғой. Әлеуметтік жағдайына көңілі толмайтын адамдардың көп екендігінің бір көрінісі – Қазақстанда ішкі миг­рация деңгейі де өте жоғары. Тұрғындардың басым көпшілігі – күнкөріс қамы үшін қала сағалап жүр. Бұл ненің белгісі? Жастардың басым көпшілігінің көңілінен шығар жұмысы жоқ. Олар жұмыс таба алмай жүр, соған орай баспана мәселесін шеше алмауда. Есіңізде болса, Президент биылғы Жолдауында осы ішкі миграция мәселесі мен баспана проблемасын сөз етті. Демек, бұл – проблеманың бізге қауіп төндіре бастағанының белгісі. Өйткені ішкі мигранттардың көбеюі – шиеленістерді тудыра бастайды. Екіншіден, Қазақстанның көптеген аймақтары еңбек ресурсынан айырыла бастайды. Яғни бір өңірлерде адам күші азайып кетсе, екінші бір өңірлерде ол шектен тыс көбейіп кеткен. Тұрғындар тастап кетіп жатқан өңірлерді ары қарай дамытуға мүмкіндік бар. Осы проблеманың алдын алу мақсатында Қазақстан Үкіметі ауылдарда бизнесті дамытпақ ниетте шағын несие беруді қайта жандандыруды қолға алып жатыр. – Үкімет урбанизацияны ауыздықтауды мұрат етеді. Бұл қаншалықты мүмкін? – Урбанизацияны ауыздықтау мүмкін емес, дегенмен өсімді азайтпақ. Әрі еңбек ресурсының жарым-жартысын болса да кері қайтармақ. Бірақ Үкімет бұл тұрғыдан кешікті. – Сонымен бірге, тіркеу тәртібін қайта жандандырмақ. Мәселен өзі тіркелген мекен-жайынан тыс өмір сүретіндерге айыппұл салуды көздейді. – Тіркеуді қайта енгізу ісі – Қазақстанда террактілердің пайда болуымен байланысты. Демек, адамдардың қайда жүргенін бақылауды күшейту үшін жасалып отыр. Құқыққорғау органдары бұл ретте бақылауға мүмкіндік алды. Билік Қазақстанда экстремистік-террористік актілердің күшейгеніне қатты алаңдайды. Есіңізде болса, жақында ғана Оралда 6 адамнан тұратын террорлық топ ұсталғаны жайында мәлімдеме жасалды. Яғни тіркеу ережесін қайта енгізу арқылы, үкімет бақылауды күшейтуді көздеуде. Бірақ бұл Конституцияға қайшы. Егер сіз Қазақстан азаматы болсаңыз, қайда тұрасыз, қай жерді таңдайсыз, өз еркіңіз. Қауіпсіздік ережелерін сақтауды мұрат ете отырып, елдің Ата заңы – Конституцияға қайшы әрекетке барып жатырмыз. Бір проблеманы шешу үшін, адам құқығы аяққа тапталды. Есіңізде ме, хиджаб киюге қатыс­ты дау болғанын. Билік бұл мәсе­леде де өзінің нақты көзқарасын таныта алмады. Былай қарасаң қарсы емес секілді, бірақ тыйым салды ғой. – Сол секілді «Діни наным-сенім бостандығы туралы» Заң жобасы төңірегінде де көптеген дау туындады. – Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мемлекет діннен бөлінген. Сол себепті де, мемлекеттік мекемелерде қандай да бір дінге басымдық берілмейді. Екінші жағынан, басқа да маңызды мәселені ескеру керек. Мемлекет – діни экстремизммен күресуді мақсат етеді, бірақ қалай күресуді білмейді. Осы заң арқылы билік бейбіт мұсылмандардың да қарсылығына ұшырауда. Яғни шиеленісті жағдайды өзі тудырды. Өмірдің өзі көрсетіп бергендей, ешқандай заң экстремистік-террорлық актілермен күресе алмайды. Экстремистік-террорлық ұйым тіркелмейді. Демек бұл заңды кім үшін қабылдағаны түсініксіз. Ол – заң аясында жұмыс істейтін діндарлардың құқығын аяққа таптайды. Мені, сонымен бірге, таңғалдырғаны – Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының белсенділік танытпағаны. Олардың бұл заңға ешқандай қатысы жоқ секілді түсінік қалыптастырды. Олар діндарлардың құқығын қорғай отырып, мемлекеттің де мүддесін ескерсе, осы пікірталастың басты қатысушысы болуы тиіс еді. Бұл пікірталаста Мұсылмандар діни басқармасының көзқарасы тағы да айқын болмады. Сол арқылы олар өздерінің беделін төмендетіп алды. Биылғы жыл туралы болжамға қайта оралсақ, былтырғы экстре­мистік-террорлық актілер мен әлеуметтік-экономикалық шиеленіс­тердің қайталанбауы үшін саяси тұрғыдан бақылауды күшейтеді, тіпті қатаң жүйеге көшеді десек те болады. Бұл ретте биліктен қандай да бір демократиялық қадамдарды күту де қиын. Президенттің шенеунік­терге «халықпен қоян қолтық араласыңдар» деген тапсырмасы орындала қоятынына сенбеймін. Өйткені олар халықпен етене болуға үйренбеген. Президент бұған дейін де қанша рет бұндай тапсырма берді. Меніңше, биыл тағы да шиеленістер болуы мүмкін. Елдің Батысы шиеленіске дайын екенін көрсетті. Осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда «Шаңырақ» оқиғасы» орын алған, Қарағандыдағы шахтерлар проблемасы, демек әлеуметтік-экономикалық проблема бар. Бірақ шенеуніктер бұл проблеманың алдын алуды ойлап отырған жоқ. Олар тек қана оқиға болған жерде жұмыс істейді, яғни оқиғадан соң. – Жаңаөзен оқиғасынан қандай сабақ алуымыз керек? – Біріншіден, билік халықтың пікіріне көз жұма қарамауы керек. Егер проблемаға назар аудармасақ, проблема шиеленіске жетелейді. Екіншіден, билік жергілікті халықпен өте тығыз байланыста болуы керек. Олар өздері басқарып отырған аумақта не болып жатқанын естіп біліп, көріп отырғаны жөн. Жергілікті әкімдер қайда проблема барын жіті бақылап отыруы тиіс. Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін, Алматы қалалық әкімшілігінің жанынан әлеуметтік шиеленістерді шешу жөнінде қоғамдық кеңес құрылды. Бұл халық пен билік арасындағы түсініспеушілікті шешу жолындағы алғашқы қадам еді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл шиеленістен кейін жасалған қадам. Егер бұл қадам шиеленіске дейін жасалып, бәріміз бір үстелдің басына отырып, пікірлескенде, қан төгілмес еді. Осындай қоғамдық кеңес барлық аймақта болуы тиіс. Ол жерде бірдеңе болуын күтіп отырмай, алдын алу керек. Проблема талқылануы керек. Үшіншіден, қазіргідей жемқорлық жайлаған қоғамда проблеманы шеше алмаймыз. Мемлекет өңірлерді дамыту үшін ірі қаржы жұмсауға мәжбүр, бірақ одан тұрғындар ештеңе алып отырған жоқ. Шенеуніктер істің салдары жайын ойламайды. Олар тек өздерінің мүддесі үшін ғана жүр. – Жаңаөзендегі оқиғаға негізі­нен оралмандарды кінәлауда. Жаңаөзенде Өзбекстан мен Түркіменстаннан келген қазақ­тар тұрады. Бұған не дейсіз? – Демек, билік мәселенің мәні­не үңілгеннің орнына, мәселеге кінәлілерді іздеп кетті. Бірақ оралмандарды Қазақстанға әкеліп орнықтыру жайында нақты бағдарлама болды ғой. Яғни мәселеге оралмандарды кінәлаушылар мемлекеттік бағдарламаға қарсы шығып жат­қандар. Қазақстанға қоныс аударған оралмандарды кім бірінші қарсы алады? Тағы да жемқорлар. Мемлекет келушілерді бейімдеу мақсатында қаржы бөлді. Соңғы уақытта осы қаржының талан-таражға түскені жайында қаншама қылмыстық іс қозғалып жатыр? Демек шеттегі қандастарын Отанына оралту жай­лы идея жақсы, алайда оған бөлін­ген қаржы жергілікті деңгейден, жо­ғары инстанцияға дейін ұрланып кетті. Ал билік ел халқын өзара ын­тымақтастырғанның орнына, тағы да араларына сына қаққандай. Оралмандар, жергіліктілер, орыстілділер, қазақтілділер, байлар, кедейлер – ұлттық-әлеуметтік жіктеу күн өт­кен сайын өршіп барады. Біздің шенеуніктер Жаңаөзенге қатысты бір маңызды мәселені түсінбейді. Адамдар арасына биліктің өзі сына қағып отырған елде тұрақтылыққа сенуге болмайды. Егер де осыдан 20 жыл бұрын қазақ тілін ұлттық идея жасағанда, бүгінгідей ұлттық-әлеуметтік проблемалардың бірі де болмас еді. Бұл идея – Қазақстан халқын біріктіретін, бір жұдырыққа жұмылдыратын идея болуы тиіс еді. Оны сауатты жүргізе білгенде, Қазақстан халқы бір идеяға жұмылып, ұлттық, әлеуметтік бөліністер аз болар еді. – Сіздіңше, бұдан былай Қазақстанның оралмандарға қатысты саясаты өзгере ме? – Әрине егер «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтаса, жоғары деңгейдегі шенеуніктер елдегі әлеуметтік жарылыстарға оралмандарды кінәлап жатса, «Егемен Қазақстан» секілді басты газеттер барлық оралманды кінәлап, топырақ шаша бастаса, бұдан былай олардың келуіне мүдделілік те болмайтын шығар. Бірақ бірнеше адамның кінәсінен миллионға жуық халыққа топырақ шашуға болмайды. Яғни шенеуніктер проблеманы сауатты шешудің орнына, тығырықтан шығудың оңай жолын іздеген. Кінәлілерді тапты, барлық назарды солай аударып жіберді. Сонымен Жаңаөзен проблемасы шешілді деп ойлайды. Бірақ оралмандарды бейімдеу тұрғысынан жасалар іс шаш етектен ғой. Өйткені оларды кәсіби тұрғыдан қайта даярлауды қажет етеді, жазуды, тілді үйренуі керек. – Елбасы жақында Германияға барып қайтты. Оның нәтижесі туралы не айтасыз? – Германия канцлері Ангела Меркель Жаңаөзен тақырыбын да айналып өтпеді. Өйткені оған құқық қорғаушылар қысым көрсетті. Бірақ ол өте жұмсақ түрде сөз етті. Неге екенін білесіз бе? Батыс үнемі екі беткей саясат ұстанады. Олар Қазақстанды сынайды, бірақ олар Қазақстанның энергетика саласында және аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңыз­ды әріптес екенін ешуақытта жадынан шығармайды. Олар ешуақытта Қазақстан күлшесінен қол үзгісі келмейді. Сондықтан бұл сапар Қа­зақ­станға инвестиция тарту жағы­нан пайдалы, бірақ саяси өзгерістерге ешқандай ықпал етпейді. Қазақстанда шикізаттан өзге бизнеспен айналысу үшін инвес­тиция құюдың қа­жеті жоқ, өйткені ол өте қиын. Елбасы бұл сапарында индустриалды-инновациялық салаға инвестиция тартуды мақсат етті. Германия Қазақстанға сенімді әріптес екенін көрсетуді жөн көрді. Бірталай жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Бірақ индустриалды инновациялық жобаларға салынған қаржының қайтарымы бірден болмайды. Сон­дықтан біздегідей жемқорлық жай­ла­ған қоғамда бұл жобалардың қалай жүзеге асырылатыны күмән туғызады. АҚШ пен ЕО Қазақстанның Ресей мен Қытайдың ықпалында кететінінен сақтанады. ДАҒДАРЫС ҚАЗАҚСТАНДЫ БҰЛ ЖОЛЫ ДА АЙНАЛЫП ӨТЕДІ – Сіздіңше, Кедендік одақ Қазақстан экономикасына қалай әсер етті? – Меніңше, әзірге Кедендік одақ кері әсер етуде. Шенеуніктер Кедендік одаққа ұзақ мерзімді жоба ретінде қарау керектігін айтады. Олардың айтуынша, қазір одан түсетін пайданы көздемеу керек. Пайда он-он бес жылдан кейін болады-мыс. Барлық мәселе – тұрғындар пайданы бүгін көргілері келеді. Бірақ Кедендік одақ не берді? Біріншіден, бағаның бәрі шарықтап өсіп кетті. Екіншіден, сырттан келетін тауарлардың саны азайды. Үшіншіден, тұрғындардың белгілі бір бөлігі – жұмысынан айрылды. Әрине, бұл жобадан тек қана әу баста Ресеймен жұмыс істеген бизнесмендер ғана табыс тапты. Демек, Кедендік одаққа енген екі жылдай уақытта біз қандай да бір пайда жөнінде ештеңе айта алмаймыз. – Соңғы жылдары «Еуразиялық одақ» жайлы әңгімелер жиі сөз болуда. Жалпы, бұл одақтың мүмкіндіктері қалай? – Еуразиялық одақ – саяси одақ, өйткені экономикалық одақ жа­сақталып та үлгерді. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған жөн. Кедендік одақтың, Еуразиялық одақтың келешегі – Қазақстан билігіне Назарбаевтан кейін кім келеді, ол қандай саясат ұстанады, соған байланысты. Мәселен ол адам Ресейден гөрі Батыспен, Америкамен тығыз байланыста болуды қалайтын болса, бұл одақтың да ғұмыры ұзақ болмайды. Сол секілді Беларусьтің келесі билігіне кім келеді – оның да әсері үлкен болады. – Биыл жоспарлағанымыздай, ДСҰ-ға мүше болуымыз керек. Бірақ ДСҰ мен КО-тың шарттары бір-біріне қайшы келеді екен. Мәселен ДСҰ кедендік тарифтерді төмендетуді талап етсе, біз Ресеймен арадағы келісім бойынша, тарифтерді төмендетпеуге келіскен едік. Бұл жағдайдан қалай жол табуға болады? – Мәселенің өзі осында. Кедендік одақтың талаптары мен ДСҰ талаптары қалай сәйкесетіні түсініксіз. ДСҰ талаптары бойынша шет елдермен сау­да жасасу жолындағы кедергілердің бәрі жойылуы тиіс. Кедендік одақ керісінше, оған мүше мемлекеттерден өзге елдермен арада­ғы сауда қатынасын қиындатып жіберді. Ресей автомобильдерін өткізу мақсатында, шеттен келетін автомобильдерге салынатын баж салығын асыра көбейтіп жіберді. Осы қайшылығы мол екі құрылымды қалай біріктіруге болатыны жайында дау-дамайлар әлі жүріп жатыр. Ресей үшін Кедендік одақ – тек қана экономика емес, сонымен бірге геосаясат. Ол бәрінен бұрын посткеңестік аумақта өз ықпалын арттыруды көздейді. – ДСҰ-ның берері не, ұтыла­рымыз не? – Ұтарымыз – қарапайым тұты­нушы әлемдік тауарларға еркін әрі арзан бағамен қол жеткізе алады. Бәсекелестік артады. Ұтылатын – қазақстандық бизнесмендер. Бәсе­кеге дайын емес отандық тауар­өндірушілер қиналады. Назарбаев кезінде КО-ны ДСҰ-ға ену жолын­дағы басты дайындығымыз деді. Бірақ бұл оптимистік көзқарас. Се­бебі Ресей бизнесі де бәсекеге лайықты емес. КО біз үшін үлкен сынақ бола қойған жоқ. ДСҰ-да басты рөлді оншақты мемлекет ғана ойнайды. Олар – АҚШ, ЕО елдері, Жапония. Олар жаңа рынокты іздеп жүр. Біз тауар өндіру жағынан олармен бәсекелесе алатындай деңгейге жете алмадық. Біз тауар өндіруі жоғары мемлекеттерге тәуелді болуымыз да мүмкін. – Алдағы қаржы дағдарысына қаншалықты дайынбыз? – Қорында 40 миллиард доллардан астам қаржысы бар Ұлттық қорымыз барда біз бұл дағдарысқа да мойи қоймаймыз. Тіпті мұнай баррелінің бағасы 40 долларға дейін төмендесе де, болжам бойынша біз 1-1,5 жылға шыдаймыз. Бұл ең пессимистік болжам. – Біз алдыңғы дағдарыста 19 миллиард доллар жоғалттық қой . – Иә, бірақ біз ол жыртықты мұнай бағасының тым жоғары бол­ғандығының арқасында жамадық. Қазақстанның жалпы халықаралық алтын-валюта қоры 70 миллиард доллар. – Қазақстанның сыртқы қарызы қанша? – Қазақстанның сыртқы қа­ры­­зы екіге бөлінеді. Біреуі – мемле­кеттік, екіншісі – корпо­ративтік. Корпоративтік – бизнес құрылымдарының қарызы. Мәселен банк. Мемлекеттік қарыз – 30 миллиардтың көлемінде. Демек, біздің басқа мемлекеттермен салыстырғанда, экономикалық тұрғыдан жағдайымыз жақсы. Енді проблема неде? Осындай ірі қорымыз бола тұра, біз оларды тиімді жұмсай алмаймыз. Тіпті біз бұл қаржыны экономикаға жұмсасақ та, оның 50 пайыздайы коррупционерлердің қалтасына түседі. Қалған 20-30 пайызы тиімсіз жұмсалады. Яғни бар қаржыны жұмсай білмейміз. Қаржымыз болғанымен, Президент айтқандай, одан жонымыз күжірейіп шығады дегенге өз басым сене қоймаймын. Президент Жолдауынан кейін, 27 қаңтарда коллегия жиналысын өткізген Елбасы барлық Үкімет мүшелерін жазғырған жоқ па? Олар қаржының бар екеніне қарамастан, барлық бағдарламаларды жүзеге асырмады. «Инновациялық» деп үкілеген бағдарламаларымыздың барлығы – инновациялық емес қой, көбінің өндіріспен байланысы жоқ. Үкімет есепті жап-жақсы жазады, мол қаржы суға ағып жатыр, ешқандай нәтиже жоқ. Жаңа экономика әлі жолға қойылған жоқ. Демек, біз шикізатқа тәуелді болып келдік, әлі де тәуелді болып қала береміз. Бүкіләлемдік банк Қазақстан бойынша болжам жасаған екен. Қазақстан әлі де 15 жыл бойы шикізатқа тәуелді болады деген тұжырымға келген. МӘЖІЛІС – ҮШ ПАРТИЯ­ДАН, БІРАҚ БАСҚАРУ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ БӘРІНДЕ – «НҰР ОТАНДЫҚТАР – Мәжілістің жаңа құрамы көңіліңізден шыға ма? – Бұл жолғы сайлау Үкіметтің алдын ала жасаған сценарйі негізінде өтті. Билік халықаралық қауымдастық үшін де, халық үшін де әдемі қойылым қойып, сол қойылымды сәт­ті ойнап шықты. Бұған дейін бір партиялы Мәжіліс, үш партиялы Мәжіліске айналды. Бірақ «Нұр Отан» басымдығын сақтап қалды. «Ақ жол» мен Халықтық коммунистік партиясы ешқандай рөл ойнамайды. Демек бұл – сая­си театр деген сөз. Оның үстіне Президенттік басқару билігінде Парламент атқарушы билікке бағынады. Яғни өзгерген ештеңе жоқ. Былтыр сайлаулардан кейін билік құрылымын Президенттік биліктен, Президенттік-Парламенттікке айналдырып, саяси реформа жасау туралы әңгіме болды. Президенттік-парламенттік билікке көшетін болсақ, Парламент Президентпен бірдей деңгейде өкілетке ие болады. Барлық шешімдерді Президент қана емес, Парламент те қабылдай алады. Бізде ол реформаға жол берілмеді. Формальды түрде Парламент үш партиялы, шын мәнісінде ол 1 партиялы. «Нұр Отан» үкіметті жасақтайды, ол барлық басқару құрылымдарына енеді. Тіпті Парламенттегі Комитеттің басшылығына да «Нұр Отан» партиясынан өзге партия өкілдері енген жоқ. – Наурыздың 4-де Ресейде Президент сайлауы өтеді. Кімнің президент болатыны, сайлаудың қалай өтетіні жайындағы сценарий дайын. Жалпы, қандай да бір тосын сыйлар күтуге бола ма? – Меніңше, қандай да бір тосын сыйлар бола қоймайды. Сарапшы­лардың пікіріне сүйенсек, Путиннің ең басты мақсаты – бұл сайлауда бірінші кезеңде жеңіске жету. Ол екінші кезеңде бәрібір жеңіске жетеді. Бірақ бірінші кезеңде қажетті дауыс ала алмайтын болса, оған деген халық сеніміне селкеу түскенінің белгісі. Сол себепті де ол қазір осы үшін күресуде. Өйткені Путин алғаш президент болғанда, ол үлкен үміт отын оятқаны мәлім. Сол себепті де халық оны бірауыздан қолдады. Өйткені Ельцинмен салыстырғанда, жас, күш қуаты мығым Путиннен өзгеше леп күтті. Қазір Путин сол сенім үдесінен шыға алмады. Қазіргі қарсылық шараларын ұйымдастырушылардың көбі – орта тап өкілдері. Өз бизнесі бар, жемқорлықтан шаршаған олар Путин кезеңінде де ештеңенің өзгермегенінің куәсі болып отыр. Сондықтан Путин орта тапқа емес, жұмысшы табына, ауыл тұрғындарына, мұғалімдер мен дәрігерлерге иек сүйейді. Оппозицияның басты мақсаты – Путинге жеңісті бірінші кезеңде бермеу, оның өзі олар үшін жеңіс болар еді. – Президент сайлауынан кейін Ресейдің сыртқы саясатында қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе? – Меніңше, ешқандай өзгеріс болмайды. Өйткені Медведев Путиннің салып кеткен жолымен жүрді, сол саясатқа Путин қайта оралмақшы. Демек, Ресейдің посткеңестік елдердегі ықпалын күшейту, қысым көрсету тетіктерін пайдалану секілді дәрежеде жалғаса беретін болады. – Путин сайлауалды бағ­дарламаларында Ресейдегі ұлттық мәселені төтесінен қойды. Бізде ұлттық проб­лемалар әлі шешілген жоқ. Керісінше қоғамның орыстілді, қазақтілді болып бөлінуі күн өткен сайын өршіп барады. Бұл қауіпті тенденция емес пе? – Әрине, қауіпті тенденция. Бі­рақ демографияны да еске алған жөн. Жыл өткен сайын Қазақстанда қазақша сөйлеушілердің қарасы өсіп келеді. Сондықтан он-он бес жылда бұл проблема өзінен-өзі шешіледі. Өкінішке қарай, биліктегілердің барлығы бірдей патриоттар емес. Шаханов оларды «космополиттер» дейді. Бірақ олар «космополиттер» де емес. Олардың ең бас­ты мүддесі – қалтасы, бизнесі, өз жағдайлары. Олар әуелі бизнесмендер. Біздің элитаның басым көпшілігі – Қазақстанда ақша тауып, шетелде өмір сүруді көздейді. Сондықтан оларды бұл мәселе толғандырмайды да. Демек енді он-он бес жылда бұл проблема шешіледі. Ендігі проблема – қоғам қазақтілді болса да, жұмылған жұдырықтай мығым және бірлікшіл болуы тиіс. Өйткені қазақтілді қоғамның өз ішінен жарылыстар болуы әбден мүмкін. Мә­селен саяси және діни тұрғыдан араздықтар орын алуы мүмкін. Діни факторды да естен шығармаған абзал. Қазірдің өзінде суфистер, салафиттер, коранидтер деген ағымдар арасында ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Назарбаевтан кейінгі дәуірде ұлттық-патриоттық бағыттағы және діни бағыттағы қозғалыстар алға шығады. Ең бастысы олар бұны бас­ты қару ретінде қолданбағаны абзал. Біз шиеленістерден неге қорқамыз? Өйткені біз Ресей мен Қытай деген алып екі империяның ортасында отырмыз. Кез келген алауыздық елдің саяси тұрғыдан әлсіреуіне жол береді. Бұны үшінші елдер өз пайдасына пайдаланады, сөйтіп өз ықпалын күшейтуді мақсат етеді. Ал билік ұзақмерзімді тұрақты қоғам құру үшін ештеңе жасап отырған жоқ. – Путин мультикультурализм­ге жол жоқ екенін айтты. Қазақ­станда керісінше көп­мәдениеттілік насихатталады. Біздің ендігі бағытымыз не болғаны дұрыс? – Қазақстанда ішкі саясаттың барлығы Кеңестік дәуірдегідей жасақталады. Қазақстанның ішкі саясатының негізі – интернацио­нализм. Үш тұғырлы тіл саясаты. Мен үш тұғырлы тіл саясатымен келісемін. Өйткені орыстілі – Қазақстанның посткеңестік мем­лекет­тердегі орнын анықтайды, қазақ тілі – ішкі тұрақтылықты сақтау үшін қажет, ағылшын тілі – әлемдік қауымдастықпен тереземізді теңестіреді. Бірақ бұл үшін де жасалып отырған ештеңе жоқ. Сөз бен ісі қабыспайды. Ал мультикультурализм мәселесіне келсек, билік Қазақстан халқын жұмылдырғанның орнына, бөлуді көздеп отыр. Еуропаның өзінде көп мәдениеттіліктің күні біткендігі сөз болып жатыр. Жақында Германия канцлері Ангела Меркель осындай мәлімдеме жасады. Демек бұл Ресейге ғана тән мәселе емес, бүкіл әлем көп мәдениеттіліктен бір мәдениеттілікке ұмтылуда. Дегенмен мәселе қоғамның көп немесе бір мәдениеттілігінде де емес. Мәселе қоғамды алға сүйрейтін элитада. Қазақстанның келесі билігі – қазақтілді ортаның өскенімен санаспаса болмайтынын ескеруге мәжбүр болады. Сондықтан, меніңше, қоғамдағы қазіргі тілдік саясаттың бәрі Назарбаевтан кейінгі билікте өзгереді. – Қазақ тілін қаншалықты дәрежеде білесіз? Қазақша газеттерді оқисыз ба? – Үйде қазақша сөйлеуге тырысам. Бірақ саяси сұхбаттарды көбінесе орыс тілінде жасаймын. Өйткені күрделі терминдер өте көп. Қазақтілді газеттерді шолып отырамын, өйткені онда өзекті тақырыптар өте көп. – Мәселен қандай тақырып­тарды баса айтар едіңіз? – Қазақтілді басылымдар ұлттық даму мәселесіне көбірек мән береді. Тарихи тақырыптарды жиі қозғайды. Бірақ ұсыныстар, саяси мәселелер тасада қалатын сияқты. Алайда бұл биліктің саясатының салқыны деп түсінем. Дегенмен кәсіби деңгейі өте жоғары. – Рахмет!
16.02.2012
Әңгiмелескен  
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары