504
«АЛАШ МАРШЫ» МАҚАЛАСЫ ТУҒЫЗҒАН ОЙЛАР
«АЛАШ МАРШЫ» МАҚАЛАСЫ ТУҒЫЗҒАН ОЙЛАР
Сiздердiң газеттерiңiзде өткен 22 желтоқсанда жарияланған Тұрмағамбетованың «Алаш маршы» мақаласы маған кезiнде әкемнен естiген әндер мен әңгiмелердi еске түсiрiп, қолға қалам алуға тура келдi.
Мақаланың авторы зерттеу жұмысын жүргізу барысында, көбінесе, зерделі адамдардың кезінде үлкендерден естіген, есте сақтаған, екінші сөзбен айтқанда ауызша алынған материалдарға сүйенген екен. Ал ұлтымыздың тарихына, мәдени мұраларына, Алаш қайраткерлеріне қатысты архивтерде сақталған материалдар толық емес екендігі мәлім. Тарихи мағлұмат бере алатындар қазірде көп емес. Айталық, Алаш партиясы көсемдерін көргендер қазір жоқтың қасы, ал сол көсемдерімізді көзкөргендерден естігендер саны күн өткен сайын азайып бара жатқандығы күмәнсіз. Олай болса, зерттеушілеріміз, жағаны кеңге салмай, қимылдап қалғандары абзал.Бұл күнде жастарға әңгіме айтып беретін үлкендер де, әңгіме тыңдауға құлықты кішілер де жоқ. Себебі белгілі. Кәрі-жас теледидарға телміреді, жастар монитордан көз алмайды. Үлкендерден әңгіме, ән тыңдаған ұрпақтың ақырғы буыны қазіргі 50-жастан асқандар. Мен әкеден әңгіме, ән тыңдап өскен ұрпақ өкілімін. ӘКЕМ АЙТҚАН ӘҢГІМЕЛЕР МЕН САЛҒАН ӘНДЕРДЕН Аталмыш мақала Алашорда үкіметі туралы, қазақ халқының көсемдері туралы әкемнен естігендерімді еске түсірді. «Алаш маршын» әкем тамаша орындаушы еді. Бірақ оны әкемнің айтуымен «Заман-ай!» аталатын ән деп келген едім. Бұл ән Алаштың маршы екендігін, оны Құжиманов деген әншінің орындап жүргенін Сіздердің газеттеріңізден оқып, біліп отырмын.«Алаш маршының» Байқонақ ұлының орындалуындағы нотасын мақалада берген екенсіздер, мен оны түсінбедім. Себебі нота танымаймын. Әкемнен естігенім бойынша марштың қайырмасы есімде қалған екен. Оны әнімен айтып берер едім, егер маршты зерттейтін жандарға пайдасы тисе.Әкем – Жұмағали (құжатта – Оразғали) Мұхаметғалиұлы (1900-1975) көрген-білгені көп, әңгімеші еді: айтқанда әңгіменің майын ағызып, балын тамызатын. Кенесары-Наурызбай туралы, Алашорда үкіметі, оның көсемдері туралы, қазақтың бұрынғы ауылы және ондағы өмір туралы, өзінің жастық шағы өткен Семей қаласы туралы бізге көп әңгімелеуші еді. Бізге – балаларына әңгіме, ертек айтудан жалықпайтын. «Мұңлық пен Зарлықты» сол кісіден естіп, білдік. (Әкем әнді тамаша салушы еді: даусы жоғары да ашық, қазіргіше айтсақ, тенор еді. Салған әнінің әр сөзі құлаққа анық естілетін. Жақын маңда той-думан бола қалса, ол менің әкемсіз өтпейтін, жиылғандар оны қолқалап ән салғызатын. Бала кезімде мені әкем жанынан тастамайтын, барған жерінде мен оның қасында отыратынмын. Әкем үйге қонақ келгенде, тіпті қонақ жоқта да домбырасын тартып, ән салатын. Қазіргі кезде «Арқаның әндері» деп аталатын әндердің көбін білуші еді. Оның кеңес дәуіріндегі әншілердің ішінде сүйіктісі Манарбек Ержанов, сүйікті әні «Қанатталды» болатын. Тәукенің «Ақбидайын», Иман-Жүсіптің «Айхой Елім-ай» деп басталатын әнін тебірене отырып шырқайтын. «Ер Есекей», «Ағаш ат» деген дастандарды жатқа айтатын еді, татарша жырлаушы еді. «Қара жорға» күйін тартатын еді. Әкемнің әншілік қабілетінің дамуына оның жас жігіт шағының шамамен (1917—1925 ж.ж.) Семей қаласында өткендігі әсер еткен болу керек. Семейдің саяси орталыққа айналуы, Алашорда үкіметінің құрылуы осы кезеңге тұспа-тұс келеді. Ал Семей қаласының ұлтымыздың мәдени орталығы болғандығы, семейлік Әміре Қашаубаевтың Париж қаласында ән шырқап, қазақты әлемге танытқандығы, бұл қалада керекулік әнші Майра Уәлиқызының ән салғандығы тарихтан мәлім. Әкем айтатын: Семей халқы – сауықшыл халық. Қала халқы ойын-сауық кештері десе ішкен асын жерге қоятын. Жазда, әсіресе айт мерекесінде гармон тартып, жыр жырлаған татарлар, ән шырқаған қазақтар мінген қайықтарға Ертістің беті толып кететін… МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК Тәуелсіз Қазақстанның әрбір саналы азаматы халқымыздың бақыты жолында құрбан болған Әлихан, Міржақып, Ахмет сияқты көсемдерімізді қастерлеп, олардың әруақтарының алдында бас иіп, тағзым етуге тиіс; олар туралы халық арасында сақталған деректерді теңіз түбінен маржан сүзгендей, ерінбей жинап-теріп келесі ұрпақтарға аманат ету парыз деп білемін. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің мұражайында Рахманқұл Бердібаев деген аса байыпты сөйлейтін, білгір-ғалымның басшылығымен «Халық университетінің» сабақтары өткізіліп тұрушы еді. Кеңес өкіметі кезінде қуғынға ұшырап, жазықсыз жазаланған азаматтар туралы естеліктер, ел тарихы туралы жаңа мағлұматтар естуге деген халықтың ынтасы ғажап еді. Сабаққа алдыңғы қатарлы интеллигент өкілдері – ғалымдар, ақындар, жазушылар белсене қатысатын еді. Келушілер аса көп болғандықтан, орын тимей қалғандар дәлізге жайғасушы еді. Жүсіпбек Аймауытовқа арналған сабақта Гүлнәр Дулатова естелік айтты. Бұл алты алашқа аты мәшһүр, Міржақып Дулатовтың қызы екен. Гүлнәр апайды бірінші көруім еді. Ол кісінің айтқандарын қызыға да, тамсана тыңдадым. Өйткені, Міржақып Дулатов туралы бала кезімде әкемнен естігендерім жадымда. Апай екеуміздің қайтар жолымыз бір болып шықты. Сөйтіп, ол кісімен танысып, әңгімелесіп, үйіне дейін шығарып салудың сәті түсті. Үйлеріміздің арасы да жақын болып шықты. Әкем көрген-білгені көп кісі еді. Соларды қызықты етіп әңгімелеп беруші еді. Міржақып Дулатов туралы әкемнен естігендерімді қағаз бетіне түсірдім. ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ «Ол кезде мен Семейде тұратынмын. Жап-жас жігітпін. «Міржақыптарды итаппен әкетеді екен» деген хабар қала халқына тез тарады. Міржақып Дулатұлын, оның «Оян қазағын», Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін қазақ, татар сол кезде Семейде, сірә, болмаған шығар. Қасымда өзімдей үш жас жігіт бар, вокзалға келдік. Түн. Соған қарамастан перрон толы құмырсқадай қаптаған халық: ине шаншар жер жоқ, ығы-жығы, гу-гу. Бір кезде иін тірескен халық тыныштала қалды. Міржақып сөз бастады. Өте шешен, ділмар адам екен. Жиналғандар ұйып тыңдадық. Сөзін өлеңмен аяқтады. Көзіне жас алмаған пенде болмады. Милисалар вагонды жапты, ешкімді маңайлатпады. «Қош», «Жолыңды Құдай оңдасын!», «Аман бол!», «Бір Құдайға тапсырдық!», «Алла, өзің сақтай көр!» – деген сөздер тұс-тұстан естіліп жатты. Сөйтіп, көсемімізбен жылап қоштастық. Шіркін! Сондай ұл қазақта енді туар ма екен! Әттең! Өкең (орыс өкіметін әкем солай атаушы еді) сондай адамдардың да көзін жойды ғой! Кімді аяйды дейсің! Қазақтың жақсыларының қайсысын түрмеге қамамады! – деп ауыр күрсінгені Міржақыптың сондағы өлеңін жатқа айтқаны әлі күнге көз алдымда. Әкем бір естігенін ұмытпайтын, аса зерек адам еді. Міржақыптың сөйлеген сөзінің мазмұны, оның өлеңінің мағынасы менің есімде жоқ. Өйткені мен Міржақып туралы әкемнің айтқан әңгімесін тым жас кезімде естіген едім. Есімде қалғаны – «Кіндік кесіп, кір жуған, қайран жерім! Қаласың-ау қақолдың табанында!» – деген тұсы ғана. – Аға, итап деген не? Міржақып деген кім? – деп сұрағанымда: – Итап деген қамаудағы адамдарды таситын, есік-терезесі темірмен торланған вагон. Оны қарулы адамдар күзетіп тұрады, – деді. Ахмет, Міржақып, Әлихан қазақтың көп оқыған, көзі ашық, кемеңгер азаматтары, халықтың жанашыр, жол көрсетер көсемдері еді, қазақ елі, қазақ жері үшін құрбан болған есіл ерлер еді ғой олар, – деп түсіндірді. – Естігеніңді тісіңнен шығарушы болма, әйтпесе әкеңді атып тастайды, – деді шешем. БИБІГҮЛ АПАЙ СҰРАСТЫРҒАН ӘН Осыдан біраз уақыт бұрын сүйікті де құрметті Бибігүл Төлегенова апайымыз теледидардан «Әкемнің сүйіп айтатын әні «Аққу едім-ай көлдегі» деп басталатын еді. Сол әнді білетіндер табылар ма екен?» – деп сұрау салған болатын. Сол әнді мен білетін едім. Әкемнен естігенмін. Ол былай болған. Бірде әкем сөз етіп отырған әнді тебірене орындады да, былай деді: Осы әнді айтқаны үшін отыз жетінші жылы қазақтың оқыған – қызметкер бір жақсы жігіті атылып кетті. – Аға, адамды тек ән айтқаны үшін ғана атып тастаған ба? – деп сұрағанымызда, Әкем: Жігіт жұмыс кеңсесінде әндетіп отырғанын естіген бір қараниет адам НКВД-ға барып: «Бұл адам өкіметке қас. Өткенді аңсап, құстай самғаған еркін өмірін, көлде жүзген аққудай сайрандаған кездерін ойлап, іштей жылап отыр» деп жазықсыз жала жауып, құрттырыпты… Ән салғаны үшін нақақтан қараланып, шейіт кеткен адам, мүмкін, Бибігүл Төлегенова апайымыздың сүйікті әкесі болар! Кім біледі… Мұны зерттеу керек. ТӘУКЕНІҢ ӘНІ – «АҚБИДАЙ» Тәукенің «Ақбидай» деп аталатын әнін кезінде атақты әншіміз Жамал Омарованың орындауында радиодан жиі еститінбіз. Бірақ әннің авторы бір де бір аталған емес. Бұл әнді әкем нақышына келтіріп орындаушы еді. Ол кісінің осы ән туралы былай деген еді: Тәуке деген ержүрек батыр болған. Руы тобықты. Сол Іәуке пошта тонайды да қанша іздесе де таптырмайды. Ақыры патша полициясы Тәукенің Мұсатай деген жақын туысын ұстап «Тәукені тауып бер! Тауып бермесең тұқымыңмен құртамыз, ауылыңды өртейміз!» – дейді. Мұсатай Тәукені ұстап береді Тәуке абақтыға жабылады. Қамауда отырғанда осы «Ақбидай» әнін шығарған екен. Бұл едәуір ұзақ ән. Менің есімде қалғаны төмендегі шумақтар ғана. Жол үстіне тіккенім торғын шатыр, Ақбидай! Абақтыда сарғайып Тәуке жатыр Ақбидай, Ғашық жар, сәулем-ай. Жылқы айдаттым базарға сатайын деп, Ақбидай! Мамық төсек салдырдым жатайын деп Ақбидай! Ғашық жар, сәулем-ай… Кіріп келді Мұсатай ұстайын деп Ақбидай! Наган алдым қолыма атайын деп Ақбидай! Ғашық жар, сәулем-ай. Түбі бірге атуға қия алмадым Ақбидай! Көздің жасын көл болған тия алмадым Ақбидай! Ғашық жар, сәулем-ай Тәукенің «Ақбидайдан» басқа әндері де болған. Меніңше, Тәуке әндерін білетіндер Семей өңірінде әлі де табылып қалуы ғажап емес. ИМАН-ЖҮСІПТІҢ БІР ӘНІ ТУРАЛЫ Иман-Жүсіптің «Айхой, елім-ай! Сары Арқада жерім-ай» – деп басталатын әнін бірде радиодан берді. Орындаған Әмина Нұғыманова деген әнші. Әминаның орындауында әннің әуені менің әкемнің орындағанынан мүлде өзге, ал сөзі бірдей: «Айхой, елім-ай! Сары Арқада жерім-ай, Ит жүгіртіп, құс алған айдынды шалқар көлім-ай!» деп келді. Әминаның орындауында, жоғарыда келтірілген екі жол айтылған соң «көл-ай» сөзі үш рет қайталанады. Ал, әкемде мұндай қайталау жоқ. Әкем айтатын нұсқада бұл әнде адамның сезіміне әсер етіп, еліттіріп әкететін қуатты екпін бар; тыңдаушыны қайраттандыратын, жігерлендіретін, рухтандыратын тасқындаған күш бар. Ән тыңдап отырғанда көз алдыңа жағасын қалың қамыс көмкерген айдын көл, құс аулап жүрген батыр денелі сері жігіт, аузына құс тістеп келе жатқан тазы келеді. Иман-Жүсіптің бұл әнінің нұсқасы нешеу? Қай нұсқа Иман-Жүсіптікі? Бұл сұрақтарға жауап табуды музыкатанушы ғалымдардың үлесіне қалдырған дұрыс болар.< br>
16.02.2012
Камилә БҮКIБАЕВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент