КӨКТЕМДЕ ИРАНҒА ҚАУIП ТӨНЕ МЕ?

КӨКТЕМДЕ ИРАНҒА ҚАУIП ТӨНЕ МЕ?

КӨКТЕМДЕ ИРАНҒА ҚАУIП ТӨНЕ МЕ?
ашық дереккөзі
182

Жаһан ендi Иран Ислам республикасы отқа орана ма деген қауiппен алаңдап отыр. Иранға қарсы соғыс қимылдары осы көктемде басталуы мүмкiн деген долбар да айтылады. Осы орайда, ағылшын тiлiндегi БАҚ-тардағы пiкiрлерге шолу жасаған едiк.

АҚШ-тың NВС арнасы жақында Израильдің Иранға қарсы әскери қимылдарының жоспарын жария етті. Телеарнаның таратқан мәліметіне жүгінсек, шабуылға баллистикалық зымырандар, ұшақтар, соның ішінде ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар да қолданылатын көрінеді. «Негізгі соққы дәлдігі өте жоғары, әрекет ету радиусы 2500 шақырым болатын Иерихон-2 баллистикалық зымырандарымен беріледі», деп атап көрсетті телеарна тілшісі. Бүгінгі таңда NВС телеарнасы Израильдің Иранға 2012 жылдың көктемінде шабуыл жасау мүмкіндігі 50-ден 70 пайызға дейін деп бағалап отыр. Бұдан бұрын да АҚШ Қорғаныс министрі Леон Панетта Израильдің осы көктемде Иранға қарсы жаулық ойлаған әрекеттерін жүзеге асыруы мүмкін екенін жасырмады.

Осы тақырыпқа ой қозғаған американдық The Washington Post басылымы «Кейбір деректерге қарағанда Израиль басшылығы шабуылды жеке-дара бастауға дайын. АҚШ үкіметі Израильді тоқтатудың екі жолын көріп отыр: біріншісі – Тегеран ядролық бағдарламасының нақты азаматтық сипатта екеніне берік кепіл беру мақсатында АҚШ-пен маңызды келіссөздерге баруы керек немесе АҚШ бұл бағдарламаның іске асуына кедергі келтіру үшін өзінің құпия операция­ла­рын жеделдетеді», – деп жазады. «Батыс елдері Израильдің аяқ асты соққысы Таяу Шығыс шиеленісін одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді. Егер жағдай жақын болашақта өзгермесе, Израиль жеке-дара шаралар қолданатынын аңғартып отыр», – дейді газет тілшісі АҚШ үкіметі мен барлау қызметіне сілтеме жасай отырып. Солай болған жағдайда, оның үстіне Иран қарсы күш қолданса, америкалықтар өз одақтасын қолдап іске кіріседі.

«Израиль жаңа санкцияларды, яғни мұнай әкелуге және Иран орталық банкінің шоттарын тәркілеуге эмбарго енгізуді талап еткендіктен, осы санкциялар жүзеге асқанша бірнеше ай күтеді.» – Бұл туралы The New York Times жазады. – Израильдіктер бұл санкцияларды әлі де жеткіліксіз деп отыр.» Газет израильдік сарапшымен болған әңгімеден кейін: «Бұл жағдайда әскери күш қолдану шындыққа жақын құрылған сценарий екені күннен күнге айқындалып келеді», – деп сендіреді.

«Иран соққыға бірнеше жылдан бері дайындалып жатыр, сондықтан оның қайтарар жауабы одақтастары «Хезболла» мен «Хамастан» кем түспес». Соққы жасалған күннің өзінде ядролық бағдарламаның әзірленуін тек 1-2 жылға кідіртіп, Тегеранның ядролық қаруды жасауда қайта күш алып кетуіне әсер етпей қоймайды», – деп топшылайды америкалық басылым. Сонымен, американдық журналистер Иранға соғыс ашудың нәтижелілігіне күмәнмен қарайды.

Израильдік ағылшын тілді ynetnews.com сайты Израиль қорғаныс министрі Эхуд Барактың АҚШ -қа іссапарында сөз болған жайтты мақалаға өзек етеді. «Иран туралы жақ ашудың қажеті жоқ» деп аталған мақалада автор «Иранның ядролық объектілері қауіп төндірмейді» деген Эхуд Барактың мәлімдемесіне ресми Вашингтонның көңілдері мүлдем толмайтыны туралы жазады. Ақ үй Израильдің Иран мәселесіне қатысты тар көзқарастарына қарны ашатынын жеткізді.

Батыс баспасөзі Иранға жасалатын ша-буыл АҚШ жағынан да, израильдіктер тарапынан да болуы мүмкін екенін айтады. Соған қарағанда Парсы шығанағы жақын арада соғыс алаңына айналса, таңғалуға болмас. Оны уақыт көрсетер.

16.02.2012

Эльмира АСҚАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары