ЕЛОРДАДА ҚОЙЫЛАТЫН ЕСКЕРТКIШ

ЕЛОРДАДА ҚОЙЫЛАТЫН ЕСКЕРТКIШ

ЕЛОРДАДА  ҚОЙЫЛАТЫН  ЕСКЕРТКIШ
ашық дереккөзі
232

Қазақ өз тарихында нендей қиын-қыстау күндердi бастан кешпеген десеңшi. Ұлтарақтай жер үшiн кiммен жауласпады дерсiң?! Сонау зұлматты жылдарда қазақтың баласы қолынан найзасын, белiнен қылышын түсiрмеген. Жерiн қорғады, елiн сақтады. Қара қазан, сары баланың қамы үшiн отқа да, суға да түстi. Қарындастың абыройын қорғады, балалардың болашағын қолдады. Бабасы батыр, баласы жүректi, қызы қайратты қазақтың басына нелер келiп, нелер кетпедi десеңшi?!

Аштық та, жоқтық та көрді. Бірінің етін бірі жейтін сол бір сұрапыл кезеңде де қазақ өзінің ұлттық рухын сақтай білді. Ұлттық рухын сақтауының арқасында елдікке жетті, тәуелсіздікке қадам басты. Әрине, өткенсіз келешек жоқ. Тәуелсіздікті жырлаған, азаттықты аңсаған қазақтың өткенін ұмытуға да хақы жоқ.

Күні кеше Ақордада Астана қала­сы­ның әкімін қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін қою мәселесіне басты назар аударды. Мемлекет басшысына қала әкімі «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі мүсінінің және Құрманғазы ескерткішінің үлгі-идеясына арналған республикалық байқаудың нәтижесін таныстырды.

1932-1933 жылдардағы кеңестік күш­теп ұжымдастыру және кәмпескелеу барысында миллиондаған адамдар нәубетке ұшырады. Қаншама қазақтың сүйегі жер-жерлерде шашылып қалды. Қазақ даласында сүйегі көмусіз қалған жандар қаншама. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған сол бір қиын кездегі көмусіз қалған қазақтың сүйегі сар даланың кез келген жерінде, кез келген аймағында сыңсып қалды. Төбешік болып қалған үйінділер, төбе-төбе болып қалған мүрделер қаншама?! Бұл төбешіктердің астында біз білмейтін қаншама тарих жатыр?! Қуғын-сүргінге ұшырады. Жоқ-жітіктен, ашаршылықтан қашқан қаншама қазақ Отанын тастап кетті. «Жерұйық іздеп» бет-бетімен елінен безді. Бір жұтым су мен бір қа­сық асқа зар болған қазақтың сол кездегі жағдайын бүгінгі ұрпақ жадынан шығармауы тиіс.

Биылғы жылы қазақ даласын 1932-33 жылдары жайпап өткен Ұлы аштыққа 80 жыл толмақ. Осы орайда, қазақтың басынан кешкен қайғылы жағдайларын есте сақтау мақсатында «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін орнату туралы ұсыныс енгізілген еді. 80 жылдықтың қарсаңында жүзеге асы­рылғалы отырған бұл ескерткіш өткенге тағзым, ұрпаққа аманат болмақ.Сонымен бірге, Елордада қазақтың музыкалық мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан, музыка өнерінде өлмейтін, өшпейтін мұра қалдырған қазақтың ұлы қайраткері, халық күйшісі, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші де бой көтермек. Елдігіміздің белгісі саналатын бұл ескерткіштер Астананың архитектуралық-көркемдік және монументті айшықталуына өзіндік үлесін қоспақ.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары