956
ӘБУ ФИРАС ЖӘНЕ МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ
ӘБУ ФИРАС ЖӘНЕ МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ
Қай жыл екенi есiмде қалмапты. Бiр күнi М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына бара қалғанымда марқұм әдебиетшi Батырхан Дәрiмбетов қолыма шағын үш дана қағазды ұстатты. «Мынау Мағжан Жұмабаевтың араб поэзиясынан аудармалары екен, сен шығыстанушы едiң ғой, назарыңды салшы», — дедi. Арада жылдар өттi. Сол бiр үш түйiр қағаз бiресе кiтаптарымның, бiресе қолжазбаларымның арасында қыстырылып жүре бердi. Бiр жылы жоғалтып та алдым. Ендi табылмайды-ау деп жүргенiмде, конвертке салынған күйi бiр көнетоз кiтабымның арасынан табылды.
Бірінші алақандай қағаздың басында «Әбу Фирастан» деген жазу тұр. Баяғы империяның дүрілдеген кезінде Мәскеуде – СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтында аспирантурада оқыған жылдарымда әйгілі арабтанушы ғалым Исаак Моисеевич Фильштинскийдің араб әдебиетінің тарихы жайында тамаша дәрістерін тыңдағаным бар еді. Әл-Мутанаби, Әл-Маари, Имрул Қайстің, Әбу Фирас секілді арабтың аты шулы классик ақындарының есімдерін сол білімпаз ұстаздың айтуынан білуші ем. Сонда Әбу Фирас жайында толғағанда менің есіме өзіміздің Махамбет Өтемісұлы түсетін. Екеуі де жауынгер, батыр ақындар. Отты сөз, өткір қылыштың иелері еді. Әбу Фирас әйгілі Сайф ад-Даулидің сарайында қызмет еткен, бірақ ол бірыңғай панегирист ақын емес еді. Византиямен соғыста қолға түскен грек қызынан туған. 3 жасынан әкесінен жетім қалады. Ал Сайф ад-Даули оған ағайын болып келетін. Әбу Фирастың түрмеде жазған жырлары, лирикасы маған Мағжанды елестетуші еді. 947 жылы тәуелсіз Хамданид Эмираты құрылғаннан соң Әбу Фирас Сайф ад-Даулимен бірге болып, ірі қызмет орнын иемденеді. Сөйтіп жүріп сарай маңындағы әдеби үйірмеге белсене қатынасады. Ұстазы Ибн Халавайха оны өлең өнеріне баулыды. Сөйтіп шәкіртінің талантын ашады. Сайф ад-Даулимен Византияға қарсы жорықтарда көзге түсіп, ерекше батырлығымен танылады. Содан соң-ақ Сайф ад-Даули Әбу Фирасқа үлкен сенім артып, оны Солтүстік Сирия мен Византия арасында орналасқан Манбиджа қорғанына билеуші етіп жібереді. Византиялықтармен соғыста Әбу Фирас екі рет қолға түсіп қалады. Бірінші ретінде қорғаннан Ефрат өзеніне секіріп қашып құтылады. Екінші мәрте византиліктер Манбиджа қорғанына шабуыл жасағанда ақын жаудың қолына түсіп қалады. 962 жылы оны Константинопольге ауыстырады. Тұткынды өтемін беріп, сатып алуды Сайф ад-Даули кешіктіреді. Араға әлдеқандай өсек араласты ма, әлде туыс інісінің қайсар мінезі әмірдің қытығына тиді ме, әлде тәуелсіз тәртібі мазалады ма, әйтеуір, Сайф ад-Даулидің өтінішіне құлақ аспады. Тек төрт жыл өткеннен кейін 966 жылы тұтқындарды айырбастау кезінде Әбу Фирас бостандыққа шығады. Сайф ад-Даули қайтыс болғанда батыр ақын Эмираттағы үкімет үшін күресіп жүріп, соғыста қаза табады. Әбу Фирас сол кезде 36 жаста еді. Белгілі әдебиетші ас-Сахиб ибн Аббадтың мынандай қанатты сөзі артта қалыпты: «Поэзия Патша Имрул Қайспен басталып еді, Патша Әбу Фираспен аяқталды» депті.Манбиджа қорғанында билік құрған жылдары Әбу Фирас өзін барынша еркін ұстады. Жорыққа шықты, аң аулады, поэзиямен айналысты. Сарай маңындағы шайырлардай жалтақтап, бұғып қалмай уақытын думанмен өткізді. Күштілерді мақтап, мадақтаудан аулақ болды. Махаббатты, өз тегін, руын, ерлікті жырлады. Жорықтарға арналған екі жүз жиырма бес бәйіттен тұратын поэмасы бар. Әсіресе ақынның византилік түрмеде жазған «Румийаттары» оның даңқын асырып жіберді, хамданидтерді асқақ жырларына қосты. Осы тұста біздің Мағжанмен үндесетін шығар. «Егер басқа адамдар құты, шарап, сыбызғы, барабан үшін жаратылса, Хамданидтер даңқ, құдірет, ізгілік үшін жаратылған. Біз орта тұсты білмейміз. Бізге дүниеде бірінші орын керек немесе мола. Біз ұлы ерліктерден өмірімізді аямаймыз, өйткені сұлуға құда түсуші саудаласпайды… Мен таңертең еркектердің бос қалған тұрағына тиіспеймін, әскеріне шабуыл жасайтын болсам алдын-ала ескерту жіберемін. Қаншама рет талай кыстақтарды тұлпарлардың тұяқтарының астында қалдырдым, жауларымды тізе бүктірдім. Алайда, жүздерін жасырған пәрәнжәлі әйелдердің алдында екпіндей алмадым. Қаншама рет жау қыстақтарында етектері жер сызған сұлуларды көріп, сызылып, мейіріммен сөйледім. Сұлулардың сезіміне сыз түсіріп көрмедім. Соғыста әскерімнің қолына түскен бар олжаны әйелдерге бөліп бердім. Перделерінің тыныштығын бұзып көргенім жоқ» – дейді араб ақыны. Бұл жағы да Мағжанның махаббат, сұлулық, әйелдер жөнінде нәзік лиризмін еске салады.Әбу Фирастың ақын ретінде атағын жайып жіберген, тұтқында жазған «Румийаттары» еді. «Азаптарым адам айтқысыз, сабырымда шек жоқ. Жағдайымды жеңілдетер бір Алла ғана. Жараларым қауіпті, тәуіптер де жаза алмас. Қайғым екеу: біреуі сыртымда, біреуі ішімде. Тұтқын түндерін жұлдыздарға телмірумен өткіземін». «Әбу Фирасдан» деп, тақырыбын қойған Мағжан аудармасы мүмкін осы өлеңнен алынған шығар.Жау жеңді, берік қамады, Кісендемін, тұтқынмын. Тамшылап қаным ағады, Сарғайтасың өтпей күн. Еш дыбыс жоқ, қара түн, Жұлдыздар әлсіз сәулесін Шошып тұр есітіп талған үн, Таныдым шешем дауысын. Әбу Фирас түрмеде отырған жылдары аяулы анасы ұлын күтіп қатты күйзеледі. Ақынның анасы Аленноға әмір Сайф ад-Даулаға барып, ұлын төлемін беріп босатып алуын өтінеді. Бірақ айтқан сөздері жерде қалып, ана налып қайтады. Сонда Әбу Фирас анасына өлеңмен хат жазады. Сезімге толы өлең. Мағжан Жұмабаевты қатты тебіренткені көрініп тұр. Араб шайыры қазақ тілінде жатық, жылы сөйлейді. Көптен енді қан жұтып, Шақырасың қарт анам. Тұтқын боп, қолдан ерік кетіп, Бара алмай тұр жан балаң. Сабыр қыл, анам, сарғайма, Дамылсыз зарлап күні-түн. Қуан, қыл шүкір Құдайға, Иманым үшін тұтқынмын, – дейді. М.Жұмабаевтың «Анама» деп аталатын аяулы өлеңін еске алыңызшы. Маған Мағжан Әбу Фирасты түпнұсқасынан оқығандай әсер етеді. Мағжан Уфада Ғалия медресесінде оқыған, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Бәлки, ақынның қолына Әбу Фирастың араб нұсқасындағы өлеңдері түсуі кәдік. Олай дейтінім, аударманың сюжеті, композициясы араб нұсқасына жақын. Әбу Фирастың орыс тіліндегі тәржімасы Бүкілдүниежүзі әдебиетінің кітапханасына «Арабская поэзия средних веков» атты томға енген. Аударған А.Ибрагимов («Художественная литература» баспасы. Москва 1975 ж.). Бұл томдағы орта ғасырлардағы араб поэзиясы өкілдерінің өлеңдерінің жолма-жол аудармасын атақты арабистер И.Фильштинский, Б.Шидфар, А.Куделин, М.Киктев жасаған. Ал А.Ибрагимов ақын емес, ғалым адам. Ал Әбу Фирас секілді аса талантты ақынға мықты тәржімашы тиесілі еді, бірақ, өкінішке қарай, олай болмаған, олақтау қолға түскен де ортанқолды баламалары жасалған. Әбу Фирастың жолма-жолын менің мәскеулік ұстазым Исаак Фильштинский өте сапалы етіп әзірлегенімен, поэтикалық көрінісі ойдағыдай шықпаған. Аудармада сондай жағдайлар болып жатады.Жоғарыда біз атаған Араб поэзиясының антологиясына Әбу Фирастың оншақты өлеңі кірген, яғни түгел қамтылмаса керек. Мағжан аудармалары түпнұсқасынан алынған деген сөзімізді Әбу Фирастың қазақша шумақтары одан әрі дәлелдей түседі. Басқа келген қорлыққа, Жалғанда жан шыдамас. Шыдап тұру зорлыққа, Арлы жанға ұнамас – деген өжет жолдар Әбу Фирастың қолтаңбасын танытады. Аз жасап, көп ерлік жасап кеткен арабтың арыстан жүректі ақынының жүрек дүрсілдерін Мағжан айнытпай айбынды ажарын береді. Әрмен қарғып, шапшып ақырып ұмтылған, Арыстанға қарсы шапқан ерлерің. Барқылдаған бір төбеттен қаймығып, Қалайша іздер таса, сая жерлерін?! немесе: Қу қазықты жаны жоқ, Алмасақ егер есепке. Қорлыққа намыс, ары жоқ, Шыдайды жалғыз есек те, – десе, Әбу Фирастың парасатты, патриот үні естіледі. Мағжан тәржімәсі аудармасынан әлдеқайда қуатты, күшті шыққан. Демек, қазақ ақыны арабтың Әбу Фирасын жанымен, жүрегімен түсініп беріп отыр. Бұл арада тағдыр, түрме жайы, махаббат лирикасы екі ақынның поэзиясын жақындастыра, үйлестіре түскені көрініп тұр. Сөз жоқ, талантты ақынды тағдыры туады, сомдайды. Сендей сұлу тірі жан, Көргенім жоқ жалғанда. Сендей бала таба алмай, Талай ана арманда. Кемшіліксіз сен сымбат, Көп артықсың хордан да. Жаратылдың еркіңмен, Еркіңе Құдай салғанда – дейді Әбу Фирас. Ал Мағжан өз поэзиясында онымен мұңдасқандай, ойласқандай болады. Сүй, жан сәулем, тағы да сүй тағы да! Жылы, тәтті у тарады қаныма. Бұл ләззаттың бір минутін бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына – деп тебіренді қазақ ақыны Әбу Фирастың тұтқын боп талықсып жатқанда жазған түн, табиғат, ғашықтық жайлы жалын шашқан жырлары Мағжан мұңдарымен тентек теңіздің толқындарындай араласып, бір-бірін қуып кете барады. «Жан жарымды бір сүйейін түсімде» деген өлеңінде Мағжан: Тұтқын болып, тысқа шығып жүре алмай, Зарықтым ғой, жан жарымды көре алмай. Осы күнде алтын сәулем нағып жүр. Қандай күйде, қайда екенін біле алмай. Ойлай ма екен тұтқын жарын, түн күндіз? Жүрек – жара, жасты ма екен қара көз? Шашын жайып, түн ұйқысын төрт бөліп, Тілей ме екен жолықтыр деп Тәңірі тез?– деп, ең болмаса көзім ілініп, сүйген жарды түсімде көрсем деп армандайды. Әбу Фирас айтады: Көңілде қайғы қалдырмас, Қандай да болса үш нәрсе: Көкорай шалғын, ағын су Әдемі жарың әсіресе. М.Жұмабаевтың шығармаларының ішінде (Алматы, «Білім» баспасы, 1995 ж. 99– бет) «Мағарри сөздер» деген бір топ өлең бар. Сонда оның Мағарри дегені Абул Ала Аль-Марри атты араб ақыны болса керек. Әбу Фирас X ғасырдың, ал Мағжан Жұмабаев XX ғасыр перзенті, біреуі араб, біреуі қазақ. Екеуін тербеткен тағдыр толқындары ұқсас, ащысы, тәттісі ұқсас өмірі, көңілі ұксас, ақылы, нақылы ұқсас, түрмелері, түндіктері ұқсас, аналары, даналары ұқсас, зары да, жары да ұқсас екі мұңлы, екі лирик, екі эпиктің дүние поэзиясының тарихында тіккен тулары биікте тұр.
16.02.2012
Өтеген КҮМIСБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор