357
«ТIРЕГIМ – НАРҚОБЫЗЫМ»
«ТIРЕГIМ – НАРҚОБЫЗЫМ»
Биылғы қыс ақбас Алатау түгiлi, әсем Алматының өзiн аппақ қалың көрпеге орап тастады. Сарыарқаның қытымыр аязы солтүстiктен оңтүстiкке баяу көшкендей. Қала тұрғындарын әжептәуiр әбiгерге түсiрген ақпанның ызғары менiң есiме балалық шағымды түсiргендей, әдемi бiр күй кешiп келе жатып барар жерiмiзге де жетiп қалыппыз.
Талғар ауданының Тұздыбастау кентінен өткеннен кейін жолдың сол жағында орналасқан шағын ауыл тым-тырыс, алдымыздан шәуілдей шыққан күшіктерден басқа жөн сұрайтын тірі пенде көрінбейді. Мүмкін, жұмыста болар. Іздегеніміз – Құрманғазы көшесінде тұратын актриса Тұрахан Садықова апайымыз. Ақпан айының 27 жұлдызында қаламыздағы «Кино үйінде» 70 жылдығын атап өткелі отырған актриса тым ширақ, тың көрінді бізге. – Қаланың у-шуынан қашып, өзімнің туып-өскен жерім Қарасазға табиғаты қатты ұқсас осы жерге қоныстанып жатырмыз,– деп есік алдынан жайраңдай қарсы алған актриса Талғар тауының жоталарына алыстан аңсары ауа қарады. Шамалы күнде жетпіске толатын ана-актрисаның ойына қимас сағымға айналған балалық шағы, өскен ортасы түскені анық. Жасаураған көзін әдемі барқыт халатының жеңімен жеңіл сипап өткен ол бізді үйге бастады. Қоңыр ғана тірлік кешіп отырған қоңырқай үйдің табалдырығын аттай бере біздің де санамыздан туған босағаға деген сағыныш жылт етіп барып, жүрегімізді сыздатып өтті. Пеш түбінде пысылдап жатқан ала мысыққа дейін ауылдағы берекелі де бейғам тірлікті көз алдымыздан өткізе төр бөлмеге жайғастық. Жайғастық та жан-жағымызға көз сала бастадық. Төрде орналасқан күй сандықтың үстіндегі қоңыр қобыз әлгі әсерімізді одан сайын лапылдатып жібергендей денемізді жып-жылы леп шарпып өтті. Жоғары жағында актрисаның үлкейтілген портреті, түрлі кездесулердегі белгілі шетел актерлерімен түскен суреттері қатар-қатар ілініпті. – Иә, қайран Қалекеңнің іргесін мықтап қалап кеткен газетіненбіз деңдер. Сондай саңлақтарды қара жер қайыспай көтеріп жатыр-ау, жарықтықтар, қазақ өнері үшін өмірге келіп, сол өнерді насихаттау жолында шейт болғандар… Имандары салауат болсын,– деген кейіпкеріміз біздің қасымызға жайғасты да, жүзімізге ұзақ қарады. Сонда ғана байқадық, бір кездері мөлдіреп тұратын тостағандай қос жанарының оты әлі де сөне қоймапты. Тіпті тіке қарауға батылымыз жетпеді. – Тұрахан апай, алғаш хабарласқанымызда, менен де танымал актрисалар бар ғой деп едіңіз, шын мәнінде Сізді «Келінге» дейін білмегеніміз рас. Өнерге қалай келдіңіз, әңгімені осыдан бастасақ? – Оның рас. Осы уақытқа дейін белгісіздеу, елеусіздеу болып келгенім жасырын емес. Мені танытқан жаңа өзің айтқан кино болды. Ол туралы әңгіме кейінірек. Ал өнерге келуім, ол бір ғажап әрекет. Балалық шағында адам еліктегіш, қиялшыл, арманшыл болады ғой. Мен де кішкентайымнан ән-жырға құмар болып өстім. Нарынқол ауданының табиғаты керім Қарасазда өмірге келіп, көзді ашқаннан таудың көз тартар шыңдарына, оның етегіндегі ағыл-тегіл мөлдір суына құмар болып өстім. Қасиетіңнен айналайын Райымбек бабамның тікелей шөбересімін. Әкем еңгезердей алып кісі болды. Анам марқұм да келбетті, жүзінен күлкі емес, ән төгілген кісі еді. Қыз болып бой түзегенге дейін ат арқасынан түскен емеспін. Атқа жайдақ мініп, аң аулағанды жаным жақсы көрді. Көз алдыңда көлбеңдеген көкала, сарыжазық далада ән салмай көріңіз!?.. Желмен жарысқан астыңда жүйрік ат, делебеңді қоздырып, тіпті жүрегің ән салады. Аудандық халық театрын басқара жүріп қазақ халқының әдеби шығармаларының талайын сахналадық. Ол спектакльдермен ауыл-ауылды аралап, қалалық-облыстық өнер байқауларына қатыстық. Жеңімпаз атандық. Осындай өнерсапарларының бірінде көзге ерекше түссем керек, сол кездегі мәдениет министрі Ләйла Ғалымжанованың қолынан облыстық байқаудың лауреаты деген бірінші диплом алдым. Аудандық атқару комитетінде екі жыл қатарынан депутат болып, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрдім. Бірақ өнерге деген құштарлығым жетелеп келген мен Алматы өнер студиясына оқуға түсе алмадым. Бірақ бойдағы батылдық министрдің қабылдауына кіргізіп, басталғанына жарты жыл өтіп кетсе де оқуға қабылдандым. Актерлікті өте жақсы бітіргеніммен, өнерде көптеген тосқауылдар сахнаға шығуға жібермей жүрді. Жамбыл облысында бірнеше жыл, одан Алматыға қайтып келу… Кез-келген маманның өз діттеген мақсат-мұраты бар екенін ескерсек, біздің саланың да шығар биігі – Әуезов атындағы академтеатры ғой. Осы театрдың сахнасына жету мен үшін қиямет-қайым болды. Алғашында Әмина Өмірзақова апам сияқты базбіреулерге менің де танауым ұнамады. Қойшы, әйтеуір батылдығыммен Дінмұхамед Ахметұлына дейін бардым… Содан бері қырық жыл болды, құдайға шүкір, талай өнер саңлақтарының көзін көріп, өнерлеріне тәнті болып жүріп, біреулерге үйретіп, біреулерден үйреніп келе жатқан жайым бар. – Өнер жолы өте ауыр жол дейтініміз де сондықтан болар, дегенмен неге, кім кедергі болғанын айта аласыз ба? – Қазір ойлап отырсам, бірбеткейлігімнен көп таяқ жеген сияқтымын. Ана сүтімен дарыған адалдық, шыншылдық әркез алдымды орап, кейбіреулерге ұнамаса керек. Сол жылдары қазақ сахна өнерінің төлтуындыларының бірі де бірегейі – «Ана –Жер Ананың» сахналанып жатқан кезі. Толғанайдың монологын керемет дайындадым. Сабира Майқанова мен Фарида Шәріповалар сахналайтын-ды. Менің ерекше дайындалғаным ұнамай қалды да, шеттетілдім. Кейін қайта емтихан тапсырғанымда, сахна өнерінің дүлділі Серке Қожамқұловтың: «Міне, қандай дауыс, қазақи дауыс, таза ұлттық үн, қоспасыз осындай тазалық керек сахнаға. Театрда таза қазақ тілі жоқ. Мойындаңдар» деп риза болғаны бар. – Сіз сомдаған кейіпкерлерге тоқталсақ? – Иә, қырық жылдан астам өмірімді театр сахнасына бердім. Керемет басты рөлдер болмаса да, біраз шығармаларда қолтаңбам қалды. «Кетбұғыдағы» қобызшы шалды сомдадым. «Қаракөздегі» Ақбаланы ойнадым. Сахнаға аз шығатыным – жалғыз «Қамар сұлуда» ғана ойнаймын. Соңғы он жылда ешқандай рөл берілмеді. Жастарды көтеру керек дейтін шығар, дегенмен біздің де жастығымыз осы сахнада өткенін кейде елеп ескере бермейміз. Мен ойнаған кез-келген спектакльде небір таланттыларыңыз екінші составқа түсіп қалатын-ды. Өмірбақи өнеріне ғашық болған, жаныма жақын тұтқан бір ғана актриса болды. Ол – Рахима Қойшыбаева. Жақсы көрдім. Еліктедім. Асқар Тоқпанов маған «Әлішер Новаида» Энега деген Әлішердің дос әйелін бергенде: « Мынау, Рахия ғой, Рахия Қойшыбаева ғой» дегені бар. Ол өтірік айта алмайтын азамат еді ғой. Соған сондай бақытты сезініп жүрдім. Өйткені, алғаш Алматыға келгенде Рахия апайдың «Менің әкем кім?» деген спектакльдегі рөлін көргенім бар. Содан сол кісіге ғашық болдым. Сосын Әмина Өмірзақованы керемет жақсы көрдім. Кешегі Серағалар, Өмірзақтар, Жантөриндер, Шолпан кеткен соң, Фарида кеткен соң, Зәмзәгүл апайдың өзі анда-санда төбе көрсеткені болмаса, келмейді. Сендер жассыңдар, баяғыда Раушан Әуезбаева деген актриса болған, о, шіркін дүние-ай, өмірден бір атақ ала алмай кетті, солар кеткен соң, Ыдырыс аға кеткен соң, Тоқпанов кеткен соң, театр ұсақталып кеткендей көрінеді маған. Бұл менің жеке пікірім, аяқ-қолым сау, денсаулығым мықты, дәл қазір қандай рөл берсе де алып шығар едім. Бірақ амал не, ондай мүмкіндік жоқ. Ашпын, бүгінде өнерге ашпын… Мені ұстап тұрған – кино. Францияның мықты Шлендер деген режиссерінің бір киносына түстім. «Оскар» сыйлығының лауреаты. Шалқып ойнадым. Экрандағы еркіндік дегенді жаныммен сезіндім. Германияның Кельмер деген талантты режиссерінің бір киносына шақырылдым. Көрсетіле басталды. Ресейдің бірнеше киносында қобызбен шықтым. Ал сахнада жоқпын. Болат Атабаевтың көптеген шығармаларында ойнадым. Режиссер ретінде керемет азамат. Оның жолында да көптеген тосқауылдар болды. Кетіп тынды. Шаршамайтын, ешкімді алаламайтын адами қасиеттерін сыйлаймын. Одан кейін қобызды сахнада алғаш рет Асанәлі Әшімов «Амангелдіні» қойғанда пайдаланды. Өнердің майын тамыздым дегендердің көбі қобыздың қадір-қасиетін әлі күнге сезіне алмай келеді. Ал қазақ театрының сахнасын қобызсыз, домбырасыз көзге елестетіп көріңізші?! – Әңгімемізді киноға қарай бұрсақ. Бұқаралық ақпарат құралдарында қызу пікір талас тудырған «Келінде» сіз ене болдыңыз? Өнерге «мылқау» көзбен қарадыңыз… – Бұл қазақ өнерінде бұрын-соңды болмаған мылқау кинолента. Көз алдыңда өтіп жатқан оқиғаларға тек көзбен, жүрекпен қарап, қабылдайсың. Болат Атабаевтың «Шағала» спектаклінде екі сағат бойы үнсіз ойнап шықтым. Сахнада үнсіз отырып жан-дүниемдегі болып жатқан оқиғаларды сырттағы көрермендермен үнсіз ғана сырласамын. Әр орнымнан тұрған эпизодта халықтың қол шапалақтап құрмет көрсеткені үлкен түсінушілік емей немене?! Сондықтан ол қасиет менің бойымда ертеректе болды. Әр актердің көтеретін жүгі болуы керек екенін жан-жүрегіммен сезінсем де, өзімде соншалықты ауыр жүктің барын сезбеппін. Сөзбен жеткізе алмайтын иірімдерін жүректен жүрекке жеткіздім деп ойлаймын. Әрине, қоғамдық пікірмен санаспауға болмас. Дегенмен, адами қоғамнан алыс, пәндәуи пиғылдардан ада, шабандық айла-тәсілдердің заманы – VII-VIII ғасырдағы тірлік қой. Бұл жерде жезөкшелік, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі арсыздық, ұятсыздық көзқарас түкке де қажет емес. Яғни, ислам дәуіріне дейінгі кезең. Егер фильмнің басынан көрген болсаңыздар «Алтай, біздің дәуіріміздің II ғасыры» деген жазуы бар. Киноның режиссері Ермек Тұрсынов өте талантты бала. Аңшымен кемпірдің тайталасатын тұсы бар. Сонда «сен менімен тайталасатындай кім едің» дегенді көз жанарымен, сұсты жүзімен білдіреді. Осы тұсты ұстап қалған Ермек: «Апа, қазақша, түрікше демей-ақ, осы тұсты үнсіз жасау керек сияқты» деген пікірінен соң, киномыз түгелдей сөзсіз, тілсіз, ымырамен берілді. Менің ғана емес, бүкіл артистердің қабілеті жетті, төзімі жетті. Бұл – ұрпақ мәселесімен тығыз байланысты. Ененің бүкіл арманы ұрпақ өлтірмеу ғана. Бақташы өлгеннен кейін қаршадай балаға телуі, немесе аңшының әрекеті, бәрі айналып келгенде бір шарананы аңсаудан туып жатқан оқиғалар. Жалпы, «Келіндегі» келінді жезөкше көрудің керегі жоқ. Ол сол замандағы әрбір әйелдің басынан өткен уақиға. Өзі сүйген аңшы жігітімен бақытты ғұмыр кешуге мүмкіндігі болмаған. Біреулер қазақтың салт-дәстүріне жат қылықтарды суреттеген масқара фильм десе де, бұл менің жаныма жақын кейіпкер болды. Жанымды салып ойнағаным да сондықтан болар, мен де бір перзентке зар болып жүріп, жалғыз тұяққа әрең жеткем… Тұрахан апай әлдене есіне түскендей орнынан жылдам тұрды да есікке беттеді. Біз осынау шүйкедей ғана сары кемпірдің соңынан қарап ойға баттық. Мәселе, ол дүниенің жағымды-жағымсыздығында емес, жаныңды жаралар ауыр да ыңғайсыз қимылдарды тілсіз, ыммен қалай ғана жарылып кетпей бейнеледі екен. Бұл кісінің де тағдырдан ала алмаған сыбағасы болды ғой деген бір ойлардың жетегінде отырғанда актрисаның өзі де қайта кірді. – Әлгінде жалғыз тұяқ дедім ғой, жалғыз құлыным Азаматым таңғы асын ішпей кетіп қалды ма деп шықсам, көлігін шұқылап жатыр екен, – деді болар-болмас жымиып. Өнерде де, өмірде де тағдырым оңай болмады. Қазақ азаматтарының түбіне жеткен маскүнемдік бір кездері біздің де отбасымыздың ойранын шығарған. Сол күйіктен ұлым Жомартты жоғалттым да, біраз жылдар жалғыздықтан жапа шектім. Сөйтіп, бір кешіріп, бір өкпелеп жүргенде тағдыр маған осы бір жапырақ шарананы тарту етті. Соның қабағына кірбің түспесін деген ниетпен ғұмыр кешіп келемін, қарағым, – деген діріл аралас үні тамағынан жас аралас ырғақпен шыққандай болды бізге. – Жаныма жақындығы бар дегеніңіз сондықтан екен ғой… – Қоғамдық пікір әртүрлі болғанмен, дүниежүзі өнер сыншыларының көзқарасы бірдей екенін де жасыруға болмайды. Өйткені, осы фильм 14 мемлекетте көрсетілді. Қаншама кинофестивальдеріне қатысты. 400 кинодан 40 киноға өттік те, одан тоғыз фильмге түстік. Одан бестікке өтейін деп тұрғанда осындай жаңсақ пікірлердің кесірінен,тіпті «Оскар» сыйлығына ұсынылып барып, табалдырығынан қайттық. Өйткені, сол тұста Қанат Саудабаев бастаған делегация сонда жүрді. Мен ойлаймын, осылардан бір шикілік шықты ма деп. Өйткені, осы рөлім үшін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанымда мені хатшы Саудабаев тізімнен сызып тастапты. Шындықты айтпасам тұра алмайтын мінезім бар, оны бір кездескенде өзіне де айтқанмын. Дегенмен, бұл фильммен талай елге жолым түсті. Сонда байқағаным, американдықтар болсын, Канада, Солтүстік Корея жұртшылығы болсын өте жақсы қабылдады. Жүздесулерде «бұл біздің де тарихымызға, тағдырымызға жақын екен» деген пікірлерді жиі естідік. Басқасын айтпағанның өзінде әмеңгерліктің тұсауынан шыға алмай қалған шығыс халқының қаншама арулары жайлы аңыз-дастандар бар. Ал осы аңыздарыңыздың өзі болған оқиға, нанымды тағдырлар. Сол сияқты «Келіннің» де бір замандарда күні оңынан туып, жақсы жақтары да айтылар. Ол өлмейтін туынды. Ондағы ене – Ұмай ана. Ол аспанға табынған, Бөрі анаға табынған. Кімнен болса одан болсын, бірақ ұрпақ керек. Бақсылық дәуірдің көрінісі, аңшыны жүздеген жылдар жатқан таудағы қалың қардың астында өлтіруі, одан кейін қатал ене келінін де өлтірейін деп жатқанда құрсағындағының бүлк ете қалғанын көріп, райынан қайтатыны… Халықтық тәрбиеден де жоғары тұрған ұрпақ мәселесі деп қабылдау керек. Көкке, отқа табынған, қолдан жасап алған кеш келген нәрсеге табынған заманда қайдағы жезөкшелік, дін атаулының жоқ кезі. Сондықтан да осындай көзқараспен қарау қажет. – Тұрахан апай, күй сандықта ойнап, қобыз тартады екенсіз… – Қобыздың атасы – Қорқыт жарықтық қой. Бұрын әуелетіп ән салғаныммен, осы бір қасиет бертін қонды маған. Содан бері жалғыз мұңдасым, сырласым болды. Көңіл күйдің ауанын өзгертетін де осы қобызым. Бірде құлағыма мұңлы бір әуенмен бірге «ұста қолыңа, тарт қобызды» деген үн келді. Таңқалып ояндым. Содан бір ой маза бермей жүрді де, ақыры қолыма қобыз ұстадым ғой. Сейілхан Құсанов деген сазгердің жұбайы Раушан Нұрпейісова деген ұстазыма айттым. «Әй, сен елуге келдің ғой, қайдағы оқу» деп әбден күлсін. Бетімнен қайтпадым. Содан қобызшы бір қызды қосып Ахмет Жұбановтың вальсін прима қобызбен үйретті. Содан емтихан тапсырғанда консерваторияның Мұхитов деген профессоры таң қалып, басын шайқады. Сөйтіп, елуден асқанда Чайковский атындағы музыка училищесіне түсіп, он алты бала түсіп едік, домбырадан біреу, ал қобыз класын мен ғана бітіріп шықтым. Қылқобыз, прима қобыз және нарқобыз деген түрлері бар. Менің қолымдағы нарқобыз. Қазір Қорқыттың еш жерде орындалмаған «Тәңір» күйін нотаға түсіріп жатырмын. «Өлмейтін өнер» деген пьеса жаздым, қаражат қолбайлау болып жатып қалды. Қайда барса Қорқыттың көрі деген аңызда ажалдан қашып жүрген Қорқытты ұстазы Арыстан-баб : « Қайт, Сырға қайт, қобызыңды тарт!» . Сонда қобызын тартқанда артынан қуған ажал да, қорқыныш та ғайып болып: «Е,е, бұл өмірде тек өнер ғана өлмейді екен ғой» деп мойындаған күй атасы Қорқыт жайлы әңгіме әлі күнге ел арасында жиі айтылады. Сол сияқты менің де сүйенерім – Азаматым болса, тірегім нарқобызым. Бұл екеуінсіз ғұмырымды елестете алмаймын… Иә, Тұрахан апайдың әңгімесі біздің де көңілімізге талай ой салды. Өнердің құдіреті, әсіресе қазақтың қоңыр домбырасы мен сырлы да мұңлы қобызы ел тарихынан талай-талай аңыз-жырларды ғасырлардан ғасырға жеткізіп келе жатқаны, тұтас қазақ халқының тарихымен бірге жасап келе жатқаны да сондықтан болар деп түйдік. Біз әуезді бір әңгіменің әсерінен актриса апамыздың басқа да адам психологиясын, психикасын зерттеп келе жатқаны, халқымыздың қанында бар бақсылық, яғни тәуіптік-емшілік қасиеті жайлы әңгімені кейінге қалдыруды жөн санадық. Газеттің фототілшісі Еркін екеуміз жаяулатып Алматы-Талғар күрежолының бойына жеткенде аппақ қар қайта ұшқындай бастады…
16.02.2012
Әңгiмелескен
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ