ХАЛЫҚТАН ҚАШҚАҚТАҒАН МИНИСТР ХАНЫМ

ХАЛЫҚТАН ҚАШҚАҚТАҒАН МИНИСТР ХАНЫМ

ХАЛЫҚТАН  ҚАШҚАҚТАҒАН МИНИСТР ХАНЫМ
ашық дереккөзі
258

Денсаулық сақтау саласы әлi күнге оңала қойған жоқ. Бұл сөзiмiздi түрлi мысалмен дәлелдеуге негiз бар. Бiз солардың ең бастыларына ғана тоқталуды жөн көрiп отырмыз. Бәрiмiзге белгiлi, елiмiздiң денсаулық сақтау саласын оңалту үшiн алғашқыда «Салауатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданған едi. Неге екенi белгiсiз, бұл бағдарлама өз нәтижесiне қол жеткiзбей жатып, келесi бiр жаңа «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының тұсауы кесiлдi.

Осы екі бағдарламаның атауында тек бір ғана әріп ауысып отыр. Ал бағдарламаның мақсаты мен міндеті бір. Дегенмен оған бөлінген қаржы қомақты. Өткен жылдың 11 айында республикалық бюджеттен 638, 5 млрд. теңге бөлінсе, биыл 732 млрд. 300 млн. теңгеге көбейеді деп болжанған. Осы аптада 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асқанына бір жыл толуына орай Парламент мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова есеп берді. Оның сөзіне сенсек, соңғы бір жыл ішінде ана мен бала өлімі 1,5 есеге, ал жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 20 пайызға төмендепті. Тіпті, министр ханым «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында өмір сүру ұзақтығы 68,4 жасқа жетті деп ағынан жарылды да. Шынымен, бұл іске қосылғанына небәрі бір жыл толған бағдарламаның нәтижесі ме? Не десек те, қашан да қарапайым халықпен жақындығы байқала бермейтін министр ханымның бұл сөзіне сенгіміз келгені рас.

Жаңадан жасақталған парламентке есеп беруге келген Денсаулық сақтау министрі қазіргі кезде ауру-сырқаудың көбі денсаулыққа күтіммен қарай алмауымыздың салдарынан өршіп отыр дегенді білдірді. Оның айтуынша, ел халқының басым бөлігі спортпен айналыспайды, есесіне 4 млн. адам темекіге әуес. «Біздің ауруды асқындырып барып, дәрігердің көмегіне жүгінетін әдетіміз қалмаған. Мәселен алғашқы кезеңдегі сүт безі ісігін емдеуге 120 мың теңге жұмсалатын болса, ал асқынған жағдайда оған 27 млн. теңге қажет» екендігін баса айтты.

Алайда министр ханым елімізде ана мен бала өлімі азайды деп жүрек жылытқанмен, жақында ғана Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың ана мен бала өліміне қатысты нақты себептерді анықтауды тапсыруы бекер емес. Ол құзырлы мекемеге бұл мәселені шешуге жарты жыл уақыт берген болатын. Оның үстіне қазір онкологиялық ауру да белең алған. Бүгінде елімізде 140 мыңнан аса науқас тіркеуде тұр. Бұл дерттен жыл сайын 12 мың адам көз жұмады екен. Тіпті мамандар жуық арада еліміздің әрбір бесінші тұрғыны онкологиялық ісік ауруына шалдығады деген болжам жасауда. Күресуді қажет ететін тағы бір мәселе – құрт ауруы. Айта кетерлігі сол, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты амнистиямен бостандыққа шыққандардың арасында туберкулезге шалдықққандар көп екен. Сондықтан мұндай азаматтарды дереу тіркеуге алып, жабық мекемелерде емдеу қажет. Денсаулық сақтау министрлігі індеттің таралуын 9, ал өлім-жітімді 23 пайызға азайттық десе де, мәселенің екінші жағына үңілмеген сияқты. Сондай-ақ Парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева өз баяндамасында медицина қызметкерлерінің әлі күнге науқаспен дөрекі қарым-қатынас жасайтындығын және олардың дәрігер мамандығының атына кір келтіріп жатқандығын жеткізді. Депутат мұнымен қоса алғашқы көмек ұсынатын медицина қызметкерлерінің аздығын тілге тиек етіп, оған жалақының төмендігі себеп екендігін айтты. Шынында да, былтырғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстан медицинасына 5,5 мың дәрігер-маман жетіспеген. Біз осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың атына сауалдар жібергенімізде, алған жауабымызға қанағаттанған жоқпыз. Өйткені министр ханым сандық көрсеткішті тізіп шыққан. Мәселен министр ханым: «2005-2010 жылдар аралығында 1350 қазақстандық маман басым мамандықтар бойынша (акушериялық-гинекологиялық, педиатриялық, кардиохирургиялық және кардиологиялық бейіндер, денсаулық сақтау менеджменті, ультрадыбыстық диагностика, қан қызметі, зертхана ісі, экстракорпоральдық ұрықтандыру, рентгенология және компьютерлік томография, клиникалық трансфузиология, анестезиология және реаниматология, гепатология, неонаталдық хирургия, онкогематология және басқалары) АҚШ, Австрия, Германия, Сингапур, Израиль, Литва, Ресей, Белоруссияның алдыңғы қатарлы клиникалары мен университеттерінде біліктілікті арттырудан және қайта даярлаудан өтті. Шетелде оқытылған мамандар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарда, ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүр» депті. Алайда шетелден білім алып келген дәрігерлер мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жүр ме? Қазір біліктілігі жоғары дәрігердің көбі жекеменшік мекемелерде, яғни ақша көп төлейтін орындарда.

Екіншіден, аталмыш министрлік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жүктелген міндетті дұрыс орындады деп айтуға ертелеу сияқты. Қазіргі кезде аурухананың 59-ы ғана пайдалануға тапсырылса, 31-і әлі құрылысын бастамаған да. Ал 13 аурухана құрылыс жұмысын аяқтамаған. Негізінде 2012 жылы нақтыланған бюджет бойынша 9 нысан салыну керек боп шешілген. Бірақ неге екені белгісіз, министрлік оның үшеуін қысқартып жіберіпті. Соны есепке алғанда, бүгінде бас-аяғы 18 аурухананың құрылыс жұмысы басталмай тұр.

Сонымен, денсаулық сақтау саласына сын мен ескерту көп. Тіпті, министр ханымның өзі халыққа етене жақын болудан қашқақтап жүретін секілді. Елді аралап, халықтың жағдайына қанығып жүрген кезін көп байқай бермейміз. Ал осы салада қандай да бір даулы мәселе болса, үнемі орынбасары Ерік Байжүнісовтің төбесі көрінеді. Неге? Оның үстіне министр Салидат Қайырбекова бұған дейін қазақ тілінде бір тұщымды әңгіме айтпаған сияқты. Тек орыс тілінде тіл табысқанды қалайтыны аңғарылады. Әлде министр ханым мемлекеттік тілге де қырын қарай ма?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары