ЗАҢ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI?
ЗАҢ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI?
17 ақпанда Әдiлет министрлiгiнде өткен алқа мәжiлiсiнде депутаттар Қазақстан заңдарының орыс тiлiнде дайындалып, мемлекеттiк тiлге аударылатыны көптеген келеңсiздiктердi тудырып отырғанын сөз еткен болатын. Ал сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесi және құқық қорғау органдары комитетiнiң төрағасы Серiк Ақылбай да заң жобаларының барлығы орыс тiлiнде талқыланатынын және екi тiлдегi мәтiнде қателердiң өрiп жүргендiгiн айтып қынжылған едi.
– Заң жобалары сонау тұжырымдамасынан бастап, мемлекеттік тілде әзірленетін кез жетті. Мен Әділет министрлігінің заң шығарушылық қызмет жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшесі екендігіме өкінемін! Барлық тұжырымдамалардың орыс тілінде талқыланатындығына куә болып жүргенім. Бірде-бір заң жобасы мемлекеттік тілде талқыланған емес! Тіпті, ұят нәрсе, – деді сенатор Серік Ақылбай.
Ол Жоғарғы палата сарапшыларының таяуда қабылданған заңдардың бірінің бастапқы жобасының қазақша нұсқасының заңдық нормалардың мағынасын бұрмалайтын 40-тан астам тұсын әшкерелегенін көлденең тартты.
Жоғары палатадағы әріптесін құптаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Р.Мұқашев Әділет министрі Берік Имашевқа заң жобаларын қазақша дайындайтын кезеңнің жеткендігін қадап айтты.
– Біз Әділет министрлігінің басшылығынан заң жобаларына бірыңғай келу мәселесін шешуді қатты сұраймыз! Өйткені Парламентке енгізілетін барлық заң жобалары үшін бірыңғай қазақ тілі болуы қажет. Сонда біздің құрметті ортодокстар, біздің құрметті қазақ тілінің білгірлері заңдық нормаларды өз қалауларынша түсіндірмейтін болады, – деді ол.
Жалпы, заңдардың мемлекеттік тілде қабылдануы, талқылануы, дайындалуы жайлы проблеманың сөз болғанына 20 жыл болды. «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырықтың» кебін кигеннен өзге алға ілгерілеушілік байқалмайды. Сөз жүзінде бәрі тамаша! Ал шынайы өмірде ше? Заң жобаларының екі тілдегі нұсқасындағы сәйкессіздік жайында бұған дейін де жоғары мінберлерде сөз болғаны айқын. 2011 жылдың жазында Кәрім Мәсімов депутаттардың осыған қатысты шағымдарын тыңдай келе, заңдардың екі тілдегі нұсқаларының өзара сәйкестігі, дәлдігі мәселесін шешу жөнінде сол кездегі Әділет министрі Рашид Түсіпбековке тапсырма берген болатын. Осыған орай болу керек Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту және аударма басқармасының 2011 жылғы есебі бойынша «Заңға және Бағдарламаға сәйкес ҚР Әділет министрінің 2005 жылғы 31 наурыздағы № 99 «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің, комитеттерінің, аумақтық органдары мен ведомстволық бағынышты ұйымдарының іс қағаздарын мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшіру кестесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес әділет органдары жүйесінің іс қағаздарын жүргізу толығымен мемлекеттік тілге көшірілді. Ал Министрліктің орталық аппараты ҚР Әділет министрінің «Мемлекеттік тілдің кейбір мәселелері туралы» 2006 жылғы 29 желтоқсандағы №343 бұйрығына сәйкес 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшірді. Сондықтан Әділет министрлігінде заң жобалары мемлекеттік тілде дайындалады» делінген. Бірақ өкінішке қарай, мұндай әдемі ертегінің тек сөз жүзінде ғана шындыққа жанасатындығы жайында ешкім білмейді.
Сонымен қатар, аталған есепте заң жобаларының да екі тілде дайындала бастағаны айтылады. Көз жүгіртіп қарасақ: «Министрліктің орталық аппараты «Мемлекеттік тілдің кейбір мәселелері туралы» 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 343 бұйрыққа сәйкес 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап іс қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшірілгендіктен Әділет министрлігінде заң жобалары мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады.
Жалпы, заң жобалары министрлікте бұған дейін де мемлекеттік тілде дайындалғанын атап өткен жөн.
Айталық, 2005-2006 жылдары 2 заң жобасы қазақ тілінде әзірленді:
1) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
2) «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы».
2007 жылы келесі 7 заң жобасы мемлекеттік тілде дайындалды:
1) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне авторлық құқық және сабақтас құқықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
3) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім және дін бостандығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
4) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
5) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
6) «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
7) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Қарап отырсаңыз, Әділет министрлігі қазақша дайындадық деген заң жобаларының ішінен тек «Жергілікті өзін-өзі басқару» туралы заңнан өзгесінің барлығына, толықтырулар мен өзгертулер енгізу болған. Демек заңдардың өздері қазақша дайындалмаған. Есеп 2011 жылы жасалып, 2010 жылға дейінгі ахуалды сипаттағанын ескерсек, мемлекеттік тілде дайындалған заң жобалары тек қана 9, оның сегізі толықтырулар мен өзгертулер. Яғни қазақ тілінде заңдар жазылып жатыр деуге келмейді.
Әрі «мемлекеттік және орыс тілдерінде» дегенге назар аударсақ, заңдар әуелі орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылатындығын көп жағдайда ұмытып кетеміз. Сылтауымыз – мемлекеттік тілдегі терминдер әлі қалыптасқан жоқ, біріздендірілмеді, мемлекеттік тілде жазатын сауатты заңгерлеріміз жоқ, т.т. Жиырма жылда мемлекеттік тілді еркін меңгерген сауатты заңгер дайындай алмасақ, әлі күнге дейін заң терминдерін бірізге түсіре алмасақ, 2020 жылы бүкіл қазақстандықтар қазақша сөйлейтін болады деп, Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдағанмен, одан түсер пайда не? Тағы да дүрлігіп, «біз асығыс шешім қабылдап қойыппыз, тіл үйренуді тағы он жылға шегерейік» дерміз осы түрімізбен. Соттар істің қай тілде жүргізілгеніне қарамастан, заң баптарының, құжат-шарттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармалары бір-бірімен сәйкеспей, әр жаққа тартып не қайшы келіп жатса, орыс тіліндегі нұсқаға басымдық беретін жағдайлар бұған дейін де кездескен, кездесе береді де, бұл біздің заңдарымыздың қайшылығының, мемлекеттің ұлттық проблемаға келгенде жалпақшешейлігі мен жайбасарлығының кесірі. Қазір Әділет министрлігінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша «Заң терминдерін мемлекеттік тілге аудару барысында бірыңғай стандарттарды (заң терминдерінің сөздігі) әзірлеу бойынша жұмыс тобы» құрылған.Аталған жұмыс тобының үйлестіру және жүзеге асыру жұмыстарын Лингвистика орталығы жүргізеді. Ведомствоның жаңа басшысы Берік Имашев: «Менің ойымша, Әділет министрлігінің лингвистикалық орталығына, Мәжіліс пен Сенаттың тиісті бөлімдеріне қандай да бір ортақ саясат түзіп алу қажет сияқты. Мұндай мәселелерді алдымен ведомствоаралық комиссияда пысықтап алған да дұрыс сияқты», – деген ой айтқан аталған алқа отырысында. Жаңа министр Әділет саласындағы мемлекеттік тілдің өріс алуына қандай жағдай жасайтынын уақыт көрсетер.
Есенгүл Кәпқызы