IКЕЙ БАТЫР МӘЗIМҰЛЫ (1911-1939)
IКЕЙ БАТЫР МӘЗIМҰЛЫ (1911-1939)
II Дүниежүзiлiк қанды соғыстың басталуы мен аяқталуының ең бiр сұрапыл кезеңдерi Халхин голда өткен едi. Жапон миллитаристерiмен болған соғысқа жүздеген, мыңдаған қазақ сарбаздары қатысып, самурайлардың сазайын берiп, жат жерде алтын жанын қиды. Сондай ерлердiң бiрi һәм бiрегейi қазақ Мәзiмұлы Iкей едi. Iкейдiң өзгеден ерекшелiгi, ол Моңғолия қарулы күштерi қатарынан болатын. Iкей Мәзiмұлы 1911 жылы Баянөлгей аймағының Бұлғын ауданының Ұлақшын деген жерiнде дүниеге келген. Қобда қаласыннан 1931 жылы мұғалiмдер мектебiн бiтiрiп, 1934 жылы астана Ұланбатыр қаласында әскери мектептi тәмамдап, офицер болып шығады. 1939 жылы Жапония миллитаристерi Моңғолия жерiне Халхин ғол бойында басып кiргенде I.Мәзiмұлы соғысқа Л.Дандар басқарған 6-атты әскер дивизиясының 15-полк командирi ретiнде қатысады. Iкейдiң ерлiктерi «Боевой пост», «За Родину» секiлдi газеттерде жазылады. «Қызыл Ту» орденiмен марапатталады. Ол туралы Кеңес Одағы және Моңғолия әскер басшыларының естелiк жазбалары да мол. 1939 жылы 24 шiлдеде Iкей Мәзiмұлы жаудың қорғаныс шебiн бұзып кiру бұйрығын алады. Осы шайқаста ерлiкпен қаза табады. Оған 1967 жылы «Моңғолия Батыры» атағы берiледi. Оның ескеркiш-бюстiлерi Өлгей қаласы мен Бұлғын ауданы орталығына, Ұланбатырда «Офицерлер сарайы» алдына, Халхин ғол бойына және Iкей атындағы Делүн сұмындық орта мектеп алдына қойылған. Ол шетелдердегi, соның iшiнде Моңғолия қазақтары арасынан шыққан тұңғыш офицер, алғашқы Батыр Қазақ. Соның үшiн де жас ұрпақтың танымдық көзауласын кеңейтуге септiгiн тигiзiп, ата-бабаларының қайда жүрсе де ел мен жерiн қорғауда қаһармандықпен күрескенiн бiлiп, солардың рухымен қуаттансын, айтулы батыр ескерусiз қалмасын деген ниетте осы поэма жазылған едi.
Тыңдаушым, cыр тиегiн ағытайын,
Тағалап жырдың мiнiп Тағытайын.
Қазаққа қорғап өлген Халхин ғолды,
Хас батыр, қайсар ұлын танытайын.
Қолдай гөр, ниетiмдi перуайым,
Сөйлейiн дүлдүл тiлмен ердiң жайын.
Өз ұлы өз жұртына өгей болып,
Жеп жатыр бауырымды сар уайым.
Тұрлаусыз қайла бар ма түсiнiкке,
Тоқтатар тасқын сөздi күшi нүкте.
Тiл тiстеу, кiсiмсiнiп бiлiп тұрып,
Татымас адамшылық, кiсiлiкке.
басы,
Бұл да бiр сарқылмайтын көздiң жасы.
Осы өлке Iкей батыр дүниеге,
Келген жер, кереметтей жердiң тасы.
Бұлғынның жаңа туған төлi қандай,
Көкғолдың жарқыраған көлi қандай.
Тас бұлақ, таза суын татқан адам,
Жүредi өмiр бойы шөлi қанбай.
Бұлғынның белдерiнiң шөбi қандай,
Шөлiнiң бал татыған сөлi қандай?!
Миуа, тамыр дәрi қасиетi,
Тiрiлтiп жiбередi өлi жанды.
Қыналы тасы қандай Ұлақшынның,
Басында арқар, құлжа тұрад шыңның.
Өзiңдi өзiң елеп сыйламасаң,
Бiреудiң артықтығын ұнатсын кiм.
Бұлтты күн қабағыма мұз қатады,
Құдайдың құтты күнi мұң қатады.
Қыналы қызыл тастан шыққан дауыс,
Өмiрiн өткен шақтың тыңдатады.
Тым зерек, Iкей ерек, балаң жастан,
Жұмысқа қаршадайдан араласқан.
Аралап тау мен тасын, сай саласын,
Жақсымен алты жаста амандасқан.
Шарт емес жырға қосу бәрiн тiзiп.
Жазайын бiр ғұмырдың нәрiн сүзiп.
«Болар бала боғынан» дейдi қазақ,
Байқатар жас өмiрден жалғыз үзiк.
…Шәйiне көк жайлауда таппай қатық,
Отырар қара суға тас қайнатып.
Бар едi кiсi келсе қара кемпiр,
Қалатын сараңдықтан тастай қатып.
Қалайда сол кемпiрдi шыдау үшiн,
Жас Iкей сараңдығын сынау үшiн.
Уақта апақ-сапақ кiрiп барды,
Тартып ап шешесiнiң шылауышын.
Бiр адам кiрiп келдi ақсай басып,
Бақсыдай арсыл-гүрсiл, жынын
шашып.
«Iшiнде екi кештiң не пәле?» деп,
Шошыды сараң кемпiр асып-сасып.
«Сайтан ба, дәруiш пе құнжыңдаған,
Қара түс, ақсиған тiс, жүн-жүн табан».
– Әй, қақпас, шығайбай дейд, шын
ба сенi,
Жаныңды шығарайын қазiр, тәмам!
Үзiкке киiз таңдап, бозын жаптың,
Iргеңде мен қыраулап тозып жаттым.
Қаптағы құрт-майыңда үлесiм бар,
Кезiнде, қойың қырқып, қозың бақтым.
Жан едiм шырылдаған ел үшiн мен,
Сазайды тартып жүрмiн сен үшiн мен.
Тарттырып қойды тозақ жалғастың деп,
Сыбайлас жемқорлықпен жең ұшымен.
Iшiнен күбiр-күбiр өнген елiм,
Ана жыл, ана арқанды өрген едiм.
Өсек көп өзiң жайлы о жақта да,
Тiрiлiп, қайта келдiм, өлген едiм.
– Тәйiр-ай, не деп отыр, – кемпiр
састы,
Шәй құйып, құрт, iрiмшiк, етiн асты.
Тамаққа тойған Iкей, шәйге қанып,
Бiртiндеп киiмiн түзеп, бетiн ашты.
Басына талай түскен бұрын шағым,
Жауады жолына ызғар, бұрылса мұң.
Қойнына тықты уыстап iрiмшiктен,
Толтырды қарпып асап жұмыршағын.
Зәресi ұшып кемпiр зыр жүгiрiп,
Алдына иiледi мың бүгiлiп.
Жаздады талып қала пәле емес,
Төрдегi жынды, тентек ұлды көрiп,
Ұмтылды ала салып ақ таяқты.
– Жүгiрмек, сарқыдың, ә, саптаяқты?!
Жондатып салып-салып жiбердi, Iкей,
Қашаған қуған ұшқыр аттай ақты.
Осыны жайған елге халық едi,
Iсiне бала Iкейдiң қанық елi.
«Содан соң сараң кемпiр түзелген» деп,
Ескiрмей ел есiнде қалып едi.
Керейдiң Жәнтекейде Қангелдiсi.
Сол заман Ұлақшында рулы елдiң,
Болыпты Қоша зәңгi ең белдiсi.
Бiр күнi Қоша зәңгi шақырады,
Ал Iкей жiгiттердiң жасырағы.
Жүн жуып Делуiнде Кәмекке ерiп,
Бiр қора жанды жалғыз асырады.
Қарағым, дедi Қоша сырғақ қағып,
Бәйбiше бәйек боп жүр сырдақ салып.
Болса да ұлым жасты өзiңменен,
Секiлдi әлi бала сұңғақ қалып.
Iкей де жалғап отыр арқан ойды,
Қозысын, қойын бақты, қашан тойды?
Алдына үйiп төгiп, құрт, iрiмшiк,
Күп күрең женiт, жарма, талқан қойды.
Ұлымды жiберер ем, бәлкiм жасық,
Ойнайды балалармен әр күн асық.
«Жiнтiктi бiр жiгiттi берсең» дептi,
Келесiң қара танып, сауат ашып.
Уыстап құрт, iрiмшiк салып бердi,
Демейдi Iкей оны нағып бердi.
Өз ұлын алып қалып,
Кедей ұлы
Iкейге «қарғы бауды» тағып бердi.
Кедейдiң жоқ ешкiмге бұратыны.
Осы жер байдың келiп бала Iкейдi,
Малымды бақпадың деп ұратыны.
Үйiне келдi Iкей жаяулатып,
Тыңдайды ана сыбдыр ояу жатып.
Жеткiздi жiбергенiн жаңа оқуға,
Жасырып қуанышын баяулатып.
Бармаққа байқұс несiн елпектедiң,
Тайпа елдiң iшiндегi еркек пе едiң?
Жәнтекей: Ботағара, Секел, Тайлақ,
Қангелдi құрып қап па, тентектерiң?!
Әз ана оған несiн ашынасың?
Кедей деп, демедiң бе, басынасың?!
Бiлiм ап, оқу тоқып оралайын,
Көшiрiп аға сенi қасына алсын.
Белгiлi қайтпайтыны алған беттен,
Мазалап жүретұғын арман көптен.
Хат танып, қара үзiп шықсам дейтiн,
Бұлт құшып, асу асып тарлан көкпен.
Құбылыс бұл Ұлақшын сайындағы,
Бiлмейдi ел жаңа оқудың жайын-дағы.
Қуырып қап түбiнде қалған бидай,
Қу шеше жол азығын дайындады.
Үйiнiң тар болса да керегесi,
Кең сарай көңiлiнiң кенересi.
Әкелген төркiнiнен тайлаққа артып,
Бар едi шешесiнiң кебежесi.
Ұққан соң Бопай шеше байдың iсiн,
Тұрмады бағып, сынап жайдың түсiн.
Шығарып бiр сым, көйлек көктеп тiктi.
Сақтаған қоңыр барқыт, дәйлiмбiсiн.
Арқада қара күрең дорбасы бар,
Қолында талдан таяқ жолдасы бар.
Бетке алып күн батысты қайқайды Iкей,
Бiр уыс қойнында құрт, бойда тұмар.
Күздiң көп бiрге кеттi құсыменен,
Сүйекке бiткен қуат күшiменен.
Көз жасын сүртiп қойып, қолын
бұлғайд,
Шешесi шылауышы ұшыменен.
Қарайып қараша үй қала бердi,
Қараша үй қара жалды бала бердi.
Неше күн iшке бүккен зарын боздап,
Түйгiлеп ана отыр қара жердi.
– Өзiне-өзi ие күтiм тауып,
Ат жалын тартып мiндi, үкiм қауiп,
Қуат бер, жар бола гөр, жаратқаным,
Жолына бердiм бата сүтiм сауып!
Таппады бұл өлкеден басқа амалын,
Бұғауын ерте салды жасқа залым.
Құдайым, хош көргейсiң, бар тiлегiн,
Тiрлiктiң бұзып жармақ тас қамалын!
Ананың аңыраған әлiн бiлiп,
Бопайдың жел әкеттi зарын iлiп,
Шапқылап сайға түстi, қырға шықты,
Бұтақтың Бұлғын бойлап бәрiне iлiп.
Ұстаздың ұқтырғанын миға тоқып.
Жарысып, жаға жыртып жүрмедi бос,
Бiр қойып, бiреулерше, екi шоқып.
Алғыр ол, дене ширақ, ойы анық,
Тұратын қос шырағы оттай жанып.
Бос белбеу балаларды басып озып,
Оқуға жолдама алды Қобда барып.
«Биыл жаз демалысқа бара алмаймын,
Жазылмас жүректегi тарамай мұң.
Тұрғанда жөнi келiп, апатайым,
Орысты қара орман аралаймын.
Тiрлiгiн басқа жұрттың саралайын,
Болды ғой, жаман ұлың санаңа уайым.
Әкем жоқ, ертiп жүрiп ел танытар,
Амандық берсiн, құдай саған ылайым».
«Су iшер аман жүрген, жарқын балам,
Өмiрдiң кесесiнен алтындаған.
Шыдайды, алаң болма, жыртық жүрек,
Жебесi сұм жалғанның зақымдаған.
Бiлмедiм, жер азғанын, ел азғанын,
Бекiту, қиянат қой ер арманын.
Жасыңнан, жатпай-тұрмай, жоқ iздедiң.
Құдайдың маңдайыңа не жазғанын?!
Өмiрдi талай жыршы өрнектеген,
Туу бар, бар да және өлмек деген.
Саналы соның бәрi дүниенi
Келмейтiн екi айналып кермек деген.
Нар баспай жанын жүрер жаман қорып,
Арбатпай алдырмайды заман жорық.
Алланың қолында ғой қылған iсiң,
Қалауын бiле алмайды адам жорып.
Қайтарман, құлыншағым, тiлегiңдi,
Ақ адал, жаратқан ед жүрегiңдi.
Азамат болдың, ұлым, арманың көп,
Жасқамай өсiрiп ем жiгерiңдi».
Батырдың ашылған жоқ астары әлi.
Иiскеп төбесiнен, дейтiн әке:
«Жебесi Iкейiмнiң тас жарады».
Кетедi көңiлдегi қыс жаз болып.
Кешегi кедей ұлы шыға келдi,
Қобданың шаһарынан ұстаз болып.
Жеткенде жиырмасыншы көктемiне,
Күркiреп көк, дүркiреп көк те мiне.
Шерiктi тұңғыш қазақ әскердегi,
Жiбердi офицерлер мектебiне.
Тоқтамай арман шiркiн ала қашып,
Ақ бұлтпен аспандағы араласып.
Жарқырап жұлдызшалар өн бойынан,
Белестен белестерге барады асып.
Офицер Ұланбатыр астанада,
Хантауда Қасиеттi жасқана ма.
Керейттер жайлауында керiледi,
Тула өзен бауырына басқан ана.
Жат жұрттан жас офицер жар таңдайды.
Әукесi қазақ десе салбыраған,
Қалқаның кәрi-жасы жалпаңдайды.
Офицер шендi сары тұңғыш қазақ,
Қызды алды Должин атты тұрмыс
қалап.
Iшкiздi неке қымыз ақ аяқтан,
Төгiлтiп көгiлдiр түс торғын қадақ.
Бұл шындық ел iшiне дабылдады,
Лапылдап жанып барып дамылдады.
– Қай туыс жырғатып ең, тiлiңдi тый,-
деп ана құрақ ұшып қабылдады.
Қалқаға қажет емес қалың малы,
Анасы той да жасап шабылмады.
Шегедей шемен болып бауырына,
Сiңгендi балапанын сағынғаны.
Қазақтың көп едi ғой жарымжаны,
Байлығы, бар дәулетi шағын малы.
Адамы Алтай таудың аса қажыр,
Адамға, Аллаға да шағынбады.
Болдырған Бопай ана жазылмады,
Сор болды маңдайына жазылғаны.
Қаралы көшке ұласты ақырында,
Бар қызық бiр жайлаудың жазындағы.
Азалы тағдыр бар ма адамзаттай,
«Жiберсем, – дедi ме ана алаңдатпай».
Жеткiзем дегенiнде сұмпайы ажал
Жетелеп жүре бердi аялдатпай.
Туған жер талын құшып, тасын сүйiп,
Ата-ана қабырына басын иiп,
Бауырлап Бағы бұлақ суын iшiп
Басты Iкей бара жатқан iшiн күйiп.
Өңменiн көрем десең шеткерi бар.
Қан майдан, Халхин ғолға кетiп барад,
Баласы Қара қазақ шекпенi бар.
Халхин ғол Қалқа өзенi, қайда Алтай,
қалғиды қабырларда сайда жарты ай.
Үрпiнен Үркер жұлдыз сүт сорғалап,
Қан жұтқан қайғы, мұңлы халде Алтай.
Ақ шыңын ай түбiнен бұлт арбаған,
Арлы өзен, асау бұлақ жұта алмаған,
Ағызып қанын судай адамының,
Алтайды үшке бөлiп бұтарлаған.
Осыны есiне алып ойлансын мың,
Ойына кiрiп-шықпай обал сұмның.
Адамын атқа мiнер қырып салды,
Сталин геноцидi Чойбалсанның.
Қырғыннан қалай қалды Iкей аман,
Бiлмеймiз, айтпай қойды иттей заман.
Отанын моңғол жерiн қорғау үшiн,
Қол бастап барады Iкей бiтпей арман.
Полктiң командирi жарқылдаған,
Қолында алмас қылыш жалтылдаған.
Астында ай қасқа ат ойнап басар,
Дүрсiлiн жүрегiнiң жар тыңдаған.
Талайын қайтқанында тобыр бақтың,
Төсiңде топырлаттың, қобыраттың.
Бұл Отан Арғы Құн мен бергi түркi,
Жұрты едi Керей, Найман, Қоңыраттың!
Ескiнiң сайрап жатыр бек сүрлеуi,
Бөтеннiң қолында тұр тек күрмеуi.
Сөйлейдi қазақша Орқын, Тамыр,
Керлiң,
Селеңгi, Бұйра көл мен Көпсукөлi.
Бұл Отан бағзы бабаң алтындаған,
Бұлан қақтап бiтеудей аршылмаған.
Бауырын құм күйдiрсе, үстiрт жайлап,
Байқалға барып тойлап, салқындаған.
Қорғауға осы Отанды аттанды Iкей,
Жау көрсе жай отындай шаттанды Iкей.
Еске алып ауық-ауық ыңылдайды,
Айтатын он бесiнде тәттi әндi Iкей…
… «Басында Жырғылтының қызыл
мия,
Келемiн кер дөненмен жылқы жия.
Қалқатай, келу оңай, кету қиын,
Қалқаның кете алмаймын көңiлiн қия.
Басынан Жырғылтының жылқы жиып,
Астымда ат күрең төбел айдай киiк.
Шыққанда Ұлақшынның жотасына,
Тұратын көкке шiркiн төбем тиiп»….
Қайғының қара уын халқы езедi.
Кiм өлiп, кiм қалады, Құдай бiлед,
Тәнiңнiң жалғандығын жан сезедi.
Iкейдiң айқын болды батырлығы,
Қайтпайтын қандай оқтан батылдығы.
Төсiне соғыс сайын орден қадап,
Паш етiп орыс, моңғол жатыр мұны.
Тамыздың едi түнi ай қараңғы,
Қоршаған ажал оғы айналаңды.
Төбенi азаттауға аттанды Iкей,
Сарқылдап қаны қара қайнағанды.
Әкелген атқа өңгерiп жауын ұрлап,
Сол тұстан тұтқиылда шабуылдап.
Ұрандап таң бiлiне кiрдi жауға,
Әр шерiк, бiр самурай қарауыл ап.
Әудем жер, төбе басы, жақындады,
Шайқайды басын бiрақ жарқын бағы.
Алға! деп қолды сiлтеп, өзi ұмтылып,
Полкiне бердi бұйрық артындағы!..
Қою қан сорғалап тұр самайынан,
Түйiр тас табылмады маңайынан.
Қасына жеттi аунап, Дабасерiн:
– Комполк, жараң ауыр таңайын нән.
– Жоқ, – деймiн, – соңғы демiм, оқта мылтық,
Несi бар Отан үшiн түссе тыртық!
Төбенi алсақ бiздiң қолда жеңiс,
Берейiн сұмырайдың бәрiн құртып!
Сәлем де:
Асыл анам,
Асыл жарға,
Алтайға,
Ар Қаңғайға,
Ақындарға!
Дедi де атып тұрып орынынан,
Жаралы арыстанша атылды алға!
Даланың аңызағы заулап өпкен,
Ақ жейде нарттай қанға лаулап бөккен.
Адамды жерден танкi, жаяу әскер,
Ышқынып ұшақтар жүр аулап көктен.
Жан пида самурай да жақындаған,
Жан, арын жәдiгөйлiк зақымдаған.
Ақ ажал әзiрейiл осы болар,
Ал ажал оны-дағы тақымдаған.
Таймайтын табанды ер қандайынан,
Түскен сөз «Отан үшiн» таңдайынан,
Жұлып ап жатқан жерде жарты қолын,
Асатты самурайдың маңдайынан.
Көзiне елестедi туған жерi,
Көбелек қызыл ала қуған жерi.
Шеше тұр келе ғойлап,
Босамады
Сансыз оқ өтсе-дағы буған белi.
… «Басында Жырғылтының қызыл
мия,
Келемiн кер дөненмен жылқы жия.
Қалқатай, келу оңай, кету қиын,
Қалқаның кете алмаймын көңiлiн қия.
Басынан Жырғылтының жылқы жиып,
Астымда ат күрең төбел айдай киiк.
Шыққанда Ұлақшынның жотасына,
Тұратын көкке шiркiн төбем тиiп»…
Қып-қызыл аннан-мұнан қан шашырап,
Адам да, айдаладан аң бақырат.
Келешек келер ұрпақ жауап берер,
Жазылды қанмен көкке қанша сұрақ.
Айта алсақ шын, ақиқат ауада iз көп,
Адаспай айдың үрпiн сауамыз деп.
Жазылған қанмен сұрақ көк аспанға,
Көктеген жерден көк боп жауап iздеп.
***
Көрiнген күн шығыстан таңба сынды.
Төбесiн бауырына басқан Iкей,
Тоныкөк, Күлтегiннiң жалғасындай.
Жанары жасын ойдың жетегiнде,
Моңғолдың Хас батыры есебiнде.
Iкей тұр Халхин ғолда тасқа айналып,
Қоңырат, көне түркi мекенiнде.
Көк түрiк, көне баба мекенiнде,
Бiле ме, оның ұрпақ не екенiн де?!
Қазық боп бiр ұлың тұр,
Байырғы жұрт,
Бiрақ та бүгiн моңғол, шет елiнде.
Осы ұлын Ұлы қазақ бiле ме екен,
Бiлсе де бiлмеген боп жүре ме екен?!
Қарап тұр Халхин ғолдан хас батырың,
«Есiңе алшы бiр», – деп Ұлы мекен!