«Америка бұрышы» ашылды

«Америка бұрышы» ашылды

«Америка бұрышы» ашылды
ашық дереккөзі
565

Мыңдаған отандасқа америкалық мәдениеттен, рухани құндылықтар мен жалпы тыныс-тiршiлiктен хабардар ететiн «америкалық бұрыштар» Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фейрфакс өткен аптада Алматы қаласында Жамбыл атындағы Жастар мен балалар кітапханасындағы «Америка бұрышының» ашылу салтанатына қатысты. Еліміздің бірнеше қалаларынан «Америка бұрыштарын ашу» бағдарламасы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәдени жобаларының шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінде Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Орал, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Шымкенттің облыстық және жасөспірімдер кітапханаларында орналастырылған осындай 11 шағын бұрыш америкалық өмір, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен саяси-экономикалық ахуалынан мағлұмат береді. Басты мақсаты – Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту.

«Америкалық бұрыштарда» жасақталған кітап, журнал, ағылшын тіліндегі бейне және DVD таспалар, деректердің электрондық нұсқасы, тұсаукесер шараларына қажетті құрал-жабдықтар, сонымен қатар интернет келушілерге қашан да тегін қолдану мүмкіндігін ұсынады. Қызығушылық танытқандар үшін тағы бір таптырмас олжа, америкалық бұрыштар әртүрлі бағдарламалар мен шаралар ұйымдастырады. Мәселен студенттер рефераттар мен жаңа жобаларға дайындалса, ұстаздар қауымы осы жерден сабақтар мен сыныптан тыс сабақтарға қажетті жоғары сапалы әдебиеттер мен әдістемелік құралдарды таба алады. Бүгінде АҚШ-тың іргелі жоғары оқу орындарында білім алуды аңсайтын жастарымыз көп. «Америка бұрышы» осындай талантты да асқақ арман жетегіндегі отандық ЖОО студенттері мен мектеп бітірушілерге жөн сілтейді. Бұрыш қызметкерлері оларға тапсырылатын тест сұрақтарын тауып беріп, әр студентпен жеке-жеке дайындық жүргізіледі. Маңыздысы, оқу орындарына қатысты берілетін барлық ақыл-кеңес тегін. Сонымен қатар Қазақстан мектептеріндегі 8,9,10 сынып оқушылары АҚШ мемлекеттік департаменті тарапынан ұйымдастырылатын тәжірибе алмасу бағдарламалары шеңберіндегі байқауларға қатысып, жүлдегер атанғандарға Америка мектептерінде бір жыл білім алуға, америкалық өмірді, ондағы тыныс-тіршілікті көздерімен көруге жағдай жасалған.

«Америка бұрыштарында» елшілік пен кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен АҚШ-ты насихаттау бағытындағы америкалық танымал тұлғалармен, Қазақстанды егжей-тегжейлі зерттеумен айналысатын америкалық сарапшылармен кездесу өткізуге мұрындық болып, америкалық өнер иелерінің туындыларын қазақстандықтар назарына ұсынады. «Америка бұрыштарында» ағылшын тілін үйретпегенмен, белгілі бір тақырыптар төңірегінде ағылшынша пікір таластыратын клуб бар. Сонымен қатар тіл мәселесінде көмек қажет болған жағдайда жәрдемдесетін қызметкер қарастырылған. Бұл орайда Фейрфакс мырза: «Ағылшын тілінде ұйымдастырылатын америкалық фильмдердің тұсаукесер рәсімінен кейін қазақстандықтар фильмнен алған әсерін, түйген ойларын ағылшын тілінде жеткізеді. Бұл – ағылшын тілін үйренуде және тәжірибе жинақтауда көп көмектеседі», – дейді.

Өткен жұмада Жамбыл атындағы кітапханада «Америка бұрышының» ашылу салтанатына қатысқан Алматы қалалық Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Әуезовтің пікірінше, әлем кез келген адам үшін ашық, ал Америкадан келетін кітап-журналдар, жалпы ақпараттық ресурстар АҚШ-тың өмір салты, идеологиясы, мәдениетінен хабардар етеді.

Бүгінгі таңда интернеттің арқасында әлем алақандағыдай ашық әрі тым жақын. Әрі Фейрфакс мырза: «Америка бұрышының маған қатты ұнайтын себебі, келушілерді қашан да ұядай жылы жерде дос пейілмен қарсы алады. Сырт қарағанда, Америкалық бұрыш дегеніңіз – кітаптар мен компьютерлер жинағы. Бірақ адами қарым-қатынас жасауда, пікір алмасуда, кеңесуде оның орны ерекше. Әрине мен секілді аға буын өкілдері үшін кітапханаға өзгеше мән беретін шығармын. Бірақ қолыңызға алған кітапты парақтай отырып, оқып шығу, сөрелерден өзіңе қажетті дүниені іздеу – шынында да бір ғанибет. Кітапханалардағы «Америка бұрыштарына» келсеңіз, сіз саналуан адаммен араласуға мүмкіндігіңіз бар» деді. Негізі америкалық мәдени, рухани құндылықтарды отандастарымызға арнайы «бұрыштарда» кеңінен насихаттап жүргендер – волонтерлер. Олар – жырақта жүрсе де Туған жерге деген сағынышын, Отан алдындағы парызын қазақстандықтарға АҚШ туралы ақпарат беру арқылы өтеуге тырысатындар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары