Қазақ жұлдызнамасы
Қазақ жұлдызнамасы
Төмендегi материалда мынадай сөз бар: «Қазақ ай атаулары туралы, ондағы қателiктер жөнiнде сонау 80-жылдары жазғанымда, «Қазақ әдебиетi» газетi: «Ойбай, Ғылым академиясындағылар пәле шығарады», – деп баспай қойды (Дидахмет Әшiмханұлы куә)».
Дұрыс! Бiрақ ол уақытта «пәле шығаратын» тек Ғылым академиясы ғана емес, газеттiң қазақы таным-түсiнiкке, қазақы бiлiм-бiлiкке қатысты әр сөзiн микроскоппен қарап отыратын басқалар да жеткiлiктi едi. Олардың кiмдер екенiн бүгiнгi аға ұрпақ жақсы бiледi. Шүкiршiлiк, желкемiзден жетi көз кеткен кезде, бұл материал менiң алдыма, мiне, қайта келдi. «Ештен кеш жақсы!».Менің бұрнағы жылдары жарық көрген аспан әлемі, ай атаулары туралы мақалаларыма не бір ғалым, не бір жазушының не оң, не теріс деп пікір айтпағанына қатты налушы едім. Қазақ елінің аспаны ең болмаса бір азаматқа керек болмағаны ма, әлде қазақы түсінікті «жерлеп болдық» па деген ой қатты мазалайтын. Алғаш тіл қатқан Қажығали Мұхамметқалиұлы болды.
Бар екен азамат. Бар екенсің, бауырым. Бар болғанына қуанамын. Аспан әлемі балалық шақтан қызықтыратын еді. Ал мұнымен ерекше шұғылдануым 1962 жылы басталды. «ЕСЕП» партиясын құрды деген айыппен, сотталып кете бердім. Саяси лагерьде 33 жыл отырған Ақмолалық Құнанбай Бейсенұлымен бірге болуға тағдыр жазды. Жасы жетпістен асқан сол ақсақал түнде тысқа шығуға қанша тиым салса да, кесілген ағаш арасынан жасырынып, талай түндерде аспан шырағының өзі білетінін көкейге құйып бақты. Елге келген соң мұндағы ақсақалдардан да мүмкіндігінше жинастырдым. Қазақ-жады мықты халық. Кешегі өткен ақсақалдардың аңыз-жырларды, мыңжылдық тарихты магнитафонға жазып алғандай жатқа айтатынының куәсіміз.Ұлтымыздың ғарыш туралы түсінігі де тап осындай жүйемен ауыздан ауызға беріліп келген. Ал жұлдызшы атаулының күні не болғанына 30-шы жылдар куә. Қазақтың ай атаулары туралы, ондағы қателіктер жөнінде сонау 80-ші жылдары жазғанымда «Қазақ әдебиеті» газеті, «ойбай ғылым академиясындағылар пәле қылады» деп баспай қойды (Дидахмет Әшімханұлы куә) Ай атауларымызда қателік жетерлік. Менің «мемтеркомда» шаруам жоқ. Қателікті елді білмейтіндер,қазақ ұғымын кітаптан ғана іздейтіндер жасайды. Өйткені олар ұлттан алыс. Сәуірді көкек дегеніміз дұрыс шығар деген пікір айтқан екен. Көкек деген атауды мен де білдім. Бірақ… Бірақ Алтайдан Еділге дейін созылып жатқан ұлы даланың оңтүстік өңірінен басқа жерде бұл айда көкек шақырмайды. Жоқ көкекке айдың атын бергеніміз жөн бола қояр ма екен. Бұл айды қыр қазағы «Отамалы» деп те атайды. Сәуірдің 5-6 күндері қыс қайырмасы – бұрқасын, суық өтеді. Осы амалды халық отамалы, яғни оттың (шығатын көктің) амалы деп атаған. Екінші бір дау туғызып жүрген ай атауы еуропаша июнь айы. Мұны «мемтерком» маусым деп бекітіпті. Дұрысы – шілде. Қазақта «40 күн шілде» деген ұғым бар, яғни 40 күн ыстық аптап Шілде аркердің жерге түсуімен тікелей байланысты, Үркер Құралайдың салқыны өтісімен мамыр айының 29-30 күндері жерге түсіп, бір жарым ай бойы аспан әлемінде көрінбей кетеді, мұны білмей Шілдені онан әрі өткізіп жіберіп, келесі айға таға салу ұлттық ұғымымызға жат болдырған аттың ертоқымын жауырыннан сауырына сырғытып ерттеген тәрізді көрініс. Шілде айының соңында (июннің) Ұлы даланың көк майса көрініс реңі де өзгере бастайды. Шөп сарғыш тартқан көрініс берді, сол себептен еуропаның ұғымындағы июль біздіңше халық арасында Сарша атанады. «Мемтеркомның»да, газеттердің де тісі батпай жүрген ай атауы «Үт». Парсы не дейді, онда жұмысымыз жоқ. Тіптен парсы осы атауды түркі жұртынан алды-ау деген ой келеді. Үт кірді – құт кірді дейді қазақ. Сондағы үті не? Осы айда жабықтан, түңліктен, терезеден түсетін күн сәулесінде аппақ тозаң тәрізді ұшқын жүреді. Сол сәуледегі ұшқынды халық үт дейді. Бұл тек осы айда ғана болатын құбылыс. Осы айда аспан әлемінде көрініс беретін Балықтар атты шоқ жұлдыз да тап осындай тізбек, ендеше біз айтып отырған «Үт» – жат жұрттық емес, тап қазақтың Үті. (Ақты – сүт десе, ақ тозаңды – «Үт» деген). Қазан айын ел Ақыраб деп те атайды. Ақыраб атауының араб-парсыдан келгені де белгілі. Бүкіл Шығыс еліне игі әсер еткен мұсылман мәдениеті өмір сүру тәсілі жуықтас қазақ елінің әдет-ғұрып, дүние танымымен араласып, сіңісіп кеткен. Міне содан да болар, кешегі үлкендер Ақыраб атауынан қашпаған, тіпті Қазан айын осылай атап та кеткен. Осы айға байланысты қыстың алты айындағы ауа райының қандай боларын болжаған. «Ақыраптың алты күні» деген де бар. Бұл болжамның қалай жасалатыны туралы кезінде жазғанмын. Қажығали «Қателік кеш те болса түзетілуі тиіс» деген екен. Ұрпағымыз қазақ болсын десек, бізде онан басқа амал жоқ. Қазақы ұғымнан, айырды, айырылып қалуға тырысқан тағы өзіміз. Енді мұны түзер де «өзіміз» болсақ…Көне заман жұлдызшы-есепшілерінен бүгінгі бізге там-тұмдап зорға жеткен есебінің бір түрі тоғыс айлары. Бұрынғы өткен жұлдызшылар өз білгенін хатқа түсірмеді деуге хақымыз жоқ, ХХ ғасырдағы ел шұбырған аумалы-төкпелі заманда сан қазынаның түбірімен құрып кеткені анық. Аштықтан тірі қалып, сан белсендінің қитұрқысынан шошынған халық білгенін ұмытып қалған. Бір тайпа елдің бүгінгі тірі ақсақалдарынан тоғыс айлары туралы сұрағанымызда көбі естімеген, не «қарағым, есте не қалды дейсің» боп, мардымды ештеңе ести алмадық.
Өкіне отырып, халықтың өзі білген,өзі шығарған бұл жүйесін өзіне ұсынуды жөн көрдік. Өмір сүруінің негізгі тәсілі мал бағуда болған көшпелі ел ауа райын күні бұрын болжауды жақсы білген.Осы тұста айдың тууы, оның аспан әлеміндегі орыны,шоқ жұлдыздармен қиылыса өтуі қатты бақылауда болған. Осыдан келіп ай тоғысуы туралы жүйе қалыптасқан. Ай жылдың әр мезгілінде Үркер шоқ жұлдызымен қиылысып өтеді.Аспан әлемінде қозғалған жаңа айдың күн сайын біртіндеп Үркерге қарай жылжып, ақыры «түйісіп» өтетіндей шағын «тоғысу» деп атаған. Ал Үркердің де жұлдызшылардың есебінде алар рөлі өте зор болған. Мысалы жазда өтетін 40 күндік шілде Үркердің Құралай (мамырдың 17-24 арасы) өткеннен кейін жерге кіруінен 10 күннен кейін басталған. Бұл 40 күнде Үркер аспан әлемінде көрінбейді. Шілде ыстығы-Сарша (июль) айының ортасында Үркердің тууымен бітеді. Сол сияқты қыс шілдесі-Сары аяз. Текебұрқыл өткен соң басталып, Үркердің қаңтар айында (27-29 шамасы) төбеден ауған шағымен бітеді. Айдың 5 тоғысуы Наурыз күніне дәл келетіні де тегіннен болмаса керек. Бұл қазақтың көне жұлдызшыларының космостық түсінігінің аса білгірлігін дәлелдей түсетін жағдай Кестеде көрсетілгеніндей, ай тууы біртіндеп ілгері қарай жылжып отырса, ай мен үркердің тоғысуы, керісінше, сағат тілінің бағытымен жүреді. Ертедегі жұлдызшы- есепшілер ауа райын болжағанда тоғыс есебін басшылыққа алып, І- тоғыс мамыр (май) айын бірінші қойған. Әрі қарай жалғаса береді. мамыр қазан сәуір қараша наурыз қыркүйек Үт тамыз қаңтар Сарша (июль) ақпан шілде (июнь) айларымен қабысып, әр айда өтетін күн амалдары жуықтасады. Жыл он екі айда кездесетін амалдар туралы бұрын да жазған едік. Сөз реті келгенде айта кететін бір жағдай, кей оқушыларымыздың тым еуропашыл болғысы келіп, қадым заманнан бері аталып келе жатқан жұлдыздардың қазақша атауын шет тілден сөзбе сөз аударып, әдебиетке кіргізіп жіберді. Соның бірі Үркер шоқжұлдызы Бикеш боп шыға келген. Орысша «Дева» болған соң «Үркер» аузына түспегеннің (не оның білгісі келмеген) қазақшасы солай болыпты. Енді бір шоқжұлдыз Егіздер атына ие бопты. Орысшасы «Близнецы» ғой. Мал баққан қазақ бұл жұлдызды «Қосақ» (кәдімгі сауатын қойды қосақтайтын «қосақ». Жұлдыздардың айқасуы соны көрсетіп тұр) дейтін де, жанындағы ромбы тәрізді жұлдыз тобын «Шетен» атаған. Жұлдызды әлемге сүйсіне білген көшпелі мал баққан қазақ жұлдыз әлемін өз тіршілік ыңғайына қарай атаған. Ең бір қызығы, кей әдебиетте осы «Близнец» жұлдызын «Босаға» деп атап жүр. Бұл қазақта әйтеуір бір жұлдыздың аты «босаға» еді дегеннен шыққан сөз. Иә, «Босаға» жұлдызы бар. Ол жаз жұлдызы шыға, яғни жаз шыға туып қара күздің соңын ала батып, қыс бойы көрінбейтін, шын мәнінде босаға тәрізді сегіз жұлдыз. Ол ең биік көтерілген шағы жаз ортасында оңтүстік көкжиектен маңдайға (зодиак) жетпей, иық тұсында тұрады. Сонымен «Босаға» жұлдызы жаздың кірер босағасы, жазбен келіп, жазбен кететін шоқжұлдыз. Қазақта бөлек туып, бірге батқан үш жұлдыз деген сөз бар. Бұл зодиактан орын алған Үркер, Таразы, Үш Арқар шоқ жұлдыздары. Үркер Саршада (июльде), Таразы – тамызда, Үш Арқар – Қыркүйекте туады да, күз, онан қыс бойы аспан әлемінде бірінен соң бірі тізбектеле ауады. Бұл жұлдыздар майдың алғашқы он күндігінде күн батыс көкжиекте бір қатарға тізіле бастайды. Мұны жұлдыз тоғысуы деп те атайды. Сол шамада (мамырдың 8-10) арасы күн бұзылады.Қыс бойы бірінен соң бірі тізбектелген шоқжұлдыздар енді қатар тізіліп, Құралай өткен соң біржола бірге батады. Зодиактың сол үш жұлдызының біреуінің орысша атауы «Скорпион». Оны біздің білгіштер «Бүйі» деп атай салыпты. Орыстан бұрын да бұл қазақ сол жұлдызды «Үш Арқар» деп тамаша атау тапқан екен. Сонда бұл тілімізді шұбарлаған, өзіміздің әсем танымымызға бүйідей тиген қай «Бүйі». «Қарақұртты» іздесе, оны әдебиетте Вега деп атайды. Ал, Лира шоқжұлдызын «Өрмекші» дейтінін осы күнгінің қайсысы білетініне күмәнім бар. Атауы қазақ таным-нанымына үйлеспей жүрген жұлдыз «Ешкі мүйіз» (козерог). Ешкіні «кебенек» деп сөйлейтін қазақ сиқырлы да сұлу аспан әлеміне ешкінің мүйізін шығара қойды ма екен. Сұлуға сәнді ат таға білген көшпенді «Лақ сүмбіле» деп бір жұлдызға әсем атау бере білген. «Ешкімүйізде» біздің шалағай оқымыстының шығарып жүргені. Ол жұлдыз шоғырын қазақ «Қамбар» деп атаған. Аспан әлемінің сан жұлдызының қазақша атауы болған. Оны сол қалпына келтіру қажет.Қазақтың ақтаңдақ болып қалған тарихының, әдебиетінің, таным-нанымының беттеріне өз бетінше зерттеу жүргізіп, үлес қосқан азаматтарға бүгінде ғылыми атақ беруді мықтап қолға алу керек. Онсыз зерттеу, тану, білу ілгері баспайды. Архивтік қорларды ғана ақтарып, бір қағаздан екіншіге көшіріп, кандидат не доктор болу енді жеткіліксіз. Уақыт зерттеуді күттірмейді. Ол үшін бүгінгі таңда қанша қиын болса да бірен-саран жөн білетін қариялар таусылмай тұрғанда ел арасына шығу ғалымдардың парызы, «Айналайын» дегенді «кругом обхожу» деп жүре бергеніміз енді көшімізге лайықсыз екенін білсек керек.