БАХИЛДЕР – БАЙЛЫҚ КӨЗІ ЕМЕС
БАХИЛДЕР – БАЙЛЫҚ КӨЗІ ЕМЕС
Бахилдердiң арқасында пайда тапқысы келген «бизнесмен» басшыларды денсаулық сақтау министрлiгi тезге салмақ.
Қазір ауруханалар мен емханалардың көпшілігінің кіреберісінде бахилдер салынған арнайы жәшіктер қойылған. Ауырып не туған-туысқандардан көңіл сұрай келгендер сол жәшіктерден бахил сатып алуға міндетті. Бір рет киюге арналған олардың бағалары да әртүрлі. Бергі жағы 30 теңгеден басталатын «шұлғаулардың» құны кей жерлерде 60 теңгеге дейін шарықтайды. Былайша айтқанда, 1 бөлке нанның бағасы. Бүгінде халық та нарыққа қарай бейімделіп алған. Жәшіктен алған бахилді бір рет емес, бірнеше рет киеді. Жуырда Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жетекшісі Ғабидолла Әбдірахымов медицина мекемелерінде адамдарды бахил киюге мәжбүрлеу тұтынушылар құқығын аяққа таптау екендігін айтқан болатын. Оның бұл мәлімдемесі қоғамдық пікір тудырып, депутаттардың аузына сөз салды.
Дүйсенбі күні Мәжіліс депутаттары алдында есеп беруге келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова медициналық мекемелерде бахил кию міндеттелмейтінін жеткізді: «Ауруханалардағы санитарлық-эпидемиологиялық режимді анықтайтын арнайы санитарлық ережелер мен қағидалар бар. Оларды еліміздің бас санитарлық дәрігері бекітеді. Бахилдерді тек қан тапсыру бөлімдері мен реанимациялық бөлімдерде ғана кию міндеттеледі. Қалған жағдайларда жергілікті медициналық мекеме басшыларының ойдан шығарғаны. Барлық облыстық денсаулық сақтау басқармаларына осыған байланысты тапсырма бердім». Министр ханым депутаттар алдында есеп берерден бұрын оның орынбасары Ерік Байжүнісов те бахил мәселесіне байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Емханаларда бахилдер сатқан басшыларды сынға алған ол аяққа «шұлғау орауды» міндеттеген емхана басшыларына бірнеше рет ескерту жасағанын, оларға бахил сатқанша, еденді жиі жууға кеңес бергенін көлденең тартқан. Түсініксізі, сонда вице-министрдің сөзін жерге тастаған «бизнесмен» басшылардың көздегені не? Аурухана мен емханаларға адамдардың еріккеннен не көңіл-көтеру мақсатында бармайтыны анық. Көңілдері онсыз да сынық пенделердің арқасында күн көргісі келген емхана мен аурухана басшылары «басы ауырмастың қасында»-ның керін келтіргені ме? Не десек те, енді «жұмыртқадан жүн қырыққыш» бас дәрігерлер бахилдерін енді аурухана не емханада емес, басқа жерлерде сататын сияқты.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ