АЛЛАҒА МАДАҚ АЙТЫЛҒАН КҮН

АЛЛАҒА МАДАҚ АЙТЫЛҒАН КҮН

АЛЛАҒА МАДАҚ АЙТЫЛҒАН КҮН
ашық дереккөзі
396

Өткен аптада барша мұсылман қауым Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне жиналды. Залда ине шаншар орын жоқ. Сахна төріне мәуліт оқитын қарилар, салауат айтатын Әбу Ханифа медресесі мен қаладағы бірқатар мешіттердің жанындағы сауат ашу курсының шәкірттері жиналған. Мәуліт кешін белгілі сахна мен кино майталманы, үлкен дін жанашыры Тұңғышбай әл-Тарази жүргізді.

Салтанатты мерекені Эйдер қари Хонан Құран оқып, ашты. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) барша қадір-қасиетін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адамзаттың ең ізгісі, ел сарасы десек те, үмбетінің тілеуін тілеген қамқор десек те, жаны жомарт, жер мен көктің ғазизы десек те оның қасиеттерін айтып тауыса алмаспыз. Өйткені Оның (с.ғ.с.) өмірінің әр сәті айдай әлемге теңдессіз үлгі-өнеге екені белгілі. Одан кейін сахнаға көтерілген Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі барша адамзаттың асылы, ең ардақты тұлға – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз жайлы уағыз айтты. – Әр жылы рабиғ әл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың мәулiтiн мерекелеп, Аллаһ тағалаға бізді хазреті Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi етiп жаратқанына шүкір­шілігімізді білдіріп, сүйiктi елшісіне жа­мағат болып салауаттар айтамыз, – деп бастады сөзін Дінбасы. – Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтi (с.ғ.с.) өз ата-анамызды танығандай тануымыз баршамызға міндет. Өйткенi оның бір хадисінде: «Кімде-кім менi өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейiнше иманның кемелдігіне жете алмайсыңдар», – делінген. Алла Тағала оны ғаламдарға рақым нұрын төксін деп арнайы жіберген. Қасиетті Құран кәрімде: «Біз сені барша әлемдерге рахым етіп қана жібердік» деген анық аят бар. Расында да, Алла Тағала басқа адамдарда тек бір бөлшегі ғана болатын жақсы мінез, сипаттарды Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кәміл етіп берген. Мәулітте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ жыр оқу – мерекенің негізгі мәні. Қарилар мен шәкірттер дәстүрлі мәуліт-шәріпті оқыды. Онда Алла елшісінің қадір-қасиеті мадақталып, оған салауат айтылып, сәлем жолданды. Салауат айту сауабы мол іс. Бұдан кейін, жиылған қауымға ҚР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескендір Хасанғалиев өзінің жүрегінен шыққан «Уа, жаратқан!» әнін тебірене шырқады. Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев «Пайғамбарымызға арнауын» жыр жолдарымен жеткізді. Немістің әйгілі ақыны Йоганн Гете: «Біздер, Еуропа жұрты, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазреті Мұхам­медтің (с.ғ.с.) ұлылығының қасында ең төменгі сатыда тұрмыз. Оған ешқандай шүбә жоқ. Бұдан кейін де одан ешкімнің асуы мүмкін емес» деген болатын. Әрбір мұсылман Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үмметі болғанына қанша шаттанса да аз емес. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаевтың құттықтау сөзінің түйіні осыған сайды. Рухани мереке тамаша әнмен әрленді. Белгілі сазгер, ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев Елбасы мәтінін жазған туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы «Сарыарқа» әнін өзіндік шабытпен шырқады. Бұдан кейін сахнаға шыққан «Серілер» тобының «Бір көш кетіп барады» әйгілі толғауының көпке ой салғаны хақ. Соңғы кезде қоғамда, ата-аналар мен перзенттердің арасында түрлі түсініс­пеушіліктердің ұшырасатыны жасырын емес. Өкінішке қарай, ұл-қызының намаз оқып, имандылыққа бет бұруына қарсылық таны­татын әке-шешелер жоқ емес. Мәулітте көпшілік назарына ұсынылған «Шын дос­тық» атты қойылым осы шындықтың бір парасын ашып көрсетті деуге болады. Авторы – Асылбек Әуезханұлы. Рөлдерде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының жас актерлері ойнады. Қойылым режиссері Әубәкір Рахимов. Соңғы күндері діни әндерді өз репер­туарларына қосқан әншілер қатары көбейе түсуде. Солардың бірі, ерлі-зайыпты Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер қос дауыспен шырқаған «Аллаға мадақ» әні көрермендерін жылы сезімге бөлеп, сүйсіндірді. Алла елшісіне деген сүйіспеншілік бол­майынша, ешбір адам кәміл мүмін бола алмайды. «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің кафедра меңгерушісі, теология докторы Алау Әділбайдың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сүйіспеншілік жайлы әңгімесі тың­дар­мандарын бір серпілтті. «Асыл мұра» өнер орталығының актері Кенже Борай «Мүмкіндік» монологын шебер оқығанда көпшілік көзіне жас алды. Әнші әрі дін­танушы Сержанәлі Әлібек «Аллаға мадақ» әнін нақышына келтіре орындады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Дін – насихат» деген. Олай болса асыл дінімізді насихаттауға тек дін мамандары емес, барша мұсылман жамағаты міндетті. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда айтыскер ақындарымыз да Ислам жайлы шұрайлы жырларын айтып жүр. Талантты жас ақын­дар Мұхтар Ниязов пен Жандарбек Бұл­ғақовтың жарты сағаттық айтысынан көп жәйтті көкейге түйді көрермен. Ондағы: – Адам да құмыра сияқты, Ішіне дін кірмесе, жын кіреді, – деген ұтымды жолдарға тыңдарман дуылдата қол соқты. Мәуліт мерекесі бұдан былай да әр мұсылманның жүрегіне жол тауып, жақсы істеріне жетекші боларына сеніміміз кәміл.< br>
Оңғар ӨМIРБЕК, Қазақстанның құрметтi журналисi

Серіктес жаңалықтары