ҚАЗАҚТЫҢ МӘЖИТІ

ҚАЗАҚТЫҢ МӘЖИТІ

ҚАЗАҚТЫҢ МӘЖИТІ
ашық дереккөзі
745

Қазақ кино өнерiнде есiмдерi алтын әрiппен жазылып қалған тұлғалар аз емес. Сол шоқтығы биiк, дара тұлғалардың қатарында төрт алыптың орны ерекше. Олар: Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов және Мәжит Бегалин. Мәжит Бегалиндi бөлектеп алуымыздың себебi жоқ емес. Бүгiнгi әңгiменiң өзегi – қазақ кино өнерiне өлшеусiз үлес қосқан, фильмдерi қазақ киносының Алтын қорына қосылған кинорежиссер Мәжит Бегалин турасында болмақ. Мәжит Бегалинге биыл – 90 жыл. Жуырда өзi режиссер ретiнде қолтаңбасы қалған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы көрнектi кинорежиссер турасында «Суреткер» атты деректi фильмнiң тұсауын кестi. Деректi фильмде Мәжит Бегалиннiң өмiрi, кинодағы қызметi, дүниеге әкелген фильмдерiнiң тарихы баяндалады.

ШЫҒЫСТА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, АЛМАТЫДА ЕРЖЕТТІ Ол ұлттық киноның дамуына сүбелі үлес қосты. Күні кешегі алыптар шоғыры Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевпен бірге классикалық дүниелер жасап, ұрпақ игілігіне қалдырған жан. Болашақ кинорежиссер Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелеңде дүниеге келді. Әкесі Сапарғали екі ұлын ерекше жақсы көрген екен. Хамит пен Мәжит тетелес балалар болса да, бір-бірімен егіз құлындай, айрылмай, бірге өседі. Мінез жағынан Хамитке қарағанда, Мәжит тентектеу болған деседі. Болашақ кинорежиссердің ерекшелігі бала кезден-ақ байқалған екен. Зейін-қабілеті, мінез-құлқы ағасына қарағанда өзгеше болған көрінеді. Режиссер туралы жазылған кейбір естеліктерде, оның кішкентай кезінде құлынды ерекше жақсы көргенін айтады. Жаздыгүні желіде байлаулы тұрған құлындардың қасынан шықпай, жалын тарап, кекілін сипап, ақырында қарындары ашты деп босатып жібереді екен. Талай рет ауылдағы ағайынды қымызсыз қалдырып, таяқ жеген күндері де болыпты. Балалық тентектік, сары даладағы асық ойнаған күндер, қозы-лақ қуалап, құлыншақпен ойнап, еркін ержеткен бала Мәжитке үлкен асуларға жетуіне жол ашып ерекше әсер етсе керек. Әкесі Сапарғали Бегалиннің інісі Әбдікәдір Мәжитті ерекше жақсы көріп, бетінен қақпай өсіреді. Тіпті әке-шешесіне де сөйлетпей қояды екен. Барлық тәттісін Мәжитке беретін болыпты. Тай-құлынның арасындағы сүйкімдісі де кинорежиссерге тиесілі болады. Шығыста дүниеге келген Мәжитке Алматыда жастық шағын өткізуге дәм бұйырыпты. Әкесі 1929-30 жылдары Алматыға біржола көшіп келеді. Әкелері ағайынды екі бала Хамит пен Мәжитті Некрасов атындағы №10 мектепте оқуға береді. Кейінірек, жас дарын №36­ мектепке ауысады. Бауыры туралы айтқан естеліктерінің бірінде Хамит Бегалин былай деп сыр шерткен екен:«Өміріміздің ең бір қызық кезеңі, албырт жастық шақ, алас ұрған балалық осы мектепте өтті. Мектеп ішіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына белсене араласқан Мәжит «Гуси-лебеди» атты музыкалық пьесаға қатысып, домбырада ойнап, сол жылы байқауда бірінші орынға ие болды. Мәжит спортқа да бейім еді. Ол қатыспаған спорттық ойындар кемде-кем: футбол, хоккей, допты хоккей, жеңіл атлетика, т.б. Сол кездегі спорт жарыстарының бірінен де қалмайтын еді. Болып жатқан жаңалықтардың бәріне қатысып, араласқысы келіп тұрушы еді», – дейді. Жастайынан еркіндікті, ерлікті, адалдықты үйреніп өскен бозбала маңайындағы кейбір кемшіліктерге көз жұмып қарай алмайтын да еді. Ол кез келген құбылысқа сәбилік көзбен қарап, өмірге соншалықты ғашық бола білді. Оқуын да тез оқып, мектепті де ертерек бітіруге асығады, Сондықтан да болар, 9 сыныпты бітірген жылы, яғни 1940 жыл Тау-кен институтының дайындық курсына оқуға түсіп кетеді. «ЭКРАННАН ШЫҚҚАН ШЕТЕЛДІҢ АКТЕРІНДЕЙ…» Зұлматты, қиын-қыстау жылдар режиссерді де айналып өтпеді. 1941 жылы фашизммен соғыс басталған тұста, болашақ кинорежиссер Новочеркасскідегі соғыс училищесіне оқуға аттанады. Оны 1942 жылы аяқтап, кіші лейтенант атағын иемденген Мәжит Бегалин Алматыда құрылған 100-бригада құрамында Великие Лукиге майданға аттанған екен. Соғыстан бір қолынан жараланып, елге оралады. Украина майданында оң қолына оқ тиіп, қансырап жатқан жерінен украиндық бір қыз тауып алып, дәрігерге тапсырады. Оң қолы шынтағынан кесіліп, сол аймақта, яғни Змеев хуторында қалады. Жерге көмген деседі. Соғыс жылдары Алматы кино­индус­трияның ошағы болғаны белгілі. Сұрапыл кезеңде Алматыға Мәскеудің Үлкен театры, «Мосфильм» Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты көшіп келді. Сол бір жылдары опера театрының сахнасында Галина Уланова тәрізді атақты өнер жұлдыздарының өнерлеріне Алматы жұртшылығы қанық болған еді. Мәскеудегі атақты кино институты талай дарынға баспалдақ болғаны белгілі. Бұл институтқа түссем деген арман жасөспірім Мәжиттің де көңілінен бір шыққан емес. Әкесін «аға» дейді екен. Бір күні болашақ режиссер әкесінен: – Аға, менің ВГИК-ке түссем деген ойым бар. Бұған қалай қарайсыз? – деп сұрайды. Мәжкен деп еркелететін әкесі ұлын үнемі. «Айналайын, Мәжкен, бұл менің де ойымда жүрген жай еді. Мен сенің мақсатыңды жүзеге асыруыңа қарсы емеспін. Тек көбірек дайындық жүргіз, елден ұят болып қалмасын» деп ақ батасын беретін. Осылайша, Мәжит Бегалин 1943 жылы кинорежиссер болуға белді бекем буып, ВГИК-ке оқуға түседі. Келешек режиссердің бақытына орай, орыстың атақты режиссері Герасимов тап келеді. Дарын иесінің кино саласындағы алғашқы баспалдақтары осылай басталған еді. Ол Герасимовтың класында оқып жүріп, оның ассистенті болып бекітіледі. Герасимовтың қасында жүріп үйренген режиссердің алғашқы түсірген фильмі «Жас гвардия» болған еді. Ол осы фильмді түсіру кезінде көп нәрсені үйренеді. Бұдан кейін Мәжит Бегалин Чаурелидің «Берлиннің күйреуі» атты фильміне, сонымен бірге, Сызғанның «Жамбыл» атты фильмдеріне ассистент болды. Әрі ассистент болып қана қоймай, кішкентай рольдерді де ойнады. Орыстың атақты режиссерлерінің қасында жүріп, тәлім-тәрбие алды, тәжірибе жинақтады. Дүниетанымы кеңейді. Кино өнері оны Бондарчук, Чухрай, Шукшин сияқты майталмандармен табыстырды. Ұлттың тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білмейінше, жақсы фильм түсіруге болмайтынына көзі жеткен болатын. Сондықтан да болар, оның өз алдына «Өмірді білу үшін оқу, іздену қажет. Білім – өмір айнасы, өмір кілті» деп мақсат қойғаны. Мәскеуде жүріп, болашақ режиссер жары Олеся Иванованы кездестіреді. Харьковтен келген дарынды, көрікті украин қызы режиссердің бірден жүрегін жауласа керек. Совет Одағының халық әртісі Инна Макарованың бір естелігінде: «Күнде кешке институтқа түсуге келген үміткерлерге жәрдем көрсететін едік. Сол кездері институттағы қыздар арасында «Институтқа сұр костюмді, әдемі қазақ жігіті келді, өзі майданнан келген офицер екен, режиссерлік факультетке түспекші көрінеді» деген сөз шықты. Алғаш көргенімде, маған ол экраннан жаңа ғана шыққан шет елдің актеріндей әсер етті. Сыпайы, мәдениетті, шығыстың көркем жігіт Олесяның жүрегіне сөнбес от салды. Көңілдері жарасқан Мәжит пен Олеся бірінші курста-ақ үйленіп, отау тікті. Олар менің ең жақын достарым болды. Көріскен сайын жақын туыс­тай, бірімізді біріміз қуана қарсы аламыз. Сол кезде Алматыдан ВГИК-ке алынғандардың қатарында: мен, Олеся, Мәжит, Клара Лучко, Николай Розанцев, Адиба Ширахмедовалар еді. Кейіннен Мәжит Бегалин белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері болды. Олеся көп басты рольдерде ойнамағанымен, экранда өзіне тапсырылған кейіпкерлерін ойдағыдай орындап жүрді» деп жазады. Мәжит пен Олесяның жолын қуып, ВГИК-ті тәмамдаған ұлдары Нартай кино өнеріне қадам басып, алғашқы фильмімен Одаққа таныла бастаған сәтінде қайғылы қазаға ұшырап, қапияда көз жұмады. «ХХ ғасырдың теңіз қарақшылары» атты фильмде басты рольді сомдаған өрімдей жас аңсаған арманына, биік мақсатына жете алған жоқ. Өкініштісі де осы… АЛҒАШҚЫ ФИЛЬМ. «БҰЛ ШҰҒЫЛАДА БОЛҒАН ЕДІ» 1947 жылы кино институтын тәмамдап, Мәжит Бегалин елге оралады. Елге келгеннен кейінгі оның алғашқы қойған фильмі – «Бұл Шұғылада болған еді» деп аталады. Жас режиссердің кинодағы алғашқы қадамын жұртшылық жылы қабылдады. Оның дарынының ерекше екеніне, келешекте оның үлкен кәсіби режиссер болатынына көпшілік бірден сенген еді. Жас режиссердің алғашқы қадамына қолұшын бергендердің бірі – Шәкен Айманов болатын. Шәкендей сара саңлақ Мәжит Бегалиннен қайталанбас режиссер шығатынына еш күмәнданбаса керек. Және оның бұл сенімі ақталды да. Шәкен Аймановпен бірге жүрген кездер жас режиссерге көп нәрсені үйретті. Көп ізденістер жасауына тура келді. Шәкен ағасының юморы да ерекше болатын. Мәжит Бегалин мен Шәкен Айманов туралы жазылған естеліктерде бұл жайында жиі сөз қозғалады. Сондай бір естеліктердің бірі төмендегідей. …«Жамбыл» фильмін түсіріп жатқанбыз, – деді Шәкен. – Қаскелең ауданындағы Қарақыстақ, өзге де жерлерге барып түсіреміз. Режиссері Дзиган, оператор, Большаковтар зай­ыптарымен бірге жүрді. Қой сойып, қымыз са­пырып, алыстан келген қонаққа қалбалаң қағатын қазақ емеспіз бе? Бір күні Большаков: – Шәкен Кенжетаевич, Ленинградқа келгенде мықтап тұрып қонаққа шақырамын! – деп қалды.– Шәке, осы сөзін ұмытпаңыз, – деп екінші режиссер Мәжит Бегалин көзін қысып қойды.… Арада апталар өте бастады. Бір күні кино түсірушілер тобы Ленинградқа келді. Арада біраз күн өтсе де Большаков былқ етпейді. – Шәкен аға, мыналар «Шық бермес Шығайбай-ау» деймін, – деді Мәжит көңілі қалғанын сездіріп. Шәкен үн қатқан жоқ. Тек қайтуға екі күн қалғанда Большаков: – Шәкен Кенжетаевич, Мәжит екеуіңіз қонақ болып кетіңіз, – деді. – Сіздің үйде ғой? – Жоқ, үйде ремонт еді, – деп сырғытпаға салды. – Е, ресторанда шығар онда… – Жоқ, онда да емес. Сіздің бөлмеге жапсарлас номер босайды. Сонда, – деді. Сөйтсек, оның «Астория» мейманханасына іргелес бөлмесі болып шықты. – Сағат кешкі бестен кешікпеңіздер, – деп ескертті Шәкен мен Мәжитке. – Сендер бара беріңдер, мен кештеу келемін, – деді де сырт айналды Шәкен. Мәжиттер айтқан мезгілінде келіп, Боль­шаковтың «шашбауын» көтерісіп, мәре-сәре болып отырған. Большаков сағатына қарап: – Оһо, сағат жеті болып қалды. Шәкен Кенжетаевич әлі жоқ қой, қайда жүр? – деп қалды. – Сізге сыйлық іздеп кеткен болатын, – деді Мәжит қуақылана жымиып. – Қап-ай, бекер әуре болған… – Бір кезде есік тықылдады. Шәкең екен. – Туған күніңізбен, – деп Шәкен қағазға оралған фарфор мүсінді ұсынды. – Бекер әуре болғансың! – деді Большаков. – Е, сен секілді мықтыға құр­­­­қол келген­ бол­мас… Ол­ар­ әзіл-қалжыңдары жарасып, ұзақ отырды да, түн ортасы ауа бөлмелеріне тарасты. Ертеңіне таңертең үй сыпырушы келіп: – Әу, мына жерде тұрған фарфор мүсін қайда? – деді Шәкенге. – Көрші бөлмеден сұраңыз, – деді де, Шә­кен жата берді. Көрші бөлменің қоңырауын шылдырлата кірген әйел ашу шақырып, тумбочканың үстіндегі фарфор мүсінді алды да: – Не деген ұятсызсыз. Мейманхананың дүниесін неге ұрлайсыз? – деді. – Қалай дейсіз, беріңіз, бұл маған қазақтың ірі кинорежиссері әрі актері Шәкен Кенжетаевич сыйлаған сыйлық, – дейді Большаков та оған бадырая қадалып. – Сіз сауатты адамсыз ғой, оқып кө­ріңіз мынаны, – деді үй сыпырушы. Боль­­­шаков жалма-жан фарфорлы мүсінді төң­керіп, тұғыр тұсынан «Астория» мейманханасы» деп бадырайып тұрған жазуларды оқыды да, сылқ етіп орнына отыра кетті. Бұл Шәкеннің бір қалжыңы еді»… ТАҒДЫРЫ ШОҚАННЫҢ ТАҒДЫРЫМЕН ТАМЫРЛАС Мәжит Бегалин туралы жазылған естелік­терде болсын, сыр-сұхбаттарда болсын, оның ең үлкен басты арманы – Шоқанды түсіру болғанын айтады. Институтта оқып жүрген кезінің өзінде ұстазы Сергей Герасимовке бұл туралы айтады. Ұстазы оған Шоқанды түсіру үшін алдымен орыс халқының, сосын, қазақ халқының тарихын жете білуін ескерткен екен. Оны дұрыс түсінген Мәжит күн демей, түн демей ізденуге кіріседі. Қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің естеліктерін естиді. Әкесі Сапарғали да Шоқан туралы жиі естелік айтатын еді. Шоқан образы режиссерді он жыл бойы маза бермеген екен. Көрнекті жазушы Әкім Тарази өнердегі ағасы туралы естеліктерінің бірінде былай деп толғайды: «…Ал енді мен Мәжікеңнің тағы бір фильмін талдап айтып бергім келеді. Ол фильм «Оның заманы келеді әлі» деп аталады. Бұл Шоқан Уәлиханов туралы түсірілген кинотуынды. Сол кезде мынадай фильмді Мәжікең қалай қойды екен деп таңғалдым. Қылышынан қан тамған Ресей патшасы Шоқанды қабылдап: «Иә, жас офицер, не тілегің бар?» дегенде, Шоқан айтады ғой: «Мені толғандырып жүрген қазақ халқының тағдыры. Сол туралы айтсам деп едім» деп. Патша бұрылып, сөзінің аяғын естімей кетіп қалады. Мәжікең, міне, сол эпизодты қалай түсірген деп таңғалам. Мәжікеңнің Шоқаны фильмнің соңында өлмейді ғой… Ауырып жатқан адам: «Атты әкел» дейді. Атқа мініп, шауып кетіп бара жатады. Мұны көрген қазақтың көзіне жас үйірілмеуі мүмкін бе? Осы оқиғаны қалай түсіргенін, мұны «қырағы көздердің» қалай жібергенін түсінбеймін. Сол фильмде Тараз қаласына шабуыл жасайды ғой патша генералы, Шоқанның өз досы. Екі достың арасына сол арада жік түседі… Ал Қ.Жандарбеков ойнаған көтерілісшілердің басшысы қандай сүйкімді адам. Интеллектуал, зия­лы адам. Және патша үкіметінің зеңбірекпен қару­ланған дивизиясына атқа мінген қазақ­тардың шабуылын көрсетеді. Соғыс тәсілін көрсетеді. Жеңілмегенін көрсетеді. Өзінің досына: «Тараз қаласындағы қарусыз халықты қырып жібер­дің, сенімен мен енді дос емеспін» деп теріс айналып кетіп қалатын жері бар Шоқанның. Соны қалай түсірген?! Соны қалай өткізе алды деп ойлаймын. Ал Шоқанның демалысқа елге келгенінде көкпарға қосылып кетіп, «Абылай! Абылай!» деп шабатынын сол кездегі қырағы көздердің қалай өткізіп алғаны тіпті, таң­ғаларлық жай. Мәжікеңнің өзі жұртпен тіл табыса білетін адам еді. Әйтпесе мұндай фильм сол кезде экранға шығуы түгілі сце­нарийдің өтуінің өзі оңай болмайтын. Мәжі­кең­нің өз тағдыры да Шоқанның тағдырын еске түсіретін…» дейді.Мәжит Бегалиннің тағдыры қиын болған туындыларының бірі – «Отқа оранған Орал» екені белгілі. Режиссер бұл фильмді Орал қаласының маңында, Жайық өзенінің жағасында түсірген екен. Орал қаласын ақтардан азат етуге Алашорда атты әскер полкі қатысқан. Қызылдар қаланың екінші жағынан шабуыл жасайды. Сол эпизодтарды көрсетуге тырысады режиссер өз фильмінде. Бірақ фильмдегі Алашорда туралы көрініс киноның тағдырын қиындатып жібереді. Фильмнің әскери кеңесшісі болған генерал да «Алашорда деген пәлені қайдан таптың?» деп дау шығарады да, мәскеудегі басшылыққа арыз жазып жібереді. Сол арыздың кесірінен «Отқа оранған Орал» қоймада отыз жыл жатып қалады. Отыз жылдан кейін «Арман» кино­теат­рының залында «Отқа оранған Оралдың» тұсауы кесіледі. Ғажап түсірілген фильмнің тағдыры отыз жылдан кейін барып шешілді. Отыз жыл… Көрнекті режиссердің бұл фильмінің тағдыры осылай болғаны оның да жанына ауыр батқан болар. Оралды азат ету туралы фильмі дер кезінде көрерменінен бағасын алған болса, онда режиссердің ғұмыр жасы ұзақ болар ма еді, кім білсін?! Режиссердің түсірген әрбір фильмі, оның ішінен шыққан шұбар жыланы сияқты. Фильм­дерге кеткен еңбегі, төккен тері ақталмаған соң, жанына батпағанда қайтсін?! ОЛ – ҚАЗАҚҚА ОРТАҚ ТҰЛҒА Мәжит Бегалин туралы естелік айтқан жандардың бірі, көрнекті өнер иесі, дара саңлақ Кәукен Кенжетайұлы еді. Кәукен Кенжетайұлы өзінің естеліктерінің бәрінде Мәжиттей ағасын ерекше құрмет тұтқанын жасырмайды. Кәукен Кенжетайұлының кинодағы алғашқы қадамын ашқан да Мәжит Бегалин еді. Ол кинорежиссердің «Ел басына күн туса» фильмінде қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының қайталанбас бейнесін сомдады. Оның басқа режиссерлерге ұқсамайтын, тек өзіне сай айшықты қолтаңбасы бар шебер болатын. Бұл ерекшелік оның түсірген барлық кинофильмдеріне тән. Бегалиннің қолтаңбасымен түсірілген фильмдер «Мәншүк туралы ән», «Ел басына күн туса», «Оның уақыты келеді», «Тұлпардың ізі» болатын. Бұл фильмдердің әрқайсысы шоқтығы биік дүниелер. Оның кинолары ғана ерекше болған жоқ, оның киім киісі, жүріс-тұрысының өзі ерекше болған еді. Зиялы отбасында дүниеге келгендіктен болар, оның өн бойы зиялылықтан тұрды дейді көзкөргендер. Оның киім киісінің өзі басқаша болыпты. Заманауи киімдер киіп жүрсе де, оның бір жерінен қазақы оюмен көмкерілген қазақы үлгіні көруге болатын еді. Ол – ең алдымен ұлтын сүйді. Ұлтының болмысын сақтады. Қазақтың қазақы қалпынан айнымаған адам ғана ұлт туралы жақсы фильм түсіре алатыны белгілі. Оның киноларындағы қазақы нышан, қазақы сипат – осының дәлелі. «СУРЕТКЕР» Мәжит Бегалиннің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында, өзі ұзақ жылдар қызмет еткен қарашаңырағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Суреткер» атты деректі фильм түсірді. Деректі фильмнің режиссері Болат Нүсіпбеков. Ол Мәжит Бегалин туралы деректі фильм түсірудің оңай болмағанын айтады. «Фильмді түсіруде қиындықтар болды, өйткені, ол кісіні білетін адамдар о дүниелік болып кетті, ал деректі фильм нақты фактілерге сүйене отырып, оны білетін адамдар арқылы, шындықты көрсете отырып жасалуы қажет. Сондықтан бізге көбіне мұрағат құжаттарын пайдалануға тура келді. Фильмді жасау барысында Мәжит Бегалин кадрде сөйлеп тұрған бір-ақ лентаны Мәскеу мұрағатынан әзер таптық. «Өткенсіз болашақ жоқ» демекші, ондай тұлға жайында әр жиырма жыл сайын жаңа деректі фильм түсіріліп тұру керек», – дейді фильмнің режиссері Болат мырза. Әсіресе, деректі фильм «Отқа оранған Орал» тағдырын нақты көрсетуге тырысқан екен. Белгілі актер, режиссердің көзін көрген Нұржұман Ықтымбаев деректі фильм турасында: «Бұл деген өзінше бір дүние, өзінше бір тарих. Өйткені, Мәжекең тек қана қазақ киносына емес, бүткіл қазақ халқының тарихына ескерткіш жасап кеткен адам. Мына киноның өзін Жүргенов атындағы университетке, жастарға көрсетуіміз қажет. Студенттер, актерлер, операторлар көріп үйренсін, көңілдеріне тоқысын» деген еді. Расында да, біз тарихта қалған, әсіресе қазақ киносының тарихында қолтаңбасы қалған жандар туралы көп біле бермейміз. Білетініміз, тек артында қалған кинолары ғана. Белгілі бір мереке қарсаңында телеарналардан көрсетіліп жатқаны болмаса, оның өзін табу қиын. Режиссер Бегалиннің бір ғана кадр­де қалғанын айтады. Бұл жағдай сол кездегі режиссерлеріміз бен танымал ақын-жазушыларымызға, композиторларға тиесілі өкінішті жайт. Қолдарына камера ұстап, сюжеттің бел ортасында жүрсе де, олардың өздері туралы кадрлер жоқтың қасы. Түсірілген де болуы мүмкін, бірақ сақталып қалмаған. Мұның бәріне кім кінәлі?! БЕГАЛИННІҢ ТОЙЫ – ЖЕТІМ ҚЫЗДЫҢ ТОЙЫНДАЙ БОЛМАСА ЕКЕН Бұл киноны сүйетін, киноның басы-қасында жүрген жандардың тілегі. Қазақ кино өнерінің тарихында қалған төрт аялуы есім, төрт тағанның бірі – Мәжит Бегалиннің есімі көрерменінің жадынан шығып қалмаса екен деген арман, мақсат бұл. Оны өткізу бүгінгі ұрпаққа, бізге сын. Қазақ киносының басында алтын діңгек болып отырған жан Шәкен Айманов болса, одан кейінгісі – Мәжит Бегалин екені белгілі. Ол бар-жоғы елу алты жыл ғұмыр кешті. Киногер ретінде, режиссер ретінде бұл көп ғұмыр емес. Оның жасаған фильмдерінен бөлек, жасасам деген қаншама арманы ішінде кетті. Алла біреуге аз ғұмыр береді, біреуге көп ғұмыр сыйлайды. Мәселе аз-көптікте емес. Мәселе сол бес күндік жалғанда ұлтыңа қызмет ету, ұлтыңның дүниесін алға сүйреу. Осы жағынан келгенде, Мәжит Бегалин қазақ халқына өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың кино өнерінде көшбасшы бола білді. Орыстың білімін алды, орыстың тәлім-тәрбиесін үйренді. Бірақ қазақы сипаттағы, ұлттық бағыттағы қазақ киносын өмірге алып келді. Бауыржанды қаһарман етті, Мәншүктің айбынын асырды, Шоқанды ұлы етті. Бұл режиссер үшін аз дүние емес. Бірақ ең өкініштісі, «Отқа оранған Оралдың» бүгінгі сәтті тағдырына ортақтаса алған жоқ. Іштегі шер-шемен режиссердің өзімен бірге кетті. Қазақтың алашордасын көрсетсем, танытсам деген арманы көзі тірісінде орындалған жоқ. Міне биыл төрт тағанның біріне, Мәжит Бегалинге – 90 жыл толып отыр. Ұлыларды мерейтойларында ғана еске алатын үрдіс пайда болды бізде соңғы кездері. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықовты біз мерейтойларында ғана еске алуымыз қажет пе? Режиссураны оқығысы келген әрбір дарын әуелі осы төртеудің мектебінен тәрбиеленіп шықса, қандай ғажап? Сонда ғана олар ұлттың қадір-қасиетін, қазақтың ұлттық сипатын, салты мен дәстүрін, әдебін ұғынып шығар еді. Сонда ғана бізде шалажансар, жарымжарты фильмдер жарыққа шықпас еді. Саф алтындай дүниелерімен қазақ киносының көш басында тұрған азаматтарымыздың кино түсіру жолы, тағылымы оларды басқаша тәрбиелер ме еді, кім білсін?! Сондықтан біздің бүгінгі буынға төрт тіректің, төрт алтын діңгектің мектебі жетіспей жатыр. Ұлттық деңгейдегі рухани дүниені түсіргендер ғана қазақ кино өнерінің тарихында қалады. Ол қаншалықты асфальтте туылып, Голливудтың білімін еңсергенімен, ұлттың тәрбиесін қанына сіңіре алмаған азамат ұлттық кино түсіре алмайды. Шәкен Аймановтың да, Мәжит Бегалиннің де бойында осы қасиеттер болды. Олар ұлтын сүйді. Ұлтының ән-жырын бойына сіңіріп өсті. Қазақтың дәстүрін жете білді. Қазақтың тарихын, салтын, әдет-ғұрпын жөргегінен таныды. Сол себепті де олар ұлттық кино түсіре білді. Сондықтан да, олардың кинолары әлі күнге өзінің рухын жоғалтқан жоқ. Жүз рет, тіпті мың рет қайталап көрсеңіз де жалықтырмайтын бұл фильмдердің негізінде – ұлт деген дүние жатыр. Олардың бойынан қазақ өзінің табиғи шынайы болмысын тапты. Өзінің шынайы келбетін көрді. Сондықтан да, бізге бұл кісілердің рухани мектебі қымбат, рухани мектебі құнды. Кино өнерін меңгеремін деген талапты жас бұл мектептен өтпейінше, ұлттық дүние жасайды деуге сенім аз. Қазаққа Аймановтың мектебі, Бегалиннің, Қарсақбаев пен Қожықовтың мектебі қажет. Сол мектепте өскен бала ғана қазақ киносына ұлттық дүниені қоса алады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары