ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ МЕМЛЕКЕТТЕР

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ МЕМЛЕКЕТТЕР

ӘЛЕМДЕГІ  ЕҢ БАЙ МЕМЛЕКЕТТЕР
ашық дереккөзі
510

Нұрахмет ҚУАТ

Көмiрсутегi экспортының арқасында халқының әлеуметтiк ахуалын жақсартып алған бай мемлекет – Катар табиғи газдың қызығын көрiп отыр. Ал «қара алтын» мен «көгiлдiр отынға» бай Қазақстан тiзiмнiң соңында тұр.

Америкалық Forbes журналы жан басына шаққандағы кiрiске сүйене отырып, Жер шарындағы ең бай елдердiң тiзiмiн жасады. Басылымның пiкiрiнше, дүние жүзiндегi ең ауқатты ел – Катар. Екiншi орын – Люксембургке, үшiншi орын – Сингапурге бұйырса, алғашқы 15 орынның қалғанын Норвегия, Бруней, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Америка Құрама Штаттары, Гонконг, Швейцария, Нидерландтар, Австралия, Австрия, Ирландия, Канада мен Кувейт өзара бөлiскен.

Парсы шығанағына орналасқан араб­тардың осынау шағын ғана мемлекетiнде жан басына шаққандағы орташа жылдық пайда 88 мың 222 АҚШ долларына тең көрiнедi. Оған себеп, әлемдiк нарықтағы көмiрсутегiлер құнының қымбаттығы. Табиғи газ өндiру жағынан алғанда, бүкiл әлем бойынша үшiншi орынға ие Катар мемлекетке тиесiлi байлықты халықтың игiлiгiне жұмсау арқылы әлеуметтiк ахуалы жоғары елдер қатарында тұр. Катар билiгi әсiресе 2010 жылы халықаралық нарықтағы мұнай мен газ бағасының күтпеген жерден шарықтап кетуiнiң арқасында орасан зор көлемде қор жинап алған. Сонымен қатар экономиканы дербестендiру және шикiзат экспортына тәуелдiлiктен арылу мақсатында Катар үкiметi елдiң инфрақұрылымдық дамуына баса назар аударады. Осының нәтижесiнде катарлық экономикаға сырттан құйылатын инвестиция көлемi күрт көбейген.

Зерттеу жұмыстарына 2010 жылға ар­налған Халықаралық қаржы қоры тарапынан берiлген соңғы ресми деректер негiзге алыныпты. Көрсеткiштердi саралаған экономист мамандар әр елдегi жан басына шаққандағы орташа кiрiстi тұтынушылық қабiлеттiлiкпен бiрге таразыға тартыпты. Зерттеу жұмыстарына Жер шарының 182 мемлекетi қатысқан. Мамандар қауымы зерттеуде салыстырмалы түрдегi өмiр сүру құны мен инфляцияны да ескерген.

Люксембургте адамдардың орташа табысы 81 мың АҚШ доллары болса, Сингапурде – 57 мың АҚШ доллары екен. Ал төртiншi орында тұрған Норвегияның бюджетiн де толтырып отырған – табиғи ресурстар. Бұл елдiң экспортынан түсетiн қаражаттың жартысына жуығы мұнайдан келедi екен. Бiрақ бюджеттiк шығындарды өтеуде Норвегия табиғи газдың да пайдасын көрiп отыр. Әлемдiк нарыққа «қара алтын» мен «көгiлдiр отын» тасымалдау арқылы пайдаға шаш-етектен кенелiп отырған Бруней мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң халқы да ауқаттылар қатарында. Үстiмiздегi жылдың қаңтарында Құ­рама Штаттардағы Brookings Institution институтының мамандары әлемдегi ең бай деген 200 қалаға зерттеу жүргiзiп, арнайы тiзiмiн жасаған болатын. Зерттеулер нәтижесiне сүйенсек, дүние жүзiндегi ең бай қаланың алтауы – АҚШ-та, үшеуi – Еуропада, бiреуi – Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнде. Керiсiнше, ең кедей қалалар Африка мен Азияда (Египет асатанасы Каир, Мумбай мен Александрия) екен. Сонымен, Америкадағы Хартфордта жан басына шаққандағы орташа табыс көлемi 75 086 доллар, Норвегиядағы Ослода – 74 057 доллар, америкалық Сан-Хоседе – 68 141 доллар, арабтардың Абу-Даби қаласында – 63 859 доллар. Одан кейiнгi Бриджпорт (АҚШ), Цюрих (Швейцария), Стокгольм (Швеция), Бос­тон (АҚШ), Сан-Франциско (АҚШ) да бай қалалар тiзiмiнде. Ал Шанхай мен Эр-Рияд, Джидде – ерекше тез қарқынмен өсiп келе жатқан қалалар.

Серіктес жаңалықтары