НАГАСАКИ НАҚЫШТАРЫ

НАГАСАКИ НАҚЫШТАРЫ

НАГАСАКИ НАҚЫШТАРЫ
ашық дереккөзі
216

ТАЙҚАЗАНДАҒЫ ТАҢБААсқар таудағы құт ғибадатханасы Соуфукудзидің ауласында дәу қазан тұр. Будда ғибадатханасының дінбасы Джюджи Сэнгай Тэнва (1681-1683 жылдардағы тарихи кезең) аштық жылдарында осы қазанға ботқа пісіріп, жанандарға салып, елге таратқан. Сан-қилы зұлмат жылдарында осы қазан халықты аштан аман алып қалған деседі. Қазанға 4 коку 2 то (1 коку — 180 литр, 1 то — 18, 039 литр) күріш сыйған. Бүгінгі өлшем бірлікпен есептесек, бір пісіргенде 630 килограмм күріш салынған. Тэнваның аштығында үш мыңнан астам адам осы қазанның арқасында тірі қалыпты.

Қазанның сыртында оның тарихынан хабар беретін жазулар бар. Нагасакидегі Соуфукудзидің ұлы қазаны Күншығыс тарихындағы аса маңызды мұра. Қазақстанның Түркістан шаһарындағы әйгілі Тайқазанның тарихы да көнеден басталатыны белгілі. Бірақ бұл қазан атауын тай етінің мөлшерімен ғана байланыстырған дұрыс емес. Тайқазан деп аталған себебі бұл атаудың аса терең мағыналы таңбаны бейнелеуінен деп түсінеміз. Оокама – ұлы қазан сөзіндегі оо таңбасының тай, дай, ооки, ооини деген бірнеше түрлі оқылуы бар екенін ескерсек, Тайқазанның ұлы мұра екені дәлелденеді.

Жапониядағы Тайқазан тұрған Соуфукудзи ғибадатханасы Мйоу (Мин) өркениетінен жеткен теңдесі жоқ бірегей сәулет туындысы. Сондай-ақ, Тоу (Таң) өркениетінің айшықтары да айқын көрінеді. Ғибадат сарайының Рюгумон, Тоумон (Акамон, Кайтэнмон), Босодоумон қақпалары мен бас сарайы, Гохоудоу павильоны, қоңырау ілінген Шйоукороу павильоны маңызды мәдени нысандар тізіміне алынған. Ғибадатханада қаңтар айының он үшінде, он бесінде, сәуірдің бесінде, наурыздың жиырма үшінде, мамырдың жиырмасында және он үшінде, шілденің жиырма алтысынан жиырма сегізіне дейін ғұрыптық мерекелер өткізіледі.

ШЫҒЫСҚА АШЫЛҒАН ҚАҚПА

Нагасаки атауының тарихына бойласақ, 1571 жылы Таканоура балықшы ауылы маңынан теңіз айлағы ашылып, Нагасаки деген атауға ие болады. Жапонияға Испания, Англия, Голландия, Ресей, Корея, Қытайдан келген шет елдіктер ең алдымен осы қалаға табан тіреген. Еуропалықтар үшін Шығысқа христиан дінін таратуда Нагасаки аймағы тиімді еді. Бұл қала Еуропа үшін Шығысқа ашылған қақпа болды. Сол заманнан жеткен Нагасаки аңыздарының бірінде былай дейді:

Шимахараның Тосуми ауылынан Ундзэнге барар жолда Иварэгоу деген жер бар. Орман ішіндегі бастаудың суы тұп-тұнық, бейнебір жерұйық дерсің.

Бұл жер Чидживадан Солтүстікке қарай өтетін жол ретінде белгілі. Балық сатушылар бұндағы бастауға тоқтап, балықтарын жуады екен.

Бірде бір қыз балық салынған себетін арқалап, Иварэгоудан өтіп бара жатты. Әкесі науқастанып қалған соң қызын жіберген. Ертіп шыққан саудагер ұзап кеткен соң, орман ішінде жалғыз қалған бойжеткен бастау басына келді. Бір жас жігіт бастау басында төмен шұқшиып отыр екен. Бейнебір сиынып отырғандай. Қыз себетін көтерген күйі состиып тұр. Жігіт орнынан тұрып, қызға тіл қатты:

– Балық жууға келдің бе?

– Иә, жолдастарымнан қалып қойып, – деді қыз имене. Содан соң балық жууға кірісті. Жігіт қарап тұрмай, қызға көмектесті. Содан бастап екеуі осы бастау басында кездесетін болды. Қыз қашан көрсе де жігіт суға қарап шұқшиып отырады. Бұлай отыруының себебін сұраса айтпайды. Екеуі бас қосады.

Ол күйеуінің христиан дінін ұстанатынын енді білді. Бұл Батыс дініне кіргендер аяусыз жазаланып жатқан кезең болатын. Дінін сатқандарға қолданылатын жаза аса ауыр. Ата дінінен безгендерді тыр жалаңаш күйінде қапқа салып, шаһар көшелерімен домалатады. Содан соң жұртқа тепкілетеді. Сонда да христиан дінінен шықпай қойса, қапқа салып өртейді. Ол Ундзэннің Джигокутаниіне (Тозақ шатқалы) тасталғандардың қалай азапталатыны туралы да естіген. Дінін сатқандарды Джигокутанидің лай көлінің жағасына тұрғызып, үстіне буы бұрқыраған ыстық су құяды екен. Сонда да қайтпаса, жонын тіліп, ыстық су құяды. Бұл жер тозақтың нақ өзі еді. Ол күйеуінің христиан дінін ұстануына іштей қарсы болды. Бірақ күйеуін өте жақсы көретін. «Бұндай жігіт жер бетінде жоқ, оның бөтен дінге кіруі мүмкін емес» деп, ойлайтын. Күйеуі күн сайын Иварэгоуға барып, бастау басында шұқшиып отыруын қоймады. Бір күні әйелі үйде жоқта, шенеунік келді де, жігітті арқанмен байлап әкетті. Әйел үйіне келсе, күйеуі жоқ.

Ол Иварэгоуға жүгіре жөнелді. Жолда ауылдасы кездесті. «Арқанмен байлаған кезде көрдім, қарсылық білдірмеді. Күлімсіреген күйі Ундзэнге кете барды» деді ауылдасы. Әйел Адзумаға шығып, алыстағы Ундзэннің Джигоку шатқалына кетіп бара жатқан күйеуіне қол бұлғап тұрды. Ол тозақ шатқалында азапталатын күйеуін көз алдына елестетті. Күйеуінің жат дінге кіргеніне көзі айқын жеткендей. «Сондай жақсы жан өз дінінен неге безді?» деп, зар илеген әйел жылай-жылай тас болып қатып қалыпты. Сол тас бүгінге дейін тұр деседі. Анда-санда әйелдің зарлаған даусы естіледі дейді.

Жапон архипелагына еуропалықтар қару-жарақты да Нагасаки арқылы кіргізді. Еуропаландыруды Нагасакиден бастап, бүкіл Күншығысқа жүргізу саясаты бес жүз жылдай уақыт үстемдік етіпті. ХVІІ ғасырда Жапония Үкіметі ел іргесін жабық мемлекет ретінде бекітеді. Христиан дінін тарату үшін ел ішіне дендеп енген миссионерлер қуғындалады. Шет елмен байланыс тоқтатылады. Бірақ ел экономикасы үшін тек Нагасаки ғана теңіз айлағы ретінде ашық күйінде қалады. Алайда, еуропалықтардан дінге қатыссыз саудагер голландықтар мен Азиядан қытай мен кәріс ұлтының өкілдеріне кіруге рұқсат етіледі. 1636 жылы Голландия саудагерлері Ураками өзенінің сағасындағы 3900 шаршы метр аумақты алатын Дэдзима аралына орнығады.

ЖЕТПІС ЕКІ ӘУЛИЕНІҢ САРАЙЫ

Алғашқы еуропалық қоныстанушылардан қалған мұражай, шіркеу сияқты нысандар Нагасакидің әр бөлігінде бар. Солардың арасында көненің көзіндей ғана бірен-саран Шығыс өркениетінің ғимараттары сақтаулы тұр. Мәселен Коушибйоуды (Конфуций мавзолейі) кемеңгердің сарайы десек те болады. Коушибйоудың ауласында көне дәуірдің 72 әулиесінің мүсіні орнатылған. Салмағы 1,8 тонна болатын тас мүсіннің алдыңғы жағында әулиенің есімі, ал артында архитектордың аты қашалған. Жетпіс екі әулие алты гэйді ұстанған. Алты гэй дегеніміз — току (парасат), чи (сана), тай (дене) мекені болып табылатын өнердің алты түрі. Токуға рэй (рэйги) — сыйластық, әдептілік, ал гаку әлеміне (онгаку) музыка өнері жатады. Чи — шйодоу жазу өнері – каллиграфияны және суджи сан өнерін (есептуді) қамтыса, тайға (дене) шя (мергендік) пен гйо (атбегілік) қатысты.

Коушибйоу ауласында кайджю ағашы өсіп тұр. Бұл тек Коуши (Конфуций) әулиеге қатысты жерлерде ғана өсетін ағаш. Сол жағындағы аталығы да, оң жағындағысы аналығы екен. Коушидің «Ронго» трактаттар жинағы 20 томды құрайды, 500 тараудан тұрады. Ғылыми-философиялық еңбекте 16018 таңба бар. Жапон мамандары Коушидің бұл кітабын толығымен тасқа қашап көшіріп, Коушибйоу ішіне іліп сақтап отыр. Коушибйоудың Гимон қақпасы императордың ғана кіруіне рұқсат етілетін қасиетті орын саналады. Қақпаның екі жағында Рюфуку деп аталатын тас орнатылған. Бұл тастарға өлеңдер өрнектелген. Тастың Рюфуку (айдаһар, жарқанат) деп аталған себебі, миф бойынша зілдей тасты Айдаһар патшаның үлкен ұлы арқалап тұр.

Коуши ғылымына сегіз току тән. Бірінші – коу, яғни ата-ананы сыйлау, екінші – тэй (бауырмал болу); үшінші–чю (әділ болу); төртінші – шин (шыншыл болу); бесінші – рэй (әдептілік); алтыншы – ги (парызын білу), жамандыққа бармау; жетінші – рэн (сараң және ашкөз болмау), чи – ұяттан безбеу. «Ронго» Конфуций ғылымының негізгі каноны болып табылады. Коуши – Шығыс ғылымының атасы, ғұламалардың бабасы, тұңғыш философиялық мектептің негізін қалаушы, әулие һәм тұңғыш ғалым. Коушибйоуде ғұламаның отырған қалпындағы 2 метрлік мүсіні қойылған. Бұл Күншығыс сәулет өнеріндегі отырған қалыпты бейнелейтін ең үлкен мүсін болып табылады.

Коушибйоуде мифологиялық мүсіндер орнатылған. Мысалы, жалғыз мүйізді какутан деген аң Коуши туралы аңыздардың кейіпкері ретінде бейнеленген. Какутан – Коуши әулиеге еріп жүріп, оның сөзін түсінген қасиетті аңның образы. Көне Шығыс мифологиясында кирин деген хайуан образы бар. Кирин –өсімдікті таптамайтын, тірі аңды азық етпейтін, жалпы табиғатқа залал тигізбейтін ерекше жануар. Кирин жер бетіне әулие ғұлама келгенде ғана көзге көрінеді дейді. Мүсіні елікке, құйрығы сиырдың құйрығына, тұяғы аттың тұяғына ұқсайды. Жалы бес түсті, өзі сарғылт хайуан. Оң жағындағысы аталығы да, сол жағында ұрғашысы орналасқан.

Коушибйоудың Шығыс қанаты мен Батыс қанаты Рйоубу деп аталады. Шатырында мифтерде суреттелетін, Коушибйоуды оттан қорғайтын он екі аң-құстың бейнесін көреміз. Хайуандар қатарын әтешке мінген ғұлама мүсіні бастап тұр. Одан кейін айдаһар көрінеді. Хоуоу деген мифологиялық құс мүсіні де сомдалған. Хоуоу – әулие жер бетіне түскенде көрінетін мифологиялық құс. Хоу деп осы құстың аталығын, оу деп аналығын атайды. Арыстан, Теңіз тұлпары, Көк сәйгүлігі орналасқан. Оугйо деп аталатын балық, саңгэй (көне дәуірдегі аңыздарда кездесетін арыстанның бір түрі) және жалғыз мүйізді кайчи деген мақұлық та бар. Тогю – астрономиялық сиыр, одан соң коушю мен соуджю бейнелері көрінеді.

Коушибйоу сарайында Оучю деп аталатын қасиетті қарияның мүсіні бар. Қолына қылыш пен скипетр ұстаған әулие абыз ғылым мен ерлік жолының бастауында тұр. Коушибйоудың Тайсэйдэн ғимараты алдындағы Мидоусэки деп аталатын жол айрықша безендірілген. Тек императордың ғана аяқ басуына рұқсат етілетін бұл тас жолда айдаһар өрнектелген. Тастың ені 150 см, ұзындығы 273 см, қалыңдығы 60 см, салмағы 6 тонна. Ал Коушибйоудың Кахйоу тасында бейнеленген қос айдаһардың бірі мемлекеттегі саясатты, екіншісі халықтың тұрмысын бақылап тұрады деседі. Тайко көлінің түбінен алынған сирек кездесетін Тайко тасы да Коушибйоудың бір қазынасы деуге тұрарлық.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы

Серіктес жаңалықтары