РАСЫНДА, БIРЖАН МЕН САРА АЙТЫСҚАН БА?..
РАСЫНДА, БIРЖАН МЕН САРА АЙТЫСҚАН БА?..
Қазақ әдәбиятында жарты ғасырға жуық уақыт бойы дау-дамай боп келе жатқан осы айтыстың хал-қалатын біз, шынымен, байыппен, ғылыми жолмен тексеріп кѳрдік пе? Осы айтыста аты аталатын Тобықты мен Найман руларының арасындағы дау-дамайға бір жақты қарап, тек қана бір ыңғайда тұжырым жасап жүрген жоқпыз ба? Біз неге Абайға тіл тигізеді деп, Әріп Тәңірбергенұлы және басқалардың тарапынан да айтысқа кѳз салып кѳрмейміз? Сонда мәселенің түп-тѳркіні ашылмай ма?
Міне, осындай сұрақ әр уақта қандайда әдәбиятшының кеуілінде тұрып алады. Оның үстіне қарсы даугерлердің кешегі уақытқа дейін осы мәселені оқтын-оқтын кѳтере бергені де ѳзіне назар аударады. Егер айтыс шынымен ѳтпеген болса, ескі дауды оппоненттердің соншама қаузай беруі мүмкін бе? Бірақ қазақ ғалымдары мен жазушылары осы қисынға қарамай, айттым-болды, үздім-кесілді деген шартпен шынайы әдәби пікірталасын тоқтатып тастады. Осы даудың соңғы нүктесін Ғ.Мүсірепов қойып, ескіні қоздата бермейік деді. Бірақ бұл, шын мәнінде, дауды ақи-тақи шешкен жауап емес. Біз енді соның ақ-қарасын білу үшін айтыстың ѳз текстіне үңілгенді жѳн кѳрдік.Сѳз жоқ, бұл қазақ әдәбиятында аса биік тұрған кѳркем айтыс. Ол жайында қазақ әдәбиятшылары кезінде ашық жазды да. Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Ақын Сараға соқтықпасаң қайтер» деген мақаласынан кейін «Жазушы» баспасы 1985 жылы Сараның ѳлеңдерін жеке кітап етіп шығарды. Осы кітап бойынша да, басқа деректерде де Сараның 1878 жылы туылғаны дау тудырмайды. Сара Найман тайпасына қарасты Матай руының Кенжесінен тарайды. Әкесі Тастанбек (оның інісі – Жайсаңбек) Сара 3 жасқа келгенде қайтыс болған. Сонда оның қайтқан жылы 1881 жыл. Сараның ѳзі 1916 жылы 38 жасында қайтыс болған. Ал күйеуі Бекбай 1870 жылы туылып, 1932 жылы 62 жасында дүния салған. Осы деректерді Сараның жинағына жазған мақаласында С.Қайнарбаев та растайды. Ол Сараның ѳмір жолына тоқтала келіп, айтысты 1895 жылы жазда, «Кѳшкенталда» отырған Тәнекеұлы Есімбектің ауылында болған еді дейді («Ақын Сара», «Жазушы» баспасы, 1985 ж., 19-б.). Және де Қайнарбаев Сараны ол кезде 17 жаста еді дейді. Бұл санды Сараның туылған жылына (1878 ж.) қосқанда, дәл келеді. Оны Сараның ѳзі де растайды:
Мінеки, 17-ге биыл шықтым…
(Сол кітапта, 80-б.).
Бұдан Сара Тастанбекқызының ѳмірбаяны жайлы ешқандай да пікір алшақтығының жоқтығы кѳрінеді.
Айтыста Біржан да ѳзінің қаншада екенін айтып ѳтеді:
Адымым күні бүгін қалыбында,
екі жыл отыз беске келгеніме…
(Сол кітапта, 51-б.)
Демек, Біржан айтысқан кезде (оның 35-ке келгеніне 2 жыл!) 37-де. Сонда айтыс 1895 жылы ѳтсе, Біржан 1858 жылы туылған боп шығады. Ал Біржан ѳмірін терең зерттеген академик А.Жұбанов оны 1831 жылы туылып, 1894 жылы 63-ке қараған кезінде қайтыс болды дейді («Біржан сал», «Жазушы» баспасы, 1983 ж., 31,13-б.б.).
Ал С.Мұқанов «Халық мұрасы» атты кітабында («Жазушы» баспасы, 1974 ж., 154-б.) Біржанды 1833 жылы туылып, 1891 жылы қайтыс болды дейді. Бұл арада айырма бірер жас қана.
Енді Біржанның баласы Теміртастың дерегіне келсек, ол 1928 жылы А.Жұбановқа: «Әкем 63-тен 64-ке қарағанында ѳлді, онда 8-9 жасар бала едім. 1916 жылы қара жұмысқа кеткенде, 27-де едім. Кәзір отыздың тоғызындамын…»,– дейді (Біржан жинағы, 1983 ж, 36 б.). Сонда осы екі деректі салыстырсақ, Теміртас 1889 жылы туылған болады. Оған Теміртастың бала кездегі жасын (ол әкесі қайтыс болған 8-9 жаста!) қоссақ, Біржан, шамамен, 1897–1898 жылдары 64 жасында қайтқан боп шығады. Осы датадан Біржанның жасын алып тастасақ, ол 1834 жылы туылған болады. Сонда Біржан айтыста ѳзін 37-де едім десе, онда айтыс 1871 жылы ѳткен боп шығады. Ал Сара 1878 жылы туылған. Сонда ол бұ дүниеге келмей жатып, Біржанмен қалай айтысады? Әлде Сараның туылған жылы қате ме? Бірақ оның дұрыс екендігін барлық әдебиятшылар да, оппоненттер де мойындайды. Әгәр Сараның сѳзіне сенсек, 1834 жылы туылған Біржан 17-дегі қызбен 1895 жылы айтысса, онда ол 37-де емес, 61-де боп шығады. Сонда Біржан ѳз жасын неге кішірейтіп кѳрсеткен? Оған не себеп? Біз бұдан осы айтыстың түпкі негізінде талай-талай күдікті тұстардың жатқанын аңғарамыз.
Осы айтыстың текстінде Сара ѳз жасын бірде 17-де, бірде 18-де деп кѳрсетеді:
Мінеки, 17-ге биыл шықтым…
(Айтыс, 80-б.).
Тақсыр-ау, 18-ге биыл жеттім
(Сонда, 43-б.).
Сонда бұл не? Сара ѳзінің нақ қанша жаста екенін білмей ме? Осыдан-ақ бұл айтысты жазып алған не жазған кісінің Біржан жайын да, Сара жайын да жақсы, дәл, анық білмейтіндігі кѳрінеді.Екінші бір айтар жәйт, бұрынғы айтыстардың бәрінде де айтысқан жыраулар ѳздерінің тайпасы мен руын, ондағы белгілі-белгілі кісілерді, би-батыр, бай-бағландарды мадақтайды. Осыған керісінше Сара Матай ішіндегі ѳз руының мықтыларын айтпай, басқа рудың кісілерін мақтайды. Біржан болса, ѳзін Арғынмын деп, Тобықтының мықтыларын ұлықтайды. Ал Біржанның руы Керей. Ол жѳнінде С.Мұқанов: «Шынында, Біржанның руы Арғын емес, Керей. Керей ішінде Ақсары, оның ішінде Кѳшек», – деп жазады («Халық мұрасы», 154-б.). Сонда Біржан Сарамен айтысқанда, неге ѳз руының бай-бағланын мақтамайды? Ол 1865 жылы жазда Қоңырқожаның Азнабайы ѳзіне қорлық кѳрсеткенде, Керей Ақсарыдан шыққан болыс ағайыны Жанботаға барып шағынбайтын ба еді? Мына айтыста ол тым құрымаса Жанботаның атын неге атамайды? Ол ѳз алдына. 1895 жылы Біржан қатты науқастанып жатқан жоқ па еді? Ол жайында Біржан баласы Теміртасқа арнап шығарған әнінде:
Жасымыз 61-ге келгенінде,құдайым берді науқас ғазиз басқа, – деп мұң шақпай ма? Сонда керегенің кѳгінде байлаулы жатқан сырқат Біржан 1500 шақырымдай жердегі Жетісуға қалай барып, қалай айтыса алған?Тексте Сараның сѳзінде де сәйкессіздік кѳп. Оның айтуына қарасақ, ол Кеншімбай, Орынбай, Жанақтармен айтысқан боп шығады. Басқасын былай қойғанда, 1770 жылы туылып, 1856 жылы қайтыс болған Жанақ о дүнияда жатып, ѳзі қайтыс болған жылы туылмаған Сарамен қалай айтыса алады?
Осы жәйттердің барлығы айтыстың түбі шикі екендігіне дәлел бола алады. 1898 жылы Қазанда жарық кѳрген айтыстың алғашқы нұсқасында Ж.Шайқулисламұлы айтысты Сараның ѳз аузынан жазып алғандығын айтады. Ал 1899 жылы жарық кѳрген екінші нұсқада айтыстың текстінің Зайсан қаласынан жіберілген қолжазба бойынша жѳнделіп басылғандығы туралы мәлімет беріледі. Осы нұсқаның соңында:
Жылында мың сегіз жүз
тоқсан сегіз,
тѳртінде май-мамырдың
біттім тегіс, – деген жолдар бар. Мұнда мамыр айының атын қазақтар о кездері май деп атамаған. Бұдан жазған кісінің орысша білетіндігі сезіледі. Оған қоса, осы жыл Әріптің Зайсанда мұғалімдік еткен уақытына дәл келеді. Тағы бір айтары, ол айтысты Сараның не Біржанның аузынан жазып алдым демейді, бұрынғы текст бұлай емес еді дейді. Оған қоса екі нұсқа да қазақ әдәбиятындағы кәдімгі айтыстардай емес, драмалық дастан түрінде келіп, оған жазып алушы не шығарушы қатысып отырады. Осыдан-ақ бұл айтыстың жазып шығарылғандығы, кейіннен толықтырылғаны кѳзге түседі.
Бұл жѳнінде М.Әуезов: «Осы айтысты ең алғаш хатқа түсіруші де, Әріп. Революциядан бұрын баспаға беруші сол Әріп хатқа түсірген «Біржан-Сара» айтысын бұлжытпастан, ѳзгертпестен береді», – деп жазады («Айтыс», 2 том, 1965 ж., 41-б.).
С.Мұқанов: «Айтыс Біржан мен Сарадан алды ма, немесе оны Әріп шығарды ма? Ол келешекте ғылым зерттеп, анықтайтын мәселе… Айтыстың алғашқы кѳлемде болмай, артынан ѳңделіп, толықтырылуы, сол толықтырған ақын Әріп болуы немесе алғашқы айтыстың мазмұны ғана сақталып, сол темаға Әріптің айтыс шығаруы әбден мүмкін», – дейді («Халық мұрасы», 155-б.).Бұл арада осы айтысқа Әріптің қатынасы барлығын екі автор да ашық айтады. Бұған қоса С. Мұқанов: «Біржан мен Сараның айтысы ақылмен ѳлшеніп, ішінде кѳлденең сѳз жоқ, жазба әдебиеттің жақсы үлгілері сияқты», – деп шүбә келтіреді. Расында да, ауызша айтыста логиканың үзіліп қалуы, бірді айтып бірге кету, композицияның бір тұтас болмауы жиі кездеседі. Мына айтыста ол жоқ, оның жазылып шығарылғандығы бірден кѳзге түседі. Оның үстіне Сараның да, Біржанның да жауаптары, стиль жағынан тексеріп қарағанда, бір кісінің қолынан шыққандай әсер қалдырады. Айтыстың стилі, сѳз қоры, сѳз қолданудың ерекшелігі Сараның да, Біржанның да әндеріндегі текстен алшақ жатыр.
Бұл айтыстың, негізінен, қанаттас жатқан Арғын, Найман елі арасындағы дау-дамайдың салдарынан шығарылғаны байқалады. Айтыстың текстінде Абайға тіл тигізіледі:
Антұрған, ары құрсын Абай деген,
Жылатып, момын малын талай жеген…
Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес,
Бүлінді бар Тобықты паңдығынан…
(Айтыс, 1964 ж., 145–146-б.б.).
Осы нәрсені 1964 жылы М.Әуезовтің алғысѳзімен жарық кѳрген «Айтыс» кітабына енген Қуанышбай мен Әріптің жауаптасуы растай түседі. Онда Дадан Тобықты Қуанышбай Әріпке:
Әріпке сәлем айттым үш қайтара,
айтысты деп оттапсың Біржан,
Сара,– деп хат жазады (334-б.).
Әріп оған:
Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын болмақ.
Ѳнері қашан кем ед Біржан салдың,
Екеуін айтыстырдым әдейі арбап, – деп жауап қайтарады (334-б.). Бұдан Абаймен бас араздығы бар Әріптің осы айтысты Абайды кемсіту үшін әдейі жазғандығы кѳрініп тұр. Егер ол Біржанды ѳз руының атымен Керей деп алса, Арғын Абайға тіл тигізе алмайды. Сондықтан да ол әдейі әлгі деректерді бұрмалаған, не оларды білмеген. Біздің жобалауымызша, қолдан жазылған, болмаған «айтысқа» ол ѳз атын қоймай, Қазанға жіберген. Ол қазақ қиссаларын кѳп бастырған, Жүсіпбектің қолына түсіп, 1898 жылы ѳңделіп шыққан. Ол ѳзгеріске шыдамаған, сол кезде Зайсанда мұғалім боп жүрген Әріптің Қазанға «айтыстың» «түзелген» данасын қайтадан жіберген болуы мүмкін. Бұл нұсқа 1889 жылы жарық кѳрген. Әрине, мұның бәрі әлі де жорамал ғана. Осы айтыстың текстін Әріптің ѳз ѳлеңдерімен салыстырып кѳргенде, арасы ѳте алшақ жатыр. Бұл текст, кѳп ретте, Абаймен бас араздығы болған Әсет Найманбайұлының ѳлеңдеріне жақын. Мұсылманша хат білетін ол сол кездері осы тѳңіректе ѳмір сүрген. Екінші тексті Әсеттің жѳндеп, Қазанға жіберуі де әбден мүмкін. Қалай дегенмен де, стилистика жағынан алып тексергенде, айтыстың фактурасы Әріптің емес, Әсеттің ѳлеңдеріне ѳте-мѳте жақын. Әрі-беріден соң Абаймен араз олардың айтысты бірігіп шығаруы да мүмкін ғой.
Ұзын сѳздің қысқасы, бұл айтыс суырылып айтылып, ауызша шығарылмаған, онда жазба әдебиетке тән қасиет кѳп. Және де оны не Әріп, не Әсет шығарды деп дәл кесіп айта қою да қиын. Олардың қатысы жоқ деу де және қиын. Қалайда да бұл даулы мәселені тереңінен зерттеп барып шешкен жѳн.