ӨЗГЕГЕ – КӨЛ, ӨЗІНЕ - ШӨЛ...
ӨЗГЕГЕ – КӨЛ, ӨЗІНЕ - ШӨЛ...
Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ
Қазақстанның табиғи байлығының арқасында миллиардерлер қатарынан табылған Патох Шодиев жапондық 104 кимононы 3 млн. долларға сатып алып, оларды жапондарға қайта сыйға тартты. Басқаларға келгенде жомарттық танытудан, мәрттiгiмен таңғалдырудан шаршамайтын Шодиевтiң Қазақстандағы мұқтаж жандарға қандай жақсылық жасағаны әзiрге белгiсiз.
Мәскеудегі МГИМО-ның халықаралық қатынастар факультетін бітірген Патох Шодиев бір кездері КСРО-ның Токиодағы сауда өкілі болған екен. Сірә, жапон мәдениетіне, салт-дәстүріне деген қызығушылығы мен өзі айтпақшы «шексіз махаббаты» сол кездері оянса керек. Кимоно тігудің хас шебері Итику Куботаның 104 кимоно сақталған мұражайы да сол шексіз махаббаттың арқасында аман қалды. Кавагути қаласында кимоноларды сақтап келген нысанның шығындары көп болғандықтан, қаржылық дағдарысқа төтеп бере алмапты.
«Кимоноларды осыдан 10 жыл бұрын көргенмін. Әрдайым қайта оралғым келіп тұратын. Кенет сол музейдің банкротқа ұшыраудың алдында тұрғанын білдім. Ал баға жетпес құндылық – кимонолар аукционға шығарылып сатылмақшы екен. Оның үстіне, бір-бірлеп! Бұл маған қатты әсер етті. Әр кимоно өз алдына таңғажайып өнер туындысы болуымен қатар, жапон табиғатын бейнелейтін үлкен бір көркем суреттің ажырамас бөлшегі ғой. Кейде мұндай бір сурет 6 кимононы бір топқа тоғыстырады. Суретті бөлшектеп сату ұлы шебердің ой-арманын өлтірумен тең» деп ағынан жарылған Патох Шодиев музейдегі 104 кимононы 270 млн. иенге (3 млн. долларға) сатып алды. Осылайша Кубота шебердің туындыларын Жапонияның өзіне қайта тарту етті. Ал кимоноларды Америка, Еуропа, Ресейден кейін Қазақстанға әкелмек.
Патох (Фаттах) Шодиев 1953 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Ұлты – өзбек. Алғашқы еңбек жолын «Сырдарьинская правда» газетінде корректорлықтан бастаған. Қазақстандағы электр қуатын өндіру, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын Eurasian National Resources Corporation – ENRC компаниясын құрушы және құрылтайшыларының бірі. Серіктестері – Александр Машкевич пен Алиджан Ибрагимов. Үшеуі де америкалық Forbes журналының жылда жасайтын миллиардерлер тізімінде тұр. Шодиевтің байлығы 3,7 млрд. долларға тең. Бүгінде Ресей азаматы болып табылады, бірақ отбасымен бірге Лондонда тұрып жатыр. Қазақстанның табиғи байлығының арқасында байлыққа кенелген Шодиев Бельгияның тұрақты тұрғыны. ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің арнайы кеңесшісі. Өз атына ашқан ICF халықаралық қорының негізін салушы. 2005 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет және Барыс ордендерімен марапатталған. Сол жылы оған Авраам Линкольн атындағы «Демократия мен экономикалық тәуелсіздікті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылады. Бизнеспен айналысуды КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанда бастаған. 2 қызы мен ұлы бар. Қашан да ерекшеленуді ұнататын Шодиев жалғыз ұлын үйлендірген кезде жас келініне сый ретінде той өтетін жерді 250 мың еуроға сатып алған 1 200 000 раушан гүлімен көмкеріпті. Бүгінде Лондонда тұратын оның ұлы әлемдік БАҚ пен британдық полиция назарына бірнеше рет ілікті. Әсіресе ішімдік ішіп, көлік айдағаны үшін.
Патох мырзаның қайырымдылығы кимонолармен шектелмейді. 2008 жылы өзі 1976 жылы бітірген Ресейдегі МГИМО университетіне 125 млн. рубль көлеміндегі арнайы қорды құрған болатын. Өкініштісі сол, Шодиевтің Қазақстандағы қайырымдылық шаралары жоқтың қасы. Әйтпесе меценаттардың қайырымдылығына зәру жандар көп бізде. Бұғанасы қатпай жатып, құны тым қымбат медициналық шараларға қаражат таппай қиналатын сәбилер қаншама Қазақстанда. Үй-күйсіз шиеттей бала-шағасымен кісінің есігінен сығалап жүрген көпбалалы отбасыларға да Шодиевтің көмектескенін естімедік. Көңілі түскен сәтте қаржыны миллиондап «лақтыра салатын» мәрт көңіл Патох тұрмысы төмен қай отбасыға көмек қолын созғанын да білмейміз. Әлбетте, еліміздегі шетелдік кәсіпорындардан мемлекет тарапынан талап етілетін әлеуметтік корпоративтік жауапкершіліктің жөні бөлек. Бірақ кейде жанарлары жасқа толып, адамдардан, қайырымды жандардан жаутаңдап жәрдем күтетіндерге Қазақстан байлығының қызығын көріп жатқан Шодиев сияқты қалталылардан қайыр болса дейсің.