1001
ҚИЫНДЫҚТЫ ӨЛЕҢМЕН ЖЕҢГЕН ЕКЕНБІЗ
ҚИЫНДЫҚТЫ ӨЛЕҢМЕН ЖЕҢГЕН ЕКЕНБІЗ
Ол: «… менің жаныма тыныштық бермейді. Мәңгі көшін мәртебе тұтқан өлең бе, жоқ әлде сол өлеңнің өзегіне түсіп, өзі өлеңге айналып кететін ақын тағдыры ма?!» дейді. Оны мазасыз күйге түсіріп, бей-жай қылатын не нәрсе! Өлең шығар. Сосын… ол: «Егер әрбір ұлт өмірінің ең соңғы уақыты, ең соңғы ақынымен өлшенетін болса, қазақ ақыны – бірінші Алланың нұрынан, екінші Алаштың рухынан қуат алып, мәңгі сол уақыттың жүрегімен бірге дүрсілдеп, соға береді – жырлай беретінін» айтады. Уақыттың жүрегін жырлап жүрген бұл ақын кім дейтін де шығарсыз?! Бұл – Бақыт Беделхан. Бүгін біз айтары көп Алаштың жас ақындарының бірімен сырласуды жөн көрдік…
– «Жұлдыз түкті, ай-жүрегі боздап қалған Сүмбеден, Алматыға өзіңді іздеп келіп едің сырлы өлең?» демекші, өлең іздеп Алматыға келдіңіз. Жалпы, Алматыдағы өміріңіз қалай өрілді? – Жалпы, мен Алматыға өлең іздеп келдім десем, өтірік болар. Шынтуайтына келсек, әуелі біз Алматыға оқу іздеп келдік. Біз келген кез еліміз Тәуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс еді. Ел не істерін білмей есі кеткен уақыт болатын. Жағдай өте шиеленісіп, жұрт абдырап қалған кезең. Сол кезеңде оқуға түстік. Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетіне. Нарық көшіне ілескен сәтте оқу оқыдық, өлең жаздық. Бұл өлең мектептен басталған дүние ғой. Студент кезімізде біздің жазған өлеңдерімізді тыңдайтын да адам болған жоқ. Бізді тыңдаған орта, өзіміздің қатарластарымыз, студенттер, қалам ұстаған жастар. Бәріміз бір-бірімізді қамшылап, бір-бірімізді қайрап, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. – Аға буын ақындардан ешкім сіздерді қолдамады ма? – Шынтуайтында, біздің өлеңімізді тыңдаған да ешкім болмады ол кезде. Мүмкін, тыңдағысы да келген шығар… Уақыт солай болды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заман. Ол кезде өлең оқып, орталарда рухани әңгіме айтатын кез емес. Себебі әңгіме айтуға мүмкіндік болған жоқ. Өлең тыңдамақ түгілі, күндік наныңды тауып жеу қиын болды. Ол кездегі әдебиеттегі үлкен ағаларымыздың жағдайын түсінеміз. Бірақ мен қазір соған қуанам. Өзіміз студентпіз, аш-жалаңашпыз, соған қарамастан, өлеңді тастамай, бір-бірімізді қайрап, «жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей, бір-бірімізді сүйеп, бір-бірімізді қолдаған екенбіз. Сол бір қиын кезеңдер өткеннен кейін артымызға қарасақ, сол кездегі қиындықты өлеңмен, жырмен, әдемі көңіл-күймен, жастыққа тән жалындаған мінезбен жеңген екенбіз. Өмір таусылмайтын бір шежіре әңгіме сияқты. Қазір артқа қарасақ, бір-біріміздің қызығымыз, бір-біріміздің есеюіміз, бір-біріміздің жетілуіміз, бір-біріміздің қалыптасу кезеңдеріміз көз алдымыздан өтеді. – Ол бір топ шоғыр кімдер еді? – Қазір жоғары оқу орындарына, жатақханаларға барсаңыз, бір есіктен кіретін екі бөлмедегі адам бір-бірін танымайды. Ал ол кезде бір жатақханаға кіріп барып, «пәленше қай бөлмеде тұрады» десең, бәрі жетектеп, соған апаратын. Бірін-бірі танитын. Тіпті, бір жатақхана емес, ҚазҰУ, Өнер академиясының, Алматы мемлекеттік университетінің, Қыздар университетінің студенттері бір-бірімен аралас-құралас болатын еді. Қолына қалам ұстаған, ән мен жырға құмар жастардың бәріне ортақ бір орта болды. Олар бәрі бір-бірімен араласты. Бірін-бірі іздейтін. Студенттердің ортасындағы қайнап жатқан тіршілік еді. Автобусқа, троллейбусқа мінетін ақшамыз болмауы мүмкін, бірақ он шақтымыз қосылып алып, қолымызда домбыра-гитарамыз бар, жаяулатып қайтатын едік жатақханаға. Сол бізге қиын кезеңде рух берді, күш берді. Маралтай, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлы, Батырболат Айтболатұлы, Ержан Алаштуған… Оразалы Досбосынов марқұм кейінірек қосылды. Сосын Қыздар педагогикалық институтынан Жәудір Артықбаева, Айгүл Бажанова деген талантты қыздарымыз болды. – Ақынның ақын болып қалыптасуы үшін белгілі бір орта қажет болғаны ғой… – Әрине, сенің өлеңіңді біреу тыңдап отырмаса, бағасын айтып, пікірін білдірмесе, құры төрт қабырғаға өлең оқып, ақын болып кеткен адамды көрген жоқпын. Жас кезіңде қайнап, қалыптасатын шағыңда орта міндетті түрде керек. Ол жақсы орта болуы мүмкін, мүмкін, ол қиын орта шығар. Кері әсер ететін орта болуы да ғажап емес, адам бәрібір бір ортадан қалыптасып шығады. Біздің тәлейімізге қарай, орта жақсы болды. Ақыны да, әншісі де, композиторы да, актері де болды. Өнер саласындағы барлық жанрдың таланттары бас қосты. Бізде кім жоқ дейсің? Бәрі бар, суретші де, тарихшы да болды. Тіпті, математиктер де болды. – Бір-біріңізді сынап, бір-біріңізге баға бердіңіздер ме? – Барды бар, жоқты жоқ дейтін, тіліп түсетін талай азаматтар болды. Ойы озық, ақылы зерек азаматтар, бір-бірімізді қайрап, артығын жонып, жөнге салып жүретін едік. Алғаш оқуға түскен жылдары достарым, бірге оқитын студенттер өлеңдерімді тыңдады. Алғаш рет Ержан Алаштуған екеуміз бірінші курста Жазушылар одағын іздеп келдік. Бақтың айналасында ішке кіре алмай, екі сағаттай жүрдік. Содан кейін, нар тәуекел деп ішке кірдік. Үшінші қабатта «Қазақ әдебиеті» деген жазу тұр екен. Есікті ашсақ, Иран Ғайып ағамыз отыр. «Кімсіңдер, е?» деп сұрады екеумізден. «Ақынбыз» дейміз. «Ақын болсаңдар, өлең оқыңдар» деді. Екеуміз кезек-кезек өлең оқыдық. Бір кезде Иран Ғайып: «Сендер дайын ақынсыңдар» деп батасын берді. Ең бірінші үлкен ақындардан Иранбек аға тыңдаған еді бізді. Ержан мықты ақын еді. Қазір қиындау болып тұр тағдыры. Мүмкін, кейін оралар әдебиетке. Демалыс біткен кезде келер, әдебиетке қосылар. Жалпы, біздің ортамызда таланттар көп болды. Олар тас қайнатардай талайды тәнті еткен, ертең міне азамат деп көрсетсе, ұялмайтын жігерлі жігіттер болды. – Ақынды қайрайтын, күш-қуат беретін бәсекелестік қажет деп ойлайсыз ба? – Әрине, керек. Жас кезде міндетті түрде керек. Біз кезінде ҚазҰУ-мен жарысатынбыз. Өнер жарысы, өлең жарысы болып тұратын. Мұның өзі адамға серпін беретін. Бізде «ҚазҰУ-дан асуымыз керек» дейтін мақсат болды. Сол қайрау бізді үлкен жетістіктерге жетеледі. Жаңа, тың жолдарды игеруге, жаңа бір бағыт қалыптастыруға, сенің азамат болып қалыптасуыңа итермелейтін де сол бәсекелестік. Бұл – бақталастық емес, бәсекелестік. Бәсекелестікті көп жерде бақталастықпен шатастырып алатындардың өзі аяғында басы батпаққа батып жатады. Бұдан Құдай сақтасын! Бәсекелестік деген жақсы нәрсе. – Алып-ұшып алабұртқан шақтағы өлеңдеріңіз бен қазіргі өлеңдеріңізді салыстыра аласыз ба?– Салыстыра алам. Жалпы, формалық жағынан, ой-өрісі жағынан өзгешелік бар. Ал табиғат, мінез жағынан өзгеріс байқалмайды. Себебі, мен өлеңге өз мінезіммен келгем. Табиғатыммен қалыптасқам. Менің өлеңдерімнен мінезім көрініп тұрады. Жас ерекшеліктеріме қарай, жиырма жыл бұрынғы өлеңіммен салыстырып көрсем, кемшіліктер болады ғой. Әлі де мүмкін кемшілігім бар шығар. Бірақ негізі табиғат берген мінезімнен айнығам жоқ. – Өзіңізді лирикпін деп есептейсіз бе? – Жалпы, азаматтық жыр болсын, лирикалық, эпикалық жыр болсын, маған ең ұнайтыны – шынайылық. Сосын сөз орамдарына, бір-бірімен жалғасып жатқан алтын арқау үзілмеген әдемі өлеңдерге, менің жан-дүниемді қозғап, сендіре алатындай дүниелердің бәріне сүйсініп қараймын.– Өзге ақындардың өлеңін оқисыз ба? – Өзінен өзге ақынды оқымаған ақын ақын емес. – Сіз еліктеген ақын бар ма? Өлеңі ұнап, азаматтығы ұнап дегендей… – Қазақта өлеңі жақсы ақын жетеді. Ақынның дүниесін, шығармасын қарап отырып, дәл осындай болам деген ой, ол енді бір еліктеушілік пе, шарасыздық па біртүрлі нәрсе. Қазақта ақын баршылық. Әрқайсының өзіме қабыса кететін, өзімнің үлкен жүрегімнің үнімен үндесе кететін дүниелерінің бәрін қабылдай алам. Сондай болуға тырысам. – Әрі ол кез келген ақыннан табылуы мүмкін ғой. – Әрине, кез келген ақынның өлеңінде болуы мүмкін. Мүмкін, ол өлеңді енді бастап келе жатқан жас жігіттің бойынан табылатын шығар. Немесе осы кісі барын беріп болды-ау, ақсақал жасына жетті дегеннің өзінен керемет дүние табуға болады. Өйткені ол – ақын ғой. Ал ақынның бойында міндетті түрде, кәдімгі асыл, жауһарға бергісіз жақсы нәрселер көп болады. Әшейін бір саналы түрде жаза берген, бір техникаға сүйеніп жаза берген дүниеден, әрине, сүзіп алу, құмнан алтын сүзгендей қиын. Ал нағыз ақындардың бәрінде жауһарлар болады. Мен барлық ақыннан үйренем. Сондықтан мына бір ақынға еліктедім, табиғаты жақын екен деп, соңына түсіп кетуге болмайды. Жүрегімдегі шынайылық пен өлеңнің өзегінде өрілетін өткір дүние, табиғатпен үндесіп жататын, өз мінезіммен қабысып жататын қасиеттің бәрі формалық жағынан емес, мазмұндық жағынан Мұқағали көкеме қатты келеді. Себебі маған қалам алдырған Мұқағали. Жетінші класта оқып жүргенімде түсіме кіріп, содан шешем жеті шелпегін пісіріп, құдайы тамақ бергені бар. Содан кейін өлең жаза бастадым. Айтысқа да қатысып кеттім. Өлеңнің қадір-қасиеті қонды, содан бері Мұқағали ақын түсіме жиі кіріп тұрады. Қолдайтын шығар мені. Табиғатыма ұқсас, табиғаты жақын дейтін ақындар болса, мен мінез жағынан Мұқағали ақынды қатты жақсы көрем. – Ақын өлеңді ермек үшін жазбайды. Ақынның өлеңінде елдің мұңы, қайғысы жату керек. Сіздің дертіңізді өлеңіңізден табамыз ба? – «Өлең жазу хобби» деп кім айтты. Өлеңді хобби санайтындарды түсінбеймін. Өлең – мен үшін, жалпы адам тағдырының айнадағы келбеті. Адам тағдырының айнадағы келбеті өлең боп өріледі. Мысалы адам тағдырын өзі елестете алмауы мүмкін. Есеп беріп, сараптап, бағамдап, байыптап, тереңіне бара алмауы мүмкін. Дәл сондай жағдайда адам жан-дүниесін қопарып, ақтарып, іштегі шерін төгіп, шешілетін нәрсе іздесе, өлең іздей бастайды. Өлең оқыса, жадырап, жайнап қалады. Тағдырым осындай болған екен ғой деп өлең арқылы есіне түсіре бастайды. Жеке басымның тағдырын ғана жазатын болсам, онда мен ақын емеспін. Өз жан-дүниемді ақтара отырып, жалпы, адамның жан-дүниесін зерттеу… Соны өзгелерге дауа болатындай, өзгелерге де ем, шипа болатындай, қуат, күш-жігер беретіндей, әсерге алып келу. – Қиын тағдырын айтып, қайғысын арқалап, мұңын шағып, ақынды іздеп келетіндер бар ма?– Менің кітабымды оқып отырсаңыз, бәрі менің тағдырым сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оны оқыған адам одан өзін табады. Себебі оның ішіндегі кейіпкерлердің бәрінің аты жоқ, бір-ақ адамның тағдыры. Бәрін көзбен көрген, мұңдасқан, сырласқан, барған жердегі ортадағы кейбір трагедиялық тағдырлар, солардың бәрінің жиынтығы. Маған бір досым: «Бақыт, осыншама қайғы-қасіретті арқалайтындай не болды?» деп айтады. Жаным-ау, ол менің жеке басымның қайғы-қасіреті болса, оны өлеңге айналдырып нем бар? Біздің ауылда бір «жынды кемпір» дейтін кемпір болды. Ол кісінің күйеуі де, баласы да соғыста өлді, қызынан туған немересі Ауғанстанда өлді. Бағып алған баласы желтоқсанда өлді. Ақырында жалғыз қалды. Көшедегі кішкентай балаларды көрсе, басынан сипайды, бауырына басады. Оны бала ұрлайды деп айыптап шығарды. Соның тағдырын өлеңге айналдырдым, баллада болып шықты. Ондай кейуана қазақтың қай топырағына барсаң да, кез келген ауылда бар. – Адамның бәрі «жоқ іздеген жолаушы» сияқты. Сіз адам ретінде, ақын ретінде іздегеніңізді таба алдыңыз ба? – Мынадай философиялық аксиома бар. «Адам іздегеніне жетпеу керек». Жетейін деп қалғаны дұрыс. Сонда ғана өмір мәнді болады. Сонда мен жоғымды тез тауып алмауға тырысам. Таптырмаса екен. Сонда мен барымды сарқып үлгеретін едім. Себебі ол жолға деген қажыр-қайратымның қаншалықты екенін білем және соған сенем. Іздегенімді, жоғалтқанымды тезірек таппасам екен деп тілеймін.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА