599
ЖАСТАР ОҚУҒА ТИІС 100 КІТАП
ЖАСТАР ОҚУҒА ТИІС 100 КІТАП
Рухы биiк ел құлдырамайды. Ал бүгiнгi жастардың бойына биiк рухты қалай сiңiре аламыз. Бұл сұрақтардың үдесiнен шығу үшiн, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi жастарымызға, қоғамға ой салатын жоба жасады. Бұл жоба «ҚазҰУ студентi оқуға тиiс 100 кiтап» деп аталады.
17 ақпанда ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов бастап, елiмiздегi бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi, журналистика және филология, әдебиеттану және әлем тiлдерi факультетi оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерi аталмыш жобаны талқылау үшiн арнайы бас қосты. «Адам өмiр бойы оқуы керек, – дейдi ректор. – Бұл алғашқы бастама. Бұл кiтаптардың тiзiмi толыға бермек. Бiздiң мақсат – ҚазҰУ-ға оқуға келген жас студенттiң төрт жылда жүз кiтапты оқып шығуы азаматтық борыш екендiгiн сезiндiру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерiнен ерекшеленетiн басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кiтап оқуды сәнге айналдыру қажет. Мiне, «ҚазҰУ студентi оқуға тиiс 100 кiтап» жобасы осындай мақсатта қолға алынып отыр. Бұл рухани, үлкен жоба. Әр университет өз түлегiмен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған кадрларымыз рухани дүниемен сусындап шықса, мықты маман болары сөзсiз», – деп ойын сабақтады. Қара шаңырақ бастама танытып отырған бұл жобаға бүгiнде барлық факультеттерде талқыланып, үлкен Ғылыми кеңесте бекiтiлген жүз көркем туынды тiзiмi ұсынылған. Хакiм Абай, данышпан Шәкәрiм, жыр алыбы Жамбыл, алдаспан ақын Махамбет, әлемдiк классиканың дарабозы Мұхтар Әуезов сынды бiртуар тұлғаларымыздың қаламынан қалған бай мұралар мен жалпы қазақ әдебиетiнiң, әлем әдебиетiнiң алтын қорындағы аса құнды шығармалары орын алған. Жалындаған жастардың өздерi де басшылық ұсынып отырған жобаға қызығушылық танытып отырғандығы қуантты. «Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру негiзгi мiндетiмiз. Тiзiмдi жаңадан бастадық, ол үздiксiз жалғаса бередi. Рухы мықты болса, әр адамның мәдениетi де жоғары болады. Адамның рухани байлығына қарап қоғам да байиды. Бiз бұл жоба арқылы болашаққа ықпал ете аламыз», – деген ректор Ғалым Мұтанұлының сөзi талқыда кезек-кезегiмен ғалымдармен жарыса сөз алып, ойларын ортаға салған жастарды бiр сiлкiнтiп, ықпал еткенi анық байқалды. «Көркем әдебиеттi оқуға студенттердi мiндеттеу керек. Әдебиетке келген кез келген маман алға жылжитынын қоғам дәлелдеп отыр», – дейдi жазушы Құл Керiм Елемес, ал профессор Анар Салқынбай: «Кiтап оқуды студенттердiң рухани қажеттiлiгiне айналдыру керек. Бүгiнде дәрiс оқып жүрген студенттерден байқайтыным, олар өте жалынды, бiлуге ұмтылысы зор жастар. Ал бүгiнгi жоба арқылы қара шаңырақ қоғамға үлкен рухани үндеу тастап отыр», – деген пiкiрiмен бөлiстi. Талқы соңында профессор, ғалым филология, әдебиеттану және әлем тiлдерi факультетiнiң деканы Қансейiт Әбдезұлы жоба аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарында бiлiм алып жатқан жастарға үндеу жариялады. Үндеу мазмұны: «…Университеттiң осынау бастамасын Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында бiлiм алып жатқан студент жастар үлкен ықыласпен қабылдап, жап-жақсы қолдау көрсететiнiне сенiм артамыз. Рухани дiңгегi мықты, ел тәуелсiздiгiнiң iргетасы оның ұлттық идеологиясы болып саналатын мемлекеттердiң болашағы әрдайым жарқын және сенiмдi болатындығы белгiлi. Сондықтан да руханиятымыздың қазiргi жаһандану үдерiсiнде жұтылып кетпеуi үшiн, ең бастысы, қазақ елiнiң ертеңгi болашағы жарқын, тәуелсiздiгiмiздiң мәңгi болуы үшiн бiз бүгiннен бастап студент жастарымызға қазақ әдебиетiнiң үш мың жылдық тарихында дүниеге келген қадау-қадау көркем шығармаларымызды және әлем әдебиетiн мiндеттi түрде қолға алуды қажет деп санаймыз», – деп көрсетiлген.Саягүл ӘЛIМБЕКОВА