МӘСЕЛЕ — ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТАДА ЕМЕС...

МӘСЕЛЕ — ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТАДА ЕМЕС...

МӘСЕЛЕ — ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТАДА ЕМЕС...
ашық дереккөзі
478

Қолымызға қалам алып отырғанымыз «Алматы ақшамы» газетінде «Ескерткіш-тақталар керек пе?» (25 ақпан, 2012 жыл) атты мақалада айтылған және қалалық Ономастикалық комиссиясының жаңсақ шешіміне айтар базынамыз десек жөн шығар…

Мақалада: «Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласының Ономастикалық комиссиясына «Мамания» мектебінің негізін салушы, «Қазақ» газетін қаржыландырған, 1913 жылы қазақ романына бәйге жариялаған Есенқұл қажы Мамановқа Жазушылар одағы ғимаратына ескерткіш-тақта орнатса деген ұсыныс түскен болатын. Алайда комиссия мүшелері бұл өтінішті қанағаттандырмады. Өйткені Мамановтың атында Алматы облысының Ақсу ауданында мектеп бар екен» делінген. Есенқұл қажы Маманов сонау – 1913 жылы қазақ романдарына ең алғашқы бәйге жариялап, бар шығынын өзі көтерген кемеңгер. Кезінде Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде оны «Қазақтың Нобелі» деп атағаны да белгілі. Рас, Мамандар әулеті (Тұрысбек, Сейітбаттал) 1899 жылы Жетісуда мектеп ашып, оның бар қаржысын мойнына алып, кедей балаларын оқытып, киіммен, тамақпен қамтамасыз етіп, жақсы оқығандарды үлкен қалаларға оқуға (Санкт-Петербург, Орынбор, Қазан) жіберіп, ұлтқа үлкен қамқорлық жасаған. Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты ұлыларды қанаттандырып, игілікті іс бастады. Кеңес уақыты тұсында «Мамания» деген мектептің аты кері саясаттың кесірінен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп болып өзгерген. Тарихи әділдік кейін қалпына келтіріліп, «Мамания» 1998 жылы өз атын қайтарып алды. Маман ұлы Есенқұл қажы мектеп ашуға қосылған, бірақ романға бәйге жариялауда басқа Маман ұлдарының еш қатысы болмаған. Комиссияның «Мамания» деген мектепке аты берілген деп желеулетуінің еш негізі жоқ. Сол кездегі романға бәйге жариялау Есенқұл қажыдан басқа ешкімнің ойына да келмес еді. Негізгі мақсаты да жұртын қараңғылықтан айырып, қолына рухани шырақ ұстату болған. Бізге түсініксізі де сол, қалалық Ономастикалық кеңестің дұрыс шешім қабылдамауы. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, бұл үрдіс қазақ романына бәйге жариялау сол кездері өзгелермен дәрежеміз тең ұлт екендігімізді көрсету еді. Жұртының өсіп-өнуіне қажетті рухани азық еді. Яғни, бұл тек жетісулықтар немесе ақсулықтар үшін емес, барша қазақтың қамын ойлап жасалған ерекше қадам. Екіншіден, өз ұлтын шексіз сүйген адамның ісін келер ұрпақтарға да үлгі етуге осыншама кедергі қою кімге қажет болды екен? Кеңес бар мәселені ескерткіш-тақта орнату деп түсінсе керек. Бізге керегі – Қазақстан Жазушылар одағы орналасқан ғимараттың ішіне мүйіс орнатып, бюстін қою. Егемен ел атандық. Елімізге келімді, кетімді шетелдіктер бары рас. Кезінде қараңғы, мешеу атанған қазақ империялық саясаттың кесірінен жаман атқа ілінді, ал енді халқының келешегі үшін әдеби бәйге жариялап, елдігімізді паш еткен алыптарды жас ұрпаққа таныстырып, «міне, біз де өркениетті ұлт болғанбыз» дегенді білдірсек, несі айып? Әлгі шетелдіктер де тарихымызға бойлап, нағыз халық ұлдары болғанына тәнті болмас па еді?! Негізінде ескерткіш-тақта қою ономас­тикалық кеңес дәрежесінде шешілсе, біз­дің талабымыз қаламгерлер ордасының ішінде мүйіс орнату ғой. Қалай дегенде «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқанда», мұндай тірлікке бей-жай қарау дұрыс емес. Бәйге туралы «Қазақ», «Дала уалаяттары» секілді сол кездегі басылымдардың бәрінде жариялануының өзі империялық қысымда отырған қазақ ұлтына мақтаныш болғанына күмән жоқ. Бұл жерде мәселе өз туысының, жерлесінің атын шығару да емес. Еліне жақсылықтың, қамқорлықтың жылы шуағын шашып, саясаттың салдарынан репрессияға ұшыраған адал азаматтардың атын қайта тірілту бәрімізге парыз. Есенқұл қажы Маманов сол алыптардың бірі де бірегейі. Осыны ұмытпайық. Мұны Ономастикалық кеңес те, Жазушылар Одағы да ескерер деген үміттеміз.
Шәкен КҮМIСБАЙҰЛЫ, Арасанбай ЕСТЕНОВ, Есенқұл қажы МАМАНОВТЫҢ келiнi, Шолпан ҚАЛИЕВА, тағы басқалар

Серіктес жаңалықтары