ҚҰНДАҚТАУЛЫ СӘБИ
ҚҰНДАҚТАУЛЫ СӘБИ
Жүйткiп қозғалған жүйрiк пойыз алға ұмтылып келедi. Терезенiң арғы жағындағы кең дала, әсем табиғат, гүлге оранған жер ана жүрегiмдi қуанышқа бөлеп, әсем суреттер сырғып кезек өтiп жатыр. Көктемнiң бейнесiн тамашалау да бiр бақыт екен. Бүршiк жарған бәйшешек, шоқтай қызғалдақ пен сарғалдақ, сиягүл жер бетiн жаулап алғандай тұнып тұр. Әрқайсысы маған қол бұлғап сәлемдескендей болып, самал желмен баяу тербеледi. Оның ар жағындағы асқар таулар мен биiк төбелер бiр-бiрiмен жарысып келедi. Ауылыма жақындап, кiсiнеген тұлпардай жүйрiк пойыз белгi берген сайын жүрегiм дүрсiл қағып, жүзiмде күлкi ойнап, сағынған ата-анамды, бауырларымды көруге асықтым. Ақыры пойыздың толық тоқтағанын күте алмай, қасымдағы серiктерiммен қоштасып, жүктерiмдi асығыс алдым да сыртқа қарай беттедiм. Терезеге көз тастап едiм, ентелей жүгiрiп келе жатқан анамды көрiп, мен де жылдам түсе сала анама ұмтылдым… Құшағымыз жазылмай, анам алма-кезек маңдайымнан иiскеп, бетiмнен сүйе бердi. Амандасып болғаннан кейiн бiрiншi сұрағаным Серiкболсын болды.
– Кішкентай Серік қайда? Өсіп жатыр ма? Неге алып шықпадыңыз? – деп сұрақты жаудырып жатырмын. Анам болса жымиып:
– Сұрағың тегі бітер емес қой. Серікжан аман, бала болған соң, әрине өседі. Өзі де сені асыға күтіп отыр, құлыным, – деп риясыз күлді. Үйде амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін томпаңдап жүрген Серікболсынды алдыма алып, оған әкелген тәттілерім мен ойыншықтарымды бердім. Өмірдің ең керемет сыйы – кішкене баланы бақытты ету екен. Себебі оған қолыңдағы тәттіні берсең де күліп-ойнап, бала қылығымен өзіңді мәз етеді. Ойыншықтарымен алданып, былдырлаған тілімен өзгеге түсініксіз болса да, өзіне түсінікті әңгіме айтып отырған Серікболсынға қарап осыдан тура екі жыл бұрын болған оқиға еріксіз есіме түсті…
Университеттен шығып, аялдамаға қарай ақырын аяңдап келемін. Көктемнің жұпар иісі, бүршік атқан ағаштар, құстардың ғажайып әуенді дауысы, айналадағы қызу тіршілік, барлығы да көктемді жырлап тұрғандай. Менің де көңілімде қуаныш, жүзімде көктемнің тамаша күні сыйлаған күлкі, шаттанып, тамсанып келемін. Аялдамаға жетіп қалғанымда мен мінетін автобус жаңадан жылжып кетіп барады екен. Жылдам жүгіріп, қолымды бұлғап тоқтатуға тырысып едім, тоқтамады. Келесісін күтейін деп көктемнің жұпар аңқыған ауасымен рахаттана демалып тұрғанымда, алыстан асығыс басқан, жан-жағына елеңдей қараған келіншекті көзім шалып қалды. Келіншек деуімнің себебі, қолындағысы құндақтаулы нәресте ме деймін. Мұндай тамаша күні барша адамзат бақыттан бал-бұл жайнап жүрсе, әлгі келіншектің жүзі сынық сияқты. Әлденеден бақытсыз күйге түсіп, қиын жағдайдан қалай жол табарын білмеген жандай күйзеліп келеді. Аялдамаға жақындаған сайын көзіндегі мұң, өзегін өртеген өкініш, жүрегіне түскен сызат айқындала түсті. Байқасам, әлгі келіншек маған қарай беттеп келеді. Әлденеден бойымды қорқыныш билеп, назарымды басқаға аудармақшы болдым. Кенет «кешіріңіз» деп әлсіз шыққан дауыс еріксіз қайта өзіне қаратты. Бойымдағы үрейді сезіп тұрғандай, мұңлы көздеріне жас тұнып:
– Баламды ұстай тұрасыз ба? Мен қазір қайта келемін, бір затымды ұмытып кетіппін, қайта келемін, – деп сасқалақтап бір сөзді қайталай берді. Баланы қолыма ұстатты да, кері бұрылып кетіп қалды. Ұзап бара жатса да біресе маған, біресе балаға қарап, үнсіз әрі көз жанарымен ғана қоштасып бара жатқандай. Қолымдағы жас нәрестеге қарасам, дөп-дөңгелек қоңыр көздерінен жас домалап түсті. Бұл көктемнің самал желінен бе, әлде анасымен айрылысқан сәбидің шарасыздық көз жасы ма, сол сәтте оны айыра алмадым. Дереу баланы құшағыма қысып, құмарлана иіскеп, бойымдағы бар жылуды сол сәбиге бергім келді. Анасының махаббаты маған берілгендей ме, қалай өзі? Ұйқыдан қалжырап оянғандай бойымды бір әлсіздік биледі. Табан асты анасы ғайып болыпты. Айналаға алақтап жан-жақтан іздеп көріп едім, еш нәтиже шықпады. « Аспанға ұшып кетті ме, жер астына түсіп кетті ме?», – деп ішімнен күңкілдеп, көзімдегі жасты да іркіп қала алмадым. Арада ет пісірім уақыт өтті. Мен болсам бейтаныс келіншек келіп қалар деген үмітпен аялдамада күтіп отырмын. Ойым сан- саққа кетті. «Полиция бөлімшесіне барсам ба екен? Жоқ, әлде жетімдер үйіне ме? Болмаса мен де біреудің қолына ұстата салсам ба?» – деп сәбиге қарасам, ол мүлдем әлсіреп бара жатқандай. Сол сәтте өзімнің жүрегімдегі балаға деген қимастықты сезіндім. «Жоқ!» дедім ішімнен. «Мен сенің анаң сияқты әлсіз емеспін, мен енді сені ешкімге де бермеймін, сен менің ең сүйікті інім боласың, үйдегі ініме серік боласың!» – дедім де құшағыма қыстым…
Мінекей, қазір ойнақтап, еркелеп күліп жүрген Серікболсынның ата-анамның қолына келген тағдыры осылай еді. Кейде егер мен сол көктемде табиғатты тамашаламай, автобусыма үлгергенімде бәрі басқаша болар еді-ау деген де ой келеді. Бірақ мұның бәрі тағдыр, алдын ала барша адамдарға жазылған тағдыр. Сол көктемнің бізге берген сыйы…
,ТарМУ-дiң журналистика мамандығының студентi