АСТАНА ӘКIМI– ПАРИЖДЕ
АСТАНА ӘКIМI– ПАРИЖДЕ
Наурыз айының 2-шi жұлдызында Париждегi Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) штаб-пәтерiнде ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталес пен Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов кездестi. Кездесу барысында 2017 жылы ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесiн ұйымдастыруда Қазақстан елордасының үмiткерлiгiнiң құқығын тереңдету мақсатында қолға алынып жатқан шаралар жайында әңгiмелендi.
И.Тасмағамбетов Халықаралық көрмелер қозғалысына қатысудың маңыздылығын айта келiп, ЭКСПО-ны экспонент-елдер үшiн өз жетiстiктерiнiң дамуы мен көрсетiлуiне көмектесетiн таза да, ашық жарыстың дүниежүзiлiк алаңы деп атады. Сонымен қатар, Астананың әкiмi Республиканың жаңа елордасын салудағы орасан зор тәжiрибесiн ескере келе, ЭКСПО-2017 бүкiл ұлттық жобасын iске асыру мен жеңiске жетуi үшiн Қазақстанда барлық мүмкiншiлiк бар екендiгiне сендiрдi.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен халықаралық бастамалары, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделiнiң өсуiне, Астананың халықаралық iрi шараларды ұйымдастыру тәжiрибесi мен әлеуетiне ерекше назар аударған ХКБ басшысы Астананың 2030 жылға дейiнгi дамуы жөнiндегi бас жоспары жайлы да жақсы көзқарасын бiлдiрдi.
Қазақстанның Франциядағы елшiсi Нұрлан Дәненов қатысқан бұл кездесу барысында В.Лоссерталес өз кезегiнде қазақстандық тараптың өтiнiш-ұсынысын дайындаудағы қызметіне жоғары баға берді.