Ойсыз адам ойыншық емес пе?!

Ойсыз адам ойыншық емес пе?!

Ойсыз адам ойыншық емес пе?!
ашық дереккөзі
446

Ойсыз адам ойыншық емес пе?! «Ойдың тағы бір қырына ақылдың көрегендігі мен нұрлануы жатады. Ойсыздық – ақылсыздық емес. Ақыл барлық нәрсені жарықта талқыласа, ой көбінесе қараңғы түннің қарашығынан туады. Рух пен ой көбіне оңаша қараңғылықта жақсы жұмыс істейді…»

Фетхуллаһ Гүлен
Бірінші қадам. Нақты дәлел – қарапайым. Ол, ой – рухани мәселе екендігі. Ойды қабылдаймыз. Есте сақтаймыз. Қорытамыз. Соңғы шегіне дейін жеткізіп дамытамыз. Соның нәтижесінде бүгінгі мәдениет, өркениет деп аталатын қоғам қалыптасты. Ал ойсыздық жайында не айта аламыз. Ол үшін, ойша эксперимент жасап көрелік. Маймыл кенеттен ақылды болып кетті делік. Бірақ онда ешқандай ой жоқ. Сезіну мен әрекет ой емес. Ол ой адамның өзі де емес. Ой одан да терең нәрсенің нәтижесі. Сондықтан маймыл бар болғаны жай ғана өмір сүргісі келеді. Нәтижесінде, өмір сүру механизмі бойынша, оған банан жинау керек болады және жабайы аңдардан қорғану керек. Сөйтіп, ол өнеркәсіп жасап, қызық өмір кешудің құрылымдарын игеріп, тіпті өз іс-әрекетін ақтап алу үшін «өмірден қалағаныңды ал, демократия» деген сияқты сөз тіркестерін ойлап табады. Бұл идея ма? Әрине, идея. Бірақ ол қандай ой? Бұл «ішкі қалауды» қанағаттандыруға негізделген идея. Алайда біздің айтқымыз келіп отырған ой, ол емес. Өкінішке қарай, бүгінгі күні біз кез келген ұранды идея деп қабылдайтын болдық. Мысалы сыра ішкіміз келсе, клубқа барғымыз келсе де, оны «идея» деп есептейміз. Бүкіл әлем құштарлықтан тұрады. Қалау адамның негізі. Біз ең бірінші қалауды сезінеміз. Сондықтан нені қалаймыз, соны ғана ойлаймыз. Ой біздің қалауымызды өзгерте алмайды. Ойымызды басқа бір оймен өзгерте де алмаймыз. Бізге ұлы идея керек болса, бірінші ұлы қалау (мақсат) болу керек. Сондықтан ең басты сұрақ ойды қалай өзгертуде емес, қалауды қалай өзгертеміз? Осы жерде қызықты бір тәмсіл айта кетсек. Тәуелсіздікке 20 жылдықтың қарсаңында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовке биыл жиырма жасқа келген бір қыз хат жазыпты. «Мен он беске келгенімде, ел тәуелсіздік мерекесінің 15 жылдығын тойлады, сонда маған ноутбук бердіңіздер. Ал биыл тәуелсіздікпен бірге жиырмаға келдім, енді маған не бересіздер?» – деп хат жазыпты. Сонда Тасмағамбетов: «Туған елімнен не аламын деп емес, еліме не беремін деп өзіңе сұрақ қой», – деп жауапхат жазыпты. Ал сіз нені қалайсыз? Жануардың мақсатын бір минуттық қалауы анықтайды. Ал біз жәй ғана күн кешетін, адам кейпіндегі тіршілік иесі емеспіз. Жай ғана өмір сүру, ақылға сыймайтын пенделік. Адамға үлкен күш беріл­ген. Ол – ой. Сондықтан, адамның мақсаты дүниетанымынан шығады. Иә. Адам­ның адамдығын осы жерден іздейміз. Біз қараңғы түнде жұлдыздарға қарап, ойлана аламыз. Бұл қалай жаратылды деп? Егер адам жұлдыздарды, бүкіл әлемді бір Жаратушы жаратты деп шешсе, онда бір ғана ой туады. Бізге керегі де осы. Ойдың тиянағы. Өзімізді бір нүктеге бағыттаймыз. Ал егер «бүкіл әлем өздігінен жаратылды, оны ешкім жаратқан жоқ» деп тапсақ, онда бұл адамның «өз өмірі өз қолында» деген идеяға негізделеді деген сөз. Егер «жаратушы жоқ» десек, демек адамзат өздігінен пайда болды. Бұл идеяның түбірі «адам – Құдай» дегенге апарады. Адам Құдайға айналады. Енді сол «құдай адамдардан» қоғам жасамақшы болдық. Маркс оны «коммунизм» деп атады. Жер әлемінде жұмақты орнату үшін эволюция революцияға айналды. Сөйтіп, тарихтың бағытын өзгерткен идея дүниеге келді. Осы ойды жүзеге асыру үшін күресіп, тіпті бірнеше толқын қаза тапты. Әлі күнге дейін сол идеяны көксейтіндер бар. Сол сияқты идеяның екінші түрі – адамның өзін-өзі құтқаруы. Бұл – тұтас дүниетаным. Діни дүниетаным бойынша әлем бір кезде жаратылған. Демек, дүние пайда болғанға дейін уақыт болған болса, оны жаратқан күш бар деген сөз. Ол күш – Құдай. Егер адам Құдайдың қалауын орындаса, мейірімге бөленеді, ал керісінше қарсы келсе, қиындыққа тап болады. Адамдар коммунизм үшін өлгені сияқты, осы дұрыс ғұмыр кешу идеясы үшін де қаншама толқын құрбан болды. Американың бір топ ғалымы осы елдің стратегиялық барлау басқармасының құпия тапсырмасы бойынша ежелгі эзотериялық ілімдерді зерттеумен айналысады. Оларды толғандырған сұрақтардың бірқатары мынандай болған: ой материяға әсер ете ала ма? Уақыт, кеңістікке ойдың әсерін байқауға бола ма? Үлкен арақашықтықтан техникалық құралдардың көмегінсіз ой алмасуға бола ма? Бұл бағыттағы зерттеулер Ресейде де жүріп жатқаны белгілі. «Бұл не үшін керек болды?» десеңіз, олардың айтуынша, ендігі жердегі адамзаттың шешуші соғыстары қару күшімен емес, ақпараттық соғыстар болмақ. Қысқаша айтқанда, түпкі мақсат – ешкімді қарумен өлтіріп, қырмай-ақ, психотроптық әдістермен қарсыластың мысын басып, мақтамен бауыздап, дегенін істетуді меңгеру, ақпарат «ойнату» арқылы әлемге үстемдік ету. Олардың осы мақсатын қалай жүзеге асырып жатқанын ойлы адам БАҚ арқылы күнбе-күн көзбен көріп те отыр… Демек, адамзатты басқарудың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр деген сөз. Қазіргі кезде «идея» деген терминнен саясатпен алдап-арбаудың исі шығып тұратын болды. Сондықтан бізге сырттан келіп жатқан ойларды тоқтатуға бола ма? Сіз өз ойыңызды басқаруды үйрендіңіз бе? (Өзіңізді-өзіңіз басқарып жүрмін деп ойлайсыз ба?) Мысалы жарнама арқылы «мына алкогольсіз сыра сіз үшін, сізге арналған, алыңыз» дейді. Іле-шала дүкенге барып, соны сатып аласыз… Біз кейде ойлағымыз келмеген нәрсені ойлаймыз. Егер оны дұрыс жолға бағыттай алмасақ, өзімізді жәйсіз сезінетін кездер болады. Өзімізді бақылаудан қалған секілдіміз. Оның рухани сорақы көрінісі, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырудан қалдық. Қазіргі қоғамның санасы әлеуметтік сараптаулар бойынша үш тармаққа қызмет етеді екен: 1) Ақша табу; 2) Тамақ ішу; 3) Киіну және қыдыру. Өмір сүрудің екі нұсқасы бар: – Бірінші – инстинктімен, – Екінші – ғаламдық деңгейдегі идеямен. Өкінішке қарай, үшінші таңдау берілмеген
Әсет БЕКТҰР

Серіктес жаңалықтары