НЕМЕРЕ БАҚҚАН ӘЖЕЛЕР БАҚЫТТЫ

НЕМЕРЕ БАҚҚАН ӘЖЕЛЕР БАҚЫТТЫ

НЕМЕРЕ БАҚҚАН ӘЖЕЛЕР БАҚЫТТЫ
ашық дереккөзі
996

Алла жазса, биыл тоқсанның асуын бағындыратын Жаңыл апа тың. Жүйемен айтатын сөзi де мiрдiң оғындай. Қазiргi қыздары мен келiндерiнiң көпшiлiгiне көңiлi толмайды. Себепсiз емес, әрине. Әжелiк парызын өтеуден қашатын кейбiр ерке енелерге де айтар назы бар. Қыруар жыл балаларға ұстаздық етуден жалықпаған бақытты Ана әрi бақытты Әже, асылдың сынығы – Шонаева Жаңыл Бектiбайқызымен өткiзген мерекелiк сұхбатымыз тоқсандағы апаның жылы лебiзi, аналық тiлегi, әжелiк ақ батасымен аяқталды.

– Апа, жасы ұлғайғанына қарамастан, газет-журнал оқи беретін қарт кісілер аз. Нешедесіз?

– Жасым тоқсанда, айналайын. 1922 жылдың 5 мамырында дүниеге келгенмін. Бірақ қартайдым деп қарап отырмаймын, газет оқи беремін. «Түркістанның» әрбір санын жібермеймін. Ел ішінде, әлемде болып жатқан жаңалықтарды газет-журналдар арқылы біліп отырамын. Біздің балалық шағымыз бен жастығымыз темірдей тәртіп орнаған кеңестік дәуір кезеңінде өтті. Ол кезде заңды бұзу, қылмысқа бару деген некен-саяқ кездесетін тосын жайт еді. Адамдар заң шеңберінен шықпауға тырысатын. Қазір керісінше болды ғой. Кеше ғана елге сыйлы азамат бүгін қылмыскер атанады, не заң алдында жауап береді. Табиғи заңдылықтармен қабыспайтын кереғар дүние.

– Балалық шағыңыз қалай өтті?

– Менің ата-бабаларым бай-болыс болған. ХІХ ғасырдың соңында Кете-Шөмекей елі ішінде арғы атам Шонай Қарақасқаұлының есімі кеңінен таныс. Жібектей биязы мінезі, әділдігі, ағайынға қамқорлығы, мейірімділігі үшін көп адамға сыйлы болған. Кеңес үкіметі орнаған тұста туыстарымның көпшілігі Ауған асып кетті. Кейін соның бізге зияны көп тиді. Негізі көп балалы отбасынан шыққанмын. Жалғыз Әбжан деген ағам бар еді, одан кейін сегіз баламыз. Әкем мен ағамды Кеңес үкіметі «Халық жауы Темірбек Жүргеновтің туысысың» деп бір айыптады, «Ауғанстанға туысқандарыңды қашырып жібердің, Кеңес үкіметіне қарсы келдің» деп екі айыптады. Ақыры жылы 1937 жылдың 14 тамызында «Үштіктің» қаулысымен Қиыр Шығысқа 10 жылға жер аударылады. Үлкен ағамның арқасында қиыншылық көрмедік, тарықпадық. Кеңес үкіметі оны Тәшкенге жіберген, ағамның артынан біз де бардық. Менің көзі ашық азамат болуымды қалаған Әбжан ағамның арқасында орыс мектебіне оқуға түстім. Кейін Алматыға келіп, №12 қазақ мектебінің 7 сыныбын бітірдім. 1939 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Еңбек мектебіне жұмысқа орналастым. Ол кезде небары 17-ақ жаста едім. Содан бірнеше жыл бойы балаларға тәлім-тәрбие беріп, ұстаздық етуден жалықпадым. Қазір Құдайға шүкір, шәкірттерімнің көпшілігі елге сыйлы, беделді азаматтар қатарында. Алла маған екі ұл, үш қыз сыйлады. Бірақ бір қызым қайтыс болған. Жас­тай үйленгендіктен, балаларымның өзі ендігі ата-әже болып отыр. Тұңғышым Сапар биыл 70-ке толды, Қазақстанға белгілі фототілші, әрі оператор. Екінші ұлым 60-та. Ол Ригада жоғары білім алып, осында еңбек жолын жалғастырды. Қыздарым да қияларына қонып, қазір немере сүйіп отырған жайы бар.

– Екі ұлыңыздың арасы он жыл екен. Қазір мұндай «арақашықтық» ешкімге таңсық емес. Бірақ бұрын аналарымыз бала тууда белсенді болған сияқты еді…

– Дұрыс айтасың, балам. Бұрын солай еді ғой. Бірақ мен тұңғышымды босанардан екі ай бұрын шалымды ІІ Дүниежүзілік соғысқа алып кетті. Қайынатам немересін етегіне салып тербетіп отырып,егіліп жылап отыратын. Ұлын сағынғаны ғой. Аллаға шүкір, шалым 5 жылдан кейін аман-есен елге оралды. Оның орта білімі болғандықтан қан майданның ортасына жібермей, қайта дайындықтан өткізген екен. Қайта қауышқаннан кейін тағы да екі ұл, екі қыз тудым. Қазір төрт балам да жанымда. Шүкір.

– Атамен қалай таныстыңыз? Сірә, қазақы жоралғымен құда түскен болар?– Әрине, құда түсіп алды ғой. Менің әкем де, қайын атам да ол кездері өте бай, ауқатты болыс болған кісілер. Бір-бірімен құда болуға сөз байласып, бізді үйлендірді. Танымай, білмей басымыз қосылса да, бір-бірімізді сыйладық, жақсы көрдік, бала сүйдік, немерелердің қызығын көрдік. Кейінгі қызықтарды көре алмай кетті ғой. Бірақ балаларым жаман емес. Былтыр жазда шөберемнің тұсауын кестік.

– Қазіргі келіндер туралы пікіріңіз қандай? Олар да Сіздер сияқты шыдамды ма?

– Жоқ, көпшілігі шыдамды емес. «Сүйдік-күйдік» деп қосылады, сосын ата-ананың қарсылығына қарамай бөлек отау құруға асығады, ұрыс-жанжалмен бөлек шыққансын да жақсы тұра алмайды. Қазір өмір сүру қиын ғой, қарғам. «Басына тартсаң, аяғына жетпейтін» дүние. Күнделікті күйбең тірлік, қаражат тапшылығы жастар арасындағы сыйластықты жояды. Осының салдарынан бір бала туғаннан кейін-ақ екеуі екі жаққа кете барады. Тірі жетімдердің көбеюі, бала туу деңгейінің төмендеуі сондықтан.

– Оған кім кінәлі?

– Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен жаман әдеттер отбасы тәрбиесінен. «Қызға қырық үйден тыйым» деген бар. Жасым ұлғайды, еңбек демалысындамын. Ермек жоқ болғасын есіктің алдында отырамын. Сонда қыздардың мінез-құлқына, киім киістеріне кәдімгідей қарным ашады. Бәрі емес, әрине. Бірақ көпшілігі сондай. Шолтаңдаған көйлектерінің етегі кіндікке қарай кетіп қалған, омыраулары беліне дейін ашық… Анда-санда: «Пах, шіркін! Қандай әдемісің! Ана етегіңді тағы да сәл көтеріп қойсаңшы» деймін. Қалжың арқылы оларды тәрбиелегім келетінін түсініп жатқан олар жоқ. Адырая қарайды да, жанымнан жақтырмай өтіп кетеді. Негізі күйеуге тиетін қыз баланың келін ретінде қандай міндеттерді атқаратынын ержете бастағаннан-ақ құлақтарына құйып, газет-журналдар арқылы отбасылық құндылықтар туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттің ертеңі, ұлттың келешегі – жастарға тәлім-тәрбие беруді үйдегі ата-ана, мектептегі ұстаздармен бірге тұтас қоғам өз мойнына алғаны абзал.

– Келіндер мен қыздар жайлы айттыңыз. Ал енді қазіргі енелер қандай?– Оларды да мақтай алмаймын. Көпшілігі тәкаппар, шолжаң. Әжелік парызын ақтауға құлықсыз. Немере-шөберелерін қазақы тәрбиемен өсіруге тырысудың орнына, оларды бағудан қашады. Кейбіреуі «Әкеңді не шешеңді баққам, енді сені баға алмаймын» деп ашық айтады да. Мен тұңғыш ұлымның қызын өзім бағып-өсірдім. Кәрі кісі болғасын бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Кейде ауырып қалсам, жаны қалмай, бәйек болады сол немерем. Кейде қайтер екен деп: «Сірә, мен келмеске аттанатын шығармын. Қатты ауырып тұрмын» десем, «Әже, қайдағыны айтпа, менің жүрегім шыдамайды ондай сөздеріңе» деп шыр-пыры шығады. «Сені қалай алақаныма салып баққаным есіңде ме?» десем, «Әже, бәрі есімде» дейді. Ата мен әжеге немере тым тәтті. Сондай қызықтан қашатын ата-әжелерді түсінбеймін. Сосын қазір қаражат тапшылығынан қиналған жастар жарасуға емес, ажырасуға дайын тұрады. Араларына сызат түскен сәтте ата мен ене, әке мен шеше басу айтып, оларды жарастыруға тырысуы керек. Кейбіреулер керісінше ажырастыруға асығады. Ол – обал нәрсе. Ақылдарын айтып, жас отбасын шайқалтпауға тырысу қажет.

– Апа, көктем келді. 8 наурыз келді. Сіз сияқты жасы 90-ға келген аузы дуа­лы қариядан бата алу, тілек есту – сауап іс. Қыздарыңызға, келіндеріңіз бен замандастарыңызға мерекелік тілегіңіз қандай? – Заманымыз тыныш, еліміз аман, аспанымыз ашық, көңіліміз әрдайым көктем болсын! Қиындықтарға мойымай, жетістіктерімізге қуана берейік. Жастарымыз ақылды, арлы боп ержетсін. Жақсылық көп болсын. Дастарханымыз жиналмасын, қазанымыз оттан түспесін. Молшылық пен кеңшілікте, бейбітшілік пен баршылықта өмір сүрейік. Үбірлі-шүбірлі болыңдар, шырағым.

– Әумин, апа! Айтқаныңыз келсін.

Әңгiмелескен Н.БИСЕНОВА

Серіктес жаңалықтары