ӘН ОЯТАР ЖҮРЕКТІ...

ӘН ОЯТАР ЖҮРЕКТІ...

ӘН ОЯТАР ЖҮРЕКТІ...
ашық дереккөзі
1148

Ән, музыка адам жанын елжіретіп, түрлі көңіл-күй сыйлайды. Әуені мен сөзі үйлесімді жақсы ән тыңдасаң рахаттанып, демалып, сергіп қаласың. Қазақ халқы бұл өнерге ерекше көңіл бөлген. Түрлі бас қосуларда, той-томалақта қыз-жігіттер бұлбұл құстай ән шырқап, күмбірлетіп күй тартып жарысқан да. Халқымыздың негізгі музыкалық аспаптарына домбыра, қобыз, сыбызғы, жетігенді жатқызамыз. Осылардың ішіндегі ең негізгісі, ежелгісі және бүгінгі таңда да ерекше орынға ие болып отырған қазақтың қасиетті аспабы – домбыра. Оның мойнынан шанағының түбіне тартылған шегі, шекті көтеріп тұратын кішкене ағаш тиегі болады. Мойнына перне байланады. Домбыраның шегі қой немесе ешкі малының шегінен ширатылып жасалады.

Халқымыз ән мен күйге аса бай.

Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, – деп жырлаған ұлы Абай ән мен күйге ерекше көңіл бөліп, жан азағы екенін айтады.

Әрбір шырқалған әннің, шертілген күйдің өз тарихы, өмірге келу ерекшеліктері бар. Мәселен «Бозторғай» күйінде балапандарын жыланнан қорғаған байғұс ананың жан таласуы, балапандардың жан ұшырған шиқылы, бозторғайдың қанат қағуы, ақыры жыланға өзі жем болып, соңғы демі үзілгені шертіледі. Сол сияқты 13 ғасырда Шыңғыс хан дәуірінде дүниеге келген «Ақсақ құлан» күйі бүгінгі таңға дейін өз маңызын жоғалтпады. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі қалған Ақан серінің «Балқадиша» әнінің тарихы да көпшілікке мәлім. Жас қыздың қарт адамға ұзатылғаны баяндалып, көркіне көз тоймастай сұлу қызға аяныш сезім әркімнің көңілінде ұялап, «аһ, бақытсыз-ай» деп күрсіндірері анық. Сондай-ақ атақты «Қорлан» әнінде авторы Естай ақынның шексіз махаббаты жырланады.

Біз тоқталып өткен ән-күйлер бұрынғыдан бүгінге жеткен асыл мұраның кішкене бөлшегі ғана. Тәрбиелік мәні зор, тарихы терең жырлар қаншама?!

Ал бүгінгі таңда осындай ерекше мазмұнға ие, тыңдарманды өзімен бірге шыңға да жетелейтін, құзға да құлататын ән бар ма? Бұл сауалға жауап табу оңай емес. Біреулер «бар» десе, базбіреулер «қазір жеңіл ырғақ пен мән-мазмұны жоқ әндер қаптап кеткен» деседі. Осы тұста:

Құр айқай бақырған

Құлаққа ән бе екен?

Өнерсіз шатылған

Кісіге сән бе екен? – деген Абайдың тағы бір өлең шумағы еске түседі. Қазірде шетел әндерінің әуендеріне салып айтылатын әндер қаптап кеткені белгілі. Мұнда музыкаға сөздің буыны сәйкес келсе болғаны, мән-мағынадан жұрдай. Есесіне музыкасы басым. Әрине, көбіне мұндай одан әрі әндер адам баласына жан азығы бола алмасы белгілі. Сондай-ақ, бір-біріне әуені ұқсас әндер де көптеп кездеседі. Иә, музыка әлемінде жеті ғана нота бар екені белгілі, сол жеті нота арқылы небір қайталанбас туындылар дүниеге келіп, адам көңілін қуантып, жүректерді тебірентіп келеді. Ол үшін үлкен сезім, қажырлы еңбек, ізденіс қажет. Ал еліктеп көшірілген әннің ғұмыры ұзақ болмайды. Әрине, тыңдармандардың қошеметіне ие болып отырған жақсы әндер де баршылық.

Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, музыка біздің психологиялық денсаулығымызға пайдалы деседі. Адам жанын тыныштандырып, қажетті энергия беріп, көңіл-күйдің жақсаруына ықпал ететін көрінеді. Тек біздің тілегіміз, Абайша айтқанда:

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар, – деп тамсанатындай әндер көп болса екен.

Гүлбақыт Берiкқызы,

ТарМУ-дiң журналистика

мамандығының студентi

Серіктес жаңалықтары