МЕТАННАН ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ӨНДІРІЛУДЕ
МЕТАННАН ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ӨНДІРІЛУДЕ
Былтыр Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада метан газынан электрқуатын өндіретін жаңа қондырғы орнатылды. Бұл туралы «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті директорының модернизациялау және өндірісті дамыту жөніндегі кеңесшісі Серғазы Қабиұлы Баймұхаметов тереңірек әңгіме қозғаған еді. Пилоттық жобаның үйлестірушісі метанды шахтаны жылытатын қазандыққа көмірдің орнына отын ретінде пайдалану бұрыннан бар екендігін айтады.
Серғазы Баймұхаметовтың айтуынша, бүгінде бірнеше шахтада осындай әдіс қолданылуда. Әрине, мұндай жұмыс қыс маусымында ғана жүргізіледі. Ал жазда қауіпсіздік үшін лавадан шығарылатын метан ауаға кетіп жататын. Бұл газдың пайыздық мөлшері де әр түрлі болады. Метан 9 пайызға жеткенде жарылыс қаупі бар. Оны азайту мақсатында дегазация жасалады. Сөйтіп шығарылған осы газ түрі біріншіден, құр босқа далаға кетіп жатса, екіншіден, экологияға да зиянын келтіреді. Метанды тиімді пайдалану үшін бір әдіс табу керек болды. Англия, Германия, Қытай, Австралия сияқты мемлекеттерде бар бұл үлгіні пайдалану осылайша қолға алынып отыр.
Контейнерлік электростанция деп аталатын бұл кондырғы Австралияда шығарылған. Қуаттылығы 1400 кв немесе 1,4 мгвт. Жобаны іске асыру үшін 1,5 миллиондай доллар бөлінсе, контейнердің өзі миллион долларға жуық тұрады екен. Бұл жөнінен келісім – шартқа 2010 жылдың қазан айында қол қойылған. Алайда нақты жұмыс өткен жылдың жазында басталып, қарашада аяқталған. Осылай 2011 жылдың күзінде іске қосылған. Біз сөйлескен күнге қондырғының жұмысы 1 мың мотосағаттан асып, 1246 мгвт. электрқуат, яғни 8 млн. 722 теңгенің энергиясы өндірілген. Шахтаның пайдаланатын электрқуатының 20 пайызын осы қондырғы беруде. Бұл қондырғы 2-2,5 жылда өзін ақтайды деп жоспарланып отыр. Жобаның іске асырылуымен алматылық фирма айналысқан. Генераторды орнатқан да осы фирма. Газбен қамтамасыз ету, газды дайындау ісін көмір департаментінің өз мамандары жобалады.
Қондырғы бір жылда өзін ақтайтын болса, тиімділігі айқындалса, басқа шахталарға да қондырғылар орнату жоспарлануда.
Қарағанды облысы