ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ, ЕСІМІ ЕСТЕ
ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ, ЕСІМІ ЕСТЕ
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде, Тау-кен ғимаратының А.Машанов дәрісханасында белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Жақан Сүлейменұлы Ержановтың 90 жылдығына арналған кеш болып өтті.
Кешті ғалымның шәкірттері “Маркшейдерлік іс және геодезия” кафедрасының профессоры М.Нұрпейісова мен Қашықтықтан оқыту институтының директоры, профессор Ж.Отарбаев ұйымдастырды. Кешке Қазақстан Ғылым Академиясының және Қазақстан Республикасы Инженерия академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Жақан Сүлейменұлы Ержановтың шәкірттері, атап айтқанда, техника ғылымдарының докторы, академик Б.Рақышев, сондай-ақ Мәскеу қаласында тұратын ғалымның баласы, техника ғылымдарының докторы, профессор Р.Ержанов, Б.Жарқымбаев, Т.Қалыбеков, С.Әубәкір, З.Рахымбекова және әйелдер арасынан бірінші аспиранты, профессор Ж.Шегенов қатысты. Кешті профессор Ж.Отарбаев жүргізіп отырды.
Шәкірттері ғалым туралы қызықты естеліктер айтты. Шәкірті әрі көршісі, техника ғылымдарының докторы, профессор С.Әубәкір: “Жас отбасылымын. Үйім жоқ. Айлығым 120 сом болатын. Жоғары айлық 160 сом еді. Мен үшінші баламның әкесі атандым. Сонда Жақан Сүлейменұлы көп баласы бар деп, 160 сомға айлығымды көтерді. Сол үшін мен біріншіден адамгершілік жағын айтқым келіп отыр. Адамда адамгершілік қасиет болған жөн. Ұстаз – жол сілтеуші бағдаршамың сияқты. Ж.Сүлейменұлының есімі әрқашан біздің жүрегімізде мәңгі сақталады”, – деді.
Ж.Ержанов Қазақ Тау-кен институтын 1944 жылы бітіріп, Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын 1947 жылы тәмәмдады. Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ол кісі жер қабаттары қатпарлануының математикалық теориясына тектоника механикасына арналған 200-ден аса құнды ғылыми еңбек жазды. Жер қойнауындағы сейсмикалық процесстердің математикалық үлгісін жасады. Әлемдік геофизика ғылымының дамуына зор үлес қосқан есімі әлемге әйгілі қазақ ғалымы 1922 жылы Баянауыл өңірі, Қарабұлақ ауылында дүниеге келіп, 2003 жылы Алматы қаласында өмірден озды.