ШӘМША ПАЙДЫҢ ТӨРТ ЕРЛІГІ
ШӘМША ПАЙДЫҢ ТӨРТ ЕРЛІГІ
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева шын мәнінде қай жерде жүрмесін айналасына мейірім-шуағын шашып, жанындағы жандардан ізгілік іздеп жүретін жан. Ол қайда қызмет атқарса да алдымен айналасындағы адамдардан ізгілік іздеді, өзі де соған сәйкес мейірім-шуағын шашып, ұлт пен ұрпақ мәселесін ұдайы жоғары қойды.
Қазақтың парасатты қызы Шәмша Көпбайқызы өзінің өнегелі өмірінде екі мәселеге қатты көңіл бөлді. Ол-біріншіден, ана тілінің тағдыры, екіншіден, қазақ мектебінің тағдыры. Мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсу алғышарттарының бірі – мемлекеттік тілінің қай салада да салтанат құруын қатты қадағалаған ұлтшыл ұстаз қайда еңбек етсе де, Ана тілінің абыройын алға қойды. Өзім ол кісімен қызметтес болған бес жылда байқағаным ректоратта болсын, университеттің ғылыми кеңесінде болсын, жұмыстың қазақ тілінде жүргізілуіне аса мән беретін. Бүкіл ресми іс қағаздарының да төл тілімізде толтырылуын қатты қадағалайтын. Тіпті орыстілді мамандардың бәріне ескерту жасап, баяндама, есептерін мүмкіндігінше қазақ тілінде жасатуға және тілді бұзбай таза сөйлеуге баулитын. Университетте жиі болып тұратын халықаралық конференциялардың жұмысын да қазақ тілінде жүргізіп отыратын. Бұл өзге тілді менсінбеушіліктен емес, өз тілін құрметтеуден туған қасиет еді. Бірде әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де көптеген шет елдерден келген ғалымдар ҚР Білім және ғылым министрі қатысқан халықаралық ірі жиында бірде –бір ғалым қазақ тілінде баяндама жасамаған, сөз де сөйлемеген екен. Сонда өзі сөз сұрап алған Шәмша Көпбайқызы: «Бүгін бірнеше ірі мемлекеттерден қадірлі меймандар, ғалымдар келіпті. Өте қуаныштымыз. Енді осы қонақтарымыз қазақ деген ел, ұлт бар екендігін, олардың өз тілі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі т.б рухани құндылықтары бар екендігін біліп кетсін деген тілекпен, қазақ тілінің өзіндік әуені, мақамы барлығын құлақтарына құйып кетсін деген ниетпен мемлекеттік тілде сөйлеймін» – депті. Залда отырған шет елдік қонақтар ду қол шапалақтап, аса құрмет көрсеткен. Осы оқиғаға куә болған ғалымдардың бірі Өмірхан Әбдиманұлы: «Әй, сондағы ұялғанымыз-ай!.Апайға риза болғанымыз-ай!» деп көпке дейін айтып жүрді. Мұндай мысалдарды Шәмша Көпбайқызымен әр кездері бірге қызметтес болғандардан жиі естуге болады.
Шәмша Көпбайқызы ауылда өсіп,ұлттық қасиеттерді қанына сіңіріп өскен ұлт зиялыларының өкілі. Сондықтан да болар, ауыл өмірі, ауыл мектебі, ұлттың алтын ұясы мен бесігі болған ауылдағы қазақ мектептерінің жағдайы мен тағдыры жүрек түкпіріндегі ең жанды мәселе. «Мен оқыған мектеп» деген мақаласында ол: «Аумалы-төкпелі кезеңнің жетістігі мен кемшілігі алшылы-шікті түсіп жатқан уақытта, шынымды айтсам алдымен ойлайтыным ауыл, ондағы білім ордасы-мектеп жағдайы», – дейді. Өзінің 2000 жылғы «Барым да,бақытым да туған халқым!» деген сайлау алды бағдарламасында: «Ашыққан қарын тойынар,тозған киім жаңарар, білімнің шаңырағын шайқалтып алсақ, келер ұрпақ қайтіп оңалар, кімге жалынар, кімге жалданар. Ұлан-байтақ жеріне ие болатын ұрпақтың санасында сәуле, көкірегінде нұр, бойында намыс болуға тиіс», дей келе: «Меніңше, Үкімет тарапынан «Ауыл мектебі» бағдарламасы қабылданып, ол материалдық және қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуі тиіс…
….Бізге ұстаздардың міндеттері мен құқығын реттеу және әлеуметтік қорғау мақсатымен «Білім қызметкерлерінің мәртебесі» Заңын қабылдау керек», – деген нақты ұсыныстар жасайды.
Дені қазақ балалары оқитын ауыл мектебінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, оқу сапасы, мұғалімдердің білім дәрежесі, т.б алаңдаушылық тудырып, енді қолға алмаса ұлтымыз рухани құлдыруға соғарын сезген Шәмша Көпбайқызы осы мәселені барлық мінберден айтып, ақыры қомақты қаржы бөлдіріп, біршама игі шараларды іске асыруға мұрындық болды.
Осы орайда, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев : «Шәмша Көпбайқызы министр болған тұсында ауыл мектептеріне аса көңіл бөліп, жабылып қалған интернаттарды қайта қолға алған еді. Мектептерде мұражай ашып,аға буынның ерлігін дәріптеді. Қазақ мектептерінің көптеп ашылуына,ауыл мектептерін өркениетке сай жабдықтауға көптеген тамаша іс тындырып, із қалдырды. Қыздар педагогика университетіне келгенде ең алдымен ұлттық тәрбиені қолға алды», – деп білім саласындағы сүбелі еңбектерін сүйсіне әңгімелеп, жоғары баға береді.
Енді ұлтымыздың мақтан етер мемлекет қайраткері, білім саласының аса білгір маманы Шәмша Көпбайқызының елі үшін еткен төрт ерлік істеріне тоқталғым келеді.
Бірінші ерлігі – 32 жасында республикалық мәні бар 37 мекеме, 29 ғылыми-жобалау институттары, бірнеше ЖОО-ры, театрлар, шығармашылық одақтар, әр деңгейдегі бүкіл құқық қорғау органдары, өндіріс кәсіпорындары бар Алматы қаласының бүгінгі Алмалы (бұрынғы Совет) ауданын 5 жыл басқарғандығы ( 1977-1982), елге еткен қызметі кезіндегі халық үшін күн-түнді ұмытып қызмет атқаруы.
Осы қызметке ұсынып, жұртшылыққа танытқан, басшылық қызметтің қыр-сырына баулыған халқымыздың бірегей перзенті Асанбай Асқаров қазақ аруларының өзге өркениетті елдердің қыздарынан еш кем еместігін айтып, ұлт пен ұрпақтың тағдырына алаңдайтын әйел адамдарды билікке тарту мәселесін алғашқылардың бірі болып алға қойған еді. Бұл да ұлттың келешегін ойлайтын кесек мінезді кемеңгердің ғана қолынан келетін келелі шаруа екені мәлім. 32 жастағы қаршадай қыз ел ағаларының қамқорлығының арқасында әр салада сүбелі еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесін өзінің ізгілік іздеген жанымен жандандырып, жақсы істердің жақтаушысы мен бастаушысы бола білді. Мұндай ерлікке бару Шәмша сынды табанды, бірбеткей, ұлтжанды мамандардың ғана қолынан келетін еді .
Ауыл десек қазақты, қазақ десек ауылды ұғынатын ұлтымыз үшін де киелі елді мекендердің мәртебесін көтеруге Шәмша Көпбайқызы ересек көп еңбек сіңірді. Ол жөнінде өзі де былай дейді: «Міне,сол уақыттан бері менің ең жиі баратын, жақсы көретін мекемем – мектеп, нәзік сезімдерімнің иесі – оқушы балалар, ең көп араласып, сыйласқан жұртым – мұғалімдер қауымы болды».
Екінші ерлігі – 1986-шы жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарының бәрі комсомолдан, оқудан шығарылып, ректорларды жазықсыз қызметтен босатып жатқанында өз еркімен жоғары лауазымнан бас тартып, мектепке қатардағы директор болып кетуі. Бұл ерлік – сол кездегі саясатқа қарсылығының куәсі еді. Осы жерде белгілі журналист Көлбай Адырбекұлының «Соңғы репрессия» кітабындағы «Көпжасар Нәрібаев» атты мақаладағы мына бір үзіндіге көңіл аударалық: Кезінде Жоғары және арнаулы орта білім министрі болған академик Көпжасар Нәрібаев өз естелігінде мынадай жәйді еске алады: «Қаңтар айының ішінде мені және Алматы обкомының хатшысы Ш.К.Беркімбаеваны ОК-тің бөлім басшысы Е.Асанбаев шақырды. Өз қызметінің мәртебесін көрсеткісі келді ме, әлде уақыты тығыз, үлкен мемлекеттік істермен айналысып жүргенін көрсеткісі келді ме, екеумізді жарты күндей қабылдау бөлмесіне отырғызып қойды. Өзі кабинетіне бір кіріп, бір шығып жүріп, бізді сынағандай көз қырын қадап қояды. Тығыз шаруаларды тастап келіп, әрең төзіп біз отырмыз. Бір кезде «қолы босады-ау» азаматтың. Бізді кабинетіне шақырып, қатулы үнмен: – Әміров Р.С.(Шетел тілдері институтының ректоры), Байболов С.М. (Құрылыс және архитектура институтының ректоры), Мамыров Н.К. (Халықшаруашылық институтының ректоры) бүгіннен бастап орнынан босатылды – деді маған қарап. Сосын Шәмша Көпбайқызына бұрылды да: – Обком бізді қолдайды , – деді.
– Жоқ,олай емес, мен қолдамаймын. Олардың не кінәсі бар? Қандай айып тағып отырсыздар? – деп Шәкең бөлім бастығының сөзін қағып тастады. Асанбаевтың өңі бозарып, тұтыға сөйледі: – Бірінші хатшымен (М.Меңдібаев) келісілген, сіздің сөзіңіз шешуші бола қоймас.
– Менің сөзімді тыңдамасаңыз, онда мені неге шақырдыңыз? – деп Шәмша Көпбайқызы орнынан атып тұрып, кабинеттен шыға берді. Шәкеңнің батырлығына, әділеттікті ту етіп ұстаған бағытына шексіз ризашылығымды білдіріп, мен де орнымнан тұрдым. Осы жерде Шәмша Көпбайқызы жөнінде тағы да айта кетейін. Арада аз уақыт өткеннен кейін болып жатқан жаппай жазалау саясатымен келіспейтінін және Меңдібаев сияқты жаналғышпен бірге қызмет ете алмайтынын айтып, Шәкең арыз жазып орнынан өз еркімен босап, тағы бір ерлік көрсеткені бар. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деген бар емес пе? Сол қалың елдің берген батасы дарыған болуы керек, Шәкең кейінірек Білім министрінің орынбасары, депутат, Білім министрі сияқты биік лауазымдарға ие болды. Әзір де еліміздегі ерекше оқу орны – Қыздар педагогикалық университетін абыроймен басқарып, халқының құрметіне бөленіп отыр».
Әсте, біз әйел затын нәзік деп жатамыз ,бірақ ел басына күн туып, ұлт мәселесі шешілерде бірінші отқа түсетін де осы қыз балалар екендігін жоғарыда біз келтірген естеліктер айғақтайды.
Міне мұндай қайсарлық, отаршылдық саясаттың қылышынан қаны тамып қызып тұрған кезінде орталықтың адамына осылай отты тілмен орып түсер сөз айту Құдай біледі, менмін деп шіренген қайсыбір жігіттердің де қолынан келмес ерлік.
Шәмша Көпбайқызының өзі түлегі болған қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттегі ректорлық қызметтен кетуі де – ұлтжандылықтың үздік үлгісі дер едім.
2011 жылдың басынан мемлекеттің ерекше қамқорлығындағы университетке сын көбейіп, жаңа оқу жылына бөлінетін жылдағы грант кемітіліп, онсыз да тұрмыстық жағдайы төмен ауыл қыздарының білім алуына мүмкіндіктің азаюы ол кісіні мазалап, түрлі ойларға жетеледі. Шешуші сәтте не мемлекеттік грантта оқитын қазақ қыздарының қатары кемуі керек, не болмаса өз қызметін құрбан ету керек деген екі мәселе қойылды. Ұлт мүддесін үнемі жоғары қойып үйренген, жеке бастың бақытын да халқының бағы үшін қиған жан тағы да өз еркімен арыз жазып жұмыстан кетті. Бұл – Шәмша сынды шын мәніндегі ұлтжанды ұлы тұлғаның ғана қолынан келер 3-ші ерлігі-тін. Өзім бағалайтын 4-ші ерлігі – өзіне қамқорлық танытып, бағыт сілтеп, сенім артып жүрген адамдардың атын атап, түсін түстеп ашық айтатын өрлігі еді. Базбіреулер секілді бұқпантайлап, бұлтаққа салмай бетке айтып отыратын бірбеткейлігі де бар. Әсілі, «аққа құдай жақ» дегендей, ары таза адам ешкімнің алдында ақталмақ емес. Олар – ұсақтықтан биік тұлғалар. Өзіне кім қамқорлық көрсетіп,ұстаздық еткенін, жөн сілтеп, бағыт бергенін «бағым» деп бағалайтын ол әділдік пен әдептіліктің ала жібін аттаған емес-ті. Рухани ұстазы атанған Асанбай Асқаров жайлы: «…Осы бір асыл ағаның алдында мәңгілік қарыздар сияқтымын. Мені үлкен жолға жетектеп шығарған, жұртшылыққа танытқан, басшылықтың, қызметтің қыры-сырына баулыған шын мәніндегі Ұстазым – Асекең» десе, «…Университеттің басшылық қызметінен кетіп бара жатқанда ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысымды айтқым келеді.Себебі, сонау 1986 жылғы жағдай кезінде жастарға қысым көрсетіліп жатқанда облыстық партия комитетінің хатшысы қызметінен өз еркіммен кетіп, мектепте мұғалім болып жүрген кезімде министрдің орынбасары қызметіне шақырған да, кейін өзінің жеті адамының бірі етіп, сенатор етіп тағайындаған да, министр лауазымына көтерген де,осы университетке «өзің бітірген оқу орның ғой, қыздарды тәрбиелесең қайтеді» деп жіберген де Нұрсұлтан Әбішұлы еді. Осы жылдарда Елбасының тікелей қамқорлығында болдық десек, артық айтқандық емес. Егер сол қамқорлық болмаса, біз университет болмас едік….Өте сәулетті Студенттер үйінің салынуы да Президенттің қолдауының арқасы. Мен үшін былтыр Президентіміздің қолынан «Парасат» орденін алуым үлкен бақыт екенін жасыра алмаймын», – деп тебіренуі де тегін емес. Бар шындықты жасырмай ашық айту да бүгінгі құйтұрқысы көп заманда көзсіз ерлік. Алайда, өз өмірін ұмытып, ұлтқа қызмет еткен үлкен жүректі, парасат иесі Шәмша Көпбайқызына, ел сенім артып, жауапкершілік жүктеп жатса оны жасырудың қажеті қанша?. Ол кісінің өнегелі өмірі халық өмірімен өзектесіп, тағдыры тұтасып кеткен. Екінің біріне бұйыра бермейтін,бірақ қазақтың қайраткер әрі аяулы қызы Ш.К.Беркімбаеваға бұйырған бақ пен ғибратты ғұмыр кімге де болса үлгі – өнеге.
Және ерекше атап өтер қасиеті-өзінің мамандығы әдебиетші, ұстаз болғандықтан университет басқарған 8 жыл көлемінде ауылдан келген қазақ қыздарының жалпы дүниетанымын кеңейтіп, рухани ортамен таныстыру мақсатында көптеген ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби кештер, белгілі бір тақырып төңірегінде дөңгелек столдар, пікірталастар, т.б ұйымдастыру арқылы ұлттық тәрбиені насихаттады. Ұлттың рухани мұрасының жанашыры мен жанкүйері бола білді. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың тірі кезінде тойланбай кеткен туған күнін республика деңгейінде тойлатып, ақын ескерткіші алдында «Мұқағали оқуларын» өткізуді дәстүрге айналдыруының өзі неге тұрады? Қыздар университетінің филология факультетінде Мұқағалитану атты арнаулы курс ұйымдастырып, ақын шығармаларынан жыл сайын дәстүрлі студенттер мен жас ақындар арасында жыр мүшәйрасын, айтыстарын өткізу де өнегелі іске айналып еді. «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды.Біріншісі–қайырымды ісі, екіншісі–мейірімге толы сөзі» деген дана бабамыз Жүсіп Баласағұн айтқандай, қазақ қыздарының Ұлттық символына айналған Шәмша Көпбайқызын қартайтпай жүрген, бәлкім осы-халыққа жасаған қайрымды істері мен жастарға арнаған мейірімді сөздері болар. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің тізгінін 8 жыл ұстап, бұл білім ошағын парасат мектебіне айналдыра білген білікті басшы зейнеткерлікке шығарып салған кеште де тебіреніп: – 8 жыл ішінде қыздарым мені бірде-бір рет ренжітіп, жаманатын естірткен жоқ. Бұл біздің берген тәрбиеміздің текке кетпегендігін көрсетсе керек, – деп еді. Бұл – ұлы ұстаздың өз мамандығына деген өлшеусіз махаббаты мен шәкірттеріне деген шексіз сүйіспеншіліктің куәсі.
филология ғылымдарының докторы