ҚАЗАҚИ ОБЛЫСТЫҢ БIЛIМI КӨҢIЛ КӨНШIТЕРЛIКТЕЙ,– дейдi Оңтүстiк Қазақстан облысы Бiлiм басқармасының бастығы Альбина ЕЛСИЕВА ханым

ҚАЗАҚИ ОБЛЫСТЫҢ БIЛIМI КӨҢIЛ КӨНШIТЕРЛIКТЕЙ,– дейдi Оңтүстiк Қазақстан облысы Бiлiм басқармасының бастығы Альбина ЕЛСИЕВА ханым

ҚАЗАҚИ ОБЛЫСТЫҢ БIЛIМI КӨҢIЛ КӨНШIТЕРЛIКТЕЙ,– дейдi Оңтүстiк Қазақстан облысы Бiлiм басқармасының бастығы Альбина ЕЛСИЕВА ханым
ашық дереккөзі
214

Биылғы ақпан айының оңтүстiкке аса қолайлы бола қоймағаны анық. Бiз ат сабылтып iздеп барған облыстық бiлiм басқармасының бастығы да осы бiр төтенше жағдайларға байланысты орнында жоқ болып шықты. Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы, басқа да құзырлы мекемелер ғана емес, бiлiм саласындағылардың да табиғи апатқа қарсы күреске жұмылдырылуы өңiрдегi жағдайдың қиын екенiн аңғартқандай.

Қазақ тiлiнiң қаймағы, қазақи салт-дәстүрдiң, әдет-ғұрыптың ошағына айналған оңтүстiк аймаққа бүйрегiмiз бұрып тұратыны өтiрiк емес. Ол айтпаса да түсiнiктi жағдай болса керек. Өйткенi қандастарымыз тығыз қоныстанған, қазақи тәрбиенiң ошағы саналатын құт қонып, өнер дарыған қаймақты облыстың бiрiнен саналады. Бiздiң әңгiмемiз де осы төңiректен басталды.

– Альбина Балғабайқызы, халқы жағынан, аумағы жағынан республикамызда үшiншi орынды иеленетiн шырайлы Шымкент қаласының халқы миллионға таяп қалыпты. Осындай алып шаһардың бiлiм ұяларына деген сұраныстары қанағаттанарлық па?

– Бұл сұрақ елiмiздiң қай өңiрлерiне болса да басты мәселелерге тiрелетiн өзектi сұрақ деп ойлаймын. Өздерiңiз жақсы бiлесiздер, Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жүргiзiлген тұрақты жұмыс нәтижесiнде қаламыздағы бiлiм саласында едәуiр шешiмiн тапқан жақсы нышандар жеткiлiктi. Қала бойынша 90 мектеп жас түлектерге сапалы бiлiм бередi, сонымен қатар саналы тәрбие ошағына айналып отырса, мектеп жасына дейiнгi мекемелерде 104 мың 934 бала тәрбиеленуде. Бұл ретте «Балапан» бағдарламасына сәйкес мектепке дейiнгi мекемелерде 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 54,6 пайызды құрайды. Бұл дегенiңiз межеленген жоспар 4,6 пайызға артығымен орындалды деген сөз. Ал, жалпы облыс бойынша өткен жылдың қорытындысында 1-6 жастағы 88425 баланы, оның iшiнде 3-6 жастағы 86935 баланы қамтитын 904 мектепке дейiнгi мекемелер тұрақты жұмыс iстеуде..

Дегенмен, халықтың әлеуметтiк-экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты, тұрмыс-тiршiлiгiнiң түзелуiне сәйкес адам санының өсуi де бүгiнгi қоғамның елең еткiзер елеулi жақсылықтарының бiрiнен саналады. Адам басы өскен сайын күнкөрiске деген сұранысы да ұлғая беретiнi тағы да ақиқат. Сондықтан да, облыстың басқа аудан, қалаларына қарағанда Шымкентте, әрине балабақша тапшылығы байқалып отыр. Жас отаулардың құрылуына байланысты сәбилердiң көптеп өмiрге келiп жатуы өмiрдiң заңдылығы десек, олардың ертеңгi күнi сапалы бiлiм мен тәрбие алуына жағдай жасау ешқашан толастамайтын тiрлiк екенiн ұғынуымыз қажет. Бұл ретте алда талай жоспар-бағдарламаның бар екенiн айта кеткен жөн.

– Оңтүстiк өңiрi жанға да, малға да жайлы жер. Сондықтан да мына көршiлес €збекстан мен Қарақалпақстаннан да елге оралған қандастарымыз Шымкент маңынан жиi тұрақ тауып жатады. Көз ашып, ес бiлгеннен бөтен елдiң тәрбиесiн алған жас жеткiншектерiмiзге тiл мәселесiнде қиыншылықтар туып жатқан жоқ па?

– Айта қоярлықтай проблема жоқ деуге болады. Өйткенi жаны да, тәнi де қазақ оралмандарымыздың басқа мемлекетте өмiрге келгенi болмаса, ана тiлiне деген көзқарасы, жанашырлығында пәлендей айырмашылық жоқ. Дегенмен, жақын шетелде алған бiлiмдерi бойынша оралман оқушыларымызды түрлi топтарға бөлiп, сабақ берудiң әдiстемелiк сипатына қарай өтпелi оқу бағдарламалары жасалынған. Осының негiзiнде 1-4 сыныптарда сауат ашу, дүниетану, ана тiлi пәндерi бойынша, ал 5-8 сыныптарда тарих, география, қазақ тiлi, орыс тiлi пәндерi қосымша өткiзiледi. Сонымен бiрге оралман оқушылардың ата-аналарына да қазақ әлiпбиiн үйрету мақсатында арнайы курстар ашылып, сабақтар өткiзу де жақсы жолға қойылған. Оқушылардың бiлiмiн тереңдету жолында түрлi әдеби iс-шаралар жобасы да жасалынған. Әсiресе Абай, Махамбет, Мұқағали оқуларына қатыстырылып, өздерiнiң туған әдебиетiне деген қызығушылықтарын ояту, ана тiлiне деген құрметтерiн бақылап отыру да өз нәтижесiн беруде.

– Осыдан бiрнеше жыл бұрын Ұлттық бiрыңғай тестiлеуден жоғары балл жинап, әсiресе Отырар ауданы көзге түскен болатын. Одан кейiн бұл көрсеткiш қайталанбады-ау деймiн, әйтеуiр тыныштық орнап қалды. Оңтүстiкте бiлiм деңгейi төмендеп кеткен жоқ па деген күдiк туады…

– Бұл пiкiрiңiзбен келiсе алмаймыз. Бiздiң облыс республика бойынша бiлiм сапасы жөнiнен алдыңғы орындардан түскен емес. Күнi кеше ғана халықаралық Жәутiков олимпиадасында бiздiң бiр оқушымыз күмiс алқа тақты. Республикалық «Зерде» жас ғалымдар жарысында да көш алдында көрiнiп жүрген оқушыларымыз жетерлiк. Сонымен қатар 2011 жылы АҚШ, Бразилия, Кипр, Чехия, Грекия, Әзiрбайжан, Испания, Ресей, Румыния мемлекеттерiнде өткен халықаралық ғылыми жоба жарыстары мен олимпиадаларға қатысқан 32 оқушының 5-i алтын, 10-ы күмiс, 12-сi қола медалiн жеңiп алса, 5-i арнайы сертификатпен марапатталды. Бұл жаман көрсеткiш емес сияқты.

Ал, Ұлттық бiрыңғай тестiлеу мәселесiне келетiн болсақ, оның қорытындысы бойынша облыстың орта балы өткен оқу жылында 87,2 пайызды құрады. Оның iшiнде жоғары нәтиженi Төлеби (99,5), Түлкiбас (94,45), Қазығұрт (93,4) аудандары көш бастап келедi. Бiтiрушiлердiң 28,8 пайызы, яғни 7301 мектеп бiтiрушi 100-ден жоғары балл жинады. Бұл көрсеткiш 2010 жылмен салыстырғанда 1565 балаға артқан болса, «Алтын белгi» алудан үмiткер 1244 оқушының 1201-i ҰБТ-ге қатысып, 787-сi ( 63,26 пайызы) өз бiлiмдерiн ақтап, дәлелдеп шықты. Сондықтан да, бiздiң облыстың бiлiм деңгейi жыл сайын өркендеп, қарқындамаса бәсеңсiген емес.

– Оқушылар мен жасөспiрiмдер арасында қылмыстың көбеюi, тiптi суық қару қолданған жағдайларды да естiп-бiлiп қаламыз. Өткен жылы облыс басшысы Асқар Мырзахметов мырзаның өзi баяндамасында бұл жәйтқа қатты алаңдаушылығын бiлдiрген едi. Жастар арасындағы заң бұзушылықтың көбеюiне не себеп?

– Бұл қоғамдағы өзектi мәселелердiң бiрiне айналғаны жасырын емес. Елiмiздiң қай түкпiрiнде де арагiдiк бас көрсетiп қоятын мұндай тәртiп бұзушылықтарға тосқауыл күшейген сайын өрши беретiнi де ақиқат. Бiздiң өңiрде де ондай жағдайлардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, облыс басшысы Асқар Исабекұлының тiкелей бастамасымен жасөспiрiмдер тәрбиесiне құзырлы органдар, ата-аналар мен мектеп басшылығы болып үш тараптан жұмыс iстей бастағалы да бiраз уақыт болды. Бұл ретте, жасөспiрiмдердiң жасап жатқан қылмысына тек мектеп тарапынан қарастыруға болмайтынын түсiнуiмiз керек. Оның бәрiне ұстаздарды кiнәлауға болмайды. Сондықтан да жер-жерлерде ата-аналар комитетiн құрып, заң орындарымен бiрлесе жасалынған жүйелi жоспар арқылы жұмыс жүргiзу өз нәтижесiн беретiнiне көз жеткiзу қиын емес. Әр баланың тәулiк iшiнде, 24 сағат iшiнде немен айналысып жүргенiн бақылау, бос уақытын қалай өткiзетiнiн, өзiн қызықтыратын тiрлiгi бар-жоғын қадағалау үнемi ұстаздармен қатар ата-аналардың да жұмысы. Егер ондай мүмкiндiктерi болмаған жағдайда бiрлесе отырып, балаларға дұрыс бағыт-бағдар сiлтеу қажет. Бiзде жасөспiрiмдердiң тәлiм-тәрбиесiне байланысты отансүйiсгiштiктi ояту мақсатында «Менiң Қазақстаным – менiң елiм» , оңтүстiктiң тарихын тереңiрек насихаттау барысында «Облыс тарихы» атты керуен шеру, кәсiпкерлiкке баулуға арналған «Жыл шеберi-2011» , математика, физика, информатика пәндерiнен Ө.Жолдасбеков атындағы аймақтық олимпиадалар ұйымдастырып отырамыз. Сол сияқты «Ұрпақтар сабақтастығы – дәстүр жалғастығы» атты фестиваль өткiзу де жылдық жоспарға енгiзген. Осындай игi шаралардың барлығы да жасөспiрiмдердiң бос уақыттарын тиiмдi өткiзу, танымдық- әлеуметтiк ой-өрiстерiн байыту мақсатындағы қолға алынып отыр. Тәлiм-тәрбиемен қатар еңбекке баулу да, адам адамға дос, жанашыр екенiн, қоғамдағы орын алып отырған келеңдi-келеңсiз құбылыстардың арасын ажырата алатындай саналылыққа жеткiзу бiздiң, ұстаздардың бұлжымас борышы деп бiлемiн.

– Ұстаз демекшi, оңтүстiктiң бiлiмiн неге заңгер басқарып отыр деген де пiкiрдi құлағымыз шалып қалғаны бар?

– Оныңыз рас, мамандығым бойынша заңгермiн. Бiрақ кез келген пендеңiздiң ұстаз алдынан өтпегенi жоқтың қасы. Мектеп табалдырығын аттап, ұстаздың мейiрiмдi жүзiн, салауатты ақыл-өсиетiн тыңдамаған адам жоқ. Сондықтан да, мектепте қаланған негiзi мықты бiлiммен, алған тәрбиемен бiлiм ошақтарын басқару тiптi де қиындық туғызбаса керек. Оның үстiне, тәрбие мәселесi, жалпы тәлiм-тәрбие, ұлттық тәрбие бәрiмiздiң ортақ тiрлiгiмiз болғандықтан, қай саланың маманы болса да ұрпақ тәрбиесiне бей-жай қарай алмаса керек.

Әңгiмеңiзге рахмет!

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ, «Түркiстан» газетiнiң арнаулы тiлшiсi

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары