АКТЕРІН КҮТКЕН ҚАЗАҚ КИНОСЫ
АКТЕРІН КҮТКЕН ҚАЗАҚ КИНОСЫ
Өткен уақытты сағындым… Мен ауылда ғана уақытқа деген сағынышымды ұмытам. Тек техниканың дамуымен бірге ауыл адамдарының қарым-қатынасына сызат түскені, олардың бір-біріне үрке қарауы, «жасандылық ауруын» жұқтырып алғандығы жанымды ауыртады.
…Арық жағасында орналасқан мына қоржын тамда бақырауық Құрбан көкем тұратын. Біздің ауылда екі Құрбан бар: бірі – қара Құрбан, екіншісі – бақырауық Құрбан. Бірақ бақырауық Құрбанның біреумен жаға жыртысып, төбелесіп, біреудің мұрнын қанатқанын көрген адам жоқ. Марқұм еңбекқор жан еді. Көктем шыға есік алдындағы огородты жалғыз өзі күрекпен аударып, картоп, қияр, қызанақ егетін. Бақшасында алты түп қарала болатын. Құрбан көкем терлеп-тепшіп егіп, еңбектеніп өсірген картопты көршілері қазып алып, әкете беретін. Қараладан көршілері тосап қайнатып жататын. Мен де қараланы етегіме толтырып, үйге таситынмын. Бірақ бақырып, іштарлық жасаған Құрбан көкемді не әйелін көрмейсің. Өзі ашық мінезді, ойын жасырмай айтып салатын, айналасындағы адамдармен айқайлап сөйлесіп жүретін адам еді. Теледидарымыз бұзылып қалса, отбасымызбен сол үйге «көшіп» баратынбыз. Қолмен сүт беріп өсірген інімнің қара қозысы болатын. Қозы інім қайда барса да еріп жүретін. Мектепке шығарып салып, күтіп алатын. Бізбен бірге ол да Құрбан көкемнің үйіне кіретін. «Әй, мына қозыны сыртқа шығарыңдар, үйді былғайды» деп ренжіп жатқан әйелін көрмейсің. Әйелі Ұлди қозының басынан сипап, кино көріп отырады. «Құрбан көкем» деп жатырмын ғой, ол кісінің бізге ешқандай туыстығы жоқ, руы бөтен. Құрбан көкем балық ұстап келген күні көрші-қолаң үшін мейрам. Шақырмаса да «Құрбан балық ұстапты» деп үлкен-кіші сол үйге қарай бет алады. Көршілер Құрбан көкем шабақ ұстаса да біліп қояды. Себебі әйелінің қолы ашық, мейірімді жан. Көрші-қолаңның бәріне екі-үш балықты қайдан жеткізсін, картоппен қосып қуырады. Балық жеп отырып, теледидардың үстінен әрқайсымыз кезек-кезек ұрып, кино көреміз. Төрт үйге – бір теледидар. Үш үйдің бұзылған теледидары шебердің үйінде. Сәрсен көкемнің теледидары жөндеуге келмейді екен. Ал Мұрат көкем шеберді арақпен сыйламапты, сондықтан теледидарын ала алмай жүр. Теледидарымызды жөндеуге апарып тастағанымызға бір жеті, әкем шеберді арақпен де сыйлап қойған. Тек бір «темірі» табылмай жатқан көрінеді. Бұл – «тағы бір жартылық керек» деген сөз. Сонымен күнде бәріміз тегін «кинотеатрға» барамыз.
«Қыз Жібекті» әр көрген сайын Сәрсен көкем Алматыда шипажайда емделгенін, сол кезде Асанәлі Әшімовті көргенін айтып мақтанады. Тіпті «Бекежанмен» қол алып, амандасыпты. Бақырауық Құрбан күс-күс қолына ұзақ қарап, «биыл картошканы көп егіп, сатып, Алматыға барып демалам. Сонда арнайы Бекежанды іздеп барам. Ойбой-оу, тірі Бекежанды көру арманым ғой, арманым» деп қояды. Құрбан көкем арманына жете алмады. Осыдан бір жыл бұрын дүние салды…
«Бандыны қуған Хамит» фильмін көріп отырсақ, Ұлди жеңешем: «Ойбай-ай, мына ұзынтұра пәле Хамитжанды өлтіретін болды ғой. Хамит-ау, өлетін болдың ғой, тұрсаңшы, неге жатырсың?» – деп шыр-пыры шығатын. Құрбан көкем: «Кемпір, Хамитке неге жаның аши қалды? Сымбатты жігітке ғашық болып қалмадың ба? Байқа, кемпір, байқа! Ертең көзіңді көгертіп, төркініңе жіберем», – деп қалжыңдайды. Құрбан көкемнің әйеліне қол көтергенін біздің ауылда көрген де, естіген де адам жоқ.
Сырға жеңешем: «Әй, Құрбан, «Хамиттің» сен кім екенін білесің бе? Ол – атақты актер Досхан Жолжақсынов. Сенің кемпіріңді көзіне де ілмейді», –дейді. Біздің ауылда «Хамиттың» кім екенін Сырға жеңешемнен артық ешкім білмейді. Бәріміз бір мезгілде Құрбан көкемнің үйіне жиналып, «Бандыны қуған Хамитті» көріп отырсақ, бұл фильмнің «жарнамасын» жасаған Сырға жеңешем. Кеш бата Сырға жеңешем үйге келді. «Ерке қыз, бүгін сағат тоғызда «Бандыны қуған Хамит» болады. Мен бұл фильмді неше рет көргенімді білесің бе?» деп ойланып қалды. «Алғаш рет кинотеатрдан көрдім. Сиырды саумай кетіп, енемнен ұрыс естігем. Киноның әсер еткені сондай, ертесіне кинотеатрға қайта барып, көрдім. Ерке қыз, мен саған Хамиттің рөлінде ойнаған актер Досхан Жолжақсыновтың шеберлігін тілмен айтып, жеткізе алмаймын. Бастапқыда Мұрат мені «Хамиттен» қатты қызғанатын. Бір рет шапалақпен жағымнан тартып жіберген. Көпке дейін сөйлеспей жүрдім. Ол кезде жас едім ғой. Жиырма төрттегі келіншекпін. Кейін «Бандыны қуған Хамитті менімен бірге көретін болды. Әлі де мені қызғанады», – деп күлді.
Шешемнен «Бандыны қуған Хамитті» көруге барасыз ба?» – деп сұрадым. Шешем «Сырғадан естідің бе, маған түсте «көріңіз» деп кеткен, көрмесем ертең ренжіп жүрер», – деп жымиды. Ертесіне әйелдер киноны қайта талдайды, сонда шешем «тың пікір» айтпаса, ұят қой.
«Бандыны қуған Хамитті» көріп отырып, Мұрат көкем жаққа жиі көз тастап қойдым. Ол киноны қызығып, сүйсініп көріп отыр еді…
Фильмді өте талантты, білімді режиссер түсірсе де, сценарист мазмұнды, қызық сюжет жазса да, актерлер шебер ойнамаған кинокартина көрермен жүрегіне ешқашан жетпейді. Өз басым, көрермен ретінде Бекежанның, Хамиттің орнында Асанәлі Әшімовтен, Досхан Жолжақсыновтан басқа актерді көз алдыма елестете алмаймын. Бірде әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісмақованың «Кинода Біржан сал рөлін Досхан Жолжақсыновтан басқа актердің ойнауын қылмыс деп білем» дегені бар еді. Кейіннен «Біржан сал» фильмін көрген талай көрерменнің «Біржан сал рөлін Досхан Жолжақсыновтай шебер, шынайы, нанымды ойнай алатын актер жоқ шығар» деген пікірін талай естідік.
Мен бала кезімде Судыр Ахметті жек көрдім. «Қан мен тердің» кейіпкерін айтам. Кітапханадан ертегі кітап алып, оқып жүрген кезімде «Қан мен тер» фильмін көрдім. Бұл фильмде Еламан бейнесін Әнуар Молдабеков, Тәңірберген бейнесін Тұңғышбай Жаманқұлов сомдаған. Менің бала танымым «Еламанның әйелін «тартып алатын» Тәңірберген байды жек көрмейтін. Шешем айтатындай, «іштен біліп туған бәлемін» ғой. Байдың бәрін ақымақ, кедейді ақылды етіп суреттейтін ертегілерден жүрегім айнитын. «Үйір-үйір жылқысы бар бай қалайша ақымақ? Ұйқысынан оятатын әтеші жоқ кедей қалай ақылды?». Осы сауалға бас қатырып, шаршайтынмын. Сұлу Ақбаланы аяй отырып, одан суынып кететін Тәңірбергенді бәрібір жек көрмейтінмін. Еламанға жаным ашымайтын, себебі менің танымымда ол мықты адам еді. Ал мықты адамға жанашырлық білдіру – жараспайды. Бала түйсігіммен екі бақталас кейіпкерді жақсы көрдім. Ал Судыр Ахметті? Айттым ғой, мен оны жек көрдім. «Жексұрын» кейіпкерді жазалағым келетін. Жазалағаным сол: кейін мүлдем киноны көрмей қойдым. Себебі, актердің соншалықты шынайы ойыны менің жүйкемнің талшықтарын қозғап кететін. Қысқасы, «жүйкеммен ойнаған» актерді жек көрдім. Әке-шешем киноны көріп отырса, «Судыр Ахметті» көріп отырсыңдар ма?» дейтінмін. Журналистикамен айналыса бастағанымда «Судыр Ахметті» көргім келді. Одан Еламанның, Тәңірберген мен Ақбаланың кегін алғым келді. Содан Судыр Ахметті сомдаған Қасым Жәкібаевты іздедім. Таптым. Кездестім. Әлі есімде, «Сіз бен Судыр Ахметтің қандай байланысы бар? Судыр Ахметпен екеуіңізге ортақ қасиет бар ма?» деген сауал қойдым. Ол кісі темекісін шегіп, ұзақ ойланып отырды. «Бұл фильмге мені Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов шақырды. Бардым. Судыр Ахметтің рөлін берді. «Қан мен тердің» авторы Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Жәкібаев менің Судыр Ахметіме ұқсамайды. Ол еңселі, ұзын бойлы. Бұл тіпті де Судыр Ахмет емес» деп мені «менсінбеді». Әзекең айтқанынан қайтпай рөлге бекітті. Содан Судыр Ахметті барымды салып, ойнап шықтым ғой», – деп жай күрсінді. Актермен алғаш кездескенде оның суайт Судыр Ахметпен ешқандай ұқсастығы жоғын байқадым. Дарынды актердің режиссер бекіткен рөлді шебер ойнағанын түсіндім. Актермен өмірінің соңғы күніне дейін араластым. Ол «Жансебілдегі» Мұқатай шалдай мұқалмас қайратты, жаны сірі жан еді. Мұңлы еді. Жалғыздықты сүйетін. «Кемел Қасым – жаны сәби Қасым» (Сатыбалды Нарымбетов) былтыр дүниеден озды. Төртінші қабаттағы үйінде теледидардан театр спектакльдерін үзбей көретін. «Театрдағы рөлдерімді сағындым, кеше түсімде спектакльде ойнап жүр екенмін. Өткенде бір қызық түс көрдім. Репетицияда сөзімді ұмытып қалыппын», – деп сағынышқа толы әңгіме айтушы еді. Енді өзі де сағынышқа айналды. Сол Қасым Жәкібаев: «Әне бір күні теледидардан бір актер сөйлеп тұр» деп әңгімесін бастайды. «Ол кім, ата?» деп сұраймын мен. «Шырағым-ау, қайтесің. Біреу туралы әңгіме айтқан жақсы емес қой. Ол актермен бір сериалға түскенмін. Бездарный актер». Әлгі актердің атын есіне түсіре алмайды. Көмекке кемпірін шақырады. Апам есіне түсіре алмаса, «Әй, неге есіңде жоқ? Екеуміз бірге көрдік қой. Атақ алған актер ше?», – деп ашуланады. Апам «Атақты біраз өнер адамы алды ғой», – деп күмілжиді. Атам одан сайын ашуланады. (Менің есіме «Жансебіл» фильмі түседі. Онда да шал «Маруся» деп айқай салушы еді ғой) «Маған енді атақ қызмет етуі керек» дейді. Сондай да сөз бола ма екен? Мен білетін ол өмірінде бір рөлді шығара алмаған». «Сонда сіз кімді мойындайсыз? Көзі тірі қазақтың мықты актерлері кімдер?» – деп сұраймын ғой. «Осындайда сұрақ бола ма?», – деп атам енді маған күйіп-піседі. Атам бір саусағын бүгіп, «Асанәлі Әшімов. Ойбой, бізге оған жету қайда-а-а?! » – дейді. Сосын екінші саусағын бүгіп: «Досхан Жолжақсынов. Табиғи талант. Жарық жұлдыз. Түсіндің бе?» – деп саусағын шошайтып, көзімді шұқып ала жаздайды. «Тұңғышбай Жаманқұловтың актерлік шеберлігін жоғары бағалаймын. Бірнеше рет Әуезов театрына Тұңғышбай ойнаған спектакльді көру үшін арнайы бардым. Тағы бір мықты – Нұржұман Ықтымбаев», – дейтін. Ол әсіресе, Досхан Жолжақсыновты алабөтен жақсы көрді. Оның адамгершілігіне сенетін. Көз жұмар алдында да сол іні-досын іздеді. Ұлы актердің ашылып қалған көзін алақанымен аялап жапқан да сол – көрнекті актер Досхан Жолжақсынов.
Қазақта мықты актер көп. Бір Шәкен Аймановтың өзі қазақ киносының өмірін қаншама жылға «ұзартып» жіберді. Таяуда теледидардан Асанәлі Әшімовтің сұхбатын тыңдадым. Қазақ киносының мэтрі: «Кезінде біреулер мен туралы «Шәкен Аймановтың күйеу баласы. Басты рөлдерде ол ойнамағанда, кім ойнайды?! Қайын атасы рөл алуына көмектесіп жатыр» деп біраз алып-қашпа әңгіме айтты. Мен тіпті Шәкен Айманов «Атаманның ақырына» шақырғанда, «Қыз Жібекке» түсіп жатырмын» деп бас тартып, ақымақ бола жаздағам» дегенде ойланып қалдым. Құдайым-ау, қазақта Асанәлі Әшімовтей талантты актер енді туа ма, тумай ма? Ол тума талант қой! Дарынды адам өзінің қажыр-қайратымен, еңбегімен ғана жетістікке жетеді.
Өткенде бір театрдың режиссері репетицияда актеріне «ойнай алмайсың, саған қой бағу керек» деп айқайлап жатты. Талантсыз адам қой да баға алмайды. Бүгінгі режиссерлер жастар арасынан Асанәліні, Досханды іздеп, басын қатырмайды. Қыруар көк қағазбен қызықтырып, режиссердің атын «аспанға шығаратын» әлемдік деңгейдегі жұлдызды шақырады. Әйтеуір шетел актеріне «құда түсу» біздің режиссерлердің ауруы. «Көшпенділер» фильмінде басты рөлді ойнаған Куно Беккер айтты деген сөз бар: «Абылайханды мен емес, қазақтың актері ойнауы керек. Бір ұлттың батырын, патшасын, ханын тек сол ұлттың актері ойнауы керек». Көзіқарақты көрермен «Абылайханды» «Қалдан Сереннің» (Досхан Жолжақсынов) екінші планға түсіріп жібергенін көрді, түйсінді. Нұржұман Ықтымбаев айтады: «Голливудта болдым, киноға түстім. Голливуд актерлерінің бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ».
Бүгінгі жас актерлердің арасында кейіпкері дараланған, «рөліне мәңгілік ғұмыр сыйлаған» ерекше талантты актерді атай аласыз ба? Театрда Дулыға Ақмолда дейміз. Ал кинода? Өкініштісі, біз ешкімді бөліп-жара айта алмаймыз. Сіз ше?
Аягүл МАНТАЕВА