КИНО ТІЛІНДЕГІ КИНО

КИНО ТІЛІНДЕГІ КИНО

КИНО ТІЛІНДЕГІ КИНО
ашық дереккөзі
481

Режиссер Дәрежан Өмірбаев бір сұхбатында «Кино тіліндегі кино түсі­руді армандаймын» деген болатын. Бүгінгі қазақ киносының қорындағы аталмыш автордың туындылары «Шілде» (1988 ж.), «Қайрат» (1991 ж.), «Кардиограмма» (1995 ж.), «Киллер» (1998 ж. Канн фестивальінің жүлдегері), «Жол» (2001 ж.), биыл «Студент» атты Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісімен түсірілген кинотуындымен толықты.

Өз қоғамындағы әділетсіздікке қарсы әрекет еткен студент бейнесі арқылы режиссер қоғамның тынысын айна қатесіз бере алды, әңгіме формасы өзгерген капиталистік өміржайында өрбиді. Қоғамның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы. Фильм арқылы біз өзіміздің қалай өмір сүріп жатқанымызды көреміз. Табиғат секілді бүгінде қоғам да сұрыпталатын болды. Бай мен кедей қатар өмір сүргенде байлар, өмірге бейімдер, қанаушылар үстемдік етуі керек. Студент теледидардан қаншық қасқырдың өз құрбандарын екі бүктеп жегенін көреді. Дәл сол Джунгли заңы мен студенттің фильм басталар тұстағы труппада даяшы болып істеп жүріп, танымал актрисаның киімін абайсызда былғап алған соң аяусыз соққыға жығылуында айнымас ұқсастық бар. Осыдан келіп «адам – адамға қасқыр» деген философиялық түйін шығатын секілді. Бұл ойды режиссер тереңдете түсу үшін студенттің екі түрлі ұстаздың лекциясын тыңдауына ойысады: бірінің әділдікті іздеуі мен күресі, екінші ұстаздың болып жатқан құбылыстарға деген ризашылығы. Бұл – адамзат диллемасы. Режиссер бақытсыздықтың тереңіне үңіле отырып, адамзатты қалай бақытты ете аламыз деген сұрақтың жауабын іздейді. Студенттің Серік Тұмановпен кездесуі, ақын тағдыры, отбасы, мардымсыз зейнетақымен өмір сүруі, жұмыссыздық, бәрі-бәрі терең ой салады. Кейіпкер көзімен біз бір отбасының бақытсыз өмірі мен қоғамдағы әділетсіздікті көреміз. Ал Отанның отбасынан басталарын білетін біз мұны сөзсіз таразылай аламыз. Оқиға ішінде жүрген студенттің бір емес екі адамды өлтіруі, оның қоғамға деген соншалықты қараңғы түсінігі мен ойлары жаныңды түр­шіктіреді, оның жасаған қылмысының жазасы дайын, бірақ режиссердің кейіпкерге деген ішкі симпатиясы да бар. Ол экраннан анық сезіледі, әрі режиссер көрерменді де өзі ойының иіріміне жетелейді. Ақынның мылқау қызына студенттің бар кінәсін мойындауы көрерменнің де жанын катарсисқа ұшыратады. Өнер адамы қашанда халық жағында болуы керек деген тұжырымды Дәрежан Өмірбаев ту етіп ұстайды. Кез келген кино қоғамның айнасы, автордың жан дүниесі мен ортаға деген көзқарасы, сондай-ақ көпшілікке айтар ой түйіні. Аталмыш туынды қай қоғамда да, қай елде де кездесетін індеттің бетін ашқан, жалпы адамзатқа ортақ мәселені сөз еткен, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сында түсіріліп жатқан бірқатар фильмдердің ішіндегі әлеуметтік мәселені көтерген алғашқы авторлық фильм. Біздегі прокаттық жүйенің жүйеленбегені, басқа да көптеген себептермен аталмыш туындының көпшілікке насихатталмай, жетпей жүргені жаныңды ауыртады. «Студент» – ерекше туынды. Атақты режиссер Жан-Люк Годар: «Кинода Дәрежан Өмірбаев бар екенін білдім, армансыз, алаңсыз өле берсем болады» депті-мыс. Француздар Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері арқылы жалпы қазақ халқын, қоғамын танып жатса неге мақтанбасқа? Киноны киноның тілінде сөйлете алар нағыз кәсіби режиссер бізде де бар екені көңілге демеу.

Сланбек НАЗЕРКЕ,

Т.Жүргенов атындағы

Өнер академиясының

3-курс студентi

Серіктес жаңалықтары