БЮДЖЕТ БАҚЫЛАСА ҒАНА – БЕРЕКЕЛІ

БЮДЖЕТ БАҚЫЛАСА ҒАНА – БЕРЕКЕЛІ

БЮДЖЕТ БАҚЫЛАСА ҒАНА – БЕРЕКЕЛІ
ашық дереккөзі
239

Сiздiң ай сайын төлейтiн салығыңыз қайда жұмсалып жатқанын бiлесiз бе? Республикалық немесе жергiлiктi бюджетке түсетiн қаржы «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кетпес үшiн бюджеттердi қалай бақылаған жөн? Халыққа тиесiлi мұнай мен басқа да табиғи ресурстардан түсетiн кiрiстер қанша? Жыл сайын қыруар қаражат неге игерiлмей қалады? Аудан, ауылдарда салынуы тиiс аурухана, емхана, мектептерге бөлiнген қаржы жымқырылып, сыбайлас жемқорлыққа жиi жол берiлетiнi несi? Осы сарындас сан сұраққа берiлетiн жауап бiреу-ақ: бюджеттiң жариялылығы мен ашықтығы.

Жергілікті жерлердегі бюджетке қатысты мәселелердің қаншалықты ашық екендігі мемлекеттік органдардың мүдделілігіне, қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты. Қазақстан азаматтарының төленіп жатқан салықтары қайда кетіп жатқанын білуге құқылы болса да, жергілікті атқарушы биліктің кейде кедергіні қолдан жасап, ақпараттарды беруге аса құлшынбайтыны өкінішті. Осының салдарынан, кейінгі кездері сыбайлас жемқорлыққа қатысты жайттар жиі қылаң беріп жүр. Жуырда ғана ҚР Президенті Н.Назарбаев елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға қатысты мәселелер, мысалы аурухана, емхана, мектептер салуда іс пен сөздің қабыспайтынын, Үкімет «үкілеген» «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасының тиісті деңгейде жүзеге асырылмағанын сынға алған болатын. Мемлекеттің келешегі – балалар білім ошақтарына сыймай, аядай жерде берекесі қашса, азаматтар денсаулықтарын жүйелі түрде қадағалайтын емхана, ауруханалардан орын табылмай, дертке бой алдырса, кім-кімнің де ренжитін жөні бар. Бірақ егер бюджеттің қалыптастырылуы, бекітілуі мен оның орындалуы ашық түрде қоғамның жіті назарында болса, жемқорлықтың, келеңсіздіктердің азая­тыны белгілі.

Жергілікті бюджеттер ашықтығының көр­­­сеткішін қалыптастыру бастамасы халықаралық ұйым – Дүниежүзілік бюджеттік серіктестікке (International Budget Partnership, ІВР) тиесілі. Алғашқы зерттеу жобасын 2006 жылы қолға алған International Budget Partnership Жер шарының 54 мемлекетін қамтыды. Арада төрт жыл өткенде бұл шеңбер едәуір кеңіп, зерттеуге 94 ел қатыстырылды. Мемлекеттік құрылымдар (мәселен федерациялар, унитарлық мемлекеттер т.б.) мен әр елдегі жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдардың даму деңгейі әртүрлі болуы себепті зерттеу жобасының тәсілі барлық мемлекетке бірдей болуы мүмкін емес. Дүниежүзілік бюджеттік серіктестік 2010 жылы әлемнің 10 мемлекетін таңдап алып, тәжірибелік тұрғыда Жергілікті бюджеттер ашықтығының көрсеткішін бағалау тәсілдемесі қалыптастырылды. Бұл тізімге Қазақстан енгізілген жоқ. Есесіне, осы бастама «Сорос-Қазақстан» Қорының «Мемлекеттік қаражаттың ашықтығы» бағдарламасының шеңберінде қолдау тауып, бюджеттік процесс саласы, Ұлттық бюджеттік жүйе мен Дүниежүзілік бюджеттік серіктестік сарапшыларының қатысуымен арнайы зерттеу жобасы жүзеге асырылыпты. «Мемлекеттік қаражаттың ашықтығы» бағдарламасының директоры Жәнібек Хасанның айтуынша, зерттеу жобасы Қазақстанның 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларында жүргізілген. Жобаға еліміздегі азаматтық қоғам өкілдері – үкіметтік емес ұйымдар, академиялық орта – жоғары оқу орындарының ұстаздары, тәуелсіз сарапшылар, сонымен қатар бюджетті қалыптастыру, бекіту, орындау мен қадағалау процестеріне тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар қызметкерлері тартылған. Жобаның алғашқы жұмысы 2010 жылы Қазақстанның үш облысында іске асырылған көрінеді.

Биылғы зерттеу жобасында әбден сұрып­та­лып алынған 93 сауалға сарапшылар тарапынан берілген жауаптар Көрсеткіш негізіне алынған. Арнайы дайындалған анкетадағы әр сұраққа бірнеше жауап таңдау ретінде көрсетілген екен. Жауаптарға тағайындалған балл деңгейі де саналуан. Жергілікті бюджеттер ашықтығының көрсеткішін анықтау кезеңі 2011 жылдың мамыр-шілде айларын қамтыған. Зерттеуде 2010 жылдың бюджеттік қатынасы назарға алынған көрінеді. Бұл кезде жергілікті атқарушы билік 2011 жылға арналған бюджетті бекітуге кіріскен болатын. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, Жергілікті бюджеттер ашықтығының көрсеткішін қорытындылау барысында жергілікті деңгейдегі бюджеттік ақпараттың қолжетімділігі мен бюджеттік процестің жариялылығы тым төмен деңгейде екендігін көрсеткен. Мәселен зерттеу жүргізілген аймақтар ең жоғарғы көрсеткіш – 100 балл болса да, орташа деңгей 50 балмен шектелген. Ал облыстарға тоқталсақ, «Жергілікті бюджеттің ашықтығы» бөлімінде 63 балды еншілеген Атырау мен Қызылорда көш бастап тұр. Одан кейін –Ақмола (60 балл), Астана мен Алматы қалалары – 57 балл, Қарағанды – 54 балл, Павлодар – 53 балл, Жамбыл мен Ақтөбе облыстары – 50 балл. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары 50 балдық межеден де төмен. Яғни «бюджет жобасы дайындалып жатқан кезеңде бюджеттік құжаттардың жариялылығы», «бюджетті қалыптастыру, қарау және бекіту кезеңінде ақпараттың қолжетімділігі» секілді мәселелерде ғана болмаса, бюджетке байланысты басқа сауалдарда азаматтарды деректермен қамтамасыз етудегі белсенділік пен мүдделілік төмен. Әсіресе, әкімдіктердің жергілікті бюджетті бекітпес бұрын азаматтардың белсенді түрде атсалысуына жағдай жасау немесе бюджеттік жобаны бекітер алдында халықты құлақтандырып, есеп беру мәселесінде ақпараттар жоқтың қасы. Зерттеу жобасының «Нәтижелер мен талқылаулар» деп аталатын төртінші бөлімінде осы мәселелер жан-жақты қарастырылған.Бұл орайда, «Бюджетті бекіту кезеңінде» Ақмола (81), Қарағанды (76) облыстары мен Астана қаласы (71) алда тұрса, Маңғыстау (19), Ақтөбе (29) мен Батыс Қазақстан (29) облыстары тізімнің ең соңына орналасқан.

Жәнібек Хасанның айтуынша, 2004 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының ұйымдастыруымен, «Қазақстан кірістерін қадағалау» атты бағдарлама жүзеге асырылған: «Осыдан бастап аталған бағдарлама шеңберінде мұнай өндірісінен түскен мемлекеттік кірістерге мониторинг жасалып, кірістер мен республикалық және жергілікті бюджеттердің жариялылығы сараланған. 2005 жылы Қазақстанның алты аймағы – Атырау, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бюджеттік процестердегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шара – мониторинг қолға алыныпты. Зерттеудің мақсаты әлеуметтік қажеттіліктерге, денсаулық сақтау саласы мен білім беру саласына арналған бюджеттік қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын анықтау болатын. Сонымен қатар салық комитеттері бойынша да аталған аймақтардың қанша көлемде салық жинайтыны жайлы да деректер алынды. Түскен кіріс пен шығатын шығын арасындағы алшақтық та сараланды. Сол кезде таңғалдырған жайт, Атырау облысынан басқа облыстарда білім департаменттері бюджет туралы ақпараттың құпия екендігін айтып, бізге дерек беруден бас тартты. Қазір бұл жағдай күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ ол кезде «халықтан бюджеттік қаржыны жасырғаны несі?» деп кәдімгідей басымыз қатқаны рас. Бюджетті білуге деген азаматтардың қызығушылығы сотқа дейін жеткізген жағдайлар да кездесті. Мәселен үкіметтік емес ұйым мен әкімдік арасында және үкіметтік емес ұйым мен салық комитетінің арасында екі сот процесі болды. Біріншісінде ҮЕҰ жеңіліп қалса, екіншісінде тараптар бюджетке қатысты ақпараттарды жариялау туралы ортақ келісімге келді. Меніңше, бірінші сот процесі жалпы инстанция бойынша, ал екіншісі экономикалық сотта қаралғаны үшін ғана үкіметтік емес ұйым жеңген сияқты». Осы жобадан кейін қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдері арасында арнайы өткізілген тренингтерде мемлекеттік органдарға бюджетке қатысты сауалдарды жолдау, кіріс пен шығысты бақылау, салықтардың түсімі сияқты маңызды мәселелерді меңгерген мамандар дайындалыпты. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстан халқының 41 пайызы Интернетке қосылуға мүмкіндігі бар. Демек экономикалық тұрғыда белсенді әрі өздерінің блогтары немесе Интернет ресурстары бар азаматтар ақпараттық қызметті тұтынушы болып табылады. Бүгінде бюджетке қатысты мәселелерді бүге-шігесіне дейін білуге құмартатындар көп. Бірақ халық шын мәнісінде әкімдіктер мен салық комитеттерінің жұмысын қадағалап, бюджетті түзуге, оны бақылап отыруға мүдделі ме? Жәнібек Хасанның пікірінше, бұл сұраққа үндес тағы екі сауал бар: «Біріншісі, бюджетке қатысты ақпараттар қаншалықты қолжетімді және ашық? Екіншісі, жергілікті атқарушы билік сайттарында деректермен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Мысалы жергілікті мәслихат сайттары жергілікті әкімдіктер сайтымен бірігіп кеткен. Мұндай жайт – бірде-бір елде кездеспейтін сорақылық. Ал бюджеттік мәселелерге қоғамның қызығушылығы қандай деген сұраққа келсек, ұялы телефондармен теңестіруге болатын шығар. Мысалы 20 жыл бұрын біз ұялы телефонның не екенін білмедік, көңіл аудармадық. Уақыты өте келе, заман талабына сәйкес пікіріміз өзгере бастады. Интернет пен ақпараттық қамтамасыз ету де сол сияқты. Бұл бюджетті қалыптастыру, бекіту, орындау мен қадағалауда оң ықпал етері сөзсіз». Олай емес, әрине. Мұның себебін «Сорос-Қазақстан» Қоры «Мемлекеттік қаражаттың ашықтығы» бағдарламасының үйлестірушісі Юля Черняева былайша түсіндіреді: «Бюджет туралы ақпарат ашық жарияланған күннің өзінде көп адамға түсініксіз: шым-шытырық сандар мен ұғуы қиын терминдерге толы. Егер «Біздің облысымызда осынша мектеп салынады, мына қаражат мына мәселеге жұмсалады» деп қарапайым халыққа жететіндей сөзбен түсіндірілсе, бір басқа. Өйткені бюджеттік қаражат жұмсалуы тиіс мектеп не басқа әлеуметтік маңызы бар нысанның салынып-салынбағанын, оған кететін қаражат көлемін іс жүзінде қадағалау оңай. Қырғыздардың азаматтық бюджет жайлы көтерген бастамасының астарында бюджеттік мәселелерді елге техникалық терминдермен емес, қарапайым тілмен суреттеп беру жатыр. Әсіресе, бұл облыстық деңгейдегі аймақтар үшін аса пайдалы. Орталық не облыстық емес, аудандық, ауылдық деңгейде бюджеттің мәселелері адамдарға анағұрлым қызық. Халық жылу, жарық, су, мектептер, аурухана не емханалар, көшелер т.б сияқты жандарына жақын проблемаға араласуға мүдделі. Ол үшін бюджеттік есептерді, талқылауларды түсінікті тілде ұсыну керек. Сонда ғана бюджетті бақылауға, оны түзу барысында белсенділік танытуға деген қызығушылық артады».

Жергілікті бюджеттер ашықтығының көрсеткішін қалыптастыру жобасының қорытындысында зерттеуге қатысқан сарапшылар қауымы аталған жобаны мемлекеттік органдар жұмыстарына қолдануға ұсыныс білдірген. Бүгінде жоба бойынша жасалған есеп орталық және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жолданыпты. Ең бастысы, зерттеу нәтижесінде бюджеттік мәселелерде ең төменгі алған облыстар жобаны ұйымдастырушыларға өздері хабарласып, кеңестер сұраған. Бұл азаматтық қоғамға ғана тән құндылықтарды іске асыруға жергілікті билік өкілдері мүдделілік таныта бастады деген сөз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары