БОЖКО ҚОЛЖЕТIМДI БАСПАНАҒА ҚАРСЫ. НЕГЕ?
БОЖКО ҚОЛЖЕТIМДI БАСПАНАҒА ҚАРСЫ. НЕГЕ?
Өткен аптада Астанада өткен келелi жиын елдi тағы бiр елең еткiздi. Бұл жолы елдi елең еткiзген Төтенше жағдайлар министрi В.Божко болды. Ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасын қайтадан әзiрлеу қажеттiгiн айтып салды. Осылайша, қолжетiмдi баспана салу арқылы Қытаймен шекаралас жатқан ауылдарды, аудандарды тұрғындармен толтыру керектiгiн тiлге тиек етедi. Егер үлкен қалаларда қолжетiмдi баспаналар салынатын болса, онда ауылдағы халықтың ағылып қалаға көшетiнiн айтып, қауiптенедi министр мырза. Неге?
Министрлер Кабинетінде өткен келелі жиын «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына арналған болатын. Тікелей Елбасының тапсырмасымен қолға алынып отырған бұл жоба жеті жылға жоспарланған. Кез келген қарапайым халық қол жеткізе алатын бұл баспаналардың жыл сайын 1 миллионнан астам шаршы метрін қолданысқа беріп отыру мәселесі де қарастырылған еді.
Әрине, бүгінде баспананың зары – барша қазақтың мұңы мен дертіне айналған. Аядай ғана төрт қабырғаға жете алмай, балаларын сүйретіп, біреудің пәтерінде жүрген қаншама қазақ бар. Жуырда ғана өмірге үшем алып келген Алмагүл Асыланованың бүгінгі хал-ахуалы туралы бүкіл БАҚ жарыса жазып жатты. Тоғыз баламен біреудің аядай бөлмесінде тұрып жатқан отбасы қолжетімді баспана болмаса, пәтерге қалай қол жеткізбек?! Балаларының алды мектеп бітіріп қалған отбасының қиындығын түсініп отырған әкім-қаралар жоқ. Ал мұндай қиындықпен күн кешіп жүрген отбасылар бізде жүздеп, мыңдап саналады. Олар үшін баспанаға қол жеткізу бүгінде үлкен арманға айналған.
Қарапайым, қалтасы жұқа жұртшылықтың арман-тілегін орындайтын Елбасының бастамасымен «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы түзілгені жұртшылықты біраз қуантқан еді. «Арзан пәтерлер салынатын болды» деп қуанып жүрген көптің көңілін Төтенше жағдайлар министрі Божконың сөзі су сепкендей басты.
Жиында сөз тізгінін қолға алған министр:
– Бұл бағдарлама халқымыздың әлеуметтік көңіл күйін жақсартуға өте үлкен әрі жағымды эффект-әсер береді деген ойдамын, – деп жұмсақ бастады. – Бірақ бір маңызды мәселеге назар аудартқым келеді. Біріншіден, болашақта бағдарламаны нақтылаған кезде оның Индустрияландыру картасымен қабысуын қарастыру керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы қарқынды дамитын мейлінше перспективті аудандар жайын да ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Соның ішінде әсіресе, Қытаймен шекаралық аудандарға көңіл бөлу керек. Өйткені бұл бағдарлама халықтың ауылдан қалаларға ағылып келуіне бастамашы болмауға және соған ынталандырмауға тиіс, – деді.
Мүмкін, министр айтқандай, ауылдарда, аудандарда жас отбасыларға арналған арнайы бағдарлама түзу қажет те шығар. Бірақ бүкіл халық қалаға ағылады деп қауіптеніп, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасынан бас тартуға да болмас. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын толтыру үшін басты кезекте демографияны қолға алғанымыз жөн. Халықтың саны артқан кезде ғана ауыл жұртшылыққа толатын болады. Бір ғана мысал, жоғарыда өзіміз айтқан тоғыз баладан күні ертең тоқсан үйлі ұрпақ тарайтыны белгілі. Ұрпақтың көбеюіне жағдай жасалса құба-құп.. Қала болсын, дала болсын, қарапайым халықтың қалтасы көтеретін баспана салынуға тиіс. Халықтың әл-аухаты жақсарған жағдайда, тұрмысы түзелген сәтте, демографияның да жайы өз-өзінен түзелер еді. Сондықтан, Елбасымыз Үкіметке 1 шілдеге дейін әзірлеуді тапсырған бағдарламаны тездетіп дайындау керек. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырза аталмыш бағдарламаны көп ұзатпай, наурыз немесе сәуір айларында қабылдауға әзірлеу керектігін айтып өтті. Бұл бағдарламаның жеке бөлімі ретінде «G4 cіty» (4 спутник қала) жобасын қосуды қарастыру керектігі де бар. Әзірге «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы дайындалу үстінде. Көптің тілеуі бұл бағдарламаның жүзеге асуында болып отыр. Сонда ғана баспанадан тарыққан жұртшылықтың «өз үйі, өлең төсегі» болар еді.