ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ
ашық дереккөзі
231

Қазiр бұрындары жайнап тұрған қоңыр ауылдардан маза қашқан. Тiптi мәдениет ошақтары мен кiтапханалары да қаңырап, қабырғасы бұзылған. Алмағайып уақытта талан-таражға түскен елдi мекендердi қайта қалпына келтiру де оңай емес. Бiрақ қазақтың түп-тамыры мен ыстық мекенi – ауылда. Мұны әрбiр қазақ бiледi, сезедi.

Елбасының халыққа арнаған Жолдауында жүктелген ең негізгі міндеттің бірі – шағын қалаларды дамытудың кешенді жоспарын құру. Бұл жос­пар арқылы тек инфрақұрылымды жаңарту жайын ғана емес, халықтың тұрмысын жақсартуды, әлеуетін көтеруді көздейтін барлық ұсыныстар ескерілуі қажет екені белгілі. Әрине, бір кездері шағын ауылды аймақтарда да өндіріс пен өнеркәсіп орындары дүркіретіп жұмысын істеп тұрды. Өкінішке қарай, соның бірлі-жарымы ғана болмаса, көбі жабылып қалған. Ал ауылдағы ағайын нәпақа таппаққа маңайдағы қалаларға үдере көшті. Сөйтіп, елді мекендер мен шағын қалалардың берекесі қашып, жұпыны күй кешіп келеді. Ал оларды қалпына келтіру қомақты қаражат пен үлкен шыдамдылықты талап етеді.

Мәселен кезінде өндіріс ошағына айналған Шахтинск қаласы 7 жыл жылусыз, 2 жыл жарықсыз қалып­ты. Шахтинскінің жанындағы Жаң­адолинка, Долинка, Шахан кенттерінде 20 мыңнан астам адам тұрады. Алайда мемлекеттен бөлінген несиені бұл кенттердің тұрғындары ала алмай отыр. Ол ол ма, кезінде дүркіреп тұрған Қаратаудың етегіндегі «Қаратау тәжі» және «Қазақстанның жасыл-желекті қаласы» деген атаққа ие болған Кентау қаласының бүгінгі халі нешік? Мұндағы аты жаһанға әйгілі болған тау-кен орындары мен трансформатор және экскаватор зауыты, Ащысай полиметалл кенішін байыту зауыттары қайда қазір? Қиын-қыстау уақытта ірі өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарының жабылуы қала халқының әлеуметтік тұрмысына да айтарлықтай соққы болып тиген-тұғын. Міне, дәл осы секілді тұрмысы нашарлап кеткен шағын қалалар көп. Оларға бүгін қолдау жасамасақ, ертең кеш болатынын түсінбейтініміз өкінішті.

Экономикалық даму және сауда министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-мен бірлесе отырып, шағын қалаларды дамыту бағдарламасын әзірлеуге кірісіп кетіпті. Министрліктің Өңірлік саясат және бюджетаралық қатынастар департаменті басқармасының бастығы Дәурен Жамбайбектің айтуынша, рес­публика бойынша барлық шағын қалаларда 1,5 млн. адам өмір сүріп жатыр, бұл – Қазақстан халқының 16 пайызы. Ресми мәліметке сүйенсек, аталмыш бағдарлама үш бағыттан тұратын болады. Бірінші бағыт шағын қаланы әртараптандыру және шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамтудың тиімді құрылымын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осыған сәйкес, экономикалық әлеуеттері жоғары, орташа және төмен шағын қалалар анықталады. Екінші бағыт бойынша, шағын қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын қолдау және дамыту қарастырылған. Ал үшінші бағыттың аясында өсу нүктелеріндегі еңбек жинақылығын арттыру арқылы шағын қалалардың еңбек әлеуеттерін шоғырландыру жос­парлануда.

Әлбетте, шағын қалалардың дамуы өндіріс ошақтармен байланыс­ты. Тұралап қалған зауыттар мен фабрикаларға жан бітіруді қолға алған тұста Солтүстік Қазақстан облы­сындағы ел экономикасына сүбелі үлес қосады деп сенім артылған «Биохим» зауыты банкротқа ұшырады. Оған бензинге арналған биоқоспаларға деген сұраныстың болмауы себеп болған көрінеді. Соның кесірінен бірнеше жылдар бойы салық төлемей келіпті. Ал жұмысқа қабылданған 300-ге жуық адам жалақысын уақытында алмаған.

Бұған дейін де шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын. Алайда бұл бағдарлама өз нәтижесін берген жоқ. Керісінше шағын қалалар мен елді мекендердің әлеуеті жылдан-жылға құлдырап кеткен сияқты. Енді жаңа бағдарлама бұл үдеден шыға ма, жоқ па, ол уақыттың еншісіндегі шаруа.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары