НАРЫҚ ЖӘНЕ БАЛЫҚ

НАРЫҚ ЖӘНЕ БАЛЫҚ

НАРЫҚ ЖӘНЕ БАЛЫҚ
ашық дереккөзі
307

Арқа қазағы балықты ешқашан тамақ санаған емес. Ақиқатында соңғы кезге дейін. 32-ші жылдың аштығында жергілікті жұрт іргедегі балығы су бетіне шығып жатқан көлдердің ырзығын пайдаланбай, білместіктен аштан қырылған. Ол да тарихи ақиқат. Алайда қоғамға нарық келгелі халық балықпен «достаса» бастады. Балықты ет есебінде пайдаланған басқа өңірдің қазақтарындай емес, Арқа жұрты үшін бұл таңсық еді. Сөйтсе, балық қыруар қаржы, одан да бетер тамақ екен. Бұрын балық консервілерін қарны ашса ғана жейтін ел біртіндеп жаңа кәсіпке қарай бейімделе бас­тады.

Бүгінгі Көкшетауда жылқы етінің нарқы 1500, сиыр еті 1000 теңге шамасында. Әлбетте, жұрттың бәрінің қазы-қартаны кертіп жеп отыратын қауметі жоқ. Біраз жұрт біршама арзанырақ балық тағамдарын ас етеді. Көкшетаудағы балықтың бір килосының құны 250-300 теңге шамасында. Бағалы балықтардың нарқы 500-600 теңгеге дейін кетеді.

Жергілікті сауда орындарында негізінен көрші Ресейден әкелінген балық сатылатынын біліп таң қалдық. Себебі Көкшетау – тарихи сексен көл елі. Ауызекі әңгімеде сексен шамалы деп бағамдалатын көлдер саны ақиқатында облыста мыңнан асады. Алайда облыс орталығының базарларынан жергілікті балықты сирек кездестіресіз. Оның сыры неде екен?!. Ақпараттық деректерге қарағанда, жер­гілікті ресурстардағы балық қоры азайған-мыс. Яғни балық шаруашылығы кенжелеген.

Бұл бір тосын жағдай еді. Өйткені балықтың онша маңызы бола қоймаған кеңестік дәуірді еске түсірдік. Ол кезде аңшылар мен балықшылардың облыстық қоғамы жыл сайын сауда орындарында тек қана пеляди деген балықтың 25 тоннасын түсіретін. Тіпті кейбір жылдары бұл балықтың 250 тоннаға дейін ауланғаны да есте. Жалпы, облыстық тұтынушылар одағына ол кезде 300 тоннадай, ал Көкшетау балық заводына 600 тоннадай жергілікті балық түсіп тұрыпты. Статистикалық деректерге сәйкес, өл­кедегі бір адамның жылдық тұтынатын балығының мөлшері 12-14 кило. Алайда бүгінгі мәліметтерге қарасақ, облыс тұр­ғын­дарының әрқайсысына келетін тұтыну мөлшері бірнеше ондаған грамм ғана кө­рінеді.

Жергілікті мамандардың айтуын­ша, Үкі­мет аймақтағы балық шаруашылы­қтарына жыл сайын ауланатын балықтың лимитін белгілейтін көрінеді. Мәселен 2011 жылы сол лимит 768,41 тоннаны құрапты. Ал іс жүзінде ауланғаны 504 тонна ғана. Жергілікті балықшылар тапсырманың орындалмай қалу себебін түрлі тексерістердің көптігінен көреді. Мәселен табиғи ресурстарды пайдалану және жүйелеу қызметі осындай келеңсіздіктің алғы сапында көрінеді. Оның үстіне өткен жылы міндеттемелік келісімдерді орындамаған 87 су көздерінің 73 пайдаланушысы балық аулау құқығынан айырылған. Жұмыс істеп тұрған 20 шаруашылыққа небары 150 тонна көлемінде лимит берілген.

Жергілікті балық кәсіпкерлігіне кедергі келтіретін басқа да жайттар жеткілікті. Ал Арқа елі балық өнеркәсібіне деген бұрынғы консервативті көзқарасынан әлі арылмай келеді.

Көкше көлдерінде

балық неге аз?

Бала кезімізде біздің ауылда балық жеген адамға үрке қарайтын. Іргедегі орыс қыстақтарының қазақ ауылының түбіндегі көлден быжынаған балығын аулап, сол ауылдың өзіне сатқан кездері де өткен. Алайда нарық келгенше жергілікті қазақ балық аулап көрген жоқ.

Ауыл іргесіндегі Қарасуда балық барын біздің ел бес-алты жылдан кейін бір-ақ білді. Орыстар аулайтын, қазақтар одан сатып алатын. Қазақ аузы балыққа енді үйренген кезде ерте көктемде әлгі Қарасу көлі бүкіл балығын қырып, жағалауға атқан. Көл жағасы тегіс өлексе сасып кетті. Сөйтсе, қыста мұз құрсанып жатқан көлдегі балыққа ауа жіберу үшін тесіп қою керек екен. Оны қазақ қайдан білсін?! Балықшы орыстар көшіп кеткеннен кейін қыста мұз ойылмай, ауа жетпегендіктен Қарасудың бүкіл балығы қырылады. Қазір осы көлде бақадан басқа тіршілік иесі жоқ. Есесіне, іргедегі 100 шаңырағы бар ауыл арзан балықтан қағылды.

Жергілікті қазақтар мен қазақ ауылдарына байланысты мұндай деректер көп. Қазір Ақмола облысында балық шаруашылығы бағытындағы 493 су көзі бар. Әрі олар 103 225 гектар алқапты алып жатыр. Оның 210 гектарындағы 334 су көзі балық өсіруге арналған. Мәселен көрікті Зеренді түбіндегі балық питомнигі қазір табысты жұмыс істеп тұр.

Жалпы алғанда, өлкедегі балық кәсіп­шілігін біржақты жоққа шығаруға болмайды. Жер-жерде көлдерді, тоғандарды, өзен алқаптарын осы кәсіппен айналысқысы келетін адамдарға бекітіп беру шаруасы конкурстық негізде жүргізіліп тұрады. Балық өсіруге байланысты жыл сайын мемлекеттік тапсырыс беріледі. Балық қорын молайтумен сол тоғанды жалға алған адамдардың өзі айналысады. Өткен жылы сазан, ақ амур, тасмаңдай сияқты балық уылдырығының шамамен 97,3 миллион данасы сатып алыныпты. Оларды шабаққа айналдырумен негізінен «Көкшетау» ұлттық саябағы аймағындағы Зеренді және Майбалық балық питомниктері айналысады. Мәселен Зерендідегі қорық жыл сайын сазан тұқымдас балықтардың сексен миллион данасын және 1,7 миллион басқа да балық шабақтарын өсіреді.

Әлбетте, өлкедегі су көздерінің санына шақсақ, бұл түкке тұрмайтын көрсеткіш. Яғни арнайы қорықтарда өсірілген жас шабақтар саны аз. Жоғарыда аты аталған екі балық қорығы да қаржы тапшылығын бастан кешіріп отыр. Оның үстіне өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы технологиямен жұмыс істейді. Сондай-ақ шаруашылықты ұлғайтудың да мүмкіндігі жоқ. Ал, қазір іргедегі облыс орталығының базарларындағы жергілікті балық қорының аздығын ескерсек, бұл кешірілмес күнә болмақ.

Салаға ғылыми

көзқарас керек

Балық шаруашылығы – машақаты көп сала. Өткен жылы жергілікті су көздерін жалға алушылар кәсіпті дамытуға 40 миллион теңгедей қаржы салыпты. Мойындалуға тиісті бір ақиқат мынау: қазіргі кәсіпкерге балық шаруашылығының болашағынан да гөрі бүгінгі түсер пайдасы керек. Жоғарыда айтылған 40 миллион теңгенің небары 3 миллиондайы ғана ғылыми жұмыстарға бағытталған екен. 18 миллион теңге жабдықтар сатып алуға, 17 миллион теңгесі шабақтар өсіруге жұмсалған.

Мұндай көзқараспен өлкедегі балық шаруашылығының таяудағы жылдары алға баса қоймайтыны да белгілі. Қазір негізінен бұрыннан балығы бар көлдер мен тоғандар жалға алынады. Жаңа су көздеріне шабақ жіберу ісі тоқтап тұр. Оның үстіне қыста мұз құрсанған көлдердің мұзына ойық жасалмағандықтан ара-тұра балықтың жаппай қырылуына да жол беріледі.

1993 жылы өлкеде ғажайып бір құбылыс орын алды. Ол кез елдің күнкөрістен қатты тарыққан кезі болатын. Күнделікті тамақтың өзі мұңға айнала бастаған кезде ерте көктемде балығы быжынаған Зеренді көлі бүкіл балығын жиып алып, жағалауға атқан. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» дегеннің кері осы, тарығып отырған іргедегі Зеренді қыстағының халқы балыққа бір тойған. Әр үй қап-қап балық жинап, жегенін жеп, жемегенін кептіріп, мәре-сәре болып қалды. Аңқау қазақтың мұндайда «берейін десе құдайдың нәпақасы мол!..» деп пайымдайтыны да рас. Алайда, Зеренді көлі іргедегі ауыл тұрғындарын бір апта тойдырғанымен біраз балығынан айрылды. Сол жылы шығын болған балықтың орнын толтыру үшін 5-6 жыл уақыт керек болды. Оның себебі тереңде еді.

Көл іргесінде іргелі нан зауыты мен ірі автобаза болды. Осы екі кәсіпорынның бүкіл қалдығы аталмыш көлге құйылатын. Оның үстіне курортты аймаққа тартылған асфальт жолдың әсерімен Зеренді тауынан көлге құйылатын 6 бірдей бұлақтың көзі бітелген. Соған сәйкес көлдің суы тазартылмаған. Балық қырғынының басты себептері – осы.

Айта берсек, балық шаруашылығына байланысты мұндай олқылық жетіп артылады. Салаға ғылыми көзқарас болған емес. «Қазір балықты тонналап аулайтын дәуір аяқталып, балық шаруашылығымен айналысатын кез келді» деп пайымдайды сала мамандары.

Өлкенің қысы салқын. Көлдер қалың мұз құрсанады. Соның салдарынан балық өсірудің мүмкіндіктері де шектеулі. Соған қарамастан, ішінара шабақ өсіру, сол арқылы балық санын арттыру ісі қолға алынып отыр. Жоғарыда аты аталған қорықтарда балықтың жаңа түрлері пайда болуда.

Дегенмен мамандардың айтуына қа­рағанда, шабақ өсірудің де өзінің құпиясы бар көрінеді. Мәселен ірі балықтардың ұсақ балықтарды жеп тауысатын ерекшелігі ескерілмеген. Балық ресурстарын тиімді игеру мақ­сатында облыстағы балық шаруашы­лығына негізделген су көздерінің бір бөлігін тауарлы-көл разрядына ауыстыру қарастырылуда. Соған сәйкес көлдер мен су тоғандарының иелері балық ресурстарын қайта өсіріп, молайтуға негізделген кластермен айналысып, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау ала алады.

Балық өсіріп, тауарлы көл разрядымен жұмыс істегісі келетіндер осыдан бастап су көздерін тиімді пайдалану мүмкіндігіне ие. Атап айтқанда, олар өнімділігі төмен балықтардың орнына сапалы балық өсіреді. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнаулы бағдарламасы да бар. Қазір облыстың Сандықтау және Ерейментау аудандарында дәл осындай бір-бір шаруашылықтар жұмыс істейді. Бір ғана «Оспанов» жеке кәсіпшілігі бірнеше су көздерін ұстап отыр. Кәсіпкерлер балық санын көбейтіп өсірумен және басқа да сақтық шараларымен айналысады.

Дей тұрғанмен облыс қалаларының базарларында жергілікті балық көзден бұл-бұл ұшады. Оған қарап балыққа сұраныс жоқ деуге және болмайды. Қазір өлкеде балыққа сұраныс үлкен. Әрі бұл жағдай ет қымбаттаған сайын барынша айқындала түсуде. Жергілікті тұтынушылар негізінен Ресей рыногын байытып отыр. Яғни Ақмола облысының тұрғындары негізінен кеден одағының құрылуына байланысты салықтардың азаюына орай молдап түсе бастаған орыс көлдерінің балығын пайдалануға мәжбүр. Саладан түсетін қаржының дені көрші мемлекетке ауады.

Ресейден келетін балықтардың дені тоңазытылады. Соған сәйкес, тауардың сапасы төмендейді. Әзірге өлкедегі тың табыс көзі болып саналатын ба­лық кәсіпкерлігі анау айтқандай алға баса қойған жоқ. Облыстық балық инс­пекциясы мен балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының жергілікті филиалындағылардың пайымынша, «балықтың жауы көп» – олардың жуан ортасында табиғат байлығын ретсіз пайдаланатындармен қоса, браконьерлер де бар. Олар балық аулау заңдылығын бұзып, тез баюдың жолын ғана қарастырады.

Тек 2011 жылы ғана балық инспекция­сының мамандары кәсіптік ережені бұрмалаған 240 адамға байланысты әкімшілік шара қолданып, 1.125 мың теңге айыппұл салыпты. Сондай-ақ, 666 құрал-жабдық пен Қытайда өндірілген 70 шақырымдай тор тәркіленген.

Браконьерлер балықты негізінен рұқсат етілген 30 миллиметрлік тордың орнына жиілігі 10 миллиметрлігін пайдаланады. Сол арқылы жеуге жарамды ірі балықтармен қоса ұсақ шабақтар да құртылып жатыр. Яғни ұсақ шабақтар тамақ та болмайды, есесіне текке қырылады.

Қорыта келгенде айтпағымыз, балық кәсіпшілігі – болашағы зор шаруа болумен қоса елдің нәпақасы. Қазіргі қымбатшылық меңдеген заманда балыққа деген сұраныс та өсе түсуде. Осы жайды ескере келе, облыс басшыларына саланы дамыту қажет дер едік. Себебі бүгінгі облыс аума­ғындағы базарларда негізінен көрші елдің балығы сатылып жатыр. Ол да болса ел экономикасына тиер солақай әсер.

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары