ӘКІМ ЕЛМЕН ҚАУЫШТЫ
ӘКІМ ЕЛМЕН ҚАУЫШТЫ
Апта басында Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов Нұра және Осакаров аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар агроөнеркәсіптік кешен мен әлеуметтік нысандарын аралап қайтты. Киевка кентінде аймақ басшысы «Протасова» ЖК мал соятын қасапханасының жұмысымен танысты. Оның жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 70 бас мүйізді ірі қара мен дәл сондай көлемде шошқа малын сояды. Жалпы сыйымдылығы 25 тонна ет сиятын 4 тоңазытқышы мен автокөлігі бар. Қасапхананы іске қосу ауданның шаруа қожалықтарына мал етін облыс орталығына апармай-ақ, жергілікті жерде өңдеуге мүмкіндік береді. Нұра ауданында ауыл шаруашылық және экономиканың өзге де салаларын өркендетумен қатар, рухани саланы дамытуға да айрықша көңіл бөлініп келеді. Оған облыс басшысы аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен Мәдениет үйін аралағанда көз жеткізді. Мұражайдың сметалық құны 91 млн. теңгені құрайды, оның 41 млн. теңгесін облыс әкімдігі мен Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы арасында жасалған өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға сәйкес аталмыш компания бөліп отыр.
Тағы бір ат басын тіреген нысан — №3 орта мектеп болды. Оның ғимараты 1977 жылы пайдалануға берілген, сол себепті 2008 жылы толық күрделі жөндеуден өткізілді. Жыл сайын материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді, химия, физика, биология, мультимедиялық кабинеттер алынды.
Әкімнің жұмыс сапары Осакаров ауданында жалғасты. Аудан орталығында облыс әкімі «Осакаровка нан» ЖШС, «Транзит» ЖШС көкөніс қоймасы мен жылыжайында, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Осакаров аудандық филиалында және аудандық орталық ауруханасында болды. Сондай-ақ Әбілғазы Құсайынов ауданда «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының үшінші бағыты – экономикалық әлеуеті төмен өңірлерден көшіп келіп жатқан отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Облыс әкімі жетімдер мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың Пионер балалар үйіне де бас сұқты.
Едiге БЕКТАС