АСТАНАҒА ДА ҚАТАҢ КОМИССИЯ КЕЛДІ
АСТАНАҒА ДА ҚАТАҢ КОМИССИЯ КЕЛДІ
EXPO-2017 көрмесiн Астанада өткiзу туралы Қазақстанның өтiнiшiн Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) сараптау комиссиясы құп көрген болатын. Бұдан кейiн Парижде Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов ХКБ-ның бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесiп, 2017 жылы EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрменi өткiзуге Қазақстан елордасының кандидатурасын жылжыту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы пiкiр алмасқан-ды.
Онда Астана қаласының әкімі халықаралық көрмеге қатысудың маңыздылығына тоқталып, EXPO – экспонент-елдердің дамуына және өз жетістіктерін паш етуге ықпал ететін әділ әрі ашық бәсекелестіктің әлемдік алаңы екендігіне тоқталды. Қазақстанда жаңа елорданы салу тәжірибесін есепке алғанда, EXPO-2017 жалпыұлттық жобасында жеңіске жетуге және оны жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктер барлығы да қадап айтылды. Бюро басшысының негізгі назары ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудағы Астананың әлеуеті мен тәжірибесіне аударылды.
Сонымен, еліміз «Болашақ энергиясы» атты тақырыпта халықаралық ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге үміткерлер қатарында сынаққа түсіп, жеңіске жеткен жағдайда, 2017 жылы Астананың 20 жылдық мерейтойына орайлас өткізілетін көрмеге қатысу үшін әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық адам келмек көрінеді. Көрмені өткізу уақыты 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында деп белгіленген. Бір айта кетерлігі, ЕХРО көрмелері бұрын-соңды Орталық Азияда және ТМД елдерінде ешқашан өткізілмепті.
Ал осы аптада Астанаға арнайы сапармен Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) сараптау комиссиясы келіп, ЕХРО-2017 көрмесі шежіресінің тұсаукесеріне қатысты әртүрлі шаралар өткізілді. Мұнымен қоса «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясындағы шеберлік-жоспарлар, техникалық-экономикалық сараптаулар және басқа да ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, елімізге ат басын тіреген қонақтардың қатарында ХКБ төрағасы, Дания делегаты Стен Кристенсен, Лаура Факсас (Доминикан Республикасы), Сантьяго Мендиороз Эчевериа (Испания), Ясуши Ивата (Жапония), Мауро Маяни (Сан-Марино) және ХКБ-нің бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес және Халықаралық көрмелер бюросының президенті Фердинанд Наги бар.
Астананың 2 мыңнан астам тұрғыны Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің Астанада өткізілуін қолдап, бірауыздан мақұлдайтындықтарын өздерінше жеткізуде. «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығына келушілер тақырыптық арт-перфоманске қатысты. Осы шара барысында витраждық бояулар, бояу жаққыштар, түсті қағаздар мен басқа да көрнекі құралдардың көмегімен «Мен ЕХРО-2017 жобасын қолдаймын» атты шарада ЕХРО дүниежүзілік көрмелерінің тарихына қатысты сұрақ-жауап сайысы өткізіліп, бағалы ұтыстар сарапқа салынды. «Хан Шатыр» орталығына келген тұрғындар мен қонақтар халықаралық көрме тарихы туралы сұрақтарына жан-жақты жауап алды. Ал әсерлі кеш жұртшылықтың жаппай «Қара жорға» ұлттық биді билеуімен аяқталды. Сонымен қатар, түрлі-түсті арт-нысандар – «Қазақстан» панносы, EXPO-2017 логотипінің аппликациялары, «Қазақстан халықтары» панносы, «Мен EXPO-2017 жобасын қолдаймын» атты фотоаппликациялар жасалды. Өз кезегінде «Астанада осындай шаттыққа толы жылы лебіздеріңізді көру мен үшін үлкен сүйініш. Мен өздеріңіздей ыстық ілтипат танытқан елде бұрын-соңды болған емеспін», – деді ХКБ Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес. Бұдан соң ХКБ делегаттары «Бәйтерек» монументін, Бейбітшілік және келісім сарайын, Қазақ Елі ескерткішін тамашалады. Ал мәдени бағдарлама Тәуелсіздік сарайында жалғасын тауып, меймандар «жанды тарих» үлгісіндегі көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысының көрінісіне тәнті болды. Әсіресе, бірнеше киіз үйден құралған ұлттық этноауыл мен «Сарыарқа» халық аспаптар оркестрінің және «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері қойған концерт қонақтардың көңіліне жылы леп сыйлады. Әртістер қазақтың құда түсу, келін түсіру, тұсаукесер, шашу сияқты ұлттық салт-дәстүрлерінің қойылымдарын көрсетіп, қонақтарға ақшаңқан киіз үйлердегі ұлттық дастарқан мәзірінен дәм татқызды. ХКБ бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес: «Сараптау комиссиясы мүшелерінің көбі Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Олар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, 20 жылдық тәуелсіздік шежіресінің жетістіктерімен танысып, таң қалуда», – деді. Ал осы сапар аясында БАҚ өкілдерімен өткен дөңгелек үстелде сөз алған Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев: «Біз 2017 жылы өткізуді жоспарлап отырған көрме елорда құрылысының жалпы жоспарында көрініс тапқан. Көрмені өткізуге жұмсалатын шығын шамамен 1,5 миллиард доллар болады деп болжануда», – деп атап көрсетті. Оның айтуынша, аталған шараларға бюджет қаражатынан бөлек ХКБ тарапынан да қаржы тартылмақ. Елімізге арнайы сапармен келіп отырған делегаттар көрме өткізгеннен кейінгі уақытта халықаралық осы маңызды шараға орай арнайы салынған нысандардың одан әрі пайдаланылуы қалай болатындығын да зерделемек.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ