ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ

ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ

ҰЛТТЫҚ  НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ
ашық дереккөзі
247

Қазақ күресi – ұлттық намыстың қайрағы. Солай болып келген, солай болып қала бередi де. Астананың төрiндегi «Дипломат» қонақ үйiнде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесi үшiн қазақ күресiнен «Қазақстан барысы» бұқаралық жарысына арналған баспасөз мәслихаты өттi. Бұл басқосудың басқа жиындардан ерекшелiгi сол – таза қазақ тiлiнде жүргiзiлдi. Рахаттанып отырдық. Диас Ахметшәрiп бауырымызға рахмет. Мемлекеттiк тiлге мән беру деген осы.

Жиынға ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, «КТК» телеарнасының бас директоры, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоғамдық қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев және ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының» өкілдері қатысты. «Самұрық-Қазынаны» соңында айтып жатқанымыздың да өзіндік себебі бар: «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, аталмыш акционерлік қоғам биылғы жарыстың Бас демеушісі болып отыр.

Естеріңізде болса, өткен жылғы жазда Елорда боз кілемінде Алматы мен Астана және 14 облысты түгел қамтыған іріктеу сынынан суырылып шыққан 64 балуан өзара мықтыны анықтаған болатын. Олардың арасында самбо, дзюдо, қазақ күресі, еркін және грек-рим күрес түрлерінен атақтары жер жарған талай танымал балуандар жетіп-артылатын. «Күш атасын танымас» дегендей ең мықты түйе палуан болып қызылордалық Ұлан Рысқұл танылған еді. «Алтын белбеудің» иегері 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталғаны да есімізде.

Арман Шораевтың айтуынша, осы жобадан кейін қазақ күресіне қатысушылардың қызығушылығы күрт артып, секциялардың саны екі-үш есеге дейін өскен. Бұл қазақ күресінің бұқаралық сипат ала бастағанын көрсетеді. Демек, келешегі кемел деген сөз.

Осы орайда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев биыл екінші рет өткізілгелі отырған «Қазақстан барысы» турниріне кеңінен тоқталып өтті. Расында, бұл турнир өткен жылы халық арасында үлкен қолдау тапқан турнир болып саналады. Сондықтан федерация басшысы оның мақсатын айта келіп, биылғы жарыстың өткізілу мерзіміне егжей-тегжейлі тоқталды: жоба шеңберінде облыс­тар мен Астана және Алматы қалаларында іріктеу жарыстары өтеді: І кезең – ауылдық елді мекендерде наурыз-сәуір аралығында, ІІ кезең – аудандық, қалалық – мамыр-маусым аралығында, ІІІ кезең – облыстық іріктеу жарыстары, ІV кезең – 16 – 18 шілде аралығында Алматы қаласында өтпек. Республикалық ақтық сайысқа жолдама алған балуандар арнайы үш күндік оқу-жаттығу жиынына қатысып, жарыс жеңімпаздары (әр облыстан екі балуаннан) 16 қыркүйекте Астанада «Қазақстан барысы» атағы үшін боз кілемге шығады. Балуандар белдесуі «Күш атасын танымас» қағидасы бойынша өтеді, яғни уақыт пен салмаққа шек қойылмайды. Бас жүлде – «Тайтұяқ» пен «Алтын белбеу». Қазақ күресі ережесіне сәйкес, «Алтын белбеу» додасына салмақтары кем дегенде 74 келіден асатын балуандар жіберіледі. Жеңімпаз сондай-ақ 150 мың АҚШ долларын қанжығаға байлайды. Екінші, үшінші орын алғандар күміс және қола белбеу тағып, қомақты қаржылай сыйлықты иемденеді. Жүлде сегіз орынға тағайындалып отыр: төртінші орынға дейін ақшалай, одан әрі бағалы сыйлықтар тапсырылады. Былтыр «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры 265 мың АҚШ доллары болса, ұйымдастырушылар биылғы жарыста жүлде қорының бір жарым есеге көбейгенін мәлімдеді. Осынау ерекше жобаның дүниеге келуіне «КТК» телеарнасының бас директоры, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоғамдық қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев мұрындық болғанын білеміз. Сондай-ақ былтыр «Қазақстан барысы» турнирінің Қызылорда облысы әкімдігінің және «КТК» телеарнасының қолдауымен өткені де мәлім. Биыл да солай болады: бір ерекшелігі сол – жарысты ұйымдастырушылардың ішінде олардың қатарын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігі, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоғамдық қоры, ҚР Қазақ күрес федерациясы толықтырып отыр. Сондай-ақ игі шарадан Астана мен Алматы қалаларының, облыс, аудан және ауылдық округ әкімдіктері де шет қалмақ емес.

– Турнирдің басты мақсаты – балуандар мен мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, төл спортымыздың өрісін кеңейту, яғни қазақ күресін Қазақстан мемлекеттік деңгейдегі бұқаралық спорт түріне айналдыруға ықпал ету, сөйтіп ұлттық дәстүрді жаңғырту арқылы балалар мен жастардың бойында отансүйгіш қасиетті қалыптастыру, – дейді ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов. – Сондықтан сіздерден сұрайтынымыз, тек финалдық жарысты ғана емес, ауылдық елді мекендерде өтетін жарыстарға да ақпараттық қолдау көрсетсеңіздер. Өйткені биылғы жарыста сапаға көп көңіл бөліп отырмыз, – деді. Бұған Арман Шораев «Ұлттық өнерін ұлықтайтын моңғол халқы сияқты қазақ күресін ұлттық мақтанышқа айналдыруымыз керек», «Қазақ күресінің ғылым ретінде зерттелуіне мүмкіндік туғызу қажет», «Қазақ күресінің Олимпиада ойындары қатарына енуіне ықпал етуге тиіспіз» деген ойларын қосты.

Қазіргі кезде қазақ күресі әлемдегі ең таза күрес ретінде мойындалып отыр. Солай бола тұрса да күдік пен күмән да жоқ емес. Олай дейтініміз бүгінгі басқосуда төрешілер туралы аз әңгіме қозғалған жоқ. Оған ұйымдастырушылар биылғы жарыстың көп ерекшеліктері бар екенін, сонымен қатар қазыларға да қаржылай сыйлық тағайындалып отырғанын, сондықтан олардың барынша әділ төрелік ететініне сендірді. Көңіл қуантқаны: әр облыстан алынатын төрешілердің республикалық жарыстарда алдын ала сынақтан өтіп, сол арқылы мониторинг жасалып, ақтық сайыс­та үздіктердің үздігі төрелік жасайтындығы.

Баспасөз мәслихатынан тағы бір мә­лім жағдай: жарыс барысында ұлттық фольклорлық-этнографиялық сипаттағы концерттік бағдарлама ұсынылмақшы. Былтыр көрермендер «Қазақстан барысы» турнирін сегіз сағат бойы тапжылмай отырып тамашаласа, биыл оның көлемі төрт сағатқа қысқартылмақ. Бұл әсіресе, әлемнің 62 еліне тікелей хабар таратамыз деп жұлқынып отырған телеарналар үшін үлкен қуаныш екенін жасыра алмаймыз.Айта берсе, әңгіме де, жағымды жаңа­лық­ тар да жетеді.Ұлттық намыстың қайрағына айналған Қазақ күресінің мәртебесі биіктеп, барыстарымыз көбейе берсін. «Қазақстан 2030 жылға қарай Орта Азияның барысына айналады» деген Елбасының сөзі тағы да ақиқатқа айналып келеді. Ендеше межелі жерге барыстарымызбен бірге барайық!

Базарбек ТҮКIБАЙ

АСТАНА

Серіктес жаңалықтары