САЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДАУ

САЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДАУ

САЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДАУ
ашық дереккөзі
204

АҚШ пен Қытай арасында туындаған салық мәселесіне қатысты дау бейбіт жағдайда шешілмесе, әлемдік экономиканың халі мүшкіл.

Қытай мен АҚШ арасында сауда дауы қозды. Сарапшылар пікірінше, бұл жаһандық дағдарысты одан сайын ушықтыра түспек. Себеп, АҚШ Конгресіндегі Өкілдер палатасы қабылдаған жаңа заңда қытай тауарларына салынатын салық жүгі ауырлады. «Антидотациялық» деп аталатын бұл салық аспанасты елінің социалистік экономикасына арналған. Яғни Өкілдер палатасының пікірінше, Қытай өзінің өндірісшілеріне қаржылай көмек көрсететіндіктен, қытай тауарлары арзан. Ал америкалық тауар өндірушілер бәсекелестікке төтеп беруге қауқарсыз. Демек, қытай тауарларына тағайындалатын салықты көтерген дұрыс.

Америка жақтан жағымсыз хабар жетісімен, қытайлық шенеуніктер дабыл қақты. ҚХР коммерция министрі Чэн Дэмин: «Бұл шешім халықаралық заңдар мен АҚШ-тың өз заңдарына қайшы келеді. АҚШ Қытайды «ережелерді сақтамайды» деп үздіксіз айыптаумен келеді. Бірақ нақты қандай ереже және қай ереже екенін ашық айта алмайды. Кімнің құқығы қалай сақталмайтыны жайлы да өте сирек айтылады. Жаңаша салық мәселесін бейбіт және екіжақты тиімді тәсілмен шешеміз деген үміттеміз. Келіссөздер жүргізуге біз дайынбыз», – деді.

Конгрессмендердің салыққа қатысты көтерген бастамасы Американың өзінде пікір қайшылығын тудырды. Аспанас­ты елінің арзан тауарлары әлеуметтік ахуалы төмен отбасылар үшін тиімді. «Антидотациялық салық» кедейлер баратын базарлар мен дүкендердегі бағаны өсірсе, тиын санаумен күн өткізетіндердің қалтасына салмақ түсірері анық. Оның үстіне, алпауыт ел – АҚШ-та отандық өнім өндіргеннен гөрі жұмыс күші мен шикізат арзан елдерден импорттағанды жөн көреді. Бүгінде бүкіл Жер шарын қытайлық тауар өндірушілер қамтамасыз етіп отырғанын ескерсек, жаңа салық мәселесі арқылы конгрессмендер артық ақша тауып, соның нәтижсінде америкалық бюджетте пайда болған «жарықшақты» бітеуге әрекеттенуі мүмкін. Екіншіден, әлемдегі екі алпауыт АҚШ пен Қытай экономикалары бір-біріне байлаулы. Өйткені аспанасты елі ұсынған кез келген тауарды Америка қабылдауға, ал Қытай сату процесін АҚШ долларымен орындауға әдеттенген. Бұл – бұлжымас қағидаға айналғалы қаш-шан! Сондықтан халықаралық сарапшылардың «егер бұл жүйе бұзылса, доллардың күні қараң. Ал АҚШ долларына балама ретінде әлі күнге дүниежүзілік валюта қалыптаспауы себепті әлемдік экономикаға қатер төнеді» деген пікірі бір арнаға тоғысты.

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары